ҚАЗАҚСТАН – ТЕК ЖАҚСЫЛЫҚҚА ЛАЙЫҚ ЕЛ

ҚАЗАҚСТАН – ТЕК ЖАҚСЫЛЫҚҚА ЛАЙЫҚ ЕЛ

ҚАЗАҚСТАН – ТЕК ЖАҚСЫЛЫҚҚА ЛАЙЫҚ ЕЛ
ашық дереккөзі

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Экономикалық, саяси және дипломатиялық қарым-қатынастың нығаюына мүдделi Қазақстан мен Германия арасындағы тауар айналымы үстiмiздегi жылдың алғашқы алты айындағы деректер бойынша 1,5 млрд. АҚШ долларына жетiптi. Оның iшiнде қазақ экспорты – 769,3 млн. доллар, ал импорт – 730,7 млн. доллар. 2009 жылы екiжақты тауар айналымының көлемi 2 млрд. 94 млн. АҚШ долларына теңгерiлген. Жуырда Германия канцлерi Ангела Меркельмен кездескен ҚР Президентi Н.Назарбаев сауда айналымының көлемiн 10 млрд. долларға жеткiзу жоспарланып отырғанын айтты. Ал Меркель ханым Қазақстанның Германиядан тартылатын инвестиция көлемiн арттыруға мүдделi екендiгiн және бұл мақсатты Германия да қолдайтынын жеткiздi. Бүгiнде екi елдiң шағын және орта кәсiпкерлерi арасындағы байланыс та нығая түскен. Жыл сайын көрме, семинар, конференция т.б. түрiндегi түрлi шаралар ұйымдастырылады. Жуырда Алматы қаласында германиялық кәсiпкерлерге арналған Халықаралық «Power Kazakhstan-2011» энергетикалық көрмесiнде Қазақстанда еңбек етiп жүрген немiстердiң қос бизнесменi – Plattenhardt+Wirth GmbH компаниясының Шығыс Еуропа аймағындағы директоры Ингольф Майер мырза мен «BOHMER Armaturen Kasachtan» Бас директоры Андреас Кефер мырзамен елiмiздегi инвестициялық ахуал, шетелдiк кәсiпкерлер кездесетiн кедергiлер, екiжақты серiктестiк пен ынтымақтастықты күшейтудiң жолдары т.б. туралы сұхбаттасқан едiк.

«Қазақстан – менің Туған жерім»

– Кефер мырза, Қазақстанда кәсіпкерліктің қай түрімен шұғылданасыздар?

– Біз Қазақстан нарығына Германияда өзіміз дайындаған арматура өнімдерін сатушы компания ретінде екі жыл бұрын ендік. Бүгінде өз өнімдерімізді шығаратын зауыт салып жатырмыз.

Бастапқыда біріккен кәсіпорын ретіндегі зауытты Ресейде бастау жайлы жоспар құрылыпты. Бірақ мен компанияға келгеннен кейін әріптестерімді ат басын Қазақстанға бұруға көндірдім.

– Не себепті Қазақстанды таңдадыңыз?

– Мұндай маңызды шешім қабылдауымызға посткеңестік елдер ішінен Қазақстандағы инвестициялық ахуалдың жайлылығы себеп болды. Әрі мен Германияға осыдан жиырма бір жыл бұрын қоныс аударғам. Балалық шағым мен жастығым Қазақ жерінде өткендіктен, әлі күнге Қазақстанды туған жерім деп білем. Сондықтан болар кез-келген пайдалы да жақсылыққа жетелейтін мәселеде Қазақстанға бүйрегім бұрып тұрады.

– Сіздіңше, посткеңестік елдерден қазақстандық инвестициялық ахуал несімен ерекшеленеді?– Егер қазір мемлекеттерді бір-бірімен салыстыра қарастырсам, қателіктерге ұрынып, біреулерді ренжітіп алуым мүмкін. Қазақстандағы шетелдік инвесторларға арналған бағдарлама біз үшін сенімді, болашағы жарқын әрі тиімді көрінгендіктен, серіктестік пен ынтымақтастық орнатуға мүдделілік таныттық. Оның үстіне, Қазақстанда жүргенде қайда барсақ та алдымыздан өзектен теуіп өгейтсітпей, керісінше көмек қолын созуға әрдайым дайын тұратын қамқор жандар шығады. Сырттан келетін жатжұрттықтар үшін бұл да өте маңызды.

