Жаңалықтар

ЖАҺАНДЫҚ ҚАЗАҚЫ ТЕЛЕАРНА ҚАЖЕТ

ашық дереккөзі

ЖАҺАНДЫҚ ҚАЗАҚЫ ТЕЛЕАРНА ҚАЖЕТ

Лондонға iссапардың сәтi түскенде алдымен ойға келгенi – ондағы қандастардың жағдайымен танысу, бiлiсу едi. Алматыдан аттанбай тұрып, Ұлыбританиядағы елшiлiкпен хабарластық, осындағы қандастардан бiраз дерек алдық, нәтижесiнде Лондондағы қазақ диаспорасының басшысы Исмаил аға Кесiжiмен сұхбат алуға келiстiк. Бiрақ кездесу мен келiсудiң «жыры» Лондонда да бiтпедi. Бағдарламамыздың тым тығыздығынан сұхбат алу уақыты мен мекенiн бiрнеше рет өзгертуге мәжбүр болдық. Бұған Исмаил аға түсiнiстiкпен қарап, әңгiмемiздi түнгi сағат 11-де (Алматы уақыты бойынша – тағы сағат 4-те) бастадық. Бiр жарым сағатқа созылған сұхбатымызға жырақтағы қандастардың қазiргi халi, тiл, дiл мәселесi, шетелдiк қандастарымыздың Қазақстанның сыртқы саясатында атқаратын рөлi, Отанға деген сағыныш пен сүйiспеншiлiк сезiмi арқау болды. Исмаил ағаның айтуынша, Батыс елдерiндегi қазақтардың 10 ұйымы бiр арнаға тоғысып, Еуропа Қазақтары Ассоциацияларының Федерациясын құрыпты. Сұхбат барысында Федерация тарапынан еуропалық қазақтардың, әсiресе, жастардың қазақы тәрбиемен сусындауына, Туған елге деген мақтаныш сезiмiн арттыруға ықпал ететiн жұмыстары да айтылды.

Федерация қазақтың басын қосады

– Исмаил аға, Лондонда қанша қазақ түтіні бар?

– Лондонға Түркиядан келген отбасылар саны – 45 тей. Қытай, Моңғолиядан келген қандастарымызбен бірге 60 тан асып жығыламыз. Бұл жерде тұрақты қоныс­танбағандарды, яғни Лондонға келіп-кетіп жүретіндерді қосып отырған жоқ­пын. Сондай-ақ, Британия азаматтарына тұрмысқа шыққан қазақ қыздары да бізбен араласып-құраласып тұрады. 4–5 жыл бұрын қазақтардың жалпы саны 250 болатын. Жыл сайын қатарымыз өсіп келеді. Оның үстіне, Лондондағы 3 мыңға жуық қазақ студенттерінің арасында қазақы тәрбиемен өскендерімен тығыз қарым-қатынастамыз. Айт күндері, Наурыз мерекесінде, басқа да қазаққа қатысты атаулы күндері бірге бас қосып, жиындар өткізіп тұрамыз. Бұл шара халықтың нақты санын білуге, ағылшын қоғамының жұмыстарын егжей-тегжейлі түсіндіруге, бір-бірімізбен етене танысуға сеп. Салауатты өмір салтын сақтауға мүмкіндік беретін түрлі спорттық ойындар жиі ұйымдастырылады.

– Британдықтарға тұрмысқа шыққан қазақ қыздары елімізден келген бе?

– Ия, британдықтарға күйеуге тиген қарындастарымыз. Олардың арасында бізбен белсене араласатындары көп.

– Еуропа Қазақтары Ассоциа­цияла­рының Федерациясы туралы айтып берсеңіз?

– 2003 жылы Федерация ресми түрде бекітілмей тұрып, Германияның Кёлн қала­сында тұратын Әбдірахман Четин деген ағамыздың басқаруымен Еуропа Қазақтарының Үйлестіру Кеңесі құрылған еді. Бірақ ол кісінің денсаулығы сыр бере бастағандықтан, 2005–2007 жылдары Париждегі Мехмет Зенгин деген ағайымыз ұйым тізгінін ұстады. 2008 жылы Ослодағы басқосуда тағы бір жүйе, ұйым құруға шешім қабылдап, оның жетекшілігіне Әбдулқайым Кесіжі сайланды. Дайындық жұмыстарына 1 жылға жуық уақыт жұмсалып, 2009 жылы ұйым Еуропа Қазақтары Ассоциацияларының Федерациясы атымен ресми түрде бекітілді.

