«САМҒАУҒА» КIМ ИЕ БОЛАДЫ?
«САМҒАУҒА» КIМ ИЕ БОЛАДЫ?
«Нұр Отан» Халықтық-демократиялық партиясының қолдауымен «Бауыржан» қайырымдылық қоры мүмкiншiлiгi шектеулi жандарға арналған «Самғау» қайырымдылық акциясын екiншi рет өткiзбек.
Бұл сыйлық қоғамымыздағы мүмкіндігі шектеулі мүгедек жандардың шығармашылығын, өмірге құштарлығын, Отанға деген патриоттық сезімін ояту мақсатында өткізілмек. Өмірдегі түрлі қиыншылықтарға мойынсұнбай, толыққанды өмір сүріп жатқан мұндай жандар елімізде аз емес. Олар өздерінің мүгедектігіне қарамастан, қоғамнан өз орындарын тапқан. Тауып қана қоймай, түрлі салаларда да жемісті еңбек етіп келеді. Олардың елімізге, қоғамдық өмірімізге қосып жатқан үлесі де аз емес. «Бауыржан» қоры мен «Самғау» сыйлығының мақсаты да осында – мүмкіншілігі шектеулі жандардың шығармашылығын қолдау, тың серпін беру.
«Самғау» сыйлығының жалпы сыйақы қоры 3 миллион теңгені құрайды. Әрбір жеңімпаз 500 мың теңге көлемінде сыйақыға ие болады. Сонымен бірге, оларға «Самғау» белгісінің арнайы статуэткасы қоса берілмек.
«Самғау» сыйлығы «спорттағы жетістіктер», «әдебиет саласындағы шығармашылық», «белсенді қоғамдық қызмет», «бейнелеу өнері саласындағы жетістік», «үздік орындаушылығы үшін», «қолданбалы өнер саласындағы жетістігі үшін», «балалар шығармашылығы» атты алты номинация бойынша берілетін болады.
Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі 3-желтоқсан күні Алматыда өткізілетін болады.
24.11.2011 Түркiстан-ақпарат