Жаңалықтар

ТИМОШЕНКО ТҰТҚЫННАН БОСАТЫЛМАЙДЫ

ашық дереккөзі

ТИМОШЕНКО ТҰТҚЫННАН БОСАТЫЛМАЙДЫ

Тұтқында отырған Тимошенко түрмеге тоғытылмақ.Еуропалық Одақтың қысымын құлағына қыстырмаған Янукович пен украиндық билiк өкiлдерi Брюссельдiң бұйрығын бiр рет орындасақ, өмiр бойы Еуроодақтың айтқанынан шықпауға мәжбүр боламыз деп қорқатын сыңайлы.

Бірнеше айдан бері наразылық ше­рулерін ұйымдастырып, көшелерде түр­лі шаралар өткізген Тимошенконың жақтастарының көңілі су сепкендей басылды: қазір уақытша тергеу орнында отырған украиндық экс-премьер тұтқыннан босатылмайтын болды. Ук­раинаның Қылмыстық кодексі бойынша «қызмет бабын асыра пайдаланды және асырасілтеушілікке ұрынды» деген айып тағылған Юлияны сот 7 жылға бас бостандығынан айырған болатын. Экс-премьердің ісіне Еуропалық Одақ та араласып, қазіргі басшы Януковичке «Егер Тимошенконы түрмеден шығармасаңдар, елдеріңді ЕО-ға қабылдамаймыз» деп доқ көрсеткеніне қарамастан, тағылған айыпты жұмсартуға Жоғарғы Рада илікпеді. Бірақ халықаралық сарапшылар Януковичтің мың құбылған мінезін түсіне алмай дал. Тимошенконың тұтқындалуына қатысты мәселедегі пікірін сан-саққа жүгіртуі де осы себепті. Бастапқыда Печерский соты шығарған үкімге наразы болып, оны теріске шығаруды қолдаған Виктор Янукович арада ай өткенде керісінше сөйлеп шыға келді. Украиндық сарапшылар пікірінше, украиндардың қазіргі президентіне еуропалықтардың қысым жасауы – дұрыс емес. Мұндай жаңсақ қадам керісінше, Тимошенконың тағдырына кері әсер етеді. Киевтегі Саяси зерттеулер мен дау-жанжал орталығының директоры Михаил Погребинскийдің айтуынша, алғашқыда сот кескен 7 жылды жоғары инстанциялар жаңа заңға сәйкес жоққа шығарады деген кезде Янукович Қылмыстық кодекске енгізілуі тиіс өзгерістерді Жоғарғы Рада қабылдаған жағдайда, өзінің де қол қоятынын астарлап жеткізген көрінеді. Бірақ Еуроодақ тарапынан білдірілген сыннан кейін Янукович: «Тимошенконың тұтқыннан босатылуы қоғам үшін дұрыс қадам болмас еді. Жасалған қылмыстың жазасы адам оппозицияда ма жоқ па, бәрібір өтелуі тиіс», – деген уәж айтты. «Янукович қысымға бір рет шыдамасам, алдағы уақытта Брюссельдің күн сайын беретін кез-келген бұйрығын орындап отыруға мәжбүр болам» деп алаңдауы мүмкін» деп болжаған Погребенский президент пен билік Батыстың қоқан-лоққысына төтеп беруге бел буғанын айтады.

Сонымен Тимошенконың басына бәле болған Қылмыстық кодексіндегі 365-бапты Жоғарғы Рада алып тастауға, анығында, өзгертуге бейіл емес. Заңға өзгертулер енгізуге ұсыныс білдірген ынталы топ 365-баптағы «қызмет бабын асыра пайдалану» туралы айыпты тек адамдардың жеке басына күш көрсету, суық қару пайдалану немесе арнайы құралдарды пайдалану арқылы пайда тапқаны дәлелденген жағдайда ғана қолдану туралы сөз қозғаған еді. Лауазымды тұлғалардың басқа қылмыстарын айыппұл төлеуге өзгерту де қарастырылған болатын жаңа заң жобасында. Алайда депутаттардың көпшілігі қарсы шыққандықтан аталған құжат қабылданбады. Сондықтан Лукянов уақытша тергеу орнында қа­мауда отырған Тимошенко түрмеге жө­нел­тілетін болды. Жоғарғы Радада алғашқы дауысқа салудан кейін-ақ заң жобасын құптама­ған әріптестеріне на­разылықтарын біл­дір­ген оппозиция өкілдері түгел зал­дан шығып кеткен. «Бүгінгі дауыс беруден кейін Украинадағы және оның сыртындағы демократияға, адам құқығына, заңның үстемдік орнауына, еуропалық құндылықтарға қатысты арман тұман сияқты сейіліп кетті. Тарихта бұл күнді авторитаризмнің толық әрі ауқымды түрде заңдастырылған күні ретінде айқын белгілеп қою керек. Бүгінде сөз бостандығы, соттардың дербестігі, нағыз парламентаризммен қоштаса берген дұрыс. Ең бастысы, Украинадан еуропалық таңдауды тартып алды» деп мәлімдеген «БЮТ-Батькивщина» фракциясының өкілі Андрей Кожемякин украиндар жеріндегі қазіргі демократиялық құндылықтардың сапасына күмән келтір­ді. Ал құжатқа қарсы дауыс бергендер қатарындағы депутаттардың бірі әрі Партiя регiонiв («Аймақтар партиясы») көсемі Александр Ефремов 365-баптың Ұлыбритания, Франция, АҚШ, Италия заңдарындағы баптарда да кездесетінін көлденең тартып отыр.

17.11.2011

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