Жаңалықтар

ҰЛТТЫҚ ҚОР — 7 трлн. 491 млрд. теңге

ашық дереккөзі

ҰЛТТЫҚ ҚОР — 7 трлн. 491 млрд. теңге

Жыл басынан берi инфляция деңгейiнiң 6,5 пайызға өскенiн айтқан қазақ Үкiметi қымбатшылыққа әлемдiк нарықтағы азық-түлiк пен көмiрсутегiлер құнының артуы кiнәлi дейдi. Есесiне, Ұлттық қордағы қаражат қазiр – 7 трлн. 491 млрд. теңге. Бүгiнде банктердiң де жағдайы жаман емес. Оған жыл басынан берi несиелiк көрсеткiштер мен депозиттiк базаның нығаюы куә.

Қазақ Үкіметі еліміздің 10 айлық әлеуметтік-экономикалық даму қорытын­дысына орай кеңейтілген отырыс өткізді. Жыл соңына санаулы уақыт қалғанда алдын ала болжамдар жасаған ҚР Экономикалық даму және сауда министрі Қайрат Келімбетов қаңтар-қазан айларындағы ЖІӨ былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда, 7,2 пайызға өскенін айтты. Негізі 10 айлық экономикалық көрсеткіштердің жақсаруын Үкімет мүше­лері еліміздегі өнім өндіру мен өңдеу өнер­кәсібінің өсуімен байланыстырып отыр. Бұған дағдарыстан кейінгі кезеңде отандық экономиканы дербестендіру мен индустриаландыруға бағытталған үкіметтік шаралар мұрындық болған. Келімбетовтің мәлімдеуінше, өңдеу өнеркәсібіндегі өнім өндіру қарқыны тау-кен өндірісіне (1,9%) қарағанда, 6,9 пайызға артып, химия өндірісінің үлесі – 22,8 пайызға, машина құрылысы – 19,1 пайызға, металлургия саласында 7,6 пайызға жоғарылаған. Бұл – еліміздің барлық аймағына тән көрініс. Ал инфляция көлемі – 6,5 пайыз. Қ.Келімбетов: «Үстіміздегі жылдың басынан бері тұтынушылық тауарлар мен қызмет құны 6,5 пайызға ұлғайды. Бұл былтырғы жылғы осы кезеңге қарағанда, 0,3 пайызға көп», – дейді. Министр мырза Кедендік одақ­қа мүше мемлекеттер тарапынан да қазақстандық тауарға деген тұтынушылық сұраныстың өскенін көлденең тартады. Мысалы 2011 жылдың алғашқы тоғыз айында Ресейге экспортталған отандық өнім көлемі 48 пайызға теңгеріліпті. Ал Кедендік одақ құрамындағы елдер арасындағы сауда айналымында экспорт – 53,3 пайызға, импорт 43 пайызға жеткен. Негізгі қаражатқа салынған нвестицияға келсек, он айдағы көрсеткіш – 3249,9 млрд. теңге.

Елдегі қымбатшылықтың өршуіне 8 пайызға бір-ақ ыршыған азық-түлік бағасы ықпал етіпті. Инфляцияға ақылы қызмет көрсету мен тамақ тізіміне жатпайтын тауар­лар да өз «үлесін» қосқан көрінеді – 6,7 және 4,4 пайыз. Халықтың қалтасына салмақ салған қымбатшылыққа әлемдік нарықтағы энергетикалық қорлар мен азық-түлік бағасының өсуі себеп болған. 2007-2008 жылдары соңы дүниежүзілік экономикалық дағдарысқа ұласқан қаржылық дағдарыс еліміздегі екінші деңгейлі банктердің жүйкесін тоздырғанмен, отандық қаржылық құрылымдар жағдайы қазіргі кезде біршама жақсарып келеді. Мәселен жекеменшік банктердің депозиттік базасы былтырғыға қарағанда, 16,7 пайызға көтерілген. Ал банктердің несиелік көрсеткіштері 10,9 пайызға өткен.

Республикалық бюджеттің кірісі мен шығысы туралы есеп берген ҚР Қаржы министрі Болат Жәмішевтің айтуынша, мемлекеттік шығын көлемі 4 трлн. 535,8 млрд. теңге (93,8%) болған. Ал халық қазынасына келген пайда жоспарланған меже бойынша – 3 трлн. 934 млрд. теңге (96,1%). Есептік кезеңге сәйкес, 3,9 пайызға игерілмей қалған республикалық бюджеттің орындалу қарқыны 161 млрд. теңгеге кем. Үстіміздегі жылдың алғашқы 10 айында бюджеттен аймақтарға 561,1 млрд. теңге көлемінде мақсатты қаржы бөлінген. Оның 485 млрд. теңгесі ғана жұмсалып, қалғаны игерілмей қалған: «Есептік кезең қорытындысы бойынша мақсатты қаражаттың 76,1 млрд. теңгесі игерілмеген» (Б.Жәмішев).

2011 жылдың қаңтар-қазан айларында Қазақстан Респбуликасының Ұлттық қорына 2 трлн. 800 млрд. теңге түскен. 1 қарашадағы деректерге сәйкес, халық қазынасындағы жалпы қаражат бүгінде 7 трлн. 491 млрд. теңгеге жетіпті ($42,4 млрд.). Сондай-ақ, еліміздің халықаралық қоры 26,6 пайызға артып, 75 млрд. АҚШ долларына жеткен. Ал ҚР Ұлттық банкіндегі алтын-валюта қоры 32,6 млрд. АҚШ долларына өсіп, 12,6 пайызға теңгерілген. ҚР Еңбек және әлеуметтьік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықова үстіміздегі жылдың басынан бері республика бойынша 241,4 мың жаңа жұмыс орны ашылғанын, ауылдық жерлердегі үлес салмағы 114,6 мыңға жеткенін мәлімдеді. Оның ішінде өндіріс саласында – 26 мың, саудада – 27,2 мың, құрылыс пен коммуналдық шаруашылықта – 28,1 мың т.б. Маңыздысы, 67 мың жаңа жұмыс орны жеке кәсіпкерлік саласына бағытталған. Үшінші тоқсан бойынша ресми деректерге сүйенсек, еліміздегі жұмыссыздар саны 481,6 мыңнан 472,3 мың адамға кеміп, 5,6 пайыздан 5,3 пайызға төмендеген.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