Жаңалықтар

ТМД ЖАТТЫҒУДЫ БІРЛЕСІП ӨТКІЗБЕК

ашық дереккөзі

ТМД ЖАТТЫҒУДЫ БІРЛЕСІП ӨТКІЗБЕК

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Өткен аптада ТМД-ға мүше мемлекеттер Қорғаныс министрлер кеңесiнiң 61-шi отырысы болып өттi. Отырысқа қатысқан Қазақстан, Әзербайжан, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Тәжiкстан, Өзбекстан мен Украина қорғаныс министрлiктерiнiң делегациясы әскери саладағы өзара ынтымақтастықты дамытуға байланысты пiкiр алмасып, 20-дан астам маңызды да өзектi мәселелердi жан-жақты сарапқа салды.

Алқалы жиынды ашқан Қазақстанның Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков әуелі ТМД елдерінен келген барлық әріптестеріне алғысын білдіре отырып, өзара ынтымақтастық пен әскери саладағы қарым-қатынасты дамытуды бұдан былай да жалғастыра беретіндігіне екпін түсірді. Ол сондай-ақ 2012 жылы Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі Бас штаб бастықтары Кеңесінің кезекті мәжілісін, сондай-ақ «Ашық аспан – 2012» әскери оқу-жаттығуын және Астана қаласында осымен екінші рет әскери қару-жарақтардың КADEX – 2012 көрмесін өткізу жоспарланып отырғанын әріптестерінің есіне сала кетіп, осындай маңызды әскери іс-шараларға қатысуға шақырды.

«Ал біз өз кезегімізде сіздердің елдердің қорғаныс-өнеркәсіп кешені кәсіпорындарының жұмысына қатысуға әрдайым дайынбыз. Өйткені ТМД елдері арасындағы әскери ынтымақтастықтың берері көп және оның болашағы орасан зор. ТМД әскери салада бірлесіп әрекет етуі тиіс», – деп атап көрсетті Қазақстанның Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков. ТМД Қорғаныс министрлері Кеңесінің төрағасы, Ресей Федерациясының Қорғаныс министрі Анатолий Сердюков болса, ТМД елдері үшін әскери салада бірлесіп атқаратын ауқымды шаралар жеткілікті екендігін, жиында талқылануға ұсынылған әрбір мәселенің қай елдің болмасын әскери-қорғаныс саласын заман талабына сай өркендетуге ықпал ететінін айта келіп, әскери-қорғаныс саласы бойынша 2012 жылы жүзеге асырылуы тиісті 20-дан астам мәселені Кеңес мәжілісінің талқысына ұсынды. Айталық, Қорғаныс қызметінің басшылары отырыста әскери саладағы интеграциялық үрдістерді дамытудың маңыздылығын ескере отырып, әскери мақсаттағы бірлескен жүйелерді құру және жетілдіру мәселелерін қарастыруымен қатар, әскери-техникалық ынтымақтастықтың басым бағыттары бойынша өзара келісімге келді. Ғылыми және ғылыми-педагогикалық кадрларды даярлау саласының даму бағыттарын анықтап, ТМД-ға мүше мемлекеттердің әскери әуе шабуылына қарсы қорғаныстың бірлескен жүйелерінің ауқымды іс-шараларын талқылады. Достастық елдерінің қарулы күштері дене шынықтыру даярлығы бойынша мамандарды даярлау және Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің 20 жылдығының құрметіне ІХ Достас армиялар спартакиадасын ұйымдастыру мәселелері де назардан тыс қалған жоқ. ТМД-ға мүше мемлекеттер Қорғаныс министрлерінің кеңесі жанындағы Әскери-мемориалдық комитетінің 1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысында халықтардың ерлігі мен батырлығын мәңгі есте қалдыру шеңберіндегі қызметі туралы мәселе де қозғалды. Мұнымен қоса, ТМД елдерінің Қорғаныс министрлері тактикалық буынды, ұшу қауіпсіздігі және әскери мақсаттағы авиациялық техникалардың сенімділігін басқарудың бірыңғай жүйесін, навигациялық-мерзімді және топогедозиялық шараларды қамтамасыз ету тұжырымдамасын (концепция) жүзеге асыру бойынша негізгі іс-шаралардың жоспарын орындау, сонымен қатар ТМД-ға мүше мемлекеттер қарулы күштері әскери қызметшілерін таулы аймақ жағдайында әрекет етуге дайындау тәрізді бірқатар маңызды мәселелер туралы жан-жақты пікір алысты. Сонымен қатар достастық елдерінің қарулы күштері үшін дене шынықтыру мамандығы бойынша мамандарды дайындау және Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің 20 жылдығы құрметіне ІХ Достас армиялар спартакиадасын ұйымдастыру мәселесі де назардан тыс қалған жоқ.

Сондай-ақ Қорғаныс ведмоствосы басшылары Тәуелсіз мемлекеттер достастығы құрылуының 20 жылдығы құрметіне арнайы ұйымдастырылған халықаралық әскери-ғылыми жұмыстарды қорытындылады. «Ең бастысы, біз Алматыда өткен осы жиында 2012 жылы әскери салада бірлесіп атқарылуы тиісті 20-дан астам іс-шара жоспарын бекіттік. Оның үстіне алдағы жылы ақпан айында ТМД елдері Қорғаныс министрлері Кеңесінің құрылғанына 20 жыл толады. Өткен жиырма жыл ішінде біздің Кеңес әскери салада өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту мақсатында 1200-ден астам іс-шараны жүзеге асырып, қажетті құжаттарды қабылдадық. Ал мына мәжілісте 20-дан астам мәселенің қаралуы – үлкен жетістік! Күн тәртібіндегі маңызды мәселелерді талқылау барысында біздер ортақ, аймақтық және ұлттық мүдделерімізді ойдағыдай жүзеге асыруымыз үшін әскери салада өзара ынтымақтастық пен өзара іс-қимылдың ауадай қажет екендігін паш еттік. Демек «Алматы мәжілісі талапқа сай өзара түсіністік жағдайында өтті» деп айта аламыз», – деді ТМД Қорғаныс министрлері Кеңесінің төрағасы, Ресейдің Қорғаныс министрі Анатолий Сердюков. ТМД қызметтерінің басым бағыттарының бірі – қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында өзара әрекет ету, халықаралық тұрақтылықты қолдау және нығайту, жаңа қауіп-қатерлермен күрес болып табылады.

24.11.2011