Жаңалықтар

ЛАТВИЯ: МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ МӘСЕЛЕСІ УШЫҒУДА

ашық дереккөзі

ЛАТВИЯ: МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ МӘСЕЛЕСІ УШЫҒУДА

Жақында Латвияда орыс тiлiне – екiншi мемлекеттiк тiл мәртебесiн беруге байланысты кампания жұмысын қызу бастап кеттi. «Родной язык» қоғамының бастамасымен қолға алынған шара орыс тiлiн қолдаушылардың басын бiрiктiрмекшi.

Латвиялық саясаттанушылар орыс тіліне – екінші мемлекеттік тіл мәртебесін алу үшін 10 мың адамның қолы керектігін айтыпты. Бұл талап бүгінде орындалған көрінеді. Жиналған қол қыркүйек айында Орталық сайлау комиссиясына өткізілген. Ал бұл жолы жаңадан қол жинауға кіріскендер шамамен 154 мың қолдың ауадай қажеттігін көрсеткен. Бір қызығы, орыс тілін төрге оздыратын бұл шараның бәрін ОСК-нің өзі атқарып жатса, шығын жағын жергілікті бюджет өз мойнына алған көрінеді. Қол жинау процесі қараша айының соңына дейін жалғасады. Егер бастама қажетті қолдауға ие болса, Парламенттің қарауына ұсынылмақ.

Естеріңізге сала кетсек, осыдан біраз уақыт бұрын латыш ұлтшылдары орыс мектептерін біртіндеп латыш тіліне көшіру жөнінде референдум ұйымдастыруды қолға алған болатын. Алайда олар күрмеуі қиын мәселенің екінші баспалдағына келгенде оңбай сүрініп, қажетті 154 мың қолдың орнына 110 мыңды әрең жинаған еді. Ал бұған қарағанда орыс тілін жақтаушылардың құлшынысы жоғары сияқты. Олар тіпті бұл құжатты Парламент депутаттарының да бірауыздан қолдай кететіндігіне сенімді. Неге десеңіз, жақында мерзімінен бұрын өткен Парламент сайлауында алғаш рет басым дауыспен орыстілділердің «Центр согласия» партиясы жеңіске жеткен.

Алайда орыс тілінің қамын жеп, күйін күйттеп жүргендердің бұл әрекетінен қандай да бір нәтиже шыға ма, жоқ па, ол белгісіз. Оған жергілікті латыш ұлтшылдары да жол бермейтіндігіне толықтай сенімді. Олардың айтуынша, орыс тілінің ең бас­ты жауы – жалқаулық, қорқақтық және орыстардың бір-біріне деген сатқындығы. «Тіпті бұл шара орыс тілін жақтаушылардың «Бәрі де Латвия үшін!» қозғалысының орыстілді мектептерді латыш тіліне көшіруге қатысты шарасына қарсы әрекеті сияқты», – дейді олар. Тіпті орыстілділер: «Біз Латвия аумағында бір мың жылдан астам уақыт тұрып келеміз. Оның үстіне құжат бойынша орыс тілі мектебінің негізі 1789 жылдар қаланған. Бірақ тұрғындардың 35 пайы­зы орыстілділер болса да, 2000 жылдан бастап орыс тілі шет тілі мәртебесіне ғана ие. Соған қарамастан латвиялық билік орыс тіліне ауық-ауық қы­сым жасауын тоқтатар емес», – деген үн­деуін де жолдаудан танбапты. Ал ІІМ-нің бұрынғы бастығы Янис Адамсонс: «Латвияда мемлекеттік тіл – латыш тілі. Дегенмен орыс тіліне ресми мәртебе бергенде тұрған не бар?» – десе керек. TNS Latvia агенттігінің жүргізген зерттеуінше, 18-55 жас аралығындағы белсенді азаматтардың 61 пайызы орыс тіліне екінші мемлекеттік тіл мәртебесін беру туралы Конституцияға өзгеріс енгізуге қол қоймаса, ал азаматтардың 29 пайы­зы бірауыздан қолдайтындығын білдірген. Қазіргі кезде Латвияда шамамен 2 млн. адам тұрады. Олардың 44 пайызы – орыстілділер.

Соңғы кезде тілге қатысты мәселе елімізде, Қазақстанда да қызу талқыға түсуде. Қоғамды, әсіресе орыстілді ортаны дүрдаразға салған «138-дің хатындағы» талап-тілектер жа­қын арада жүзеге аспайтын сияқты. Онда: «Конституцияның 7-бабының 1-тармағында: «Мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп бадырайып жазылып тұрса да, екінші тар­мағындағы «орыс тілі ресми түрде мемлекеттік тілмен тең қолданылады» деген сөз – «ресми тіл» дегенді білдірмейтінін және орыс тілі екінші мемлекеттік тіл бола алмайтынын Конституциялық кеңес дәлелдеп берсе де, сол бір 7-баптың екінші тармағы жұртты әлі шатастырып, орыс тілі заңсыз мем­лекеттік тіл рөлін атқарып келе жатыр. Сондықтан Конституцияның 7-бабының екінші тармағын алып тастау керек» делінген еді. Тіл жанашырларының пікірінше, қазақ тілінің мәртебесін өсіру үшін «Мемлекеттік тіл» туралы Заң қабылдау керек. Қазіргі кезде Дос Көшім бастаған тіл жанашырлары «Мемлекеттік тіл туралы» Заң жобасының бір нұсқасын қоғам талқысына ұсынды да.

