ЕЛ ҰРАНЫ – ҰЛЫТАУ
ЕЛ ҰРАНЫ – ҰЛЫТАУ
Әр адамның санасында өз қара шаңырағы, Отаны, Атамекенi жарық дүниенiң кiндiгiндей сезiледi. Ұлттық мәдениет, туған халықтың әдет-ғұрпы содан бастау алады. Қазақтар үшiн сондай ата-баба мекенi –Ұлытау.
Оның ұлылығы тек атының халық арасында әйгiлi болуында ғана емес, ұлт тарихындағы қазақ руларын бiрiктiрген аса ұлы оқиғалар туғызған тарихи мәндiлiгiнде. «Кiндiк жұрт» аталып кеткен Ұлытау – қазақ халқының бесiгi, көшпелi халық мәдениетiнiң, дала өркениетiнiң алтын кiндiгi. Ұлытау – ежелгі заманның көне сырларын ішіне бүккен шежірелі өлке. Ол ежелгі де әр алуан әдемі ескерткіштерінің көптігімен кім-кімді де тәнті етеді. Өзінің ғажайып сұлулығымен, құнарлылығымен бабаларымызды ынтықтырған қасиетті жерден палеолит, неолит дәуірлерінің туындысы – алғашқы адамдардың еңбек құралдарын әр бұлақтың маңынан, көгалды жазықтардан кездестіресіз. Қаракеңгір өзені жағасындағы Дүзен мазарына жақын орналасқан палеолит дәуірінен қалған көнекөз шеберхана Қазақстандағы ең ірі де әйгілі ескерткіш санатында. Тас ғасырының мылқау куәсі Жетіқоңыр да археологтердің көп жылдардан бері назарында. Қола дәуірінің ескерткіштері – елді мекендер, мазарлар мен Беғазы-Дәндібай мәдениетінің асқақ кесенелері кез-келген өзен алқаптарынан кездеседі. Ежелгі патша әулеттері жерленген Айбас дарасы, Үйтас-Айдос, Ақоба, Талдысай обалары көптеген ғалымдар мен зерттеушілердің ынта-ықыласын ұдайы өзіне аударып отырса, Қорғасын елді мекеніне жақын орналасқан обалар мен Терісаққан өзені жанындағы Қараоба, Ақоба екі жарым мың жылдан аса жолаушылар үшін қиыр далада қағылған қазықтай нақты нысана болып келеді. «Мұртты» қорғандар – Ұлытаудағы таңдай қақтырар көрікті нысандар. Олардың құпиясы әлі күнге беймәлім. Бұларды мазар үстіндегі ескерткіш дейміз бе, әлде ежелгі расытхана дейміз бе, тіпті осылардың бәрінің басын құрайтын тұлғалы ескерткіш дейміз бе – әйтеуір бұлардың қай-қайсысы да таңғажайып дүниелер. Классикалық үлгідегі осындай ескерткіштердің «мұрты» үнемі шығысқа қарап тұрады. Ұлытауда сақталған олардың сан алуан бағдарымен, пішінімен, санының көптігімен таң қалдырады. Жазық жерлерде орналасқан ғұндар дәуіріндегі әдемі шатқалды қорғандар өзінің асқақтығымен, сұлулығымен көзге түседі. Ежелгі түркі, оғыз-қыпшақтар мәдениетінің ізін де осы жерлерден ұшыратамыз. Арғанаты, Кішітау тауларындағы, Тілеуқабыл дарасы мен Қорғантас шатқалындағы түркінің айшықты тастарымен өрнектелген оба қоршаулары бәз қалпында сақталған. «Балбал» деп аталатын кейбір сомтастар өрнегінің қатары кей жерлерде 250 метрге жетеді. Ұлытаудың ежелгі тұрғындарының таудан металл пештер қалдығы пішінді металл құю тәсілі – бұдан үш мың жыл бұрын жергілікті тайпалардың мыс, қалайы, күміс, алтынды қазып алып, өңдеп, Иран, Үнді, Грекия, т. б. елдерге шығарғандарына бірден-бір дәлел. Мұны «тарих атасы» Геродот өз еңбектерінде растап отыр. Қола дәуірінде өмір сүрген Елуқұдық, Сорқұдық секілді металл өндіру орталықтары кейінгі орта ғасырларға дейін өндірісін тоқтатпаған. Ежелгі шеберлер қолымен тасқа қашалып салынған суреттердің тұтастай галереясы Ұлытаудың өзіндік мәдениетінің көрікті беттерін құрайды.