ӘРКIМНIҢ КIМ БОЛАРЫ ҚАЛЫБЫНАН
ӘРКIМНIҢ КIМ БОЛАРЫ ҚАЛЫБЫНАН
Алдекеңнен, Алдан Айымбетовтен көз жазып қалғанымызға да жылдар өте шығыпты. Көзi тiрi кезiндегi парасаты, жаттығы жоқ мiнез-құлықтары естен шығар емес, өшкен жоқ. Көзiн көрiп, өзiмен көршiлес, үзеңгiлес болғасын оны құрмет тұтам, мақтан тұтып айтамын.
Алдакеңмен 1972 жылдың күзінде МГУ-де таныстым. Бүркіт көзді, ат жақты осы кісінің сесті келбетін алғаш көргенде, оны тәжік немесе өзбек шығар деп үнсіз қасынан өтетінмін. Спорт киімімен көбірек жүргесін бе, ол кісі де мені жапон немесе кәріске жатқызыпты. «Бөтенге» ашыла бермейтін жан. Шамасы, екі айдан кейін бізді таныстырды. Бір облыстан болып шықтық. Тіл табысып кеттік, жиі әңгімелестік… 1974 жылы ҚазГУ-де құшақ жайып қайта шұрқырастық. 1976 жылы бір подъезден пәтер алдық.
Алдекең кейін қалжың-шынын араластырып: «Подъездегілерді таңдаған өзім болдым», – дейтін.
Үйіміздің есігі жабылмайтын. Қарт аналарымыз Тоты – Боранкүл ауылдағы абысындардай араласты. Екі үйде Тамара ханымдар дастарқанның сәнін келтірді. Осылайша 1976–1996 жылдары тату араластық. Алдекең маған інісіндей қарады, керек дегенде машинасына отырғызып қыдыртатын. Ескі «Жигулидің» әуресі көп болатын. Мотордың дыбысынан «кілт» кеткен тетіктерін біліп отыратын. Ондайда бір жағын ұстайтын көмекшісі болатынмын.
Алдекеңнің балалық шағын өз аузынан естiгенде, Кенен ақынның: «Әркімнің кім болары қалыбынан», – деген сөзі есіме оралады. Бірбеткей қайсарлық жас кезінде қалыптасқан. Қызба мінез, тоқтаусыз жігер көңіл күйімен жиі айқасып өткен. Бірнәрсені діттесе, көлеңкеде қалғысы келмеген. Оның құпиясын толық сипаттау мүмкін емес. Тек болжам жасауға болады. Парызы борышынан, борышы парызынан балдырған жасынан туындаған. Алдекең қолына алған істі тиянақты тындырмай тыным таппайтын. Өте намысшыл болған. Кейінде намысына тигендерді бет-жүзіне қарамай сөзбен «сойып» тастайтын. Өзі ар-намысқа үлкен талаппен қарады.
Әкесі Әйімбет ел басқарған, Отанға жатпай-тұрмай қызмет еткен, қалың-жұртқа танымал кісі болған. Ел басқарған әкесі де жігерлі, парасатты, өз жұмысына адал, халқына аянбай қызмет еткен, түркістандық өңірге танымал болған қайраткердің бірегейі. 1943 жылы ауыр өмірдің зардабынан ерте бақилық болады. Күні кеше алақанда үлпілдеп өскен жалғыз ерке, енді жап-жас анасының етегіне оралып қалады.
Көне Түркістан көптеген тарихи ағымдардың қайнар көзі, дала мен қаланың, Азия мен еуропалық мәдениеттің тоғысқан елеулі өңірі. Ол кезде көне Түркістанда түрлі халық өкілдері, оның станциясы мен базарын жағалап жүретін қараусыз жетімдер аз болмаған. Сол ортамен бірде «жарасып», бірде «жағаласып» Алдекең де өседі, шымыр да, қайтпас, қайсар болып ержетеді. Өжет, өткір мінезін өнерімен бекемдеп өседі. Аккордеонмен өңдеген әндерді қазақ, орыс тілдерінде айтуды дағдыға айналдырады. Жастайынан мінезімен, өнерімен өз ортасын үйіріп әкетеді, керек дегенде «қол» бастаған. Сырттан, ауылдан келген қазақтарға қысымдық, басымдық көрсетсе, пенделіктің көлеңкесіне қалмай, ойланбай арашалыққа түскен кездері аз болмаған. Әлі жетпеген жағдайда топ құрып, күйігін басқан, керек дегенде кегін алған. Жастайынан топ бастайтын, әділдікті қорғайтын сарбаздыққа лайықты ерікте өскен. Қысқасы, қиындықтан қаймықпай өседі. Оны туыстары «тегіне тартқан жалғыз тұяқ» деп құрметтеген.
