ҮШ САДАҚА
ҮШ САДАҚА
Барлық ғұмырын басшылық қызметте өткізген Дәмалғыш Дәндегенов елуден аса зейнеткерлікке шықты. Шалдар қатарына қосылудың ол үшін ешқандай қызығы болмады. Не істерін білмейді. Көп қабатты үйдің төрт бөлмелі пәтерінде қандай жұмыс болсын? Кәкірбай-шүкірбай шаруа қолындағы баласы мен келіннен де қалмайды. Киімі бүтін, тамағы тоқ. Зерікпегенде қайтсін.
Жастау кезінде құдай қосқан қосағының мінезі, қылығы қызықтау көрінетін. Қазір бәрінен де жалыққан. Көңіліне желік біткен кезде бұрын қарамағында қызмет істеген, сырлас болған әйелдерге телефон шалады. Олар да бұрынғыдай емес, амандық-саулықтан арғы ештеңеге илікпейді. Сонау бір жылдардағыдай өктем сөйлеп, шаруаға омыраулап кірісіп кететін заман емес. Оның уақыты өткен. Енді не істеу керек? Байғұс соны білмей дал болады.
Ол кешке таман диванда бүк түсіп қара ала бетті бір газетті оқысын. Бір бетіне бірнеше адамның өлеңі басылыпты. Сол өлеңдердің арасынан шатты-бұтты етіп жазылған екі шумақ өлеңді көріп, елең ете қалды. Автордың аты-жөнінен кейін «зейнеткер» деп жазылыпты. Әп-сәтте шақша басына ғажап бір ой келе қалды. «Осы мен неге өлең жазып көрмеймін. Мектепте жүрген кезімде қабырға газетінде талай өлеңім шыққан еді ғой. Мына шал ғұрлы бірдеңе жазармын. Босқа жүргенше, өмірден көрген-білгенімді өлең қылайын. Маған кім кедергі жасайды?» – деп ой түйді.Бір түннің ішінде-ақ ол біраз өлең шығарып тастады. Жазғандарын әйеліне, келініне, баласына оқып берді. Олар шалдың ақындығына қайран қалысты. Көңіліне дем біткен Дәмекең бұрын қызметтес болған бір жолдасына, балдызына, немересіне, балалық шағын бірге өткізген досына арнаған өлеңдерін газеттер мен журналдарға салып жіберді.
Айқын мақсат жолына түскен ол жазда жалықпайтын болды. Шабыты қайнап кеткен кездері жарты күнді жазумен өткізеді. Кейбір өлеңдері кейде тұтастай, кейде жартылай болса да кейбір басылымдардың беттерінде шаң беріп қалады. Жазған дүниелері шықса да, шықпаса да, редакциядан жауап келсе де, келмесе де қабақ шытпайды. Алдына қойған жалғыз-ақ міндеті – қалған ғұмырында өндірте жазып тастау керек. «Одан ар жағын балаларым көрер. Сөз өнерін зерттеп жүрген ғалымдар болса, мүмкін қажетіне жарап қалар, қажетіне жарамаса, сөз өзімдікі ғой, менің бірдеңем кете ме», – деп өзін-өзі қайрады.
Дәмалғыш үстел үстінде құшырлана жазып жатқан. Қалалық мәдениет бөлімінің меңгерушісі Әридәрибек Әулекібаев телефон соқты:
– Ас-салау-мағалейкүм, Дәмеке! Осы сізді жұрт ақын дейді ғой…
– «Ақын дейді ғойың» қалай? Ақынның көкесі де! Менің осы елдегі күшті ақын екенімді білмейсіңдер ме?!
– Ойбай-ау, аға, баяғыдан бері қайда жүрсіз? Қаламызда ақын тапшы деп жүрсек… қазақтың бәрі орыс боп кетті ғой деп ойласақ… өзіңіз бар екенсіз ғой. Қуанышымызда шек жоқ. Енді өзіңіз бастап, соңыңыздан еретіндерді ертіп, біздің басшыларды жамандап жүрген ақындармен айқасып… қаламыздың абырой-атағын көтермейсіз бе?
– Ойланатын екен…
– Ойбай-ау, ойланатын несі бар. Мен сіз туралы ертең-ақ қала басшыларына айтып шығамын. Олар сізге қолдау жасасын.