ҚАЗАҚШАДАН “ПРИНЦИПИАЛЬНО” БАС ТАРТҚАН ПОЛИЦЕЙ

Шыны керек, сот отырыстары күні бүгінге дейін көбінесе орыс тілінде өтеді. Тіпті сотқа арыз берушінің өзі орыс тілінде жетік сөйлемесе де, судьялардың талабы бойынша орысша сөйлеуге мәжбүр болып жатады. Себебі түсінікті де, құжаттың бәрі орысша, сот шешімі де орыс тілінде жария етіледі. Ал заң бойынша, сот өндірісінің құжаттары қазақ тілінде жүргізілуі тиіс. Бірақ та тәжірибе көрсеткендей, сот ісінің 80 пайызы – орыс тілінде. Неге десеңіз, судьялардың көбі қазақ тіліне шорқақ. Тіпті прокурор, судья, қорғаушылардың кейбірі қазақ тілін түсінбейді де. Жоғарғы сот төрағасы Бектас Бекназаров: «Азаматтық» және «қылмыстық» кодексте сот өндірісі мемлекеттік тілде жүргізіледі делінген болатын. Бірақ та бұл саладағы қазақ тілінің жайы мәз емес», – екенін қадап айтқан.

Бізде өз ана тілінде сөйлеуге намыстанатын, дәлірегінде, өз қағынан жерігендер жетіп артылады. Мұндайлар қоғамның әртүрлі саласында кездеседі десек өтірік емес. Жақында БАҚ өкілдеріне «қазақша сөйлеуден принципиально бас тартамын» деп өктемсіген Алматы қалалық ІІД жол полициясы басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Мұқан Досымбаев көпшілікке қазақ тіліне қарсы шыққан азамат ретінде танымал болған-тұғын. «Қазақша берген сұрағыңызға қазақша да, орысша да жауап бермеймін. Сұрақты орысша қойыңыз, орысша жауап беремін. Принципиально казакша бермеймін» деген полиция полковнигі құқық қорғау саласындағылардың бет-пердесін ашып берген сияқты. Мемлекеттік тілде сөйлеуді ар санайтын, одан принципті түрде бас тартып, мемлекеттік тілді дамытуға күш салып отырған Елбасының елдік саясатына анық қарсылық танытқан жоғары лауазымды полицейдің осы күнге дейін мемлекеттік қызмет атқарып отырғаны қоғамда түсінбестік пен наразылық туғызуда. Бір таңданарлығы, Ішкі істер министрінің орынбасары Амантай Күреңбаевтың айтуынша, ішкі істер ведомствасында жүргізілген істің 91 пайызы қазақша, ал қызметкерлердің 90 пайызы мемлекеттік тілде сайрап тұр. Әлгіндей мысалдан кейін бұл көрсеткішке сену қаншалықты қисынға келер екен?! Министрдің орынбасары: «Қазақ тіліне қырын қараған полиция полковнигіне қандай да бір шара қолданатын боламыз» десе де, білуімізше, әзірге ол өз орнында отырғанға ұқсайды.

Осындайда еске түседі, қайбір жылы Эс­тонияның полиция қызметкерлері көлік жүргізушілермен тек мемлекеттік тіл – эстон тілінде тіл қатысуға көшкен еді. Сол кезде жергілікті орыстілділер өз құқығының шектеліп жатқандығын айтып, біраз бай­баламдатқан. Бірақ та мемлекеттік тілдің мәртебесіне аса көңіл бөлген эстондықтар орыстілділердің дегеніне көне қойған жоқ. Қайта керісінше орыс тілімен күресті күннен-күнге үдете түсуде. Ол ол ма, Эстонияда дәрігерлер де медицинаның көмегіне мұқтаж жандарды тек эстон тілінде ғана қабылдап, емдеуге көшкенін естіген едік. Бұл эстон ұлтының өз тіліне деген жоғары құрметін аңғартса керек.

Латвияда бар-жоғы 2 млн. адам бар, ал бiзде 16 млн.-нан астам халық өмiр сүредi. Соған қарамастан латыштар елдегi орыс мектептерiн латыш тiлiне көшiруге белсене кiрiсiп кеткен. Олар орыс тiлiне – мемлекеттiк мәртебе беруге ұмтылғандардың әрекетiне назар аударар емес. Себебi латыш ұлты – өз ұстанымынан танбайтын қайсар халық. Ал бiздiң кейбiр қазақтар өз ана тiлi – қазақ тiлiнде сөйлеуге арланып жүр…

17.11.2011

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