– Ұйымның басты мақсаты не?

– Басты мақсат – жырақта жүрген қан­дастардың басын қосу. Бұған дейін әр қоғамдағы қазақтар өз бетінше әрекет етіп келді. Біз үшін Еуропа қазақтарының құрылтайларын өткізу де маңызды. Әр қоғамдағы қазақ проблемаларын айқындап, оны бірігіп шешуге күш саламыз. Әсіресе тіл, мәдениет саласына қатысты қиындықтарды шешуде бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарсақ деген ниетіміз бар. Тағы бір мәселе, Қазақстандағы Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы делінсе, біз ұйымдастыратын жиындар Кіші құрылтай аталып жүр. Сонда еуропалық қазақтардың үлкен құрылтайы да болғаны ма? Түсініксіз. Осы себепті, Еуропа қазақтарының құрылтайы деу керек.– Федерация жастар мәселесін қалай шешуде?

– Бүгінде жастарды қазақы тәрбиемен сусындату және бәсекелестікке төтеп беруге баулу да басты мақсаттардың бірінен. Яғни оларға түп-тегінің қазақ екенін ұмыттырмау. Негізі ата-бабасының қиын-қыстау кезеңдегі көшпенді өмірімен жақсы таныс еуропалық қазақ жастары жаңа өмірге тез әрі оңай бейімделуге қабілетті.

– Олардың нақты санын білесіз бе?

– Әр отбасында орташа есеппен алғанда, 2–3 жас бар десек болады. Ал жалпы демография мәселесіне келсек, әр түтінде кем дегенде 3 баладан.

Мақсат – қазақы тәрбиеге көңіл бөлу– Жаһандану үдерісі еуропалық қазақ отбасыларындағы қазақы тәрбиеге қалай әсер етуде?– Лондондағы қазақтар бір жерге шоғыр­лана орналаспаған, бес-алты ауданда шашырай қоныстанған. Қазақы болмысымызды сақтап қалу үшін арнайы бағдарламалар, жиындар, шаралар ұйымдастырамыз. Діни мерекелерімізде, демалыс күндері бір-біріміздің үйімізге қонақ болуды әдетке айналдырғанбыз. Бесікке салу, сүндет той, құда түсу салттары да жақсы сақталған бізде. Үйленіп, үй болам деген еуропалық балаларымызға Түркиядағы қазақтардан қыз аламыз немесе күйеу бала тауып келеміз. Кейінгі кездері Қазақстаннан да келін әкеліп жатқан жайымыз бар. Олардың жалпы саны 4–5 еу. Қазақстандық келіндердің бірі – менің жұбайым. (Күледі). Атажұртымыз егемендік алған бойда 1992 жылы келіншегіммен барып танысып, Лондонға алып келдім.

– Аға, лондондық қазақ жастары Ана тіліне жетік пе?

– Қазақ тілін жетік меңгерген дей алмаймыз. Ешкімге тілді күштеп үйрете алмаймыз ғой. Дегенмен ағылшын, түрік тілдерімен қатар Ана тілімді білсем деген құлшыныс бар. Бұрын Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшілігі тіл үйрену курстарын ұйымдастыратын. Кейін бұл мәселені жүзеге асыруды өз қолымызға алдық. Қазақшаны Лондонда жүріп үйреніп алған кей баламызды жұмыс істеу үшін Қазақстанға аттандырдық. Олар өздері алған мамандықтар бойынша Қазақстанда 3–4 жылдан бері жұмыс істеп жүр. Ендігі қазақ тіліне жетік, орыс тілін де тәп-тәуір меңгеріп алған. Лондонға келген сайын осындағы басқа қазақ жастарын Қазақстанға келуге үгіттеп кетеді. «Атажұртқа қайтыңдар. Мұнда тауып жүрген ақшаны Қазақстанда да табасыңдар. Ол жақтағы өмір жақсы» деп. Егер балалары Қазақ жеріне қоныс аударса, мұндағы ата-ана да қарап отырмай, олармен бірге көшетіні белгілі.

