Жаңалықтар

ТҮРКIСТАН ЛЕГИОНЫНЫҢ АҚИҚАТЫ

ашық дереккөзі

ТҮРКIСТАН ЛЕГИОНЫНЫҢ АҚИҚАТЫ

6. СОҒЫС ЕСТЕЛІКТЕРІН ЖАЗУ

Регинамен қарым-қатынасы жаңаша сипат алып, тамыр жайған күндерде Дағшы соғыс туралы естеліктерін «Садық Тұранның естеліктері» атты роман түрінде жаза бастады. Бұл шығарманы қырым татарларының тілінде жазды.

Осы тұста Дағшының өз естеліктерін неге естелік ретінде емес, роман түрінде жаза бастағаны туралы сауал туындайды. Жасаған зерттеулеріміз бойынша мұның екі себебі болса керек деген қорытындыға келдік. Біріншіден, бұған саяси тұрғыдан алаңдаушылық себеп болуы тиіс. Жазылған жайттарға байланысты немістердің немесе кеңестердің қитығына тиюден қауіптенген Дағшы осындай жолды таңдаған болуы мүмкін. Өйткені романды бастаған кезеңде немістердің әйтеуір жеңіліске ұшырайтындығы анық болғанына қарамастан, соғыс әлі аяқтала қоймаған еді. Соғыстан кейін қалыптасатын жаңа әлемнің қандай сипат алатындығы да әлі беймәлім болатын. Сондай-ақ Дағшы туып-өскен кеңестер аймағында тарихи шындықтарды әдеби шығармалар арқылы жеткізу дәстүрі болғандығын да ұмытпаған жөн. Дағшы да осы дәстүрге сәйкес өз басынан өткен оқиғаларды бір әдеби шығарма, бір роман арқылы баяндағысы келген болса керек.

Сол секілді Дағшының соғыс туралы естеліктерін арқау еткен «Сұрапыл жылдар», «Жұртын жоғалтқан жан» және «Біз бұл жолды бірге жүріп өттік» романдарында «фашист» сөзі еш жерде кездеспейді. «Коммунизм» мен «большевизм» сөздері де өте сирек қолданылады. Сондай-ақ шығармада Түркістан легионы мен «Милли Түркістан» журналында қызмет атқарған тұлғалардың ешбірінің есімі аталмайды. Орайы келген тұстарда лақап аттар қолданылған. Мысалы, тұтқын лагерлерін аралап көрген Түркістанның ірі қоғам қайраткері, көшбасшысы Мұстафа Шоқайдың аты Тоқай мырза деп көрсетіледі.

Дағшының өз естеліктерін бір естелік шығарма орнына, роман ретінде жазуының екінші бір маңызды себебі – оның жазушылық табиғаты мен роман жазуға деген ықыласында жатса керек. Дағшы бұл ынта-ықыласын «Сұрапыл жылдар» романында: «Бала кезімде ақын болғым келген еді… Бір күні менің талабымды тебірентіп, ықыласымды оятқан бір роман оқығаннан кейін жазушы-прозаик болуға ынтам ауды. «Ақ қанішер» деген әңгіме жазғым келді. Бірақ өкінішке орай, әлі ішкі дүнием бұған дайын емес екен, әңгіменің тек атын ғана жазумен шектелдім» деген сөздермен баяндайды. Дағшының өзіне үлкен әсер қалдырды деп көрсеткен романы – 1940 жылы оқыған Достоевскийдің бір романы болатын.

Дағшының поэзиядан прозаға ден қоюына Қырымның ұлттық ақын-жазушысы Зияддин Жаутөбеллиннің осы тұрғыдағы кеңестері де ықпал еткен. Ол «Өрт» деген әңгіме жазады. Зерттеуші Шахин де атап көрсеткендей, Дағшының 1937-1940 жылдары жарияланған шығармалары әдеби тұрғыдан кемшін болуы­на қарамастан, соғыстан кейінгі еңбектері үшін мәні зор тәжірибе болған.

