ОРАЛМАН ӘЙЕЛДЕРДІ ҚҰТТЫҚТАДЫ
ОРАЛМАН ӘЙЕЛДЕРДІ ҚҰТТЫҚТАДЫ
Оралман әйелдердiң «Нұр қоныс» қайырымдылық қоры Алматы қалалық Әлеуметтiк қамсыздандыру басқармасымен бiрлесе отырып, бiр топ оралман әйелдердi Тәуелсiздiктiң 20 жылдығына орай құттықтады.
«Нұр қоныс» қайырымдылық қорының атқарушы директоры Зүбира Алдабергенова бұл қордың бір жылдан астам уақыт жұмыс істеп келе жатқандығын айтады:
– Қордың негізгі мақсаты – шеттен оралған қандастарымызға қолдау жасап, жан-жақты көмек беру. Әлеуметтік жағдайы төмен, тұрмысы нашар, көпбалалы оралман отбасыларға аздап болса да, материалдық көмек көрсетіп отырамыз. Сонымен қатар біздің есігімізді қағып, көмек іздеп келген жандарды Қазақстан заңымен таныстыру, әлеуметтік, мәдени және психологиялық жәрдем беру, Қазақстан азаматының құқығы мен заңдарының нормасы жөнінде әңгіме, кеңес түсініктер жүргізу. Арыз, шағым және түрлі құжаттар дайындауда көмек көрсету, – дейді ол.
Қор бір жылдың ішінде бір компаниямен келісім-шартқа отырып, 30 шақты әйелді бала күтуші, аспазшы, үй қызметкері жұмыстарына орналастырған.
Бұл жолғы басқосуға жиналған әйелдер Алматы қалалық Әлеуметтік қамсыздандыру басқармасының бастығы Ардақ Шәмиеваға бастарындағы мұңдарын айтып, бағыт-бағдар беруін өтінді. Мәселен Замира Орынбаева жасы 24-тегі мүгедек қызына қалай жәрдемақы тағайындауға болатынын сұраса, Пәлібаева Гүлнар мүгедек баласымен үйсіз-күйсіз жүргендігін сөз етті. Тәрбия Жандәулетованың Өзбекстаннан қоныс аударғанына 1 жылдан асқан. Қазақстан азаматтығын алған. Бір баласы бар, жалғызбасты ана. Жұмыссыз. Оның айтуынша, ол Өзбекстанда 25 жыл акушер-гинеколог болып қызмет істеген екен. Ташкенттің Мемлекеттік медицина институтын бітірген. Балалы болуына орай, 5 жылдан бері мамандығы бойынша жұмыс істемеген. Қазір айына жұмыссыздық есебінен 1,5 мың теңге алып тұрады.
– Мамандығым бойынша қызмет істейін десем, медицина орталықтары мені қызметке алмайды. Қызметке тұру үшін әуелі мамандығын жоғарылататын курстардан өтіп кел дейді. Мен еш жерде қызмет істемейтіндіктен, ондай курстарды тегін оқи алмайды екем. Төлеп оқу үшін 3 айлық курсқа – 100 мың теңге керек. Қазіргі тұрақты тіркеуім бойынша, Алатау ауданында жұмыссыздарға тіркелгем. Олар үш айлық – аспаздың, тоқымашының курсын оқуға жолдама бермек болды. Бірақ мен бас тарттым, одан да олар менің қайта даярлаудан өтуіме көмектессе, әлдеқайда жақсы болар еді, – дейді ол.
Назым Нарынбаева 2001 жылы Қазақстанға Өзбекстаннан қоныс аударған. Қолында 1969 жылы және 1978 жылы туған екі мүгедек баласы бар. Және 3 немересімен, үш бөлмелі үйде сегіз жан күнелтеді. Оның арманы – қолындағы баласына жеке пәтерге қол жеткізу. Сондай-ақ, жиналғандар Алматы қаласынан тегін жер телімін алу мүмкіндігі бар ма деген сауалға да жауап іздеді.
24.11.2011 Есен БАЙНҰР