Жаңалықтар

ЖАҚСЫЛЫҚТЫ КӨРЕ БІЛГЕН ДЕ ЖАҚСЫ

ашық дереккөзі

ЖАҚСЫЛЫҚТЫ КӨРЕ БІЛГЕН ДЕ ЖАҚСЫ

Тәуелсiздiгiмiздiң 20 жылдығы той тойлау ғана емес, осы жылдары Қазақ елiнiң жүрiп өткен жолын сарапқа салу, өткен жетiстiктер мен кемшiлiктердi електен өткiзудiң зор мүмкiндiгi.

Қазақстан 1991 жылы егемендігін жариялағанда, қазақ жерінде мекен еткен түрлі ұлттардың «Ендігі тағдырымыз не болады?» деген қауіп құшағында болғаны да рас. Бірақ қазақ халқы көрші ақысын жемейтін, қоңсысын сыртқа теппейтін дархан мінезіне салып, ешкімнің көңіліне қаяу түсірмеуге, біртұтас ел болуға, татулықты насихаттау арқылы тәуелсіздікті баянды етуге тырысты. Осы жылдардағы қазақ ұлтының қайталанбас ерлігі, соны тәжірибесі бәлкім уақыт өте зерттеушілердің назарына ілігер. Әйтеуір, қолына билік тиіп, басына бақ қонғанда, өзгенің құқығына қол сұқпайтын қоңыр мінезі қазақ халқының халықаралық саясатта өзіндік қолтаңбасын қалыптастырғаны айқын.

Елдің тұңғыш Президенті Нұр­сұлтан Назарбаевтың осы жылдары ұстанған саясаты қазақтың мінезіне қайшы болмағаны да сондықтан. Керісінше төзімділік, бейбітсүйгіштік ұстанымы ұлттың бейнесіне, қалыбына әбден сыятын. Елбасы ұлттық егемендікті қорғау, сондай-ақ аумақтық біртұтастықты сақтау мәселелерінің өзектілігі әлі де жойылмағанын айтады. «Әйтпесе, ұлттар арасындағы бір-біріне деген сенімге қаяу түсуі мүмкін», – деді Президент бір сөзінде.

Ұлтаралық татулықты сақтаудың түпкі мақсаты – елді біртұтас ету болатын. Бір мақсатқа жұмылған, ортақ құндылықтарды әспеттейтін халық мемлекеттіліктің негізгі тірегі еді. Уақыт өте қазақстандықтар бұл идеяның өміршеңдігін мойындады да. Көптеген орыс немесе өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілін шебер мең­геріп, ұлттық мінез қалыптастыруы – осының дәлелі.

Қазіргі таңда Қазақстанда қазақ тілін еркін меңгерген, мемлекеттік органдарда абыроймен қызмет етіп жүрген өзге диаспора өкілдері көп. Президенттің «Мемлекеттік тіл – ұлтты ұйыстырушы фактор» деген сөзі осылайша өмір шындығына айналуда. Шындығында, Еуропаның көптеген елдерінде көптеген ұлт өкілдері тұратыны рас, бірақ олардың қай-қайсысы да өзі тұрып жатқан мемлекеттің азаматы әрі мемлекетқұраушы ұлттың өкілі болып жазылады.

Қазақстаннан шетелдерге ісса­пар­мен шыққан талай азаматтар сыртқа шыққанда өздерінің «қазақ» екенін сезінетіндігін айтып қалып жүр. Өйткені тегі басқа ұлт болса да, Қазақстаннан келген қонақты шетелдіктер «қазақ» деп қабылдайды. Бұл халықаралық тәжірибеде қалып­тасқан үрдіс. Қазақ мемлекетінің суын ішіп, ұрпақ өрбітіп отырғаннан кейін саналы азамат келешегін осы мемлекеттің болашағымен байланыс­тырады. Барша халықты біртұтас ететін де – осындай көзқарас.

Түрлі этнос өкілдері қазақ жеріне тағдырдың айдауымен келіп, осы жерден шын Отанын тапты. Қазақ халқы оларды қоңсы ғана қылған жоқ, олардың өз тілі мен дәстүрін, тарихи санасын сақтауға мүмкіндік берді.

Қазақстан тәуелсіздік алған жылдары мемлекеттік саясат осы жолдан тайған жоқ. Елдің тұтастығы, тыныштығы ұлтаралық татулық пен келісім арқылы келетіні, қалыптаса­тыны жан-жақты насихатталды. Бұл саясат осы жылдары өз жемісін беріп келді. Ешкімді көзтүрткі қылмай, қазақ елінің тәуелсіздігін баянды етудің жолын Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Халқы Ассамблеясының ХІІІ сессиясында сөйлеген сөзінде анықтап берген болатын: «Біз барлық қазақстандықтарды біріктіруші фактор – мемлекеттік тілді барынша дамытуға күш саламыз. Барша қазақ­стандықтардың орыс тілін білу деңгейі жоғары деңгейде қалуы үшін бар жағдайды жасаймыз. Барлық ұлттардың өз тілдерін үйренуге деген құлшынысын қолдаймыз». Тәуелсіздіктің 20 жылында да бұл саясат өміршеңдігін дәлелдеп келеді.

