ЗАМАНЫНА ҚАРАЙ ТАЛАБЫ
ЗАМАНЫНА ҚАРАЙ ТАЛАБЫ
Алдағы 5-10 жылда Қазақстанды өндiрiсi дамыған, iшкi нарықта өзiн-өзi отандық тауарлармен қамтамасыз ете алатын елге айналдыруды көздейтiн Үдемелi индустриалды-инновациялық бағдарламаның толық орындалуы Индустрияландыру картасына тiкелей байланысты. Сондықтан да бұл құжаттың ел дамуындағы маңызы ерекше.
Индустрияландыру картасы уақыт өткен сайын жаңартылып, толықтырылып отырады. Былтыр Индустрия және жаңа технологиялар министрлігіндегі салалық жиналыста Әсет Исекешев бұл картада шамамен 500-дей жоба болады деген еді. Бірақ дәл сол кезде енгізілген жобалар саны 224-ке енді жеткен болатын.
Алғаш жарияланған кезде онда 237 жоба ғана белгіленсе, биыл олардың саны 294-ке жетті. Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің мәліметіне жүгінсек, жобалар саны жылдан-жылға арта береді.
Ал қазіргі таңда Қазақстан Индустрияландыру картасына 469 жоба енгізілген. Барлық шығыны шамамен 8,3 трлн. теңгені құрайды. Есесіне, осы жобалар аясында елде 141 мың тұрақты, сондай-ақ 167 мың уақытша жұмыс орны ашылады.
Бұл жөнінде Атом технологиялар паркінің президенті Абзал Құсаинов: «Біз құрылыс саласына, Тұрғын үй-коммуналды кешеніне, мұнай-газ саласына, теміржол көлігіне және медициналық өнеркәсіпке қажетті өнімдерді ұсынамыз. Біздің технопаркте шығарылған өнімдер отандық компанияларды импорттық өнімдерден тәуелділіктен құтқарады. Сапасы жөнінен біздің өнімдеріміз импорттық өнімдерден әлдеқайда артық. Қазақстан Индустрияландыру картасы дегеніміз – 8 триллион теңгенің 469 жобасы. Бекзат бағдарламаны жүзеге асыру былтыр басталды. Алғашқы екі сатысында елімізде 152 өндіріс ошағы құрылды. 24 мың қазақстандық жұмысқа тұрды», – деді.
Индустрия және жаңа технология министрлігі Индустрияландыру картасы бойынша атқарылған жұмыстарға ай сайын бақылау жүргізіп отыр. Республикалық картадан бөлек, әр аймақтың өзіндік Индустрияландыру картасы бар.
Қыркүйек айында Әсет Исекешев: «Осы мемлекеттік бағдарлама аясында негізгі бағыттары бойынша жоспарланған жұмыстар ойдағыдай орындалып жатыр, тек екі мәселе әлі шешімін тапқан жоқ», – деп мәлімдеді. «Оның бірі – мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардың мемлекеттік сатып алу шаралары кезінде қазақстандық компаниялардың үлес саны әлі де аздық етеді. Екіншісі, экспортқа шығарылатын өнімдер ішінде шикізаттық емес өнімдердің үлесін арттыру әлі жүзеге асқан жоқ». Министр мұның себебін әлемдік нарықта соңғы жылдары мұнай мен газ бағасының қымбат болуымен түсіндіреді.
Соңғы бір жылда республиканың макроэкономикалық көрсеткіштерінің едәуір жақсаруына үдемелі индустриалды-инновациялық бағдарлама әжептәуір ықпал етті.
Осы бағдарлама басталғалы 1,5 жылда республикада Индустрияландыру картасы бойынша 227 жоба жүзеге асырылды. Жобалардың жалпы құны 914 млрд. теңгеге жеткен. Осы кәсіпорындарда 29 мыңнан астам адам жұмысқа орналасты.
Мұның бәрі отандық экономикаға айтарлықтай серпін берді.