Ақын атаулыны таба алмай, бұл мәселе жөнінен ұятты боп жүрген қалаға ақын табылды. Азғантай уақыттың ішінде-ақ Дәмалғыштың аты дүрілдеп шыға бастады. Қолдаушысы мықты ақынға дем бітеді екен. Ана қала мен мына қаланың, ол ауыл мен бұл ауылдың арасында емін-еркін жүруге мүмкіндік туды. Бір-екі рет аудандар мен қалалар арасында өткен шайырлар айтысына да қатысып тастады. Қара домбырасын дыңғырлатып, сағыз дауыспен ән айтатындығы да абыройын көтере түсті.
Қала басшылары: «Ақындардың санын көбейту керек. Біреулері шаһарымызды… өндірісті… қол жеткен табыстарымызды мақтаса, енді біреулері тікелей өзімізді мақтайтын болсын» – деген шешім қабылдады. Бұл шешімнің талаптарын іске асыру мәселесі мәдениет бөліміне жүктелді. Әридәрибек екі алақанына түкіріп, өзі басқаратын бөлімнің жанынан ақындар үйірмесін ашып кеп жіберді. Аты дардай үйірмеге Дәмалғышты жетелеп әкелді де, жетекші қылып бекітті. Жағымды жаңалық жайлы «Гүлденген қала» газетіне хабарландыру берілді. Жұрт көп жүретін жерлердің бәріне құлақтандыру қағаздары ілінді.
Үйірмеге алдымен қылпылдаған қыз-келіншектер жетті. Дегенмен көп ұзамай-ақ Дәмекеңнің өз шәкірттеріне деген сенімі жоғала бастаған. Шу-шу еткен шуылдақтардың біреуі де өлең дегенді түсінбейтін болып шықты. Амалы құрыған ол үйірме мүшелерімен жеке-жеке жұмыс істеуге көшті. Енді міне, оның алдында жасы қырықтар шамасындағы Еркегүл отыр. Судыр-судыр еткен келіншектің ер жетіп қалған екі баласы бар.
– Е е е, шырағым, өнер жолы деген қиын ғой, – деді Дәмекең терең ойға батқандай болып. – Әйел адам ақын болып шығуы үшін алдымен үш садақа беруі керек…
– Ол қандай садақа?
Еркегүл оған жаудырай қарады.
– Талант көздері ашылмай жатқаны содан ғой…
– Айтсаңызшы, аға, қинамай… ол қандай садақа?
– Оны білгендерің жөн… Ол – ән садақасы, жан садақасы, тән садақасы.
– Ағажан-ау, мен мұны білген болсам, үш садақаны баяғыда-ақ берген болар едім ғой. Әр садақаның мәнін ашып-ашып айтыңызшы.
– Ақын болғысы келген қыз-келіншек танымал бір ақынға барып, домбыра тартып, ән айтып, өз өнерін көрсетеді. Міне, мұны – «ән садақасы» дейді. Садақаны тек қана ер адамға береді… Ал енді «жан садақасы» дегеніміз – талапты қыз-келіншек мал сойып, қазды, үйректі, тауықты да союға болады, мен секілді ақынды үйіне қонаққа шақырып, тамаққа тойдырады. Мұны «жан садақасы» дейді. Яғни еті жеуге жарамды, семіз, ауруы жоқ малды, құсты бауыздап, жанын шығару керек.
– Екі садақаны біліп алдым, енді үшіншісін айтып беріңізші.
Дәмекең Еркегүлдің етегіне қарап, сөзден сәл бөгеліңкіреп қалды.
– Қалдырмай айтсаңызшы, ағай, біржола ұғып алайын, садақаны беретін мен ғой. Бірінші, екінші садақаны осы айдан қалдырмай беремін. Сосын… үшіншісі…
– Үшіншісі – тән садақасы… Ол енді былай ғой… мен сияқты ақынның айтқанын тыңдап дегеніне көніп… денесіне денесін тигізуге мұрсат беріп… риза етеді. Сонда бойдағы қабілет, дарын тез жұғады.
– Үйбай, қыз-келіншектер сіз айтқан ақынға екі садақасын беріп, үшіншісінің орнына оның батасын, ақыл-кеңесін алса болмай ма?
– Жоқ, ондай адамнан мықты ақын шықпайды. «Бата» деген немене, тәйірі. «Ақыл-кеңес» дегенді тегін-ақ беріп тұрған жоқпын ба?..
Еркегүл терең ойланып қалды.
Дәмалғыш Дәндегеновтің осындай «үш садақасының» шарттарын орындағандар ғана үйірмеде қалып, қалғандары өз жөніне кетті көп ұзамай.
10.11.2011