– Мұнда Түркиядан келген қазақтар үйлерінде қазақша сөйлесе ме, әлде түрікше ме?

– Түрікше. Неге десеңіз, мұндайда бұқаралық ақпарат құралдарының да ықпалы зор екендігі белгілі. Адамдардың спутниктік желі арқылы көретіні – 60–70 пайызы түрік тіліндегі бағдарламалар. Ал қазақша тек Каспионет қана. Ағылшын, қазақ және орыс тілінде хабар тарататын оның аудиториясы балаға немесе ересектерге арналмаған, міндеті – басқа. Кейде қазақша фильмдер берсе, мұндағы отбасылар бір-біріне телефон арқылы хабарласып: «Ойбай, қазақша фильм болып жатыр, Каспионетті тез қосыңдар», – деп сүйінші сұрайды. Меніңше, егемендік алғалы 20 жыл өтті, халықаралық деңгейде қазақ тілінде хабар тарататын бір арна қажет. Ондағы бағдарламалар балаларға, үлкендерге, жалпыға ортақ болуы шарт. Сонда ғана Еуропадағы қазақ тілінің дамуына жол ашылады.

– Қазіргі аға буын, орта және жас буынның қайсысында қазаққа деген патриоттық сезім күшті?– Бәрінде де күшті. Негізі «мен – қазақпын» деген ұлтын сүю қасиеті сырттағы қандастардың барлығының бойынан табылады ғой. Бірақ біз ассимиляцияға ұшырап бара жатқандардың қатарындамыз. Мысалы бас­тауыш мектептерде ағылшын ұлтына деген патриоттық сезім балалар бойына сіңіріледі. Түркиядан келген буын бойында түрік ұлтына қатысты ассимиляциялық ықпалдары бар. Соған қарамастан, әр буын өкілі бәрібір өзінің қазақ екендігін сезінеді. Біз көшпенді халықтың ұрпағымыз, әлі күнге сол көшпенділігіміз қалмаған. Кезінде Қазақстаннан басталған күшіміз Пәкстан, Үндістан, Иран, Түркияға созылған. Енді Еуропадамыз.

– Қазақстанға оралу ойларыңызда жоқ па?

– Ойымызда бар. Бірақ үлкендерді Қазақстанға апарсаңыз, ол жақта не істейді? Домалаған тас орналасар орнын тапқанша, 10 жыл өтеді. 50 жастағы адам Қазақстанға барса, 60 жаста есін жинайды. Қазір біз жастарды Отанға оралтуға күш салудамыз.

Жастар қазақы салт-дәстүрге қызығады– Лондондық қазақтардың бүгінгі әлеуметтік ахуалы қандай?

– Құдайға шүкір, елмен қатар өмір сүріп, әртүрлі салада қызмет етіп жүр.

– Кейінгі кездері «тұрмысы түзу елдердегі, әсіресе Батыстағы қандастар Туған елге қайтуға мүдделі емес, жат жұрттағы жақсы өмірді қимайды» деген сыни пікірлер жиі айтылып жүр…– Орта буынды айтып өттім ғой. Жастары ендігі 50 ге келгендер Қазақстандағы өмірге бой үйретем дегенше 10 жыл уақыт кетеді. Сонда 60 қа келгендерді жұмысқа алмайды, күнкөріс қиындайды.– Егер 50 ден асқан қандастар шынымен Атажұртқа қайтқысы келсе, 20 жыл бұрын қозғалар еді ғой? Ол кезде орда бұзар 30 дағы қылшылдаған жастар еді?

