ӨТПЕЙТІН «ДАЛА АРУЫ» МЕН ӨКПЕЛІ ДИҚАНДАР
ӨТПЕЙТІН «ДАЛА АРУЫ» МЕН ӨКПЕЛІ ДИҚАНДАР
Алматы облысы Панфилов ауданының диқандары еккен егiндерiнiң сатылмай жатқандығын айтып, дабыл қағуда. Биыл Панфилов ауданының диқандары рекордтық өнiм алған. Бiрақ 35 мың тоннадай жүгерi әлi ашық аспан астында жатыр деген дерек бар. Өйткенi ауданда өнiм сақтайтын қоймалар жеткiлiксiз. Ал өнiм өңдейтiн зауыт атымен жоқ.
Жергілікті шаруалардың айтуынша, жылда шыққан өнімдерін еш қиындықсыз өткізіп отырған. Биыл сатып алушылар жүгерінің бір келісін 23-26 теңгеге ғана бағалап отыр. Оның себебі, биыл «дала аруы» бітік шықты. Сондықтан да жүгеріге деген сұраныс төмендеп кетсе керек. Таңнан кешке дейін егін алқабында бел жазбайтын диқандар «еккен егініміздің өзін ақтай алмай отырмыз» деп қынжылады. Жалпы есеппен бір келі жүгерінің өзіндік құны – 28 теңгені құрайды екен. Шаруалардың бар сұрап отырғаны да сол, «ең болмаса баға 30 теңгеге көтерілсе жөн болар еді. Аз-маз болса да еңбегіміздің өтеуін көрер едік», – деп мұң шағады олар. Мән-жайды анық білу мақсатымен Панфилов ауданы әкімшілігінің ауылшаруашылық істері жөніндегі орынбасары Шухрат Құрбановпен хабарласып едік. Ол кісі:
– «Жағдай бірқалыпты, еш өзгеріс жоқ. Баға сол бұрынғы 26 теңгеден көтерілер емес. Диқандар еңбегін ең болмағанда 70 пайызға ақтау үшін 30 теңгеге көтерілсе деп отырмыз. Қырмандарда жүгері жатыр. Диқандар ылғалдығына байланысты өзімізде орналасқан сірне зауытына сатып жатыр. Алып жатқан адамдар бар. Бірақ жүгерінің бағасы 26-27 теңгеден асар емес. Шаруаларға кеткен шығындары мен еңбектерін өтеуі үшін баға жоқ дегенде 30 теңге болса дұрыс еді. Және олардың көпшілігі желтоқсан-қаңтар айларын күтіп отыр. Өйткені жылда сол уақытта баға көтеріледі, – деді бүгінгі қалыптасқан жағдайды жасырмай. Ал жүгерінің бағасы артып, сұраныс туғанша дақыл жерде жатып шіріп кетпейді ме? – деген сұрағымызға Шухрат Бурхандинұлы
– «Құдай сақтасын! Бұл мұндай жағдай орын алып отырған бірінші жыл емес. Жүгеріні палаткамен жауып, наурыз-сәуір айларына дейін сақтаған күндер болған. Жүгері бидай емес, собығымен бірге тұрады. Арасына жел кіріп, біразға дейін төзімді келеді. Егін шіріп жатыр деп дабыл қағудың қажеті жоқ Тек бағасы бір ретке келсе, жағдай оңалар еді. Сырттан келген алушылар көп. Бірақ 20-21 теңгеден сұрайды. Сондықтан біз аз болса да 26 теңгеден өткізіп жатырмыз», – деді. Мұндайда шаруаларға көмек қолын созатын Үкімет болуы тиіс. Панфилов ауданы әкімінің орынбасары Амантай Раевтың айтуынша, облыс көмек қолын созамын деп уәде еткен көрінеді. «Иранға, Ташкентке сұрап жатыр. Бірақ ол үшін жүгерінің 14 пайыз ылғалдығы болуы шарт. Облыстан арнайы қаражат қарастырылуда. «Жетісу» әлеуметтік-кәсіптік корпорациясына үкімет тарапынан қаражат бөлінуі керек. Соны күтіп отырмыз. Егер ертерек қаражат бөлінсе, диқандардың мәселесі шешілер еді», – дейді Панфилов ауданы әкімінің орынбасары Амантай Раев. Пенжім ауылдық округінің әкімі Тұрдалы Өмірбеков: «Жүгерінің қымбаттауын күтіп отырмыз. Сұрап отырған баға, 26 теңге солярканың өзін ақтамайды. 8 мың тоннадай жүгеріні арзан болса да саттық. Былтыр көктемде жүгеріні 55 теңгеден сатқанбыз. Биыл астық мол шығып, жүгеріге деген сұраныс тоқтап қалды. Көктемге қарай қымбаттайды. Бәріміз бағаның көтерілгенін күтіп отырмыз. Ал жүгері шірімейді. Палатканың астында собығымен жата береді. Оны бірнеше жыл сақтауға да болады», – дейді. Турасын айтсақ, жергілікті билік бағаның қымбаттауын күтіп отырудан басқа іске дәрменсіз көрінеді. Алматы облысының Панфилов ауданында 5 мыңнан аса шаруа қожалығы бар. Ал олардың 90 пайызы ежелден жүгері өсірумен айналысады.
Маржан КЕҢЕСБАЙ