Жаңалықтар

«ШЕВРОННЫҢ» ДӘСТҮРЛІ СТИПЕНДИЯСЫ

ашық дереккөзі

«ШЕВРОННЫҢ» ДӘСТҮРЛІ СТИПЕНДИЯСЫ

«Шеврон» компаниясының университеттермен серiктестiк аясында жұмыс iстегенiне бiраз жыл. Бiлiм беру бағдарламаларын қолдау және жетiлдiру «Шеврон» компаниясының әлеуметтiк саясатының басты бағыты болып табылады. Бүгiнде компания талантты жастардың бiлiм алуына үлкен мүмкiндiк туғызып отыр. Кеше Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетiнде (ҚазҰТУ) «Шеврон» компаниясының 2011-2012 оқу жылындағы ҚазҰТУ-дың техникалық мамандықтарына арналған стипендиялық бағдарламасының 51 жеңiмпазына сертификаттар тапсыру рәсiмi болды.

Серіктестік бағдарламасы дарынды жастарды анықтауға, технологиялар мен зерттеулерді қолдануға және әлемдегі бизнес мүмкіндіктерін жүзеге асыруға бағытталған «Шеврон» компаниясының ғаламдық бастамасының бір бөлігі. Бағдарлама аясында «Шеврон» университеттерге жаңа оқу бағдарламаларын енгізуге, материалды-техникалық базаны жақсартуға көмектеседі және үздік студенттерге гранттар мен стипендиялар тапсырып келеді. Компания әлемнің түрлі елдеріндегі 16 үздік оқу орнымен және АҚШ-тың жетекші техникалық жоғарғы оқу орындарымен тығыз жұмыс істейді. Соның ішінде Қазақ ұлттық техникалық университеті бірнеше жыл бойы осы бағдарламаның Қазақстандағы тұрақты серіктесі. «Шеврон» компаниясы Еуразия бөлімшесі Басқарушы директорының Техникалық даму және стратегиялық мәселелер жөніндегі орынбасары Питер Кларк Қазақстандағы «Шеврон» корпорациясының университеттермен серіктестік құру ғаламдық бағдарламасы және оның Қазақстандағы қызметі туралы әңгімеледі.

«Шеврон» компаниясы ең үздік 51 студентке стипендия бөліп отыр. «Бағдарламаның Қазақстанға енгізілген сәтінен бастап, біз техникалық мамандық бойынша оқитын ҚазҰТУ студенттеріне 200-ден астам стипендия тапсырдық. Сонымен қатар, «Шеврон» компаниясының демеушілігімен, ҚазҰТУ-дың бірнеше кафедрасы мен институттары жаңа зертханалық құрал-жабдыққа және арнайы компьютерлік бағдарламалары бар компьютерлік бөлмелерге ие болды», – деді өз сөзінде Питер Кларк.

«Шеврон» профессор-оқытушылар құрамын және студенттерді алмастыру бағдарламасына қолдау көрсете отырып, ҚазҰТУ мен Колорадо тау-кен мектебі (КТМ) арасындағы ынтымақтастықтың орнауына мүмкіндік туғызды. Осылайша 2009-2011 жылдардың жазғы маусымында ҚазҰТУ және КТМ-ның күшімен алғашқы геологиялық тәжірибе өткізілді. Оған қатысушы ҚазҰТУ және КТМ студенттері, магистранттары және оқытушылары, сонымен қатар «Теңізшевройл» БК қызметкерлері Кіші Қаратауда ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізді. Бұл жердің геологиялық құрамы Теңіз кен орны резервуарының геологиялық құрамына өте ұқсас. Бұл практиканың мақсаты ҚазҰТУ-дың оқыту бағдарламаларын халықаралық стандарттарға жақындату болды.

«Шеврон» бірнеше жыл бойы ҚазҰТУ-дың жанындағы Халықаралық инженер-мұнайшылар қоғамы (SPE) студенттік бөлімшесінің ақпараттық орталығын жабдықтап, сапар шегу гранттарын бөліп, кәсіби форумдарға және жас мамандардың басқа бастамаларына демеушілік көрсете отырып, қолдау көрсетіп келеді

24.11.2011 Динара ДҮРМӘН