ЖЕЛТОҚСАННЫҢ ЖАЗЫЛМАҒАН ЖАРАСЫ
ЖЕЛТОҚСАННЫҢ ЖАЗЫЛМАҒАН ЖАРАСЫ
Көлбай АДЫРБЕКҰЛЫ
Алматыдағы Ұлттық кітапханадан мерзімдік баспасөздерді шолып шығатын қашаннан бергі әдетім. Осыдан төрт-бес жыл бұрын шамасында «Оңтүстік Қазақстан» газетінің түптелген жиынтығын ақтарып жатқанмын. Әлден соң беттердің бірінен «Желтоқсаншы неге үйсіз жүр?» деген мақала көзіме оттай басылды. Жаңылмасам мақала авторы Назгүл Назарбекова. Әуелі көзім мақаланың бас жағындағы «… сотталған жерлесіміз бәйдібектік Сәбит Исабеков» деп жазылған сөйлемге түсті. Өзім де сол Бәйдібек ауданынанмын. Мақала жерлесім туралы болған соң асықпай мұқият оқып шықтым. Сәбит желтоқсан көтерілісіне қатысамын деп тағдырдың тәлкегін, өмірдің тауқыметін көп тартыпты. Мақалада баяндалған оқиға желісі күні бүгінге дейін есімде.
Сәбит Исабеков 1986 жылдың 18 желтоқсан күні жатақханадан шығып, жұмыс орнына бет алады. Әдеттегідей Абай даңғылын бойлап жүретін № 66 автобусқа мінген. Кешелі бері қалада жастар көтеріліп, қым-қуыт дүрбелеңнің басталып кеткен кезі. Автобус «Коммунистер» аялдамасына жетіп, ары қарай жүрмей қояды. Аялдама Пушкин атындағы орталық кітапхана алдында.
Жұрттың соңын ала Сәбит де автобустан түсіп, Бәйсейітова көшесіне қарай асыға басты. Табан асты тапталған қар тайғақ. Ой үстінде келе жатқан. Кенет қарсы жақ беттен айқай-шу естілді. Басын көтеріп қарағаны сол еді, бір топ адам тым-тырақай қашып келеді екен. Арғы жағында шинельдерінің етектері далақтай жүгіріп, балағаттай айқайлап келе жатқан милиционерлер. Қолдарында резіңке сойылдары бар. Қуып жеткендерін басы-көзіне қарамай соғуда. Ол түкке түсінбей аңтарылып тұрып қалды. «Жұрт неге қашып барады? Аналар неге сабап жатыр?».
Артына жалтақтай қарап, жан ұшыра жүгірген өрімдей жас қыз қасына жақындай бергенде екі қуғыншы жетіп, жотасынан сойылдарымен осып жіберді. Қыздың аяғы тайып кетіп, омақасы құлады. Қолымен жер тіреп, қайта тұрып қаша бермекші болғанда, аналардың бірі сойылмен басынан өлтіре соқты. Қыздың жан дауысы шығып, ұзынынан сұлап түсті. Қасынан өтіп бара жатқан бір бейтаныс орыс жігіті: «Что вы делаете? Прекратите!» – деп көмекке ұмтылды. Қызды қолтығынан демеп тұрғызбақшы болғанда өзі де соққының астында қалып, әзер қашып құтылды. Қанына қарайып алған менттер жан алатын жендеттерден де бетер. Зар жылап, төрт тағандап тұра алмай жатқан қызды тағы ұрып, керзі етіктерімен үсті-үстіне тепкіледі. Қыз етбеттей жығылып, үні біржолата өшті. Ал жендеттер сонда да ұрып-соғуларын қояр емес. Ауыздарына ақ ит кіріп, көк ит шығады. Сәбит одан әрі шыдап тұра алмады. Бар дауысымен:
– Ей, оны неге сонша ұрып соғасыңдар? Өлтірдіңдер ғой! – деп алып ұшып жетті де, арашаға түсіп қызды денесімен жапты.