Дағшы романын жазушылық ынтамен бастағанын «Сұрапыл жылдар» романында мына сөздермен баяндайды: «Қазір еркіндік көкжиегіне жақындаған сайын осы «Естеліктер» ертегісін ұзартып, соза бергім келеді. Сенде жазушылыққа деген қызығушылық әлі бар ма? Ұзақ айтып іш пыстыратынымды білемін, бірақ одан қандай зиян келеді? Бұл хикая жақсы көретін жандарым мен өзіме ғана тиесілі емес пе?!».

Дағшының естіліктерін роман түрінде жазуында оның соғыстың соңына таман Берлинде «Милли Түркістан» журналының әдеби бөлімінде жұмыс істеуінің де өзіндік үлесі болғаны даусыз.

Немістердің жеңіліске ұшырайтындығы белгілі болып, соғыстың тағдыры шешіле бастаған кезде Дағшы өзін бос бір кеңістікте қалғандай сезінді. Бұл сезім оны қинай бас­тады. Осы қасіретті жеңгісі келген Дағшы өзінің жастық шағында қызығып, әуестенген нәрсесіне, яғни роман жазуға ден қойды. «Жұртын жоғалтқан жан» романында бұл сезімін «… қармап ұстар жерім де, шыдас берер төзімім де қалған жоқ. Қазір өмірім өмір емес, қиялым қиял еместей! Кейде өзімді теңіздің терең тұңғиығында қалып кеткендей сезінемін. Әлемде бұл сезімді сезінетін басқа жан бар ма екен, сірә? Бәлкім естеліктерімді жаздырып жатқан да осы сезімнен шеккен азабым болар» деп білдіреді.

Қалай болғанда да, Дағшының өз естеліктерін роман түрінде жазуы ерекше мәнге ие. Өйткені бұл романдар ІІ дүниежүзілік соғыс кезіндегі түркі текті әскерлердің ішкі ой-сезімін осы күндерге жеткізген жалғыз дереккөз іспетті. Дағшы естеліктерін роман түрінде жазуы арқылы Гитлер мен Сталин секілді әлемнің ең қанқұйлы екі диктаторының қанды уысына түскен жандардың ішкі жан дүниесін аласапыран еткен ой-сезім дауылдарын біршама болса да тарих беттеріне өрнектеуге тырысқан. Ол осы арқылы өзінің шебер жазушы екенін де дәлелдеді. Әдебиет зерттеушісі Орхан Сөйлемез Дағшының «Сұрапыл жылдар» мен «Жұртын жоғалтқан жан» романдарында баяндалған оқиғалардың құрғақ тарихи мағлұматтар емес, сол кезеңді бастан өткергендердің ой-сезімдерін, бойларын билеген үрейлерін, көзқарастарын нақты көрсете білген шығармалар екендігін атап көрсетеді.

Дағшының кейіннен жазған романдарының тек екеуі ғана соғыс туралы естеліктеріне арналған. Алғашқы романы «Сұрапыл жылдар» мен «Жұртын жоғалтқан жан» деген аттармен, екі том түрінде 1956 жылы Ыстамбұлда жарық көрді. Екінші романы осыдан дәл 40 жыл өткеннен кейін, 1996 жылы Ыстамбұлда «Біз бұл жолды бірге жүріп өттік» деген атпен жарияланды. Бірінші романның кейіпкері, яғни Шыңғыс Дағшыны бейнелеген кейіпкердің есімі – Садық Тұран болса, ал екінші романындағы кейіпкер – Исмаил Таулы болатын. Екінші романы Дағшының жанындай жақсы көретін адал да аяулы жары Регинаны дерт меңдеп жүрген кездерде қаламға алынған. «Сұрапыл жылдар» мен «Жұртын жоғалтқан жан» романдарында Дағшы ой-сезімдерін соғыс бітпей тұрып баяндаса, ал «Біз бұл жолды бірге жүріп өттік» романы соғыстан шамамен елу жыл өткеннен кейінгі Дағшының соғыстағы күндерімен және естеліктерімен есеп айырысуы секілді. Басқаша айтқанда, Садық Тұран соғыстың әлі ұмытыла қоймаған балғын сезімдерін, ал Исмаил Таулы болса, соғыстан елу жыл өткеннен кейін сол естеліктерді еске алғандағы ой-сезімдерін суреттейді. Сол себепті болса керек, Дағшы негізінде бірдей оқиғаларды екі басқа кейіпкер арқылы бейнелейді.

