Жаңалықтар

ТҮРКIСТАН ЛЕГИОНЫНЫҢ АҚИ ҚАТЫ

ашық дереккөзі

ТҮРКIСТАН ЛЕГИОНЫНЫҢ АҚИ ҚАТЫ

1945 жылдың 10 мамыр күні лагерде қуанышты хабар жарияланды. Асхана ғимаратының төбесіне орнатылған репродуктордан шыққан қарлығыңқы дауыс соғыстың аяқталғанын хабарлады. Дағшы бұл хабарға оншалықты қуана алмады. «Біз бұл жолды бірге жүріп өттік» романында бұл хабарды қалай қабылдағанын былай суреттейді: «Ақыры, соңы келіп жетті. Соғыс бітті. Көздеріме жас келді. Бар қайратымды жиып, қаза болғандардың соңынан жыламауға тырысып бағудамын. Бірақ қуана да алмаймын».

Иә, соғыс аяқталған болатын. Бірақ Дағшының шегер азабы әлі бітпеген еді. Ол Отанына орала алмайды. Енді қайда бара алады? Бұлардың жағдайы басқа босқындардан өзгеше болатын. Олар одақтастарға қарсы соғысқандықтан жау ретінде қабылданатын. Ал Қырым болса Кеңестер Одағының билігінде. Кеңес көсемі Сталин немістерге тұтқынға түскен кеңес әскерлерін «сатқын» деп жариялағандықтан, Қырымға оралу – өлім, түрме, жер аудару деген сөз ғой! Сол себепті де соғыстың аяқталғанына қуана алмады. Дағшының өмір үшін соғысы, адам абыройына жарасарлық тіршілік үшін күресі әлі жалғасуда болатын.

Дағшы енді легионер немесе әскер емес, босқын еді. Әрі түркі текті кеңес босқыны. Енді өмірінің бұдан кейінгі кезеңі бір босқынның қоныстанар жер табу жолындағы күресімен басталады. Сол кезде Дағшымен тағдырлас жүз мыңдаған адам Италия мен Австрияда осындай уайыммен тіршілік кешіп жатты. Солардың бірі – Ертүрік сол кезеңде солтүстік Италияның түркі текті босқындар үшін түркі елі секілді болғанын білдіреді. Осы жердегі босқын лагерлерінде, сондай-ақ басқа да жерлерде неміс армиясының қатарында соғысқан жарты миллионнан астам түркістандық, қазандық, қырымдық, кавказдық және әзірбайжан әскерлері бар болатын. Олардан басқа, неміс армиясымен бірге Кеңес Одағын тастап, батысқа қоныс аударған бір миллиондай түркі текті және басқа да мұсылман халықтардың өкілдері Австрияның батыс бөлігі мен Солтүстік Италияға қоныстанған еді.

Неміс армиясымен бірге Кеңес Одағы құрамындағы отандарын тастап, батысқа қоныс аударғандар арасында тек түркі текті және басқа да мұсылман халықтар ғана емес, сонымен қатар украиндықтар, балтық елдерінің халықтары, молдавандар, сығандар секілді әр түрлі ұлт өкілдері де бар. Олардың жалпы саны он миллионнан асатын. Сталиндік зорлықшыл биліктен бейхабар американдық офицерлер мен ағылшын офицерлерге қарапайым халықтың өз елдерін неге тастап кеткенін түсіну қиын болатын. Түркі тектілерден басқа босқындардың барлығы АҚШ-қа өтіп кету үшін құзырлы мекемелерге жалынып жатқанда, түркі тектілердің барғысы келетін жалғыз ел – Түркия еді. Өйткені олар тіл, дін, салт-дәстүр секілді ұлттық құндылықтарымыз Түркияда сақталып қалады деген ойда болды. Өздерін тұтқынға алған ағылшындар мен американдықтарға үлкен бір мақтаныш сезіммен өздерінің түркі текті екендіктерін айтып, «Біз Түркияға барамыз», – дейтін.