Түркістанның көне көшелеріндегі алыс-жұлыста ұлттық мінездің мәйегі қалыптасады, тамыр жаяды. Сол «сотқарлығына» ересек Алдекең опынбайтын, өкініш күйін білдірмейтін. Байыбына барсам, бұл босқа өңмеңдеу емес екен. Өйткені сол ыңғыл-жыңғылдар жеке басының қамы үшін емес, қамсыздарды алабөтен қылықтардан арашалау еді. Оның жалтақсыз харекеттері қазақ жастарын қиындықтан тартынбауына, алғы шептен шегінбеуіне қамшылау сияқты. Сол үшін түрлі арпалысқа араласады. Қанға сіңген қызбалық кейін де сақталған-ды. Қайтпас мінезбен екі жылдың ішінде докторлық диссертацияны жазып бітіріп, Свердловскіде (қазіргі Екатеринбургте) қорғап шықты.
Аңыратар аманат – «Казахская правда» газетіне байланысты. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары еліміздегі орыстілді ақпараттар аяқтан да, іштен де шалып, ұлттық мәселені ушықтырды. Баяғы басымдығын үдетуден тартынбады. Газет беттерінде шовинистік көкіректік айқасып жатты. Желтоқсан оқиғасынан кейін Алдекең ұлт мәселесіне жиі оралатын болды. Тәуелсіздікті атқару билігіндегі құрылымдар «өзінше» икемдеп, бұрмалап жатқан кез. Орыстілді газеттер ұлттық идеяны бұрынғы коммунистік идеология тұрғысынан, үстемдік саясат тұрғысынан бұрмалады. Оларға жауап қайтарып жатқан қазақ тілді БАҚ некен-саяқ еді. Оның үстіне проблемаға терең, түбегейлі бара бермеді.
Алдекең біртіндеп ұлт идеясына тереңдей түсті, қоғамдық пікірлерге ашық араласты. «Казахстанская правда» газетінің жеке материалдарына, идеологиялық позициясына көңілі толмай, сын пікірлерін ашық әрі үдете айтты. Газет қазақ рухын көтермелеудің орнына, керісінше, оны басатын материалдарды аракідік жариялады. Сол кездегі әкімшіліктегі лауазымды «солқылдақтарға» ойын басып айтып, ақпараттар бетінде жиі-жиі көрінді. Бірде сол «Казахстанская правда» газетінің баламасы ретінде «Казахская правда» газетін шығармақшы болған тоқтамын есіттім. Мемлекеттік орган жеке инциативаға жол берер ме екен, деген күдік көңіл түкпіріне ұялаған-ды.
Кедергі аз болмады, ақыры жеңіп шықты. Міне, лицензия дегенде, ерлігіне іштей таңырқай қарадым. Қанша ай шапқылады, айтқанынан тапжылмады. 1993 жылы 15 қаңтарда газеттің бірінші нөмірі «шырылдап» жарыққа шықты. Енді газеттің редакторы да, суретшісі де, менеджері де Алдекеңнің өзі болды. Жұбайы Тамара Мұхаммадяровна екеуі күндіз-түні аянбай еңбек етті. «Казахская правда» біртіндеп ұлттық жанайқайдың жаршысына айналды. Өзекті проблемалар көтерілді. Олар нақтылығымен, деректілігімен оқырмандар ойын жаулап алды. Материалдар сауатты орыс тілінде шықты. Тілі орысша болса да, қазақ рухын көтеруге арналған ұстанымнан тайсалмады. Талғам таразысы тегеурінді болды. Онда ұлттың рухтары айқасты, «идеялық» қарсыластардың мысын басты.