– Қазақстанмен біріккен жобаларыңыз қашан іске қосылмақ?

– Германиялық тарап кезең бойынша дамытуды жоспарлайтындықтан, Қазақстанда өндірілген алғашқы өнімді келесі жылдан бастап дайындауды көздеп отырмыз.

– Қазақстандық серіктестеріңіздің арасында зауыттан басқа да біріккен жобаларыңыз бар ма? – Компаниямызда шығарылатын тауарлардың барлығын бірдей Қазақстанда дайындау мүмкін емес. Сондықтан бұрын мұндағы тұтынушыларды қандай өнімдермен қамтамасыз етіп келсек, сол бағыттағы жұмысымызды жалғастыра береміз. Қазақстан бай мемлекет. Сондықтан қазақ нарығы заманауи техника мен технологияның ең жоғарғы деңгейдегі сапалы өнімдеріне лайық. Меніңше, арзан әрі сапасыз қытай өнімдерінің орнына тиімді еңбек өнімділігін арттыруға қабілетті де қауқарлы құны қымбат тұратын еуропалық тауарлар әкелінуі тиіс. Өйткені сыртқы нарыққа (оның ішінде Қазақстанға) сапасы сын көтермейтін техника мен технологияны жөнелтетін Қытай ішкі нарығына Германия сияқты дамыған елдердің құрал-жабдықтарын енгізіп, өндірісте соларды қолданады. Аспанасты елінің экономикасы мен өндіріс орындарының ерекше қарқынмен жедел өсіп, мемлекеттің байып бара жатқаны да осы себепті. «Қазақстанға – сапалы өнімдер» қағидасын қазір Қазақ үкіметі де ұстанып отыр. Тек осы мәселе қағаз жүзінде қалмай, жүйелі түрде іске асырыла берсе, игі.

«Қазақстанды әлемге насихаттау қажет»

– Майер мырза, Қазақстандағы қызметтеріңіз туралы айтып өтсеңіз?

– Plattenhardt+Wirth GmbH компаниясы көкөніс пен жеміс-жидекті ұзақмерзімдік сақтау қоймаларын конструкциялаумен шұғылданады. Қазақ нарығында еңбек етіп келе жатқалы он бес жылдың жүзі болды. Сонымен қатар Ресей нарығына қатысты да көптеген жобаларымыз бар. Былтырдан бастап серіктес елдер қатарына Өзбекстан қосылды. Мен компаниямыздың посткеңестік елдер мен ТМД кеңістігінің нарығына жауаптымын.

– Нарыққа енгелі бері мұнда қанша нысанды пайдалануға бердіңіздер?

– Алматы облысы бойынша 3 ірі ұзақмерзімдік сақтау қоймасын іске қостық.

– Сонда сіздер салған қоймада көкөніс пен жемісті қанша уақытқа дейін сақтауға болады?

– Қазақстандағы сақтау қоймалары – ерекше жоба. Бұл халық шаруашылығы үшін аса маңызды. Сіздердің елдеріңізде бұған дейін жеміс-жидек пен көкөністі сақтайтын қоймалар тапшы болатын. Осы себепті қазақстандық фермерлер ішкі нарықтағы тұтынушылық сұранысты қажетті деңгейде қанағаттандыра алмады. Жиып алған өнімнің тең жартысы ысырап болып, босқа шіріп кететін. Ал біздің қоймаларда алма сабағынан енді үзілген күйін еш өзгертпестен 9 ай, картоп, сәбіз, пияз үш айдан алты айға дейін сақталады. Демек отандық фермерлердің күзгі өнімін 90 пайызға сақтауға мүмкіндік бар. Яғни салынған инвестиция кіріс пен пайда күйінде қысқа мерзім ішінде кері қайтарылады. Осыдан екі жыл бұрын Алматы облысынан алғашқы алма сақтауға арналған қойманы пайдалануға бердік. Жалпы салмағы 2200 тонналық өнімді ұзақ уақыт бойы балғын күйінде сақтап, тұтынушыларға ұсынатын қойма – бүкіл Орталық Азия аумағындағы заманауи құрал-жабдықпен жабдықталған ең үздік қойма. Бүгін сондай-ақ 3000 тонна сәбіз бен пияз сақтайтын қойманың кілтін салтанатты түрде табыс еттік. Дәл осындай 1100 тонна жеміс-жидек пен көкөніске арналған заманауи қойманы 1 айдай уақыт бұрын Өзбекстанда ашқан едік.– Алматыдан басқа Қазақстанның қай қалаларынан қоймалар салу көзделіп отыр?

