Жаңалықтар

ӘНШІГЕ АЙНАЛҒАН АҚЫН

ашық дереккөзі

ӘНШІГЕ АЙНАЛҒАН АҚЫН

Алматы қаласы, Алатау ауданына қарасты №26 мектепте бұрыннан қалыптасқан жақсы бiр үрдiс бар. Әр ай сайын оқушылар өздерi өлеңдерiн сүйiп оқитын ақынымен, шығармалары өздерiне жақсы таныс жазушымен арнайы кездесу өткiзу әдетке айналған. Тәуелсiздiгiмiздiң 20 жылдығы қарсаңында өткiзiлген осындай игiлiктi шараның бiрiне «Алматы ақшамы» газетiнiң Бас редакторының орынбасары, ақын Әнуарбек Әуелбекұлы қатысты.

Мектептің үздіктері мен белсенді топтарынан жиналған оқушылардың Әнуарбек ағаларымен ұйымдастырылған кездесуге өте тыңғылықты дайындалғаны көрініп тұр. Кездесу барысында жас жеткіншектер ақын ағаларының өлеңдерін жатқа оқып, жырдан шашу шашты. Балалардың ақын өлеңін жатқа оқуы, бастауыш сынып оқушыларының ақын творчествосынан хабардар болуы бізді қуантты. Әрі мектептегі ұйымдастырушы топтың да балаларды жас шамасына қарай іріктеп, сұрақ қоюға әзірлеуі де көңілімізге жылылық ұялатты.

Шығармашылық кеште ақын өлеңдері оқылып, ақын мен оқушылар арасында сұхбат жарасымды өріліп қана қойған жоқ, ақынның әндері де шырқалды. Төртінші сынып оқушысы Шұға Орынбасар Әнуарбек Әуелбектің «Жасай бер, Қазақстан» атты марш әнін шырқағанда, залдағы көпшілік бір сілкініп қалды. Кіп-кішкентай Фарида Оралбаева әкесінің домбырада сүйемелдеуімен ақынның «Аппақ ботам» әнін шырқауы да жиылған қауымды тәнті етті. Кішкентай келешектеріміздің сахнаға шығып, алғашқы тәй-тәй қадамдарын бастауы, ақын жырымен сусындап, ақын әніне бой ұруының өзі шарапатты дүние. Шығармашылық кешке белгілі әнші қыз Сымбат Саржезденова келіп, ақын әндерінен шашу шашты.

Ақын, публицист Әнуарбек Әуелбек те өз кезегінде мектеп оқушыларына тосынсый жасап, сырнайымен сахнаға шықты. Ақын оңашада жансерігіне айналған сырнайымен өзінің әнін шырқады. Әнуарбек ағаның әншілік қырына алғаш рет №26 мектеп түлектері куә болды.

24.11.2011

Аманкүл Спатаева,

Халықаралық «Мирас» мектебiнiң мұғалiмi