Алайда олардың алдын кесер амалды Мәскеу билігі көптен бері қарастырып та қойған. Мәскеу билігі одақтастардың соғыс бітпей тұрып Алманиямен жасалатын бітімгерлік шарттарын белгілейтін құжатқа немістермен бірге Кеңестер Одағын тастап шыққан өз азаматтарын қайтару туралы шартты да енгізген еді. Сондай-ақ Сталин әсіресе неміс армиясы қатарында өздеріне қарсы соғысқан кеңес әскерлерінің толықтай өздеріне тапсырылуын талап етті. Осы себепті, Алмания, Италия, Австрия және Франциядағы босқындар 1945 жылдың соңына дейін ештеңеге қарамастан Кеңестер Одағына тапсырылды. Мәскеу соғыстан кейін осы мақсатта арнайы комиссиялар құрды. Комиссиялардың басты міндеті – батыс Еуропа елдерін аралап, сол жерлердегі босқындарды анықтап, сосын «Отандарың сендерді күтіп отыр, сендерге ешқандай жаза берілмейді», – деген үгіт-насихатпен оларды елге қайта оралуға көндіру болатын.

Сондай-ақ Англия мен Американың әскери мекемелері де Кеңестер Одағымен жасалған келіссөзге сәйкес кеңес азаматы екендігі анықталған босқынды олардың еркінсіз туған елдеріне жөнелтіп жатты. Босқындар кеңестік, ағылшын және американдық әскерлердің бақылауында конвойлармен айдалып, пойыздармен Кеңестер Одағына жіберілді. Кеңестер Одағында өздерін күтіп тұрған сұмдықты сезіп, қорыққан кейбір әскерлер жүріп бара жатқан пойыздан секіріп кетіп, өлім жолын таңдады. Осылай әрекет етіп, өздерін өлімге қиған жандардың саны көп болғаны сонша, бұл туралы хабарлар итальян және француз газеттерінде көрініс тапты.

Батыстықтар бұл қасіретті жайтқа тек 1946 жылдың басында ғана назар аудара бастады. Әсіресе UNRA (Біріккен Ұлттар Ұйымының Көмек Қоғамы) осы мәселе жөнінде АҚШ-та әрекетке көшіп, амал қарастырды. Соңында бұл мәселе Біріккен Ұлттар Ұйымының күн тәртібіне қойылып, ешбір кінәсы жоқ, бар болғаны кеңестік зорлықшыл режимнен құтылғысы келетін, адам секілді өмір сүруді қалайтын жазықсыз жандарды осындай зорлықшыл режимге еріксіз түрде қайта жіберудің қылмыс ретінде қабылданатындығы білдірілді. Осылайша, 1946 жылдан бастап әскер қатарында қызмет етпеген қарапайым босқындарды Мәскеуге қайтару ісі тоқтатылды. Бірақ кеңес армиясының қатарында болып, кейіннен немістерге тұтқынға түскен немесе немістер жағына өтіп кеткендерді қайтару ісі жалғаса берді. Зерттеушілер 1943-1947 жылдары арасында кері қайтарылғаннан кейін, Сталиннің бұйрығымен өлтірілген кеңестік соғыс тұтқындарының саны 500 000 мен 1 000 000-дай деп шамалайды.