– Бұл жерде көңіл аударылуы тиіс екі мәселе бар. Біріншісі, мұндағы қазақтарды түгел қосқанда небары 20 мыңға жуық. Сол жиырма мыңға жуық қазақпен Қазақстан халқының санын күрт көбейте алмайсыз. Екіншіден, сан жағынан аз болғанмен, еуропалық қазақтар сапа жағынан өте жоғары болуы тиіс. Бұл келешекте Еуропадағы қазақтардың әлемдік сахнадағы Қазақстан мүддесін қорғауға және оны кеңінен насихаттауға, мемлекеттің жағымды имиджін қалыптастыруға үлес қосуы тиіс. Яғни батыстық жоғары билікте Қазақстанның сөзін сөйлейтін қандастар отыруы керек. Қазіргі кезде жалпы Еуропа бойынша депутаттыққа сайланып жатқан қазақтар бар, мекен ететін мемлекетінде дипломаттық қызметті атқаратын қазақ жастары бар, жоғары оқу орындарында тәлім беретіндері де кездеседі. Жақын болашақта білімі мен кәсіби біліктілігі жоғары жастарымыз көптеп қажет. Біздің жастарды қазақы ділге сәйкес тәрбиелеуге ұмтылуымыздың басты себебі де – оларды қазақ мүддесіне қызмет еткізу. Ол үшін Атажұртқа барып Ана тілімізді 1–2 жыл жетік меңгеруге қолдау көрсетуді көздейміз. Қазақ жастарының басын қосып, түрлі шаралар мен жиындар өткізуді қолға алдық. Алғашқы конгресс – Швецияда, екіншісі Греманияда ұйымдастырылды. Енді осындай басқосулар Қазақстанда да өткізіліп тұрса деген тілек бар.

– Жастардың түп-тамырын білуге деген қызығушылығы қандай?

– Өте жоғары! Былтырғы жастар кон­гресінде швециялық қазақ жастары тіпті, «мал сойғанда ет бұзуды білмейміз, табақ тартудан хабарсызбыз, бізге соны үйретсеңіздер» деген өтініш айтты. Қыздар жағы ішек-қарын аршуды үйренуге құлшынды. (Күледі). Орта мен аға буын өкілдері ондай мәселелерді жақсы білеміз ғой. Бірақ жастар ересектер жағы ескере бермейтін ұсақ-түйекке дейін көңіл аударып отыр, көрдіңіз бе!

– Еуропа қазақтары мен Қазақстан арасындағы тығыз қарым-қатынас орнатуда кездесетін кедергілер бар ма?

– Қазір жер шалғайлығы кедергі болудан қалды ғой. Ұшақ, Интернет, телефон т. б. техника мен технология қарыштап дамып барады. Бұл байланысты үзбеуге сеп. Біз Қазақстан бізге қаржылай көмек берсін деген ойдан аулақпыз. Құдайға шүкір, адал еңбегіміздің арқасында Еуропада өз күнімізді өзіміз көріп жүрміз. Оның үстіне, Атажұртқа Жер шарының түкпір-түкпірінен оралған қандастарымызға жағдай жасау мәселесі тағы бар. Әзірге қатынасымыз жақсы.

– Федерацияның алға қойған міндет-мақсаттарына тоқталсаңыз?

– Біз Еуропа Қазақтарының құрылтайын қай жылы, қай мемлекетте өткіземіз деген мәселені ендігі 10 жылдық жоспармен бекітіп қойдық. Одан басқа әр елдегі қазақ қоғамы не ұйымдары өз жұмыстарын жалғастыра бермек. Қазақ тілін жетік меңгеру, мәдениет, салт-дәстүр, әдеп-ғұрыпты дәріптеу, тарихымыздан тағлым алу, әртүрлі жиын-кештерді ұйымдастыру т. б. Көңілге медет ететініміз, еуропалық қоғамдардағы сыртқары жатжұрттық ықпалдардан өзімізді қорғап отырмыз. Түрлі ағымдар бар, жастар арасындағы есірткі мен жаман әдетке бой алдыратын жайттар жиі кездеседі.

– Жаман әдетке бой алдырған қазақ отбасылары болды ма?

– Құдайға шүкір, бүкіл Еуропадағы қазақтар арасында ондай келеңсіз жайттар кездескен емес. Бұл отбасындағы қазақы тәрбиенің күштілігінен деп білем.

– Әңгімеңізге рахмет!

10.11.2011

Әңгiмелескен

Нәзия Жоямергенқызы

Алматы – Лондон – Алматы