2009 жылы Карта аясында 500 млрд. теңгеден астам қаржы игерілген, 2010 жылы 800 млрд. теңге жұмсалды, ал биыл Карта аясындағы жобаларға бюджеттен 1,3 трлн. теңге бөлінген.
Жалпы, былтыр Индустрияландыру картасы бойынша 152 жоба жүзеге асырылған. Олардың 30-ы межеленген қуаты бойынша жұмыс істеп жатыр. Барлығы 23 мың тұрақты жұмыс орны ашылған. Былтыр іске қосылған жобалар бойынша 100 млрд. теңгеден астам қаржының тауары шығарылып, қызмет көрсетілген.
Әсет Исекешевтің айтуынша, биылғы жылы бағдарлама аясында 144 жоба жоспарланған еді. Бірінші жартыжылдықта 71 инновациялық жоба, ал екінші жартыжылдықта 73 инновациялық жоба жүзеге асырылады деп көрсетілген.
Ал биылғы жылдың бірінші жартысында 75 жоба жүзеге асырылған, ол үшін 114 млрд. теңге жұмсалған. 6 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылды.
2011 жылдың екінші жартысында 129 жобаны іске қосу жоспарланған еді. Олардың жалпы құны 617 млрд. теңге. Оларда жаңадан 14,5 мың жұмыс орны ашылады. Бұл жұмыстардың қаалй орындалғаны жайлы есепті Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі желтоқсан айында жарияламақ.
Елдің Индустрияландыру картасының толықтай жүзеге асуы үшін экономиканың әр саласына инвестициялар тарту қажет. Вице-премьер әрі индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев елдің инвестициялық имиджін жақсартуды көздейтін шаралар тоқтаусыз жүргізілетінін мәлімдеген еді. «Kaznex Invest» компаниясының құрылуы – осы бағытта атқарылған жұмыстардың бірі. Бұл компания бір мезгілде 10 мың шетелдік инвестормен жұмыс істей алады. Шілде айында Әсет Исекешев бұл осы компания арқылы 7 млрд. доллардан астам инвестиция тарту жөнінде келісім жасалып, 200-дей инвестициялық жоба аясында жұмыс жүргізіліп жатқанын айтқан болатын.
2010 жылдың 9 айында республикаға 13 млрд. доллардан асатын шетелдік тікелей инвестиция тартылған. Ал биылғы жылдың басынан бастап алты айда Қазақстан экономикасына 10 млрд. АҚШ долларынан астам инвестиция құйылған.
Қыркүйек айында Үкіметте Инвестицияларды тартуға байланысты Ұлттық жоспар қаралды. Бұл жоспар инвесторларға арналған заңдардың тұрақтылығына, оларға арнайы жеңілдіктер жасалатындығына кепілдік береді.
Әсет Исекешовтің айтуынша, Қазақстанның экономикасына инвестиция құюға ынтасы да, қауқары да жоғары 20 мемлекеттің тізімі жасалды. Оларға қоса 140-қа жуық ірі трансұлттық корпорациялар инвестиция құюға ынталы.
Осыған орай, «Kaznex Invest» компаниясы мен Ұлтық жоспарда Қазақстанға инвестиция салатын әр ел, әр компанияға қатысты нақты шаралар жоспарланған.
Осы орайда, Нұрсұлтан Назарбаев инвестиция көлемін арттыру үшін республиканың көлік дәлізі болу қабілетін кеңінен пайдалану керектігін атап көрсетті. Көлік дәліздерін дамыту бойынша аймақтық, мемлекетаралық ынтымақтастықты, әсіресе интеграциялық келісім аясында белсенді дамыту қажет.
Индустрияландыру картасының іргесі ел экономикасының қажетіне орай әлі де кеңейе беруі мүмкін. Әйтсе де, Әсет Исекешев айтқан 500-дей нысан толық қуатымен жұмыс істеп, отандық тауарлар шығара бастаса, ұлттық экономиканың бәсекелестік қауқарының артуына соның өзі жеткілікті болар еді.
Көлбай ЖЕҢIС