Берлиндегі Түркі ұлттық комитеттерінде жұмыс істегендердің жағдайы әскерлерге қарағанда тіпті ауыр болатын. Кеңес билігі бұл комитетте жұмыс істегендерді тауып, көзін жойғандарға сыйақы берілетіндігін жариялады. Неміс ресми мекемелері бұл адамдардың қауіпті жағдайда қалғандықтарын білгендіктен, олардың Берлинде қалып, кеңес әскерлерінің қолына түспеуі үшін дипломаттық құжаттар беріп, Италияға өтулеріне, сол жерде американдықтарға немесе ағылшындарға берілулеріне кеңес берді. Kремль билігі әсіресе, Сталин мен саяси бюродағылар батыс елдерінде кеңестер туралы шындықты білетін зиялылардың өмір сүргенін қаламайтын. Бұл жайтқа 1917 жылғы қазан төңкерісінен кейін шетелге қоныс аударып, ІІ-дүниежүзілік соғыстан бұрын Париж, Варшава, Лондон, Берлин секілді қалаларда өмір сүрген Мұстафа Шоқай, Мехмет Эмин Ресулзаде, Аяз Исхаки және Тахир Шағатай секілді түркі текті зиялылардың кеңес билігіндегі елдерінің тәуелсіздігі үшін қалам жүзінде жүргізген күрестері ықпал етсе керек. Сондай-ақ солармен қатар кеңестер билігіндегі басқа ұлттардың зиялылары да Еуропада «Прометей бірлігі» деген атпен күштерін біріктіріп, пікір саласында Мәскеуге қарсы өте ықпалды жұмыс жүргізген болатын. Соғыс аяқталды деп жарияланғаннан кейін кеңес офицерлері Дағшылар тұрып жатқан лагерге жиі келе бастады. Олар лагердегі кеңес азаматтарын елдеріне қайтару үшін көндіруге тырысатын. Олар босқындарға: «Сендер қорқатындай ешнәрсе жоқ, Кеңестер Одағы сендерді құшағын жайып күтіп отыр», – деп айтатын.

Желтоқсан айында орыс тұтқындары тұрып жатқан үш бараққа орақ-балға бейнеленген қызыл тулар ілінді. Енді кеңес униформасын киген офицерлер келулерін жиілетті. Бір күні орыс босқындар арасында үш кісі өз-өздеріне қол жұмсады. Сондай-ақ кеңес офицерлерін көргенде лагерде тұрып жатқан поляк, мажар, литван, украин босқындардың да мазалары қашатын. Олар қанша білдіргілері келмей тырысса да, кеңес офицерлерін көргенде бойларын үрей билейтін. Кеңестік құзырлы тұлғалар мен кеңес туларын көргенде Дағшының да мазасы кететін. Лагердегі кеңес туларын көргендегі ой-сезімін Дағшы «Сұрапыл жылдар» романында былай деп суреттейді: «Лагердің есіктерінде желбіреп тұрған қызыл туларды көрген кезде бейне бір біреу буындырып жатқандай сезімде болдым… Енді есіктердің алдында Америка туларының жанында большевиктердің тулары желбіреп тұрды! Әлбетте біз қорқып тұр едік. Біздің бұл үрейімізді американдықтар түсінбейтін». Сонымен қатар лагерь ары кетсе көктемге дейін-ақ жұмысын жалғастырады деп айтылып жүрді. Сонда лагерь жабылса күндері не болмақ? Қайда барады? Дағшы бұл мәселені тіпті ойлағысы келмейтін.

Дағшы 1945 жылдың 18-маусымында Регинамен үйленді. Өйткені соғыс біткеннен кейін үйленеміз деп уағдаласқан болатын. Екеуі де үйленгеннен кейін бір-бірінің діни сеніміне араласпай, құрметпен қарайтын болып келісті. Некелері де осыған қарай қиылды. Алдымен лагерде исламдық ғұрыпта, сосын шіркеуде христиандық ғұрыпта неке қиылды. 24 қазан күні қыздары Арзу-Урсула дүниеге келді.

1945 жылдың соңында тағдыр өздеріне тосын сый жасады. Бір күні ағылшын генералы У.Андерске қарасты әскери бөлімдерде қызмет етіп жүрген поляк офицерлер лагерге туыс-жақындарын іздеуге келді. Олардың бірі Регинаның жақын туысы екен. Соның көмегімен бұлар Ландек босқын лагерінен Италияның Барлетта лагеріне ауысты.

