Жаңалықтар

ДЕНІ САУ ЖҰМЫСШЫ - КОМПАНИЯ КЕПІЛІ

ашық дереккөзі

ДЕНІ САУ ЖҰМЫСШЫ - КОМПАНИЯ КЕПІЛІ

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

«ҚазМұнайгаз» Барлау Өндiру АҚ әуелгi кезден-ақ елiмiздiң экономикалық әлеуетiнiң iлгерi жылжуына ғана емес, жергiлiктi халықтың әлеуметтiк тұрмысы, денсаулығы, бiлiм сапасының едәуiр жақсаруына да айрықша көңiл бөлiп келедi. Бәлкiм, былайғы жұрт компанияның еңбек адамдары мен облыс тұрғындары үшiн қолға алған игi iстерiн бiлмейтiн де шығар, алайда мұның бәрi Маңғыстау облысының, оның iшiнде Жаңаөзен қаласы мен маңайындағы елдi мекен халқының көз алдында. Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы мен Маңғыстау мұнайының 50 жылдығына орай компания бірқатар ауқымды бастамаларға мұрындық болды. Мәселен, жақында мұнайшылар мен олардың отбасыларының денсаулықтарын тексеру және емдеу мақсатында «Кендірлі» демалыс аймағында айына 300 адам қабылдайтын медициналық оңалту орталығы іске қосылды. Бұл қуанышты жаңалыққа куә болған мұнайлы өлкенің халқы бір жасап қалды. «Кендірлі» медициналық-сауықтыру орталығының негізгі мақсаты – кешенді емдеу-сауықтыру шарасын жүргізу арқылы мұнайшылардың денсаулығын түзеу, олардың еңбекке деген қабілетін қалпына келтіру. Олар соңғы заманауи үлгідегі медициналық құралдар арқылы емдеу мен оңалтудың 14 түрін пайдалана алады. Теңіздің ауасымен кең тыныстап, серуен құрудың өзі неге тұрады? Адамның тыныс алу жолдарын ашып, ерекше күш-қуат беретін тұзы мен йоды ше?! Әрине мұндағы емдеу шарасының қай-қасысы да адамның өмір сүру сапасын жақсартпай қоймайды. Денсаулық – өмір сүру сапасы және еңбек нәтижесімен тығыз байланысты екенін мұндағылар жақсы біледі. «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалының жұмысшылары жыл сайын денсаулығын қарату үшін 60 АЕК көлемінде материалдық көмек алып келеді. Жыл сайын шамамен 4 мыңдай мұнайшының балалары компания есебінен Қазақстанның, Ресейдің, Украинаның озық үлгідегі лагерлерінде демалып қайтатын. Енді «Кендірлі» медициналық-сауықтыру орталығының жанынан бой көтерген балаларға арналған жаңа «Ақбөбек» сауықтыру лагерінде 1500-дей баланың демалуына толыққанды мүмкіндік жасалған. Бұрын бұл лагерь «Желкен» деп аталған болатын. Бірақ небәрі 800 балаға ғана арналған әрі әбден тозығы жетіп тұрған ғимараттың орнына жаңа лагерь салу оңайға соқпаған еді. Алайда ұлт денсаулығының мықты болуына зор септігін тигізетін нысанның құрылысына «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру АҚ үлкен қолдау көрсетіп, аз уақытта сәнді жаңа әлеуметтік нысан бой көтерді. Лагерьдің ауласы түрлі спорт ойындарының алаңқайына айналып сала берген. Айналаның бәрі жасыл желекпен көмкеріліп, ағаштар отырғызылды. Қысқасы, балалар демалыс уақытын тиімді өткізе алады. Маңғыстау облыстық әкімдігі мен «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ-ның өзара келісімінің нәтижесінде «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы Жаңаөзен қаласының әлеуметтік-экономикалық жағынан гүлденуіне қаржылай қолдау көрсетуден еш аянған емес. Мәселен «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру АҚ «Кендірлі» мен «Ақбөбектің» құрылысына шамамен 1,5 млрд. теңге жұмсапты. «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ мен «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру АҚ инвестициялық көмегін дәл осындай емдеу-сауықтыру кешендерін салуға жұмсау жөнінде шешім қабылдаған болатын. Компания бағдарламаның жоспарын осыдан бірнеше жыл бұрын түзіп те қойған. Бұл ең алдымен компания жұмысшылары мен олардың отбасының денсаулығының кепілі екенін айта кету