– Қорғағың келді ме? Мә, ендеше, сен де сыбағаңды ал! – Ауыр соққылар төпелей жауды. Сонда да бет-аузы қанға боялып, ес-түссіз жатқан қызды жерден көтеріп алып, жүргіншілер жолына қарай жан-дәрмен ышқына жүгірді. Жендеттер оны біраз жерге дейін боқтық сөздерімен қуа сабап, кері қайтты. Ол ұзап шыққан соң тоқтап, ентіккен демін басты. Ақыл-есі кіресілі-шығасылы қыз Сәбиттің демеуімен екі аяғынан әзер тұр. Көшемен кетіп бара жатқан егде кісіні тоқтатты.– Аға, мына қарындасты жатақханасына жеткізіп салыңызшы. Мен мұны ұрып-соққандардың бастықтарына барып, шағым жасайын, – деп өтінді. Кісі қайырымды екен. Жағдайды бірден түсініп, қызды сүйей берді. Сәбит сол жерде жатқан таяқты алып, Бәйсейітова көшесіне қарай жүрді. «Қымызхананың» қасына дейін барып, жан-жағына көз тастаған. Әлгіндегі құтырған милиционерлер көрінбеген соң қолындағы таяғын жерге тастай салды. Алаң жақтан топырлаған жұрттың қарасы көрінді. Екпіндей шырқалған «Менің Қазақстаным» әні естілді. Ол енді солай қарай беттеді.
Алаңды қоршаған жасақшылар шебінен сыналай өтіп, иін тірескен өзіндей жастарға қосылды. Олармен сөйлесе келе әу-жайға қаныққан. Барлығы 16 желтоқсанда өткен ОК пленумы шешіміне қарсы екен. Елге қазақтан басшы қоюды талап етіп жатыр. Сәбит те оларды бірден құптады. Ет қызумен алаң төріндегі мінберге қарай жақындай берді. «Фурманов» пен «Мир» көшелері жағынан жабық әскери жүк машиналары келіп, үстінен мұздай қаруланған солдаттар түсіп, сап түзеді. Ұзын бойлы бір офицер:
– Жолдастар, араларыңда үкімет басшыларымен сөйлесе алатындар бар ма?– деп дауыстады. Он шақты қыз-жігіттер көпшіліктен бөлініп, алға шықты. Сәбит: «Істің оңтайы мұндай келер ме?! Бағанағы қызды ұрып-сабағандарды соларға айтайын», – деген оймен кездесуге баратындарға қосылды.
Мінбердің астыңғы жағында бірнеше бөлме бар екен. Әлгі офицер оларды сол бөлмелердің біріне кіргізді. Қарсы бет қабырғадағы стол басында шен-шекпенділер отыр. Орта тұсындағы пагонды кісі:
– Қане, бізге не айтайын деп едіңдер, – деді.
– Біз республика басшысы қазақтың болғанын қалаймыз…
– Мәселені демонстрациямен емес, бейбіт түрде шешуді ойлаңыздар. Ал енді алаңнан тарағандарыңыз жөн.
Сәбит оларға таяқ жеген қыздың жайын айтып, екі милиционерді заң жолымен жазалауды өтінді. Шен-шекпенділер ештеңе естімегендей кейіп танытып, орындарынан тұрып кете барды.
Бастарына каска киген, қолдарында қалқандары мен сойылдары бар әскерилер қарусыз жастарға лап қойғаны сол еді, екі жақты қақтығыс басталды да кетті. Алаң азан-қазан, айқай-шу. Жастар қайтар емес, шегініп барып қайта серпіледі. Сондай сәттердің бірінде Сәбиттің басына оқыстан қатты соққы тиді. Арғысы есінде жоқ. Көзін ашса, екі солдат екі аяғынан ұстап, тулақтай сүйретіп барады. Алаңның шетіне жеткен соң, солдаттар орнынан тұрғызды да, еңгезердей бірі жуан жұдырығымен ішіне қойып жіберді. Тынысы тарылып, бүктетіле түсіп, тұншыға қақалып-шашалып, бойын қайта жазды. Анау миығынан мырс етті. «Мен бір ұрғаннан сұлатушы едім. Мына калбит жарады, құламай тұрғанын қарашы, – деді жанындағы едірейген серігіне. – Жарайды, сенің әуселеңді тағы бір рет байқап көрейін», – деп бар пәрменімен иек астынан шірене соқты. Сол-ақ екен Алатаудың қарлы шыңдары селтең етіп, Сәбиттің басы асфальтқа биіктен тастап жіберген тастай тарс ете қалды. Көз алды бұлдырап, дүниені тағы да қараңғылық баса берді.
Көзін ашса, бір бөлмеде жатыр. Иығында пагоны бар біреу төбесінен төне қарап:
– Есін жиды, – деп Сәбиттің денесін жұлқи көтеріп, төсекке отырғызды. Содан соң қасындағы әйелге: – Тергеуді бастай бер, – деді. Әйел сұрақтарын қойып жатыр. Қан жуып, күп болып ісінген бетінен әр қашып кеткен. Тұла бойы сәл қозғалса болды зар қақсайды. Көнтіктей ісінген еріндері сөйлетер емес. Әйел мандырып жауап ала алмасын білді.