Бес барактан тұратын Барлетта лагерінде Польша армиясының адамдары тұратын. Сондықтан, өздерін Кеңес Одағына тапсырар деген қауіптері сейіліп, сәл де болса көңілдері орнына түсті. Бірақ Дағшыға тұтқындағы күндерінің жан түршігерлік естеліктері маза бермейтін. Осы естеліктер жанын жегідей жеп, өзі Барлеттада тұрса да, ойы соғыста жүріп өткен азапты жолдарын шарлап жүретін. Сол бір тауқыметті жолдар мен қанды қырғындар туралы естеліктер ақыл-есі мен барша болмысын билеп алғандай көрінетін.

Алты ай бұрын қаламға алған «Садық Тұранның естеліктерін» осы жерде әрі қарай жалғастырғысы келді. Бірақ жанын жегідей жеген ой күйзелісі мен бойын билеген үрей бұл ойын жүзеге асыруға мұрша бермейтін. Осы себепті естеліктерін жазып бітіре алатындығына сенімсіз болатын. Екінші жағынан қанша тырысса да Кеңестер Одағына тапсырып жіберер деген үрейін жеңе алмай-ақ қойды. Әсіресе лагерге американдық әскерлердің келгенін көрсе болды бірден шошып кететін. Олар өзін ұстап алып, орыстарға тапсырардай үрейленетін. Дағшының осындай ой-сезімін «Сұрапыл жылдар» романында Тұранның 01.08.1946 ж. күні Римнен жазған хатының мына жолдарында суреттегенін көреміз: «Кеше баспалдақтардан түсіп келе жатқанда есіктің жанында тұрған екі американдық тәртіп сақшысын көргенде қорыққанымнан бала секілді дірілдеп кеттім. Жүгіріп барып, бөлмеме тығылдым. Есікті кілттеп, терезенің алдына бардым. Егер бөлмеме кірер болса, терезеден секіріп кетіп, өлуге бекіндім. Бұл үрейімнің себебін жақсы білемін. Бойымды билеген үрей ұзаққа созылған жоқ, тіпті мұнша дірілдеп кеткеніме күліп жібердім. Алайда униформа киген адамдарды көрген сайын қайтадан қорқып кетемін. Америка Үкіметі барлық әскерлеріне неміс армиясына қызмет еткен Шыңғыс Дағшыны ұстап алып, орыстарға тапсырыңдар деген бұйрық беріп қойғандай қорқатынмын. Қорқатыным сонша адамдардың жүзіне қарай алмайтынмын».

Дағшы осындай үрей мен алаңдаушылықтан бас ауыруына да шалдықты. Басы қатты ауыратын болды. Емделуге барған дәрігері орыстарға хабарлап, айдатып жіберер деген қауіппен өзінің қырымдық екенін айта алмады. Өйткені дәрігер оның қырымдық екенін байқаған жағдайда оны американдықтарға, ал американдықтар орыстарға тапсырып жіберуі мүмкін еді. Дағшының американдықтардан қорқуы тегін емес болатын. Мюнхеннен жеткен хабарларға қарағанда, американдықтар жүзге жақын босқынды Кеңестер Одағына тапсырыпты. Босқындардың басым бөлігі кеңестік құзырлы тұлғалардың қолына түспеу үшін шіркеулерге барып бас сауғаласа, ал бір бөлігі білек тамырларын ұстарамен кесіп жіберіп, өз-өздеріне қол жұмсапты. Жаратқан жар болып, небір тағдыр тауқыметі мен қауіп-қатерден аман өткеннен кейін, енді келіп орыстардың қолына түсу деген сөз – нағыз сұмдық болар еді.

Дағшы Барлетта лагерінен кейінгі өмірін қайда және қалай өткізетінін әлі білмейтін. Бар білетіні бұл жерден тезірек кетуі тиіс болатын. Мұны анық білетін. Бірақ қайда және қалай барады? Мұндай күрмеуі қиын мәселені де поляк офицерлер шешіп берді. Барлетта лагеріне келгендеріне он ай толғанда 1946 жылдың қазан айында генерал У.Андерстің бөлімдерінде қызмет етіп жүрген әскерлердің отбасыларымен бірге олар да Англияға өтті.