Дағшы алғашқы романын «Садық Тұранның естеліктері» деген атпен шамамен он жылда жазып бітірді. Бұл шығарма 1954 жылдың соңына қарай бітті. Осылайша бес жүз беттік көлемді еңбек дүниеге келді. Алайда Дағшы еңбегін аяқтағаннан кейін өзін терең құзда қалып кеткендей сезінді. Естеліктерінде осы сезімдерін баяндап жатқанда «Қолжазба нұсқа біткен кезде өзімді бір терең құз ішінде қалып қойғандай сезіндім. Өйткені жазылып біткен «Садық Тұранның естеліктері» сол уақытқа дейін ішімде бүгіп жатқан барша нәрсені, яғни үміт, сағыныш, арман-қиял атаулыны жан дүниемнен түгелдей көшіріп алып кеткендей болды. Алғашқы кездері романның қолжазба нұсқасын қайта-қайта оқып, оқыған сайын романның үйлесімді мәнерінің әсерімен айналамдағы барлық нәрсені ұмытып, жаным жай табатын. Алайда оқып бітірген кезде қайтадан өзімді шыңырау құзда қалып кеткендей сезінетінмін» деп жазады. Аталмыш туынды Яшар Набидың басшылығындағы «Варлык» баспасынан екі том түрінде жарық көреді. Шығарманың аты баспаның ұсынысымен өзгертіледі.

Дағшының өз кейіпкеріне Садық Тұран деп есім беруі кездейсоқтық емес, саналы түрде жасалған таңдау болатын. Зерттеуші Шахин Дағшының «Тұран» идеалына деген сеніміне «Садық Тұран», яғни «адал Тұран» деген атпен өлмес өмір сыйлауды мақсат тұтқанын білдіреді. Өйткені Дағшы Түркістан легионындағы күндерінде «мәңгілік өлке — Тұран» идеалына сенді, оған адал болды. Түркістан легионындағы жолдастары да Тұранға деген адалдықпен жандарын құрбан еткен-ді. Дағшы осылайша кейіпкеріне Садық Тұран деген есім беру арқылы қаза болған жолдастарының рухына да адал болғанын көрсетеді.

Онсыз да Дағшының бұл романды жазудағы басты мақсаты – соғыста қаза тапқан достарының есімдерін өшірмеу болатын. Сапар Аймерген де «Соңғы көпір» романының алғысөзінде «Мен жазушы емеспін. Қолыма қаламды роман жазу мақсатында алған жоқпын. Басымнан өткен, арада ұзақ жылдар өткеніне қарамастан есімнен кетпеген кейбір оқиғаларды Сіздерге, қымбатты оқырмандарға баяндауға шешім қабылдадым» дей келе романдарын осы мақсатта жазғанын білдіреді.

Дағшы романында өзінің тірі қалып, жолдастарының қаза тапқанына тоқтала келе былай дейді: «Олардың өмірлері менің өмірімнен де қымбат. Егер оларды тірілте алсам, бүкіл болмысыммен Умань тұтқын лагерінің сұмдық шыңырауында қалып қоюға да разы болар едім. Тек бар болғаны олар жер басып жүрсе, олар өмір сүрсе болды. Олар тірі жүрсе, жан дүнием теңіздердің түпсіз терең тұңғиығында да жай табар еді».

