Жаңалықтар

БІЛІМ МИНИСТРІ ЕЛШІМЕН КЕЗДЕСТІ

ашық дереккөзі

БІЛІМ МИНИСТРІ ЕЛШІМЕН КЕЗДЕСТІ

Елордада Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов Түрік республикасының Төтенше және Өкілетті елшісі Омер Бурхан Тузелмен кездесті. Басқосуда екі елдің әріптестігін нығайту арқылы білім және ғылым саласындағы өзекті мәселелерді шешудің тетіктері қарастырылды.

Бүгінде Қазақстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынас жоғары деңгейде. Бұл экономика мен ғылым-білім саласындағы өзара байланысты дамытудан бастау алады. Министр Б.Жұмағұлов өз кезегінде: «Екі елдің арасындағы әріптестік қарқынды дамуда. Тамызда Қырғызстанда өткен түркітілдес мемлекеттердің Саммитінде Халықаралық Түрік академиясымен келісімге қол қойылды. Академияның құрылуы түркітілдес мемлекетпен арадағы әріптестікті нығайтуға септігін тигізеді деп сенеміз», – деді. Министрдің айтуынша, бүгінде қазақ-түрік оқу орындарында 30 мың жас білім алуда. «Одан бөлек жыл сайын 500-дей қазақстандық білімін шыңдау үшін Түркияға жол тартады. Соңғы жылдары 1085 студент осы елден білім алып оралды. Ал Түрік республикасының елшісі Омер Бурхан Тузел мырза: «Ата-бабамыздың ежелгі мекені болып саналатын Қазақстан мемлекетімен жұмыс істеу мен үшін үлкен бақыт. Меніңше, Түрік академиясының беделді халықаралық ұйымға айналуы қарым-қатынасымызды одан әрмен биіктетіп, тарихымыз бен мәдениетімізді дамыта түседі деп білемін. Екі мемлекеттің бір-біріне деген достығы, адалдығы болашақта да жалғасын таба бермек», – деп түйіндеді.

Динара ДҮРМӘН