Тіршілік ету, аң аулау бейнелері, ғажайып жануарлар әлемі, ежелгі адамдардың дүниетанымын танытатын суреттер Теректі әулие, Зыңғыртас, Арғанаты таулары жартасында, Байқоңыр, Тамды, Жаңғабыл, Жетіқыз өзендерінің бойларында тұр. Бұл өлке орта ғасырларда «Дешті қыпшақ» (араб тілінен аударғанда – қыпшақтар елі) аталған. Оның аумағы кейіннен қыпшақтардың, қимақтардың, ұлы оғыздардың ірі рулық бірлестіктері арасында бөліске түскен.Ұлытау ешқашан бір ғана тайпаның, не бір ғана рудың иелігінде болмаған. Бұл берекелі жер көшпелі тайпа көсемдерінің сүйікті мекені болды, ол қашанда қасиетті әрі киелі қоныс саналған. Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошының бұл жерді тұрақты қоныс еткені тегін емес. Шығыс Еуропаны тізе бүктірген Бату ханның балалық шағы осы жерде өткен. ХIII ғасырда орыс князьдері бейбітшілікті сақтау мақсатында өз балаларын Алтын Ордаға кепілдікке беріп отырған. Осындай мысалдардың бірі ретінде Александр Невскийдің үш жыл Жошы Ордасында өткізгенін көне тарих айтады.Ұлытау жерінде Шыңғыс ұрпақтарымен байланысты сәулеттік ескерткіштер жетерлік. Бұлар – Жошы, Құтлық-Темір, Болған ана, Құлан ана, Келін там мазарлары. Осы далада, аңызда айтылатындай, Шыңғыс ханға ұлы Жошының өлімін жеткізген атақты «Ақсақ құлан» (XIII ғ.) күйі дүниеге келеді. XIV ғасырда, шамамен VII–VIII ғасырларда өмір сүрген түркі руларының негізін қалаушылардың бірі Алаша хан қабіріне мазар тұрғызылды.Ұлытау тауы биігінің бірінде ұлы қолбасшы, саясаткер және шешен, Алтын Орда әмірі Едіге жатыр. Оның аты Алтай, Орал, Солтүстік Кавказ, Қырым және Өзбекстан халықтарының батырлық әңгімелері мен эпостарында сақталған. Алтын Орданың жігерлі ханы Тоқтамысқа да Ұлытаудан топырақ бұйырыпты. Ұлытау тарихының білгірі, академик Әлкей Марғұланның жазуынша, Тұранның құдіретті ханы Афрасиаб өмірінің соңғы кезін Ұлытауда өткізген. Құдіретті Ақсақ Темір өзінің Ұлытауда болғаны туралы Алтыншоқы тауында тасқа қашап белгі қалдырған.Ұлытаудың ғажайып гранит шыңдары Бұқар ханы Абдоллахты және Құдияр ханның қоқандық жауынгерлерін ұмытқан жоқ. Моңғолдардың тұрақты қонысы – Қарақорымға беттеген ортағасырлық көптеген еуропалық және орыс елшілері Ұлытау бұлағының суын ішіп, шөлін басты. Кетбұғы, Керей, Жәнібек, Қасым, Тәуке, Барақ, Көшім, Абылай, Әбілқайыр, Ақжол би, Қазыбек би, Кенесары және т. б. тарихи тұлғалардың өмірбаяны Ұлытау атымен байланысты. Ұлытау таулары көптеген шақырымнан мен мұңдалап көрініп тұрады. Ең жоғарғы нүктесі «Әулиетау» шыңы көне дүниедегі тауға табынудың көрінісі – «Әлем таудың» образын елестетеді. Әулиетаудың образы осы өңірдегі таулардың сақтаушы, қорғаушы киелі нышандарымен түйіндес болуы әбден мүмкін. Ұлытау – Қазақстанның географиялық орталығы. Картадан оның Қазақстанның солтүстігі мен оңтүстігі, сондай-ақ шығысы мен батысы аралығында бірдей қашықтықта орналасқанын көресіз. Оның әскер шоғырландыруға және жасақты Ұлытаудың айналасындағы бұлақтары мол жайылымға орналастыруға қолайлы орын болғаны сондықтан болар. «Ақтабан шұбырынды» жылдарында Ұлытаудың даңқы оңтүстік – батысында, Білеуті өзенінің бойында, қазақ руларының біріккен күші алғаш рет жоңғарларға тойтарыс беруімен шықты. Содан бері осы шатқал Қалмаққырған аталады. Ұлытаудың тұғырлы таулары патшалық-отаршылдық саясат жылдары қарсыласу мен тәуелсіздік ошағы болып