Дағшының пікірінше, отандары Түр­кістанның азаттығы үшін жандарын пида еткен жандар туралы естелікті Түр­кістанға жеткізу – соғыстан аман-сау шыққандардың қасиетті парызы болатын. Дағшы Түркістан легионында әскери тәлім алған түркістандық әскерлерге қарап ойға шомған Садық Тұранның сөзімен былай дейді: «Бәлкім елдерінің шекарасына жетпестен, көпшілігі жолда жан тапсырар. Бірақ ол түк емес қой! Барлығы Түркістан үшін жасалынып жатқан жоқ па?! Түркістан қайтадан өз қолымызға өтеді емес пе? Топырағы, тау-тасы, ауасы-суы, аспаны, мешіттері, барша жері біздікі болады ғой! Енді біз үшін тек қана екі қастерлі ұғым бар: «Түркістан» және «азаттық»! Осы жолда, осы қасиетті мұрат жолында қасық қанымыз қалғанша күресеміз. Осы асыл мұрат жолында қаза табатын ерлер қандай бақытты! Өйткені тірі қалғандар келешекте олар туралы естеліктерді аяулы отандарына жеткізетін болады. Бұл униформаларды осындай ойлармен киген едік». Неміс фашистерінің тұтқын лагерлерінде түрлі азап ішінде қаза болған жолдастарын еске алған Дағшы тағы да Садық Тұранның атынан «Ей, менің сүйікті, аяулы достарым! Сол қанды жолда қол ұстасып, өлімге бет алған күндеріңізде мен де сендермен бірге болатынмын. Туған елден жырақта, құс ұшып, керуен өтпейтін қиырларда тәтті жандарың тәндеріңді тас­тап ұшып кете барды. Осы жолдарды ақыл-ойым мен ішкі жан дүниемнен өшпес орын тапқан рухтарың берген күш-қуатпен жазып отырмын. Сендерді жас толған көздеріммен еске алып отырғанда бір тұманды перденің ар жағынан иманына кәміл сенген татар жас­тарын көргендей боламын. Иә, сендердің есімдерің жастардың жүрегінде мәңгі жасап, ұрпақтан ұрпаққа жалғасады. Татар деген атау өмір сүріп тұрғанда сендер де мәңгі жасайсыңдар», – дейді.

Соғыстан аман-сау оралғандардың Түр­кіс­тан легиондарының тағдыры туралы кеңес дәуірінде айтуы да, жазуы да мүмкін емес болатын. Олар туралы айтуға, жазуға тиым салынған еді. Бірақ Кеңес Одағы ыдырап, оның құрамындағы республика­лар өз тәуелсіздіктеріне қауышқаннан кейін сол қасіреттің көзі тірі куәгерлері есте­ліктерін қаламға ала бастады. Соған қа­рамастан халықтың басым бөлігі әлі де болса нақты шындықты біле бермейді. Түркістан легионерлерінің бірі болған Ғайпен Бейісов 2002 жылы Алматыда жариялаған «Тамұқтан өткен тағдыр» атты естеліктерінің алғысөзінде былай дейді: «Осы күнге дейін менің өз отандастарым менің кім екенімді білмейді. Олар менің не істегенімнен, басымнан нелер өткенінен бейхабар. Олардың бар білетіні тек қана ҰҚК-нің негізсіз таққан айыптаулары мен «сатқын» деген «атауымыз» болатын. Кеңестер Одағы менің түсініктемелерім мен мәлімдемелерімді қажетсінген жоқ. Мен басымнан өткен оқиғаларды тергеу хаттамаларына тіркете алмадым».

Дағшы үшін соғыстың соңында есте­ліктерін жазып бітіру – өмірінің ең маңызды міндеті болып табылатын. Мұны қалай да аяқтап шығуға белін бекем буған еді. Осы ойын «Жұртын жоғалтқан жан» романында мына сөздермен білдіреді: «… Мен өз әлемімде өмір сүріп жатқанда олар да менімен бірге өмір сүрулері тиіс еді. Күні ертең бұл дүниеден озарымды білсем, бірнеше жолмен болса да «Естеліктерімді» жазып бітіруге тырысар едім». Сол секілді «Сұрапыл жылдар» романында да: «Қаза тапқан қаһармандардың есімдерін өлгендер емес, тірілер асқақтатады. Жанымды жай таптырмаған ойымды жүзеге асырып, олардың рухтарына мәңгілік ескерткіш орнату үшін менің тірі қалуым керек» деген жолдар арқылы осы мақсатта өмір сүріп жатқанын білдіреді.

