«КӨКТАЛДА» – ҰРЫСТА ТҰРЫС ЖОҚ
«КӨКТАЛДА» – ҰРЫСТА ТҰРЫС ЖОҚ
Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрi Әдiлбек Жақсыбеков Құрлық әскерлерiндегi қорытынды сынақтар барысын бақылады.
«Көктал» оқу полигонында Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы генерал-лейтенант Мұрат Мәйкеевтің жетекшілігімен әскер түрі басшылық құрамының төрт күндік оқу-әдістемелік жиыны өтті. Жиынның мақсаты жедел және жауынгерлік әзірлікті заманауи талаптарға сәйкес одан әрі жетілдіру және жүргізу болып табылады.
Бүгінде Құрлық әскерлерінің жауынгерлік дайындығы ел қауіпсіздігін қамтамасыз ететін тапсырмаларды шешуге кепіл болады. Бұл жерде негізгі күш елді мекендердегі, далалық және таулы жерлердегі заңсыз қарулы құрылымдардың көзін жоюға жұмылдырады.
Қорғаныс министрі сынақтардың қорытындысы шығарылған күні роталық-тактикалық жаттығулардағы тәжірибелік сабақтарды бақылады. «Көктал» полигонында мотоатқыштардан, аэроұтқыр және артиллериялық бөлімшелерден құралған роталық тактикалық топ армиялық авиацияның қолдауымен таулы аймақты қорғап, шартты лаңкестер құрамын қоршауға алып, олардың көзін жойды.
Жаттығуларды өткізу барысында жауынгерлік реттілікке, ату жүйесіне, аймақтағы инженерлік құрылғыларды сауатты пайдалануға, сондай-ақ жауынгерлік қимылдарға айрықша мән берілді.
– Әскери қызметшілер жоспарлау және күштерді қолдануда жақсы тәжірибе алды, – деп атап өтті Қорғаныс министрі. – Қалада және таулы аймақта ұрыс жүргізудің өзіндік қиыншылықтары бар. Бұл жауынгерлерден тәжірибе мен әртүрлі әдістерді талап етеді.
Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков жеке құрамның тактикалық тәжірибелерін дәлелдеген жаттығудың қорытындысына қанағаттанатындығын жеткізді.
Аталған жаттығу әлемдік жетекші державалардың жауынгерлік іс-қимылдары мен шетелдік армиялардың жауынгерлік дайындығына терең талдау жүргізе отырып өткізілді. Құрлық әскерлерінің басшылығы атап өткендей, математикалық модельдеу жүргізіліп, қашықтық және оқ-дәрілердің саны есептелді.
Жиынның маңызды бағыты ретінде бөлім командирлері мен олардың орынбасарларының кәсіби біліктілігін тексеру болғанын атап өткен жөн. Құрлық әскерлерінің басшылық құрамы тактикалық және арнайы тактикалық дайындық бойынша сынақ тапсырды. Денешынықтыру бойынша да офицерлер өз нормативтерін бағындыра алды.
Ағымдағы жылдың қорытындысы шығарылып, жеңімпаздар анықталды. Үздіктер мақтау грамоталарымен, алғыстармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.
Жедел-әдістемелік жиын Қорғаныс министрінің 2012 жылдың тапсырмаларын айқындауымен аяқталды.
– Сіздерді жиынның сәтті аяқталуымен құттықтаймын, – деді Қорғаныс министрі. – Сіздер де жауынгерлік оқу нәтижесіне, әскери тәртіп, қару-жарақ пен әскери техниканың, бір сөзбен айтқанда, Қарулы Күштердің жауынгерлік қабілетіне қатысты терең түсінік қалыптасты деп ойлаймын.
10.11.2011 Оксана ПАРПУРА