керек. Ал «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру АҚ негізін қалаған 2004 жылдан бері Маңғыстау облысындағы әлеуметтік саланы дамытуға шамамен 10 миллиард теңге бөлген екен. «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ-ның әлеуметтік салаға бөліп отырған қаржысын, халықтың тұрмысын жақсартуға, денсаулықтарын түзеп, саламатты өмір салтын сақтауға, азаматтардың білім алуы мен демалысына бөлген шығыстарында есеп жоқ. Одан бөлек «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ Жаңаөзен қаласының іргесінде, дәлірек айтсақ, 20 шақырым жерде орналасқан Қызылсай ауылына ардагерлер үйін салып берді. Бүгінде пайдалануға берілген бұл ардагерлер үйі ауыл ақсақалдарының бас қосатын, ардагерлер кеңесінің әртүрлі мәселелерді талқылайтын орнына айналған. Ауылдың ақсақалдар алқасының және ардагерлер кеңесінің төрағасы Жақсылық Көңілқосұлының айтуына қарағанда, осы Қызылсай ауылы Маңғыстау мұнайының қарашаңырағы саналады екен. Өйткені 1958 жылы алғашқы мұнай барлаушылары осында ат басын тіреген екен. Сөйтіп бұл ауылдағы Өзен кен орнында мұнай өндірудің алғашқы қадамдары жасалғаны белгілі. Бүгінде бұл ауылда да мұнай өндірісінің ардагерлері, кенішті алғаш игерген мұнайшылар тұрады. Жаңаөзен қаласында қала тұрғындарының және мұнайшыларының игілігі үшін салынған нысан көп. Мысалы №3 орта мектепте жасанды жабынды төселген спорттық алаң қаладағы тағы да 10 мектепке компанияның демеушілігімен салынып берілді. Балаларға 63 ойын алаңқайы пайдалануға берілді. Сондай-ақ, №1 СҚКБ аумағында 120 орындық тұрмыстық шаруашылық кешен және 30 орындық асхана, №1 және №2, №4 мұнай-газ өндіру басқармалары аумағында мәдени үйшіктер, №2 мұнай-газ өндіру басқармасы аумағындағы СЖАЖ базасындағы 70 орындық тұрмыстық шаруашылық кешен, №4 МГӨБ аумағындағы 100 орындық асхана ашылып, жұмысшылардың пайдалануына берілді. Тек былтырдың өзінде мұнайшылардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға 1,8 млрд. теңге қаржы бөлінген. 2009-2012 жылдары «ӨзенМұнайГаз» өндірістік филиалы жұмысшыларының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға арналған бағдарлама аясында №3 мұнай-газ өндіру басқармасының №1 мұнай газ-өндіру цехінің аумағынан медициналық пунктілер ашылған. Осылайша, «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ-пен өзара ынтымақтастықты арттыра отырып жұмысшыларға сапалы медициналық қызмет көрсету жұмысын одан әрі жалғастыруда. Жаңаөзен қаласынан бес-алты шақырым жердегі жұмыс орындарында, қандай да бір төтенше жағдай орын алып жатса, медицина қызметкерлерінің жәрдемі ауадай қажет екені түсінікті. Сондықтан да болар, №1 мұнай-газ өндіру цехінің аумағында еңбек ететін мұнайшылар медициналық пунктінің ашылғанына ризашылықтарын білдіруде. Жаңаөзендегі «Мұнайшы» медициналық-профилактикалық орталығы мұнайшыларға сапалы медициналық қызмет көрсетуді көздейді. «Мұнайшы» МПО директоры Жанна Сайымның айтуынша, дәрігерлер жыл сайын «қара алтын» игерушілерді жақсы жаңалықтарымен қуантып, неғұрлым ыңғайлы әрі жақсы қызмет көрсетуді басты назарда ұстайды. «Мұнайшы» МПО медициналық көмекті, аты айтып тұрғандай, тек қана мұнайшыларға көрсетеді. Ал еңбек жағдайын жақсартуға «ӨзенМұнайГаз» өндірістік филиалы құрылымдық бөлімшелерінің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту бағдарламасы жасалды. Оны жүзеге асыру үшін биыл 1 млрд. 600 млн. теңге бөлінген. Қаржы мұнайшылар үшін жаңа асханалар, шаруашылық-тұрмыстық орындарды салуға, топтық қондырғыларда жұмыс істейтін операторлар үшін модульдік блоктар сатып алу мен соларды орнатуға жұмсалып жатыр. Медициналық бөлімшелер