ІІ дүниежүзілік соғыс кезінде неміс фашистері басып алған Нидерландияның қуғындағы Білім министрі Лондон радиосынан халқына: «Нидерландия халқы неміс басқыншылығы кезінде шеккен қасіретін қағазға тізіп жазып, жинастырып, соғыстан кейін жариялаулары керек» деген үндеу тастаған болатын. Осы сөздер Амстердамда отбасымен бірге немістерден жасырынып жүрген он бес жасар Анне Франктың басынан өткергендерін күнделік етіп жазуына себеп болды. Соғыста қаза тапқан Франктың естеліктері кейінірек табылып, кітап болып басылды, көптеген тілге аударылды. Кітап Алманияда ешқандай кітап дүкенінің сөрелерінен орын алмаса да, жүз мыңдап сатылды. Тіпті сахнада қойылды.

Дағшының пікірінше, онымен тағдырлас жандар өз бастарынан өткерген соғыс қасіретін жазу мәселесіне неміс басқыншылығының ауыр зардабын тартқан адамдардан да артық ден қоюлары керек. Олар мұны жазуға міндетті. Өйткені олар тек Гитлердің ғана емес, сонымен қатар одан кем соқпайтын қатыгез диктатор Сталиннің де құрбандарына айналды. Олар әлем тарихындағы ең қанқұйлы екі диктатордың шеңгеліне бір мезгілде түсіп, үлкен бақытсыздыққа ұшырады.

Дағшының кітаптары түрік тілінен басқа тілде жарияланған емес. Бір-екі рет оның «Сұрапыл жылдар» мен «Олар да адам болатын» романдарын ағылшын тіліне аударуға ықылас білдіргендер болды. Бірақ бұл іс аяқсыз қалды. Алайда, 1974 жылы «Ындех» журналында «Олар да адам болатын» романынан ағылшын тілінде он беттік үзінді мен кипрлық ақын Осман Түркайдың Дағшымен өткізген сұхбаты жарық көрді. Аталмыш журнал Дағшыны оқырмандарына «кем дегенде Солженицынның деңгейіндегі үлкен жазушы» деп танытты.

Дағшы «Садық Тұранның естеліктері» романын бастапқыда қырым татарларының тілінде жазды. Аталмыш еңбектің алғашқы бөлімдерін соғыстың соңғы жылдарында жаза бастаған Дағшы Лондонға қоныстанғаннан кейін романды әрі қарай жалғастырды. Бірақ бұл оңайға түскен жоқ. Үреймен, алаңмен өткен жылдар өзін әбден қажытып, әлсіреткен болатын. Екі жол жазбастан қолынан қаламы түсіп кететін. Соғыстан бұрын Қырымда жүргендегі жазуға деген ынта-ықыласы есіне түсіп, көздеріне жас толатын. Осындай қиын сәттерде оның ең үлкен көмекшісі, әрі демеушісі – аяулы жары Регина болды. Оның өзіне жігер берген қолдауы арқылы романын жазуды жалғастырды. Осылайша романның басым бөлігі 1953 жылы жазылып бітті.

Бірақ сол жылы Дағшы романын түрік тілінде қайта жазуға шешім қабылдады. Оның мұндай шешім қабылдауына Түркиядағы танысы Зүхра Қарабаш себеп болды. 1949 жылға дейін түрік тілінде тіпті не бір кітап, не де бір газет оқымаған Дағшы Зүхра ханым жолдаған хаттар мен кітаптар арқылы түрік тілімен танысты. Бұдан кейін Дағшыға да романның түрік тілінде жарияланғаны жөн болар деген ой келді. 1953 жылы осы ойын жүзеге асыруға ден қойды. Бұл істі бір жарым жылда аяқтады. Сатып алған жазу машинкасымен шығармасын екі рет таза параққа көшіріп басып шықты.