Дағшы Англияда толықтай азат болып саналатын. Енді өзін соғыс тұтқыны ретінде көріп, Кеңестер Одағына тапсырып жіберер деген қауіптен құтылған еді. Соған қарамастан бәрібір жаны жай таппады. Көңілі әлденеге алаңдаулы болатын. Ол соғыс кезеңінде жоғалтып алған өмірге деген құштарлық сезіміне әлі қауыша алмай жүр еді. Дағшы мұның себебін жақсы білетін. «Біз бұл жолды бірге жүріп өттік» романында айтып өткеніндей ол енді жұртын жоғалтқан жан болатын. Дағшының Арзу (1946) атты қызы, одан туған Анабел атты (1971) немересі бар. Адал жары Регина 1998 жылдың 12 қаңтар күні қайтыс болды, Дағшы күні бүгінге дейін Лондонда тұрып жатыр.

P.S.Сөзiмiздi қорытындылар болсақ, бұл еңбекте баяндалғандарды тек Шыңғыс Дағшының басынан өткен оқиғалар ретiнде қарастырмау керек. II дүниежүзiлiк соғысқа кеңес армиясы қатарында қатысқан жүз мыңдаған түркi тектi әскер осыған ұқсас жайттарды бастарынан өткердi. Олардың жалпы санына келер болсақ, зерттеушi Александр Даллин немiстердiң ресми жазбалары бойынша соғыс кезiнде кеңес армиясынан тұтқынға алынғандардың жалпы саны 5 162 000 болғанын айтады. Бұл тұтқындардың басым бөлiгiн орыс емес ұлт өкiлдерi құраған. Олардан 1 981 000 адам тұтқын лагерлерiнiң ауыр шарттарында көз жұмған. Тұтқындарды белгiленген жерлерге жөнелту кездерiнде өлгендер мен жоғалып кеттi деп тiркелгендердi есепке алғанда бұл сан үш миллионнан асады. Тiрi қалғандардан 800 мыңдай әскер «Тұтқындардан жасақталған легиондар» жобасы үшiн қолданылған. Карелия тұтқын лагерлерiнде үш миллион тұтқынның қаза тапқанын, тұтқындардың көпшiлiгiнiң орыс ұлтының өкiлi болмағанын ескерсек, кем дегенде бiр миллиондай түркi тектi әскердiң лагерлерде өлiм құшқанын болжап, жорамалдауға болады.

Түркi тектi әскери бөлiмдерге жауапты болған генерал Хайгендорф та бiр сөзiнде тұтқын лагерлерiнде бiр миллионнан аса түркi тектi әскердiң көз жұмғанын айтады. Бұған тұтқын лагерлерiнен аман шыққан және немiстер жасақтаған легиондарға алынған әскерлердi де қосуымыз керек. Бұл мәселеде әртүрлi сандар айтылады. Жоғарыда да айтылып өткендей Даллин мұны 800 мың, Түрiк легиондары мен немiс бас қолбасшылығы арасындағы байланыс iстерiнде жұмыс iстеген Ертүрiк 900 мың, ал Түркiстан Ұлттық Комитетiнде жұмыс iстеген Икрам Хан болса, бiр миллионнан асады деп көрсетедi. Қорыта айтқанда, II дүниежүзiлiк соғысқа кеңес армиясы қатарында қатысқан екi миллион түркi тектi әскер осы кiтапта Дағшының атынан баяндалған оқиғаларды толықтай немесе жартылай болса да бастан өткерiп, Дағшы секiлдi ой-сезiм күйзелiсiн шегiп, талайлы тағдыр тауқыметiн тартты десек қателеспеймiз.

Бет қатталып жатқанда: Оқырмандардың сауалы бойынша Әбдiуақап Қараның “Түркiстан легионының ақиқаты” кiтабы “Мереке” баспасынан шығатыны мәлiм болды.

24.11.2011

Әбдiуақап ҚАРА,

тарих ғылымдарының докторы, профессор Стамбул қаласы