Жаңалықтар

ОҢТҮСТІК СПОРТЫНДАҒЫ ӨРЛЕУ

ашық дереккөзі

ОҢТҮСТІК СПОРТЫНДАҒЫ ӨРЛЕУ

Өз тарихында алғаш рет Қазақстан кубогiн жеңiп алған Шымкенттің «Ордабасы» командасына Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі лайықты тарту жасады. Команданы жаңадан ашылған жеңiл атлетикалық спорт кешенiнде марапаттаған облыс әкiмi Асқар Мырзахметов:

– Өзге спорт түрлерiнде облысымыздың спортшылары талай белестердi бағындырып, топ жарып жүр. Бірақ талай жылдан берi футболдан премьер-лигада есемiз кетiп жүр еді. Биыл олқылықтың орны толды. Жiгiттер сенiмдi ақтады. Бұл – клуб басшылығы мен бапкерлердiң және футболшылардың еңбегi. Келесi жылы бұдан да биiк орындардан көрiне берiңiздер. Жеңiс құтты болсын! – деді. Облыс басшысы команда мүшелерінің әрқайсысына Алғыс хат пен 10 мың АҚШ долларының сертификатын тапсырды. Клуб президентi Қайсар Әбдiрайымов бастаған ұжым мүшелерi де марапаттан құр қалған жоқ. Ал жастарды жiгерлендiрiп, жеңiстi жолға бастаған бас бапкер Виктор Пасулько облыс әкiмiнiң Алғыс хаты мен 30 мың АҚШ долларына ие болды. Жалпы алғанда, Оңтүстік спортында өрлеу бар. Әсіресе биылғы жылы спорттық нысандардың материалдық-техникалық базасын нығайтып, инфрақұрылымдарын жетілдіруге ерекше назар аударылды. иыл осы салаға, дәлірегі спорттық нысандардың құрылысын салуға және күрделі жөндеуден өткізуге бюджеттен 2 миллиард 970 миллион 424 мың қаржы қаралса, демеушілер есебінен 146 миллион 350 мың теңге бөлінді.

1 қазанға дейін облыс аумағында 411 спорт алаңшасы ашылды. Сонымен бірге Шымкент қаласында жоспарға сәйкес салынып жатқан 40 спорт алаңшасын желтоқсан айында пайдалануға беру жоспарлануда. Мемлекет басшысының 13 қазанда облысымызға жасаған кезекті жұмыс сапарында халықаралық талаптарға сай келетін жеңілатлетикалық спорт кешені пайдалануға берілді. Облыс орталығында жабық бассейннің құрылысы да басталды. 720 орынға лайықталған бұл нысанда келешекте ірі жарыстарды ұйымдастырып, өткізуге болады. Аталған бассейнде жүзу, су полосы және суға секіру сияқты спорттық іс-шараларды өткізуге толық мүмкіндік бар. Нысан Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай ел игілігіне берілмек.

Желтоқсан айында Шымкент қаласындағы Абай саябағының аумағында республикалық қазына есебінен бой көтеріп жатқан Халықаралық теннис кортының құрылысы аяқталады. Жобаға сәйкес мұнда 8 ашық, 4 жабық теннис корттары жұмыс істейтін болады.

Спорттық инфрақұрылымдарды демеушілердің қаржысы есебінен салып, аталған нысандарды ел игілігіне беру Оңтүстік өңірінде жақсы жолға қойылып келеді. Мәселен биылғы жылы Отырар ауданының Қарақоңыр елді мекеніндегі стадион құрылысы мен Аққұм ауылындағы кіші футбол алаңы, Сайрам ауданында жүгiру жолы бар футбол алаңы мен бассейн, Күлкент ауылындағы спорт залы, Сарыағаш, Төлеби аудандарында жасанды жамылғысы бар футбол, баскетбол, волейбол алаңдары демеушілердің бөлген қаржысы есебінен бой көтерді.

24.11.2011

Бақыт ЕРНАЗАР