Романның тілін, әрине, мінсіз деп айтуға келмейтін. Баспагер Яшар Наби Найыр романды басуға келісетіндіктерін білдірген хатында осы мәселеге де тоқталып, роман тілінде кейбір кемшіліктер мен өзгешеліктердің байқалатынын, сол себепті романның тіліне кейбір түзетулер жасалуы керектігін білдіреді. Найыр романның тілін қарап шығуды ақын-жазушы Зия Осман Сабаға тапсырады. Романның алғашқы томы болып саналатын «Сұрапыл жылдар» 1956 жылы желтоқсан айында, ал екінші томы «Жұртын жоғалтқан жан» болса, одан үш ай кейін жарық көрді. Дағшы өзіне жіберілген кітаптардан ол шығармалардағы кемшіліктердің өзі ойлағандай көп емес екенін көріп қуанды. Өйткені романның тілі онша өзгертілмепті. Дағшының айтуынша, Зия Осман Саба романның тіліне түзетулерді асқан шеберлікпен жасап, тіл тұрғысынан ешбір түзету жасамаған десе де болғандай еді. Оның сөзімен айтқанда, кітаптар тек қана «үтіктеліп» басылыпты.

Негізінде Дағшының қырым татарларының тілінде жазылған «Садық Тұранның естеліктері» романын қайта жазып шығуы дұрыс болды. Өйткені ол кезеңде қырым татарларының тілінде жазылған романды бастыру мүмкіншілігі жоқ болатын. Дағшы Кеңестер Одағында тиым салынған жан болғандықтан, оның романының Қырымда немесе қандай да бір Кеңес қаласында басылуына рұқсат берілмес еді. Шығармасын қырым татарларының тілінде Кеңес Одағынан тыс жерде бастыруға бекінсе де, оны сол тілде оқитын адамдардың саны саусақпен санарлықтай болатын. Сол себепті Дағшы романын жазып бітіргеннен кейін бұл туралы толқуларын былай деп баяндайды: «Алғашқыда романның қолжазба нұсқасын қайта-қайта оқып, әр оқыған сайын романның үйлесімді мәнерімен айналамдағы бар нәрсені ұмытып, жаным жай табатын. Алайда оқып бітірген кезде өзімді бос жерде қалғандай сезінетінмін. Бұл романның қолжазба нұсқасын өзімнен басқа кім оқиды? Сонда ешкім оқымай ма?». Дағшы осындай толқуларын кейде романдарында да тілге тиек етіп отырады. «Сұрапыл жылдар» романында былай дейді: «Бүгін кешкілік осы күнге дейін жазғандарымды оқып отырғанда мынадай ойға қалдым: «Бұларды кім үшін жазып отырмын? Бұл жазғандарым кімді қызықтырады? Ешкімді де! Бұларды ешкім оқымайды. Бұл жазылғандар ешкімді тебірентіп, толғандырмайды. Мұны жақсы білемін». Осыған ұқсас жолдарды «Жұртын жоғалтқан жан» романында да кездестіреміз. Мысалы, романның бір жерінде «Кейде осы жазып отырғандарымның өз естеліктерім екендігіне де күмән келтіремін. Бірақ мұның маңызы қанша? Оларды бәрібір ешкім оқымайды ғой…».

Дағшының оқырмандары негізінде Садық Тұранның атынан баяндалған оқиғаларды оның өз өмірбаяны деген ойда болған. Мұндай пікірдің белең алуына «Сұрапыл жылдар» романының алғашқы басылымына Яшар Наби қойған мына ескертпенің де үлесі аз болмаған: «Мен түркі тектімін, мұсылманмын және осында жазылғандардың барлығы шындық». Сондай-ақ Якуб Кадри Караосманоғлуның бір мақаласында «Сұрапыл жылдардағы» Садық Тұранның негізінде автордың өзі екендігін жазуы да осы пікірді күшейте түскен. Осы себепті Дағшыға «Сұрапыл жылдар» романы өмірбаяндық шығарма ма?» деген сауалдар жиі қойылатын. Дағшы бұл турасында берген бір жауабында романының қиялдан туған туынды еместігін, бірақ шын мәнінде өмірбаяндық шығарма болып та санала алмайтындығын, алайда ондағы шынайы оқиға үлесінің аз еместігін білдіреді. Тіпті бір жолы «Варлык» журналында роман кейіпкері Садық Тұран мен өзінің бір тұлға еместігін мәлімдейтін хатын жариялау­ына да тура келді. Бірақ соған қарамастан, түрік оқырмандар Шыңғыс Дағшы мен Садық Тұранды бір тұлға ретінде қабылдады, яғни олар үшін Шыңғыс Дағшы Садық Тұранның прототипі болатын.