Ендігі меже – мемлекеттік тіл бар­лық қазақстандықтарды біріктіруі үшін оны меңгерген азаматтар санын көбейту. Елбасы Қазақстан халқына биылғы Жолдауында мемлекеттік тілді меңгерудің маңызы жөнінде былай деді: «Бүгiнде мемлекеттiк тiлдi еркiн меңгерген ересек тұрғындардың үлесi басым көпшiлiктi құрайды. Бұл Тәуелсiздiктiң орасан зор жетiстiгi. Бiздiң мiндетiмiз – 2017 жылға қарай мемлекеттiк тiлдi бiлетiн қазақ­стандық­тар санын 80 пайызға дейiн жеткiзу. Ал 2020 жылға қарай олар кемiнде 95 пайызды құрауы тиiс. Ендi он жылдан кейiн мектеп бiтiрушiлердiң 100 пайы­зы мемлекеттiк тiлдi бiлiп шығатын болады. Ол үшiн бiз бәрiн де жасап жатыр­мыз».

Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жыл­ды­ғында елде мемлекеттік тілді меңгергендер саны шамамен 60-70 пайыз шамасында. Ал олардың санын 95 пайызға жеткізу үшін Үкімет «2011-2020 жылдарға арналған «Тілдерді қолдану мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасын» жүзеге асыруда.

Қазақстан билігі жүзден аса этностың әрқайсысына туған тілі мен мәдениетін дамытуға жағдай жасауды өз міндетіне ала отырып, соңғы жылдары мемлекеттік тілді дамытуды, оның ұлтты ұйыстырушы ролін күшейтуді қолға алды.

Бүгінде елімізде 4000-ға жуық қазақ мектебі бар. Жалпы саны 25 мыңнан асатын өзге ұлт өкілдері қазақ мектептерінде оқыса, 20 мың бүлдіршін балабақшаларда қазақша тәрбие алуда. Сондай-ақ 3200-ге тарта жексенбілік мектептерде 7 мыңнан астам өзге ұлт балалары қазақ тілін үйреніп жүр.

Тәуелсіздік алған жылы респуб­ликадағы оқушылардың 30 пайызы ғана қазақ тілінде білім алса, қазір олардың саны 60 пайыздан асты.

Мемлекеттік тілді дамыту бағы­тында атқарылған шаралардың бір парасы – «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында жарты миллионнан астам да­намен 6 түрлі сөздік, 22 ком­пью­терлік бағдарлама мен 2 түрлі ба­ла­ма оқу бағдарламасы жарыққа шыққан. Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің айтуынша, елімізде алғаш рет мем­лекеттік қызметшілерге мемлекет­тік тілді жеделдетіп оқыту жөнін­дегі тұжырымдама, бірыңғай стан­дарт және типтік бағдарлама әзір­ленген.

Мемлекеттік тілді қоғамдағы то­лық­қанды қарым-қатынас құралына айналдырудың бірден-бір жолы – оны балабақшадан университетке дейінгі аралықта дұрыс оқытуды жолға қою екені даусыз.

Нұрсұлтан Назарбаев бір сөзінде «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деген еді. Мемлекеттік тіл­дің ролі жыл санап арта бермек. Шын­дығында, қазақ тілі – барша қазақстандықтарға ортақ мемлекеттік тіл. Мемлекеттік тілді білу – өзін Қазақстан Республикасының азаматымын деп есептейтін әрбір адамның парызы.

Ал Қазақстан дербес мемлекет болған сәтінен бастап қоғамдағы тұрақтылықты сақтау жолын таңдады. Былтыр Қазақстан халқы бірлігі күнінде сөйлеген сөзінде Қазақстан Президенті көпұлтты, көпдінді Қазақстандағы татулықты сақтаудың маңыздылығын айтып өтті. «Жаһандану жағдайында, барлық әлем бірігіп жатқанда, біз іштей бұған дайын болдық, біз бұрыннан осымен айналысқанбыз. Сондықтан да әлемде бізге соншалықты құрметпен қарайды», – деді Президент.

Мемлекеттік саясат ұлттар мен діндер арасындағы татулықты Қазақ­станның қарқынды дамуының басты шарты ретінде қарастырады.

Президент әрбір Жолдауында «Ме­нің отандастарым!» немесе «Отан­дас­тар!» деген қаратпа сөзді жиі қолданады. Осы бір ауыз сөз арқылы республиканың барша азаматтарын ортақ құндылықтарды бағалауға және ынтымақтаса тірлік етуге шақыруға деген ниет бар екені байқалады.

Назарбаев Қазақстанның көпұлтты мемлекет екенін БҰҰ мінберінен мақтанышпен айтты. «Біздің қоға­мымызда 140-тан астам этнос пен 40-тан астам конфессия бейбітшілік пен келісім жағдайында өмір сүріп жатыр. Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі тұрақты түрде өткізіліп жүр. Біз осы басқосуларды БҰҰ аясында өткізу жөнінде ұсыныс жасадық. Бұл планетада сенімді нығайту жөніндегі ғаламдық диалогқа қосқан біздің үлесімі», – деді Президент.

Тәуелсiздiк құндылықтарының бірі – қоғамдағы тұрақтылық. Мемлекеттік саясат ұстындарының басты бағытына айналған – елдегі тұрақтылықты сақ­тау, ұлттар мен ұлыстар арасындағы татулықты, төзімділікті насихаттау, тарихқа деген құрмет қағидалары әлі де өзекті.

Көлбай ЖЕҢIС

01.12.2011