Жаңалықтар

ҚОҒАМДЫҚ ПІКІР МЕ, ҚОЛДАН ЖАСАЛҒАН ПIКIР МЕ?

ашық дереккөзі

ҚОҒАМДЫҚ ПІКІР МЕ, ҚОЛДАН ЖАСАЛҒАН ПIКIР МЕ?

Қазақстандық әлеуметтанушы, «Әлеуметтiк және саяси зерттеулер орталығы» (ӘСЗО) қорының президентi Гүлмира Илеуова Астана – Мәскеу – Киев телекөпiрi барысында «Қазақстандықтардың 50 пайыздан астамы Ресейге қосылуды қалайды» деген тосын мәлiмдеме таратты. Бұл Еуразиялық одақ құруды мақсат еткен Кедендiк одақ елдерi басшыларының Мәскеудегi кездесуiмен тұспа-тұс келдi.

Әлеуметтік сауалнама дегеніміздің қарапайым жұртқа түсініксіз қисынсыздықтары көп-ақ. Біріншіден, әлеуметтанушылар әлеуметтік сауалнамаға мыңнан астам адам қатысса болды, олар бүкіл елдің көңіл-күйін білдіре алады дейді. Екіншіден, әлеуметтік сауалнамада жасы, жынысы, қызметі бәрі ескеріледі, бірақ ұлты жазылғанмен, олардың қай тілде сөйлейтініне маңыз берілмейді.

Аталған мәлімдеме таратылысымен, Гүлмира Илеуоваға хабарласып, бұл зерттеуді жасауға не түрткі болғанын білмек болдық. Ол өзі конференцияда екендігін мәлімдеп, сол орталықтың сарапшысы Серік Бисембаевқа жолығып, бұл мәселелер жөнінде білуге болатындығын айтты.

Серік Бисембаевтың айтуына қарағанда, бұндай зерттеулер 2007 жылдан бері жасалып келеді екен. Оны «Евразийский монитор» тобына мүше «Әлеуметтік және саяси зерттеулер» орталығы жасайды. Бұл топқа ТМД елдерінен біраз мемлекеттер мүше. Бұрын аталған зерттеуді халықаралық қорлар қаржыландырып келсе, биыл оны әлеуметтік зерттеу орталығы өз қаражатымен жасаған. Серік Бисембаев Қазақстанның әртүрлі өңірінен, әртүрлі категориядағы 1100-ден астам адамның қатысқандығын айтады.

– Сіздің бір нәрсеге назар аударуыңызды сұраймын. Сауалнамада тікелей «Сіз Ресейге қосылуды қалайсыз ба?» деген сұрақ жоқ. Онда «Қазіргі кезеңде бір елдер бірігуге, басқалары керісінше тәуелсіздікке ұмтылуда. Егер сізде бұл сұрақты шешудің мүмкіндігі болса, онда Қазақстанның қай елмен бірігуін қалар едіңіз?» деген сауал қойылған. Соның ішінде бұрынғы Кеңестер Одағының құрамында болған 15 республика көрсетілген. Басым көпшілігі «Ресеймен» деген жауап берген.

– Ендеше, онда мәлімдемені неге «Қазақстандықтардың 50 пайыздан астамы Ресеймен қосылуды қалайды» деп таратасыздар. Қойып отырған сұрақтарыңыз мүлдем бөлек. Таратып отырған мәлімдемелеріңіздің астарында жымысқы саясат жатқандай. Екіншіден, сауалдың өзі дұрыс емес. Жауап берушіні мәжбүрлеу бар.

– Енді ол мәлімдемені өзгеше қалай айтуға болады. Екіншіден, бұл сауал барлық ТМД мемлекеттері тұрғындарына қойылады. Бұл социологиялық методика. Егер «Сіз Ресеймен қосылуды қалар ма едіңіз?» деп қойсақ жекелеген тұлғаның Ресейге қарым-қатынасын сұраған болар едік. Ал бұл жерде халықтың интеграциялық көңіл күйін білу мақсат етілген.

Меніңше, қазақтың ұлттық зиялы қауымы қазақ қоғамының көңіл-күйін білмейді.

– Сіздің ойыңызша, мың адамның пікірі бүкіл қазақстандықтардың көңіл-күйін білдіре ала ма?

– Сіз университетте «Социологияны» оқыдыңыз ба?

– Жақсы, социология ғылымы бойынша беретін шығар. Бірақ елдегі 16,5 миллион адамның көңіл күйі бір сауалнамамен өлшенеді дегенге сену қиын. Мысалы сіздің мойныңызда өмір бойы қамыт жүрді. Бір күні сол қамыттан босадыңыз, еркіндік алдыңыз, енді сол қамытты қайта киюді армандау деген мүмкін емес дүние ғой.

– Оны сіз журналист ретінде айтып отырсыз. Ауылда тұратын адамдардың көңіл күйі мүлдем басқа.

– Мен ондағы адамдармен де хабарласып көрдім. Олардың да ешқайсысынан ондай көңіл күйді байқамаған едік. Жалпы, бұл мәселені зерттеу обьектісіне айналдырудың, оны жалпақ жұртқа паш етіп, қоғамдық пікір туғызудың қандай қажеттілігі туды? Оған кім тапсырыс берді? Өйткені кез-келген қоғамдық пікір ұлттық мүдде тұрғысынан қозғалады, ал сіздер ұлттық мүддеге қайшы пікір туындатып отырсыздар.

– Біз бұл мәліметтерді 2007 жылдан бері таратып келеміз. «Қандай елдермен бірігуді қалар едіңіз?» деген сауалға 4 жылдан бері осындай жауап алып келеміз. Онда «Тікелей Ресеймен бірге бір мемлекет құру» деген түсінік тұрған жоқ.

– Неге осы сұрақ міндетті түрде қойылуы тиіс? Кеше ғана бодандықтан бостандыққа шыққан мемлекеттің тұрғындарына, кешегі метрополиямен бүгінгі тәуелсіз жас мемлекеттердің қайта бірігуі туралы әңгімені көтерудің көздегені не? Егер бұл сауалнаманы Ресей жүргізіп жатса, бір жөн.

– Біз еуразиялық кеңістік болғандықтан, Елбасының өзі интеграция мәселелерін 90-жылдардан бері көтеріп келеді. Еуразиялық одақтың алғышарттары жасалып жатыр. Сіз «идеология» тұрғысынан айтып отырсыз, мен «социология» тұрғысынан айтып отырмын.

– Мейлі ғой, ғылым ба, идеология ма, бірақ қоғамдық пікір біреу ғой.

– Біздің бұл мәліметтеріміздің осы төңіректе болып жатқан пікірталастарға қатысы жоқ. Жәй ғана Ресейге барып, бір дөңгелек үстел мәжілісіне қатысып, сонда жария еткен, мәлімет қана. Бұндай көңіл-күй бізде ғана емес, ТМД мемлекеттерінің біразында сақталған.

– Ал сіздің сол дөңгелек үстелдегі мәліметтеріңізді Ресей газеттері қалай пайдаланып жатқанын көріп отырсыз ба?

– Ол басқа мәселе.

–Сіздер таратқан мәлімдемелеріңізде «За обьединения России» деп емес, «За интеграцию» деген болсаңыздар, бұл қитыққа былай тимес еді.

– Интеграция мен обьединение деген сөздерде қандай айырмашылық бар. Екеуі бір ұғым.

– Бірақ халық екеуін екі түрлі қабылдайды.

Есенгүл Кәпқызы