ҚЫРҒЫЗДЫҢ ҮРЕЙIН АЛҒАН
ҚЫРҒЫЗДЫҢ ҮРЕЙIН АЛҒАН
Қырғыз Республикасының сайлауларды және референдумдарды өткiзу бойынша Орталық комиссиясы 12 қарашада 30 қазандағы президенттiк сайлауды заңды өттi деп есептеп, Алмазбек Атамбаевты ресми түрде Қырғыз Республикасының Президентi деп таныған қаулы шығарды. 15 қарашада Қырғызстанның қазiргi президентi жаңа президенттiң салтанатты жағдайда iске кiрiсу күнiн (инаугурация) 1 желтоқсан деп белгiлеген жарлыққа қол қойды.
Жаңа президент – Алмазбек Атамбаев Қырғызстанның Конституциясында көрсетілгендей, жаңа жылдың бірінші күнінде емес, желтоқсанда қызметіне кіріспекші. Сірә, Роза Исақовна мен Алмазбек Шаршенович өздері өлкеде бір мезгілде екі президент болып қалмауы үшін осылай шешсе керек. Қазір, алдын ала қарастырылғандай, Алмазбек Атамбаев 14 қарашада өзінің премьер-министрлік қызметіне қайта оралды. Ал Роза Отынбаева қарашаның аяғына дейін АҚШ-қа, Нью-Йоркқа барып келмекші. Бұл – кәсіби дипломат айымның мемлекеттік деңгейдегі іс-сапары ма, әлде болашақтағы қызметіне байланысты ма, тап басып айту қиын. «Көзді моншақтың жерде қалмайтыны» анық. Роза Исақовна қандай лауазымды қызметке болса да өзінің лайықты екенін дүйім жұртқа таныта алды.
Тараз қаласындағы лаңкестердің жасаған әрекеттері қырғызстандықтардың да тынышын алуда. Өйткені мұндай жағдайларды қырғыз бауырлар әлденеше рет бастарынан кешірген. Дүйсенбі күні осыған орай Үкіметтің шұғыл жиналысы өткізіліп, Ұлттық қауіпсіздіктің мемлекеттік комитетіне Қырғызстанда діни экстремизмге және лаңкестікке қарсы күресті күшейту, көрші мемлекеттердегі әріптестерімен тығыз байланыс орнатып, әрекет ету мәселелері тапсырылды.
11 қарашада Қырғызстанның бас прокуратурасы Бішкек жылу-электрлік орталығына Қазақстанның Құланды кенінен радиоактивті көмірдің алып келу фактiсiне байланысты қылмыстық іс қозғады. Қазір тергеу амалдары жүргізілуде 8500 тонна радиоактивті көмір қыркүйек айында алынып келінген. Оның гамма сәулесі қалыпты жағдайдан 9 есе көп болып шыққан. Еске сала кетсек, қыркүйек айында шекара бекетінің қырғыз тарапында радиоактивтілікті тексеретін арнайы жабдықтар болмаған. Жабдықтар осы қараша айының басында ғана орнатылды. 11 қарашаға қараған түні Қазақстаннан келе жатқан тағы 25 вагон көмір кеден бекетінен кері қайтарылды. Көмірдің радиоактивтілігі жөніндегі жағымсыз жайтты 26 қазанда депутат Райқан Төлегенов Жоғарғы Кеңештің мінберінен айтып, дабыл көтерген болатын. Қырғыз елінде адам денсаулығына айрықша көңіл аударыла бастағаны мәлім.
Қырғызстанның денсаулық сақтау министрлігі тойханаларға, қоғамдық тамақтану орындарына той иелерінің не ас берген кісілердің үйлерінен тағам әзірлеп келуіне тыйым салған бұйрық шығарды. Бұл шешім 7 қазан күні Бішкек қаласындағы «Арал» деген дәмханада ас ішкен адамдар жаппай улануға ұшырағанына байланысты қабыл алынды. Қайтыс болған кісінің асына шақырылған 150 адамның жартысы сол күні және ертеңінде іштері түйіліп, жұқпалы аурулар емханасына жатқызылған. Дәрігерлердің білікті жәрдемінің арқасында, бақытқа орай, кісі өлімі болған жоқ. Алдын ала шығарылған мәліметке қарағанда, қонақтар үйден дайындалған салаттан уланған. Қырғызстанда сиырдың аусыл індеті де көбейіп тұр. Үкімет оған қарсы күрестің жолдарын талқылаған арнайы кеңес өткізді. Ауылшаруашылық министрі Төреғұл Бековтiң мәліметіне қарағанда, аусыл індеті 13 қыркүйекте Шу облысының Жайыл ауданының Ақ-Башат ауылында басталып, республикаға жайылып кеткен. Бүгінгі күндері Шу облысының барлық аудандарында, Ыстықкөл облысының екі, Нарын облысының екі, Жалалабад облысының екі ауданында бұл ауру тіркелген. Жыл басынан бері 2 млн. 313 мың 634 ірі қара және ұсақ малға ауруға қарсы вакцина салынса да, осындай жағдай орын алып отыр.
Қырғыз билігі көліктерге нөмір берудегі сыбайлас жемқорлықтың да жолын кесті. Жеңіл машиналардың біртекті сандағы нөмірлері жең ұшынан жалғасып, сатылып алынатыны кімге болса да мәлім. Мысалы В1111В, В7777В, А7777Е ж.б. Қырғыз үкіметі мұндай «блатной» нөмірлерді беруді заңдастырды. Бұл үрдіс 9 қарашада басталды. Қырғызстанның мемлекеттік тіркеу қызметінің көліктерді және жүргізушілерді тіркеу департаментінің мәліметіне қарағанда, бір күннің ішінде аукционға қойылған 33 ерекше мемлекеттік нөмір саудаланған. 0001 (АЕ) нөмірі 70 мың сомға, 7777 нөмірлері 60 мың сомға, 5555 нөмірлері 14 мың сомға, 8888 нөмірлері 50 мың сомға бағаланып сатылған. Негізі, қарапайым нөмір 2 мың сом тұрады. Бұл бастаманы бір жарым ай бұрын Жоғарғы Кеңеште оның төрағасы Ақматбек Келдібеков көтерген еді. «Нөмірлерінің орнына мейлі аттарын жазып қойсын, әйтеуір бюджетке ақша түссін», – деп ол депутаттарды бір күлдіріп алған.
Назарбек БАЙЖIГIТОВ,«Түркiстанның» Қырғызстандағы
меншiктi тiлшiсi
17.11.2011