қала берді. Бұған XIX ғасырдың ортасындағы Кенесары Қасымұлы, 1916–1917 жылдардағы жерлестеріміз Амангелді Иманов және Әліби Жангелдин бастаған ұлт-азаттық көтерілістері куә. Ұлытау географиялық жағынан қолайлы жерге орналасқан. Ұлытау арқылы Ұлы Жібек жолының «Сарысу» немесе «мыс жолы» аталған негізгі тармақтарының бірі өткен. Оның дәлелі – керуен жолы бойында орналасқан ондаған керуен-сарайлар, бекініс-қоныстар, феодалдық қорғандар, қарауыл мұнаралар. Бұл қоныстарда қалалық мәдениет, қол өнері, сауда-саттық дамығанын Басқамыр, Аяққамыр, Орда-базар қалашықтарына жүргізілген археологиялық зерттеулер нәтижесі дәлелдеді. Ғалымдар болжауынша, бұл сауда жолы «Ұлы Жібек» жолына дейін пайда болып, біздің ғасырдың отызыншы жылдарына дейін сақталды, осы өлкенің мәдениетінің дамуына үлес қосты. Табиғаттың өзі бұл жерге қисапсыз қазына сыйлаған. Фирдоуси өз поэма-эпосы «Шахнамада» Ұлытау өңірін әдемі суреттеген. Ұлытаудың ғажайып көріністерін ХI ғасырда араб саяхатшысы Әл-Идриси өзінің қолжазбаларында суреттеген. Ұлытау жөнінде қазақ халқының ертегісі «Ер Төстікте» де айтылады. Әйгілі Асанқайғы Сарыарқаның көптеген түкпірін аралап, елге құт, жерұйық іздегенде, көзіне Ұлытау түскен. Ұлытаудың ең биік тауы Әулиетауда Асанқайғының бәйбішесі Тана ана, жеті әулиелердің бірі болып жерленгені анық. Жазушы Ақселеу Сейдімбек Асанқайғының өзі де осында жатыр деп жазады. Академик Қаныш Сәтбаев Ұлытау даласын Қазақстанның қазынасы атаған. Өйткені Менделеев кестесі элементтерінің көбі Ұлытау аймағының қойнауынан табылған. Ғасырдың заманалық мәні бар оқиғасы – адамның ғарышқа ұшуы да Ұлытаумен, ғарыш айлағы – Байқоңырмен байланысты. Ұлытау өзінің жер бедерімен, терек – қайыңымен Көкшетау, Баянауыл, Қарқаралының шипажай орындарын еске салады. Бұл өңір Қазақстанның тарихи орталығы десек те болады. Қазақтардың бүкіл дүниежүзілік құрылтайында форумға қатысушылар ең әуелі қазақ халқының осы қасиетті орнына баруды қалағаны да тегін емес. Сол күндері Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаев осында қазақ мемлекетінің қалыптасуындағы Ұлытаудың тарихи рөлін құрметтеп, ескерткіш-белгі орнатуға қатысты. Ұлытау – шын мәнінде географиялық феномен. Терістік дала мен түстік шөлдің арасындағы таулы, ойпаңды бұл өлке жол тартып келе жатқан жүргіншілерге қайнары – салқын суын, терегі мен ақ қайыңы көлеңкесін сыйлайды. Ұлытауда жүзіктің көзіндей әдемі-әдемі көлдер бар. Көктем сайын Барақкөл, Қоскөл, Ащыкөл, Құркөлдерге Үндістаннан, Жерорта теңізінен, Азия, Африка жағалауларынан оралған құстар жыртылып айырылады.Осы арадан ақбөкендердің де жосылған жолдары кес-кестеп өтіп жатыр. Өте сирек кездесетін тарихи археологиялық ескерткіштер мен табиғат көркін сақтау мақсатында осында 1990 жылы «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғат қорық-мұражайы құрылды. Бүгінгі күні қорыққа бекітілген өңірде 25 жер-телім кешеннен тұрады. Көлемі 147 мың гектар жерде 300 ден астам тарихи ескерткіштер қорғауға алынды. Көшпенділердің үш мың жылдық рухын бойына сіңірген, аты аңызға бөленген, ақындар жыр еткен, көп ғасыр адамды еліктіріп, өзіне тартқан бұл өлке өзінің құпияларын әлі де ашып болған жоқ. 24.11.2011 Бақтияр ҚОЖАХМЕТОВ, өлкетанушы Қарағанды облысы,Ұлытау ауданы