салынып, жедел жәрдем көліктері мен ыстық тамақты жеткізу үшін арнайы көліктер сатып алынды, еңбек адамдарын тасымалдауға арналған автобус паркі жаңартылды. «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ қаржысы есебінен 200 пәтерлік коммуналдық тұрғын үйдің құрылысы басталды дедік. Айта кетейік, «Өзенмұнайгаздың» пәтерге мұқтаж жұмысшыларына осы үйдің 10 пайызы беріледі деп ұйғарылған. Сондай-ақ, күні бүгінге дейін Жаңаөзен тұрғындары заманауи үлгіде салынған спорттық кешенге зәру еді. Халықтың бұл тілегі де қабыл болды. Қазақстан мұнайының 110 жылдық мерейтойының қарсаңында Жаңаөзеннің әлеуметтік-экономикалық тұрғыда өсіп-өркендеуіне үлесін қосып келе жатқан «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру АҚ шағын шаһар тұрғындарына үлкен сый жасады. Бұл – құны 2 млрд. теңгеден астам қаржыны құрайтын көп функционалды денешынықтыру-сауықтыру кешені. Аймақта теңдесі жоқ, жаңа, қазіргі заманғы денешынықтыру-сауықтыру кешеніне даңқты мұнайшы Рахмет Өтесінұлының есімі берілген. Аталған нысанда спорттың әр түрі бойынша 700-ден аса бала, 100-ге жуық ересек адам спортпен шұғылданып жүр. Олар үшін 14 зал қызмет етіп тұр. Атап айтқанда, бокс, кикбоксинг, каратэ, дзюдо, қазақша күрес, грек-рим күресі, еркін күрес, екі жаттығу залы, хореография, таэквондо, ауыр атлетика залы, үлкен ойын залы бар. Сондай-ақ спорт кешенінде мүгедектерге арналған жаттығу залы және балаларға, мүгедектерге, ересектерге арналған жүзу бассейндері жұмыс істеуде. Спортшылардың денсаулығын тексеру мақсатында іске қосылған екі медициналық кабинет, спорт тауарларының дүкені және тамақтануға арналған асхана кешен ғимаратының ішіне орналасқан. Финдік және түріктердің үлгісінде салынған екі сауна да спортшылар үшін қызмет етеді. Кешенде 800-ден аса шұғылданушыға спортпен сауатты айналысуы үшін бапкерлер, әдіскерлер еңбек етуде. Ал қажетті құрал-жабдықтардың 90 пайызы жаңадан әкелінген және олар бүгінде толықтай іске қосылған. Егемен қазақ елінің ырысын еселеп, атағын әлемге паш еткен Маңғыстау мұнайының 50 жылдығы ел Тәуелсіздігінің 20 жылдық торқалы тойымен тұспа-тұс келіп отыр. Олай дейтініміз, осы мереке аясында Жаңаөзен қаласындағы «Жұлдыз» шағын ауданында 1200 орындық орта мектеп, 140 орындық «Шынар» атты балалар бақшасы, сондай-ақ Қарақия ауданы, Жетібай елді мекенінде 280 орынға лайықталған «Айналайын» балалар бақшасы салтанатты түрде ашылды. Осынау сәттерде алғашқы жылдары халық игілігі үшін тынымсыз еңбектеніп, тер төккен бұрғышылар есімін есте сақтау да назардан тыс қалмапты. Соның бір дәлелі Жаңаөзенде бұрғышылар аллеясының салтанатты ашылуы және де кіреберістегі тұғыр тасқа атақты мұнайшы, белгілі мемлекет, қоғам қайраткері, Маңғыстау мұнайының келешегі үшін ерекше еңбек сіңірген Нәсіпқали Марабаевтың «Әкелердің ерен еңбегі – жастарға мұра» деген аманат сөзінің жазылуы да көпшілікті тебірентпей қоймады. Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласы тұрғындар негізгі нәпақасын – «қара алтыннан» табатыны белгілі. Тәуелсіздіктің 20 жылы ішінде қазақстандық мұнайшылар қыруар жұмыстар атқарды. Алайда алда тұрған мақсат пен міндет одан да зор. Салаға тың технологиялар әкеліп, жаңа кен орындарын игеру қажет. Мұнайды сыртқа шығару жолдарын кеңейту міндеті біз үшін өзектілігін жойған жоқ. Еліміздің мұнай-газ саласында еңбек ететін азаматтар алда тұрған міндеттерді абыроймен атқарып, индустриялық-инновациялық дамуымызға үлес қосатынына сенім мол. Ол үшін мұнайшыларға бар жағдай мен мүмкіндікті үйіп төгуіміз керек. Кәсіби білікті мамансыз, өндіріс те ілгері жылжымайтыны айдан анық. 24.11.2011