– Дәрігердің көмегі керек, – деді анаған. – Ауруханаға жатқызу керек. Жағдайы тым мүшкіл. – Дәрігер оған аянышпен қарап, басын шайқады. Тергеушілер амалсыз көнді.
Бір аптадан соң ол жатқан палатаға көзілдірікті біреу екпіндеп кіріп келді. Сазарған көксұр түсі де суық. Қойын қалтасынан фотосуретті суырып алып, бетіне тақады.
– Мынау кім? Танисың ба?– Үні өктем шықты.
«Қымызхана» жанында таяқ ұстап тұрған өзі екен.
– Мен. – Басы зеңіп, зордан тіл қатты.
– Декабрист, мен сені соттатамын. Жайлы жерді тапқан екенсің. Қане, тұр орныңнан! – Иығынан мытып ұстап, өзіне қарай жұлқи тартты. Сол сәтте бөлмеге емдеуші дәрігер кірді.
– Тергеуші жолдас, бұл жігіт әлі жазылған жоқ. Қазір жүруге де жарамайды, – дей бергені сол еді, анау қолын ербең еткізіп:
– Жетер, онда да сіз секілді дәрігер бар, – деп Сәбитке жалт қарап, тағы да өктем үнмен. – Исабеков тұр!
Ол солай желтоқсанның 25 сі күні абақтының тас камерасынан бір-ақ шықты.
Тергеу басталып, күндіз-түні маза бермеді. «Сен, №15 автобусқа шабуыл жасап, жолаушыларға зәбір көрсеттің. Мойында!» – дейді тергеуші қабаған иттей арс-арс етіп. Ол: «Қайдағы автобусты айтып отырсыз? Ешкімге зәбір көрсеткен жоқпын. Қолым таза», – деп қанша қинаса да бұл жаладан бас тартумен болды. Бір күні тергеуші өзімен бірге еуропалық нәсілдегі біреулерді ертіп келді. Бұрын-соңды көрмеген адамдар. Олар бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай: «Біз мінген автобусқа таяғымен шабуыл жасаған тап осының өзі», – деумен болды. Тергеуші солай жалған жаласын мойнына қиып салды. Арада бірнеше күн өткен соң, қолына пәпкі ұстаған жан келіп өзін: «Мен сенің адвокатың боламын», – деп таныстырды. Іш тарта сөйлеп: «Сен кінәңді мойындай сал. Мойындамасаң, бұлар ата-анаңды да жауапқа тартады. Тек тергеушілермен қасарыса бермей, менің айтқанымды істе. Сотта өзім құтқарып аламын», – деді. Қорғаушыға имандай сенді. Алдаған екен. Кейін қатты өкінді.
1987 жылдың 17 ақпанында ашық сот болды. Төраға: «Айыпкер Исабеков 1986 жылдың 18 желтоқсанында алаңда болғаныңды мойындайсың ба?», – деді. Ол: «Иә, болдым», – деп жауап берді. Төраға басқа сұрақ қойған жоқ. Прокурорды көбірек тыңдады. Ал ол жаланы үйіп төгіп, соттан 17 жыл жаза сұрады. Төраға: «Айыпкер Исабеков, соңғы сөзіңізді айтыңыз», – деді.
Сәбит: «Прокурордікі жалған айып. Менің еш жазығым жоқ!», – деп ашынғаннан айқайлап жіберді. Сот үкім шығарып оны 4 жылға бас бостандығынан айырды. Жазасын өтеуге Ақтау түрмесіне алып кетті. Қасында Құрманбай, Құттыбек секілді желтоқсандық жиырма жігіт бар. Бірнеше айдан соң оларды жан-жаққа бөліп жіберді. Сәбит Ақтөбедегі түрмеге түскен. Түрмеде жиһаз жасау жұмыстарының денсаулыққа зиянды учаскесіне салды. Сол жерден құрт ауруына шалдығып, Атырау түрмесіне ауыстырылған. Мұнда да ауыр жұмысқа жарамаған соң, түрме басшылары жоғарыдағылардың рұқсатымен ауылына қайтарды. Ол есін жиып, аздап өзіне-өзі келген соң желтоқсандықтарды іздестіру жұмыстарымен айналысты. Денсаулығы сыр беріп, ауық-ауық дәрігерлер көмегіне жүгінеді. Сол кезде басында баспанасы жоқ екен. Қала әкімшілігіндегі кезекке тұрғаны қашан. Бәлкім бүгінде пәтер алған да болар. Лайым солай болғай…
24.11.2011