Жаңалықтар

РЕСЕЙ ТӘЖІКТЕРГЕ ТІСІН БАТЫРДЫ

ашық дереккөзі

РЕСЕЙ ТӘЖІКТЕРГЕ ТІСІН БАТЫРДЫ

Соңғы кезде Ресей еңбек мигранттарына деген тәртiптi күшейте түсуде. Әсiресе бүгiнде Мәскеуге нәпақа iздеп келушiлердiң қатарында тәжiк ұлтының өкiлдерi көп. Оларға басқа алыс-жақын елдерден гөрi, Ресейге барған тиiмдiрек көрiнедi. Өйткенi мұндағы жергiлiктi тұрғындар қара жұмыстың көбiн сырттан келгендердi жалдап iстетедi.

Жыл сайын Тәжікстанның 1 млн.-ға жуық тұрғыны Ресейге ағылады екен. Ал мигранттардың есебінен өз еліне жылына шамамен 2 млрд. АҚШ доллары түсіп отырады. Қазір Ресейдегі тәжік азаматтары орыс ұлтының қыздарына үйленіп, отбасы құрып жатыр деген де ақпарат бар. Алайда бұдан былай Ресей шекарасын ерсілі-қарсылы ойқастаған тәжіктерге бақылау қатаңдатыла бас­тады. Естеріңізге сала кетсек, наурыз айында Rolkan Investments Ltd. әуекомпаниясының ұшқыштары Владимир Садовничий (Ресей) мен Алексей Руденко (Эстония) Тәжікстан шекарасын заңсыз қиып өткені және контрабандалық әрекетке барғаны үшін қамауға алынған болатын. Олар Ауғанстаннан ұшып келе жатып, Қорған Төбеге мәжбүрлі түрде қонуға рұқсат сұрап, қонбақ болған. Бірақ қону алаңына жақындағанда кейбір құжаттардың жетіспеуіне байланысты рұқсат берілмесе де, Руденко мен Садовничий өз дегеніне қол жеткізеді. Тәжік ұлттық қауіпсіздік қызметкерлері оларды дереу қолға түсіріп, ресми түрде айып тағады. Ұшқыштар 8 қараша күнгі сот отырысының шешімі бойынша 8 жарым жылға бас бостандығынан айрылды. Бұдан соң ресейлік билік Мәскеуден нанын тауып жүрген тәжік азаматтарына азуын батыра түскен сияқты. Осы бір-екі күндікте ғана Мәскеудің миграциялық полициясы 300-ге жуық Тәжікстан азаматын қамауға алып, түгелдей елдеріне қайтаруға құлшынып отырғанын хабарлады. Федералды миграция қызметінің пікірінше, жүргізілген рейд нәтижесінде 297 тәжік азаматы миграция тәртібін өрескел түрде бұзған. «Бұл жазалау шаралары ресейлік ұшқыш Владимир Садовничийге түрме жазасын кескен Тәжікстанның сот шешіміне қарсы ұйымдастырылып жатқан жоқ. Бұл жыл сайынғы жаңа жылдың қарсаңында тұрақты түрде жүргізілетін рейд. Мұнымен қоса тәжіктер Орталық Азияның басқа елдерімен салыстырғанда қылмысты көбірек жасайды», – дейді Федералды миграция қызметінің басшысы Константин Ромодановский. Кейбір ақпарат көздерінің жазуынша, тәжіктерді елден аластатуға Ресей президенті Дмит­рий Медведевтің өзі бұйрық бергенге ұқ­сайды. Ал Тәжікстан билігі: «Тәжік миг­ранттары ресейлік саясаттың қуыршағына айна­лып отыр. Шындығын айтқанда, ре­сейлік билік ұшқыштар ісі арқылы Душанбеге қысым көрсетуде. Бұл онсыз да жағдайы мүшкіл тәжік халқын титықтатып жіберді», – деген мәлімдеме жасауда. Тіпті Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон Ресеймен арадағы стратегиялық байланыс бұ­зылмас үшін бұл дауды қадағалауды өз мойнына алыпты. Өйткені Ресейдегі 1 млн.-ға жуық тәжік мигранттарының тағдырына алаңдаушылықтың тууы заңды да. Тағы бір түйткіл – Ресей енді Тәжікстанмен арадағы виза режимдерін қайта қарауға көшетінін ескертіп қалды.

Ресей президенті Д.Медведев: «Федералды миграция қызметі өз жұмысын істеп жатыр. Егер олар заңсыз түрде қылмыс іс­теп жүргендерді елден аластататын ше­шім шығарса, солай болғаны да. Мұндай жағ­дайлар екі елдің арасындағы байланысына әсер етпеуі мүмкін емес. Осы жағын тәжік­стандықтар естісе екен…», – деді.

Ал Қырғыз Үкіметінің ресми мәліметіне қарағанда, елден биыл жұмыс іздеп 30 мыңдай адам Ресей асқан. Алайда елдің Еңбек және иммиграция министрлігінің мәліметіне қарағанда, шын мәнінде олардың саны одан үш есеге жоғары. Қыс түссе де, қазір ел астанасының те­міржол бекетінде Ресейге аттанушылар оралғандардан әлдеқайда көп. «Демографиялық дағдарысқа ұшыраған Ресей үшін, Орталық Азиядан жеткен миллиондаған адам экономикалық жағынан тиімді», – дейді сарапшылар. Ал Берлин институты мамандарының есебіне қарағанда, Орта Азия мемлекеттерінде халық саны келешекте арта бермек. Соған сәйкес, Ресейде бұл аймақтан барған мигранттар саны көбейетін сияқты.

17.11.2011

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