Міне осы жайт, яғни Дағшының өмірі туралы мағлұматтардың негізінен оның өз романдарына сүйене отырып жиналуы – оның өмірбаяны туралы қателіктердің жіберілуіне себеп болды. Мұның басты себептерінің бірі – Дағшының сол кездерге дейін өз естеліктерін жазбағандығы еді. Ақырында, жұбайы Регина Дағшыны естеліктерін жазуға көндірді. Регина 1996 жылы «Сенің өзің туралы таңқаларлық нәрселер жазған, айтқан жандарға таңдануға құқың жоқ. Сен венециялық тақуа дипломат секілді өміріңде ешқашан өтірік айтқан жоқсың. Бірақ шындықты да толықтай ешкімге айтқан емессің» деп «Естеліктеріндегі Шыңғыс Дағшы» шығармасының жазылуына себеп болды. Осылайша, Дағшының романдарында баяндалған шынайы оқиғалар мен шығармашылық ой-қиял жемістерін бір-бірінен айыру мүмкіндігі туды.

Дағшы ешбір романында орыстарға деген дұшпандық пиғылды мақсат тұтпағанын білдіреді. 2001 жылы түрік журналисті Кемал Чарпазға берген сұхбатында: «Кейбір кісілер Шыңғыс Дағшыда орыстарға деген дұшпандық сезім бар дегенді айтады. Ал негізінде ондай нәрсе жоқ. Мен тек ақиқатты жаздым», – дейді. Расында да оның шығармаларында не немістерге, не орыстарға деген дұшпандық пиғылдағы сөздер ұшыраспайды. Керісінше, жазушы естеліктерінде әсіресе, орыстарға іш тартатындығын, оларға деген жақындық сезімі бар екендігін айтып өтеді. Мұны орыс мәдениетімен, орыс әдебиетімен сусындап өскендігімен түсіндіреді. Дағшы өз туындыларын саналы түрде, ал кейде өзі де байқамастан орыс әдебиетінің ықпалында қала отырып жазғанын білдіреді.

Сонымен қатар, Дағшы орыс империа­лизмінің шынайы жүзін дұшпандық пиғыл білдірместен, әдеби туындылар арқылы оқыр­манға жеткізгенін айтады. Оның ойынша, шығармаларында жазған мәселелерді өзінен бұрын орыс жазушыларының бұдан да әсерлі, әрі шебер түрде жазуы тиіс болатын. Мұның орыс халқына пайдасы болмаса, зияны тимес еді.

Дағшы өзі душар болған қасіретке байланыс­ты болса керек, фашистер мен большевиктерге деген өшпенділік, жек көрушілік сезімдерін шығармаларында өз атынан субъективті түрде бейнелемейді. Дағшы «Біз бұл жолды бірге жүріп өттік» атты шығармасында Исмаил Таулының атынан былай дейді «Еш нәрсені де жек көрмеуі тиіс. Ешбір нәрсеге лағынет айтпауы тиіс. Исмаил Таулы олардан өзге, ерекше жан емес болатын. Өмірде бастан өткерген барлық қиындықтарын, тұрмыс тауқыметін, сондай-ақ бақытты кезеңдерін басқалармен бірге бөліскен еді. «Мен шеккен азап – басқалардың да азабы болды. Бақытты сәттерім басқаларының да бақыты болды», – дейді іштей». Расында да, ол кітаптарында баяндалған соншама азап пен қасыретті бейне бір өзі бастан өткермегендей, соларды сырттай бақылаған бірі секілді суреттей алған. Бұл жайт оның шығармаларының әдеби деңгейін көтере түседі.

Әбдiуақап ҚАРА,

тарих ғылымдарының докторы, профессор

Стамбул қаласы