Жаңалықтар

БӘСЕКЕЛЕСТIК БАР ЖЕРДЕ – ДАМУ БАР

ашық дереккөзі

БӘСЕКЕЛЕСТIК БАР ЖЕРДЕ – ДАМУ БАР

Кез-келген мемлекеттiң әлеуметтiк-экономикалық дамуында шағын және орта кәсiпкерлiктiң маңызды рөл атқарары белгiлi. Ал отандық кәсiпкерлiк iшкi және сыртқы нарықта бәсекелестiкке төтеп беруге қауқарлы болғанда ғана кедергiсiз дамиды. Алматыдағы IV Форумда бәсекелестiкке әсер ететiн жайттар қаузалды.

Таяуда Алматыда қалалық әкiмшiлiк пен «Нұр Отан» ХДП-ның қолдауымен «Бәсекелестiкке әсер етушi факторлар» деп аталатын IV Халықаралық Форум өттi. Аталған шарада елiмiздегi компаниялар арасындағы бәсекелестiктiң даму деңгейi төңiрегiнде қызу пiкiрталаста елiмiздiң және алыс-жақын елдердiң белгiлi депутаттары мен сенаторлар, мемлекеттiк басқару және бизнес өкiлдерi, саясаткерлер мен iрi компаниялардың жетекшiлерi өз ойларымен бөлiстi. Сонымен қатар, бұл жиында елiмiздегi тұрғындардың өмiр сүру деңгейi мен бәсекелестiктi арттыру сөз болды.

Аталмыш шараның мақсаты – интеллектуалдық ресурстар мен елiмiздегi түрлi бизнес өкiлдерiнiң және үкiметтiк емес ұйымдар мен мәдениет өкiлдерiнiң басын бiрiктiру арқылы елiмiздiң iшкi және сыртқы экономикалық дамуына әсер ету. Сондай-ақ, Форум белгiлi депуттар мен сенаторлар, қоғам қайраткерлерiнiң және қаржыгерлер мен елiмiздегi түрлi компаниялардың өкiлдерiн бiрiктiрдi. Қазақстан тұтынушылар лигасы мен Мiнсiз бизнес кәсiпкерлiгi ассоциациясының жетекшiсi Светлана Романовскаяның айтуынша: «Елiмiздегi Отандық компаниялар шетелдiк компаниялармен бәсекелестiкке түсе алған кезде ғана елiмiз халықаралық деңгейде өзге елдермен иық тiрестiре алады. «Қазiргi таңда отандық өндірушiлердiң азғантай бөлiгi ғана сапалы тауар шығара алады. Отандық өнiм өндiрушiлердiң шығарған азғантай сапасыз тауары сыртқы нарықтағы экспорттың үлес салмағын арттырмайды». Сондай-ақ, ҚР Парламент Мәжiлiсiнiң депутаты Светлана Бычкова: «Отандық өндiрушiлер арасында бәсекелестiктiң маңызы зор. Бiрақ олар тек мемлекеттiк тапсырыс үшiн ғана емес, сапа үшiн де бәсекелесуi керек. Әлемдiк нарыққа шығуды ойластырып қойғанымен, шет елдерге ұсынатын сапалы тауар жоқ. Дегенмен қазақстандық өнiм өндiрушiлерге елiмiзде адал бәсекелестiк тудырып, әлемдiк нарыққа сапалы тауар шығаруға барлық мүмкiндiк жасалған», – дейдi. 2010 жылғы 29 қаңтарда Қазақстан Республикасының Президентi Н.Ә.Назарбаевтың «Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкiндiктерi» атты Қазақстан халқына жолдауында бiздiң кәсiпкерлерге жаңа мүмкiндiктердiң пайда болуын дұрыс бағалау, жаңа нарыққа шығу жөнiндегi тиiмдi стратегияларды әзiрлеумен байыпты айналысу, бәсекелестiк артықшылықтарды өсiре түсу маңызды екендiгiн айтқан болатын. Өндiрiс – елдiң экономикалық потенциалының негiзi, бәсекеге қабiлеттi өндiрiс қана экономиканың бәсекеге қабiлеттiлiгiн арттыра түсерi анық. Яғни отандық тауарлардың импорт тауарларына төтеп беруге барынша дайын болу керектiгiн бiлдiредi. Ол жөнiнде ҚР Парламент Мәжiлiсiнiң депутаты Светлана Бычкованың айтуынша, өндiрiс технологиясын жетiлдiрудiң ғылыми-техникалық деңгейi мен дәрежесi, жаңа өнертабыстар мен өндiрiстi автоматтандыруда жаңа заманауи құралдарды пайдалану маңызды әсер етедi. Фирманың немесе кәсiпорынның нарықтағы бәсекелестiк позициясы, сондай-ақ, фирмаларға ұлттық мемлекеттiк органдар мен басқа да ұйымдар тарапынан экспорттық несиелер кепiлдiгiн беру, оларды сақтандыру, салықтар мен алымдардан босату, экспорттық жәрдем қаражат беру, нарықтағы коньюктуралар және басқа ақпараттық қамтамасыз ету арқылы алатын мемлекеттiк қолдауға байланысты болмақ.

24.11.2011

Маржан КЕҢЕСБАЙ