Қарапайым адамдарға қиянат жасағандарды аянбай сынға алды, қысымға ұшырағандарға демеулік жасады. Материалдар осы бір бағытқа арналды, ұлттың ұлы мұраттарына адалдығын сақтауға шоғырландырылды. Газет біртіндеп ұлттық тәрбие құралына айнала бастады, өзінің ақпараттық кеңістігін айқындады. Газеттің тілі кейде ащы, стилі тіптен өткір құсап көрінетін. Оған себеп те болды. Сол жылдары қазақтың тарихы мен мәдениетін, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын, тілі мен дінін білмеушілік те, құрметтемеушілік те жиі кезікті. Алдекең айтарын айтып қалайын деді ме, бетбұрыстың тезірек іске асуын қалады, күрт өзгерістерді қолдады. Содан ба әйтеуір, өзім материал беруге асыққан жоқпын. Мұны сезінген Алдекең кейде: «Сен либералсың», – дейтін. Мен үнсіз ойланып қалатынмын.
Бірде көңілді Алдекеңді көріп қалдым. Менің таңырқаған көзқарасымды бірден ұққан Алдекең: «Кеше Президенттің қабылдауында болдым. 20 минуттың орнына 43 минут сөйлестік», – дегені. Мен ықылас қоя қызыға тыңдадым. «Иә, иә, Президентке ойымды жасырмай айтып салдым. Көбін құптағандай болды. Бірақ асықпауды еске салды». Сол кездесуден кейін Президент Н. Назарбаев «Казахская правда» газеті туралы жылы лебізін өзінің баяндамасында атап өткен-ді.
Шындығында, Алдан Айымбетов ХХ ғасырдың басындағы алаш арыстарының тұжырымдамалық және ақпараттық дәстүрін жаңғыртқан, жаңа деңгейге көтерген қаламы өткір қазақы ағартушылардың бірегейі екенін ұғынатын кез келді. Тәуелсіз елде ақпарат тәуелсіздігінің үлгісін көрсеткендердің қатарында тер төкті. Тәуелсіз газеттің ақиқат ұстанымын ғана емес, оның әлеуметтік жауапкершілігін көтерді. Ол қазақтың рухани тәуелсіздігі мен азаттығы туралы ілгері ойларын тынысы бітіп, жүрегі тоқтаған ақырғы күніне дейін, яғни 2006 жылдың тамызына дейін өзінің құрметті оқырмандарына жеткізді. Он үш жыл бойы «Казахская правда» газетінің әрбір нөмірі ұлттық патриоттардың сана-сезімінің қалыптасуына үлкен ықпал етті. «Казахская правданың» бар-жоғы 175 саны өтпелі кездің үнін, тынысын дер кезінде, дөп жеткізіп отырды. Газет көптің көңіліндегі ақиқаттың нағыз жанашыры, қазақ ақиқатының жаршысы, тілшісі болды. Бұл газет туралы жас журналистер диплом жұмыстарын арнаған секілді. Десекте, ғылыми ізденістер әлі аяғына тұрмай жатқаны да рас. Ертелі-кеш оның орны толар деген үміттеміз.
Тәуелсіз елдегі азаматтықтың мәнін ұққан сайын, Алдекеңнің қайсарлығы мен кісілігін, яғни кәсіптегі өзіндік ірілігін мойындаймын, оның бөріге ұқсас бейнесін, рух пен ақпараттағы орнын жоқтаймын. Өмір бойы қайсар қалыбын өзгертпеді. Биыл 80 жасқа толатынын еске алғанымда:
Қиянатқа келіспеді қылшылдап,
Қыңырды бүйірден алды мықшыңдап.
Жеңе алмады жамандықты, жасықты,
Жеңіне орады алыстағыны ықшамдап.
Туын тікті бөріні бетке ұстап,
Кесіп айтты сарбазым нысан тұстап.
Шегінбей алға шапқан жауынгерім,
Төселді ел-жұрттық дәстүр баптап,– деп мұңаяды жүрек.
Алдан Айымбетов халық жадында, Қазақстан тарихында қазақ рухын өз жігерімен жаңғыртқан, Қазақстан тәуелсіздігін өз мінезімен көтерген, өз әрекетімен әлдендірген батыл ойшылдың, қайсар жауынгердің бірегейі болып қалады, әлі-ақ сондай бағасын алады деген сенімдемін.
24.11.2011 Ж. МОЛДАБЕКОВ,философия
ғылымдарының докторы