ЧЕМПИОНДАРҒА АРНАЛҒАН ӘН
ЧЕМПИОНДАРҒА АРНАЛҒАН ӘН
Жуырда, Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырмасы бойынша Конституция күнінің аясында Алматы қаласының «Достық үйі» этносаралық қатынастар проблемаларын зерттеу орталығындағы Орыс, славян, казактар орталығы мен Қазақстандағы дүнген этномәдени орталығы бірлесіп ұйымдастырған Олимпиада чемпиондары Зүлфия Чиншанло мен Майя Манезаны құрметтеуге арналған салтанатты концерт өтті. Кешті жүргізуші Орыс, славян және казактар орталығының төраға орынбасары А.П.Чесноковтің кіріспе баяндамасынан кейін, Қазақстандағы дүнген этномәдени орталығының төрағасы А.В.Войнце құттықтау сөзін жолдады.
Ұлықтау шарасына Зүлфия Чиншанло мен Майя Манезаның жаттықтырушысы Алексей Ни де қатысты. Қазақстанның барлық ұлттар өкілдері, атап айтқанда − кәріс, қырғыз, ұйғыр, түрік, орыс, армян және т.б. халықтар өнерпаздары өз өнерлерін көрсетті. Кештің соңында дүнген композиторы Қамалов Әділдің екі жеңімпазға арналған мадақтау әнінің тұсаукесері болды. Автор: «Олар, дүнген ұлтының ғана емес, Қазақстанның және бүкіл мұсылман халықтарының мақтанышына айналған қыздар», − деп, әннің қайырмасында көрініс тапқан «Чиншанло, Манеза» деген жолдары арқылы өзінің ілтипатын білдірді.
Жеңімпаздардың жаттықтырушысы Алексей Ни: «Лондоннан келгенімізге жиырма күн болды. Осы уақытқа дейін Қазақстанның көптеген жерлерінде қонақ болып, құттықтау концерттерді көрдік. Солардың ішінде бүгінгі қойылған концерттің орны ерекше», − деп атап өтіп, дән ризашылығын білдірді.
Айнұр ҚАЗТУҒАНОВА,
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер Институты