Жаңалықтар

ТӨЛ ТЕҢГЕ – ТӘУЕЛСІЗДІГIМIЗДІҢ СИМВОЛЫ

ашық дереккөзі

ТӨЛ ТЕҢГЕ – ТӘУЕЛСІЗДІГIМIЗДІҢ СИМВОЛЫ

Ел тәуелсіздігінен екі жас «кіші» төл теңге кә­ме­леттік жасқа толды. 2011 жылдың 15 қарашасы – ұлттық валютамыздың туған күні. Теңгенің тарихы ҚР Президентінің 1993 жылдың 12 қарашасында қол қойған «Қазақстан Республикасының ұлттық валютасын енгізу туралы» Заңынан бастау алады. Арада үш күн өткенде, яғни 15 қарашада ел аумағындағы жаңа сауда-саттық жасау құралы ретінде төл ақшамыз қолданысқа кіргізілді. Ұлттық валюта ұлттық экономикамыздың іргетасын қалауға ықпал етті. Халықаралық мамандар пікірінше, теңге ТМД аумағындағы тұрақты валюталар қатарында.

Ел тәуелсіздігінен екі жас «кіші» төл теңге кә­ме­леттік жасқа толды. 2011 жылдың 15 қарашасы – ұлттық валютамыздың туған күні. Теңгенің тарихы ҚР Президентінің 1993 жылдың 12 қарашасында қол қойған «Қазақстан Республикасының ұлттық валютасын енгізу туралы» Заңынан бастау алады. Арада үш күн өткенде, яғни 15 қарашада ел аумағындағы жаңа сауда-саттық жасау құралы ретінде төл ақшамыз қолданысқа кіргізілді. Ұлттық валюта ұлттық экономикамыздың іргетасын қалауға ықпал етті. Халықаралық мамандар пікірінше, теңге ТМД аумағындағы тұрақты валюталар қатарында.

Теңге қолданысқа түскелі бері бірнеше рет өзгеріске ұшырады. Негізі 1993 жылы ұлттық валютаның дайындалуы аса құпия әскери шараларға көбірек ұқсаған. Алғашқыда 70 жылдан астам пайдаланып келген кеңестік ақша – рубльдің «қызығын» көруді жалғастыра бермек болғанбыз. Бірақ КСРО-ның локомотиві саналған Ресей 15 одақтас респуб­ликалардан ат тонын ала қашып, «әр мемлекеттің өз ақшасы болсын» деген талап қойды. Осы себепті 4 қазақ суретшісіне сырт көзден жасырын және өте құпия жағдайда төл теңгені дайындау міндеті жүктелді. Алғашқы теңгенi «Harrison&sons» компаниясы Англияда басып шығарды. Қазақтардың төл теңгені қағазға басып беру туралы тапсырысы компанияның әлемдік деңгейде атын шығаруға сеп болды. Теңгенің арқасында «Harrison&sons» Ұлыбритания королевасының Алтын белгісімен марапатталып, біздің ұлттық валютамыз Британия корольдігінің ең үздік экспорттық өнімі аталды. Жер шарына атын шығарған теңгеге құрмет ретінде ағылшын компаниясының бас ғимаратында біздің ақшамыздың суреті салынған тақта ілінген. Әп дегенде айналымға енгізілген қағаз ақша түріндегі тиындар уақыт өте келе темір ақшаға айырбасталса, арада көп ұзамай ұсақ ақшалар түгел темірге көшірілді. Әрине, бұл жаңалықты отандастардың кейбірі қалыпты жайт ретінде қабылдаса, енді бірі қағаз теңгелердегі тарихи тұлғалардың суреттері алынып тасталғанына қынжылды.

Ағылшындар елінен жеткізілген теңгенің алғашқы бөлігін сақтау мақсатында жер астынан салынған арнайы қоймалар дайындалды. Бір аптаның ішінде Лондон мен Алматы арасына 18 рет қатынаған төрт ИЛ-76 ұшағы ресми құжаттарда Қазақстан Президентінің резиденциясының құрылысына қажетті құрал-жабдықтар әкеле жатыр деп көрсетілген. Ұлттық валютамыз айналымға енгізілем дегенше ағылшындар мен қазақтар елінде болып жатқан оқиға туралы тірі жан білмеген. Лондоннан жеткізілгеннен кейін теңге 8 күннің ішінде еліміздегі барлық банктерге түгел таратылды. Осылайша, ұлттық валютамыз отандастар қолына тиді. 1995 жылы елімізде банкноттық фабрика ашылып, ақшаны өзіміз жасай бастадық. Теңге туралы ой толғаған Елбасы кейінірек ақшаны дайындау барысында түрлі жайттар орын алғанын айтты. Мәселен ақшаның суретін бекіту үшін келген суретшілер теңгенің бетіне Назарбаевтың портретін салып әкеліпті. Алайда бұл нұсқаны Президент бекітуден бас тартқанда, әл-Фараби, Сүйінбай, Шоқан, Әбілқайыр мен Абылай, Абайлардың суреттері, еліміздегі тарихи орындар, мұрағаттар мен ескерткіштерді бейнелеуге шешім қабылданған.

Ақшаны айналымға енгізбес бұрын оның қауіп­сіздігін қамтамасыз ету маңызды болатыны айқын. Өйткені оңай жолмен «жеңіл» пайда тапқысы келетін алаяқтар кез-келген валютаны қолдан жасауға тырысады. Сондықтан кез-келген мемлекет ақшаның дизайны мен қорғаныш сызықтарын күшейтуге мүдделі. Арада бір мүшел өткенде, яғни 2006 жылы теңге өзгеріске ұшырады. Ондағы суреттер алынып тасталып, қорғанышы беки түсті. Осы тұста қазақ қоғамында ақшамыздың жаңа нұсқасына наразылық танытқан топ тағы да наз айтты. Негізі әлемдік тәжірибеде ақшадағы қорғаныш үш топқа бөлінеді. Бірі – қарапайым халыққа, екіншісі – кассирлерге (олар арнайы құрал арқылы тексереді), үшіншісі – орталық банкке. Қазіргі кезде біздің 2000, 5000 және 10000 теңге заманауи технологиямен дайындалған аса жоғары деңгейдегі қорғанысқа ие. Себебі жасанды ақшада қара дақтар пайда болатындықтан, ақшаның көшірмесін жасауға құштар алаяқтар арамтер болары ақиқат. Дүниежүзілік нарықта АҚШ доллары – $, Еуропалық Одақтың ортақ валютасы еуро – € түрінде көрсетілсе, біздің төл теңге төбесінде сызығы бар «Т» әрпімен белгіленеді. Ұлттық ақшамыздың «Теңге» атауын иеленуі де тегін емес. Осыдан 600 жылдай бұрын қазіргі қазақ жерінде болған басқа мемлекеттердің күміс ақшалары «теңге» немесе «таңга» аталыпты. Әп дегенде «сом» сөзі таңдалып алынғанмен, қырғыздардардың сомынан кейін «теңге» таңдалынды.