Жаңалықтар

МАҚТА ТЕРУ НАУҚАНЫ АЯҚТАЛДЫ

ашық дереккөзі

МАҚТА ТЕРУ НАУҚАНЫ АЯҚТАЛДЫ

Биыл Оңтүстiкте мақта теру науқаны жылдағыға қарағанда ерте аяқталды. Өнiмнiң тез жиналуы көктемде шит себу жұмыстарының ерте басталғанымен түсiндiрiлiп отыр. Мақташылардың ала жаздай еткен еңбегi жемiссiз болған жоқ. Бұған «Қазақстан мақтасы» АҚ-ның мақта қабылдау зауыты зор ықпал жасады. Бiрiншi сортты шиттi мақтаның әр келiсiн 107 теңгеден қабылдаған ол жекеменшiк мақта зауыттарын да осы бағадан төмендемеуiн қамтамасыз еттi.

Жуырда жиын-терiмнiң аяқталуына орай облыста мақтаның басым бөлігі егілетін Мақтаарал ауданында “Ақ алтын-2011” мерекесi өтті. Мерекеде мәлім болған деректерге қарағанда, аудан мақташылары қырманға 206 мың тонна шиттi мақта жинаған. Әр гектар мақталық орта есеппен 20,4 центнерден өнiм бердi. Соңғы 4-5 жылдан берi мұндай көрсеткіш болған емес.

Жиында сөз сөйлеген облыс­тық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Қ.Оспанбеков облыстағы мақ­таның 75 пайызын өндiрiп отырған мақтааралдық диқан­дардың зор табысы тиянақты ұйымдастырылған кешендi агротехникалық шаралардың нәтижесi екенін атап көрсеттi. Былтыр күзде жер жырту, қысқы сор шаю кестеге сәйкес дер кезiнде орындалды. Соның арқасында көктемде шит себу мамыр айына дейiн толық аяқталды. Аудан әкiмi С.Тұрбековтің ұйытқы болуымен жер жырту, шит себу, қоза зиянкестерiмен күрес жүргiзу, комбайнмен өнiм жинау жұмыстары бойынша ауыл округтерiнде мақташы, агроном, инженер, тағы басқа да сала мамандарымен семинар-кеңестер жүйелi түрде өткiзiлдi. Әсiресе америкалық тәсiлмен шит себу әдiсi бойынша өткен семинар жиындары көпшiлiкке үлкен ой салды. Сондай-ақ, жазда ағын суды үнемдi пайдалану үшiн қозаны тамшылатып суару әдiсiн қолдануға талпыныс жасалуда. Нәтижеде биыл 227,2 гектар алқап тамшылатып суарылды. Шардара су қоймасынан су сорғыштар арқылы қосымша 30 гектардай мақталық жер ағын сумен қамтамасыз етiлдi. Биыл шаруа­лар 156 жаңа техникаға қол жеткiздi.

Берекелi, мерекелi мақ­ташылар тойында барша еңбек озаттары марапатталып, заттай сыйлықтарға ие болды.

Жалпы, облыста жиналған мақтаның 80 пайызы бірінші сұрыпты. Бұл да соңғы жылдары болып көрмеген көрсеткіш.

10.11.2011