– Біріккен жобаларымыздың тағы бірі Астанаға арналған. Алматыдағы секілді Астанада да базар көп. Бірақ ондағы өнім сақталатын орындардың тазалығы сын көтермейді. Осы себепті заманауи құрал-жабдықпен жабдықталған қоймалардың салынуына астаналықтар да мүдделі. Негізі біздің компания үшін ресейлік нарық ыңғайлы. Оның ауқымы кең әрі жеміс-жидек пен көкөніс шаруашылығы да өте жақсы дамыған. Алайда қамту шеңбері ресейлік нарыққа қарағанда шектеулі демесеңіз, қазақстандық нарық та шетелдік инвесторлар үшін тиімді де ыңғайлы. Екі елдің инвестициялық талап-ережелері де бірдей. Мысалы визалық талаптар, қаражатты пайдалану, өмір сүру ережелері т.б. Кедендік одақтың құрылғанына да өте қуаныштымын. Өкінішке қарай, Украина мен Өзбекстанда шетелдік инвестор ретінде әрекет ету не өмір сүру анағұрлым күрделі әрі қиын. Украинадағы саяси тұрақсыздық ондағы инвестициялық ахуалға кері әсер еткен.

– Қазақстан экономикасына қаржы салуға мүдделі неміс кәсіпкерлерінің көңілін алаңдататын басты нәрсе не?

– Басты проблема – бюрократия мен коррупция. Сол үшін сырттан тартылатын инвестиция көлемін арттыру үшін әрі инвестициялық ахуалды жақсарту үшін осы екі мәселені шешіп алған жөн. Бірақ Украинамен салыстыра қарастырсақ, мұнда жағдай анағұрлым жақсы.

– Германияда инвесторлар қауымы Қазақстан туралы жақсы хабардар ма?

– Жоқ. Қазақстанда бірнеше жылдан бері жұмыс істеп, серіктестік орнатқан неміс компаниялары болмаса, Германия азаматтарының басым бөлігі Қазақстан жайлы ештеңе білмейді.

– Біздің елімізді неміс халқына кеңінен таныту және инвесторлардың қызығушылығын арттыру үшін не істеу қажет?

– Менің тарапымнан айтылатын арнайы ұсынысым жоқ. Негізі ынтымақтастық жолында іздейтін кәсіпкер не компанияңыз болса, сұрағыңызды соларға қойғаныңыз абзал. Мәселен мен бавариялықпен. Баварияда екі жыл сайын арнайы жасақталған кәсіпкерлер делегациясын Қазақстанға жібереді. Сол секілді Қазақстан да белсенді түрде әрекет етіп, жаңа серіктестер табу мақсатында Германияға жиі келіп тұруы тиіс. 2009 жылы германиялық кәсіпкерлермен бірге Баварияның экономика министрі Катя Хессель ханым Қазақстанда іссапармен болып, біздің пайдалануға ұсынған жеміс-жидек қоймасының ашылу салтанатына қатысып қайтты. Мүмкін келесі қоймамыздың ашылу салтанатында да министр ханымды қонақ ретінде қатыстыратын шығармыз.– Қазақстандағы еңбектеріңізге табыс тілейміз! Әңгімелеріңізге рахмет!

24.11.2011