“БАЙЛЫҚТЫҢ АТАСЫ — ДЕНСАУЛЫҚ”
“БАЙЛЫҚТЫҢ АТАСЫ — ДЕНСАУЛЫҚ”
Елiмiздiң тұңғыш Президентiнiң «Болашақтың iргесiн бiрге қалаймыз» атты Қазақстан халқына биылғы Жолдауы да ерекше мәнге ие. Өйткенi осы Жолдау негiзiнде «Денсаулық сақтау саласының ұлттық бiрыңғай жүйесi» өмiрге келсе, бүгiнде жаппай «Саламатты Қазақстан» мемлекеттiк бағдарламасының жобасы талқылануда. Халықтың әл-ауқатымен қатар оның салауатты ғұмырына да алаңдаған Елбасының осынау құнды пiкiрлерiн алға тартқан Қазақстан Республикасының Денсаулық министрi Салидат Қайырбекова ханым таяуда Қызылорда облысында болып қайтты.
Министр ханым: «Елбасының келiсiмiмен денсаулық сақтау саласының бiрыңғай ұлттық жүйесi мақұлданып, одан кейiн 2010–2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттiк бағдарламасы жайлы ақпарат құралдарында терең түсiндiрме жұмыстары да жүрiп жатыр. Әсiресе Қызылорда облысында халық денсаулығына аса мән берiлетiнi сүйсiндiрдi. Денсаулық мекемелерiнiң бүгiнгi заман талабына сай жабдықталуы, бiлiктi дәрiгерлердiң сапалы қызметтерi, әсiресе елiмiздiң өзге өңiрлерi арасында алғашқы болып санавиация, телемедицина жұмыстарының қолға алынуы қуантты», – деп аймақтағы денсаулық саласының жүргiзiп отырған iс-шараларына ризашылық бiлдiрдi.
Қызылорда облысындағы жалпы халықтың салауатты тыныс-тіршілігі жайлы осындай жағымды ақпараттан кейін біз де облыстағы тарихы тереңде жатқан емдеу-сауықтыру орнына бас сұққан едік. «Жаңақорған» шипажайында өзінің саналы ғұмырын денсаулық саласына арнап келе жатқан дәрігер-терапевт Егенберді Әмитов – емделушілердің қас-қабағынан, шаршаңқы жүзі мен жанарынан-ақ сырқат сырын анықтай алатын жоғары сатыдағы маман. Біздің әңгімеміз де осы тұрғыдан өріс алды.
– Мен сонау алпысыншы жылдың басында Ақтөбе мемлекеттік медицина институтының жалпы емдеу факультетін бітіріп, жолдамамен туып-өскен облысыма келдім. Жаңақорған аудандық тубдиспансеріне дәрігер болып орналастым да, бір жылдан кейін бас дәрігері болып тағайындалдым. Содан бері осы аудан төңірегінде денсаулық сақтау қызметінде жүріп келемін, – деп әңгімесін бастады денсаулық сақтау ісінің үздігі, «Құрмет» белгісі орденінің иегері Әмитов мырза. – 1972 жылы аудандық орталық аурухананың бас дәрігері болып ауыстым. Аумағы жағынан, тұрғылықты халық саны жағынан аумақты ауданның орталық ауруханасында небәрі 140 орындық төсек санын 200 ге жеткізіп, ондағы дәрігерлер саны мен қосымша бөлімшелер ашуға күш салдым. Кеңейтілген дәріхана мен емханаға арналған жаңадан ғимараттар салынып, пайдалануға берілді. Келінтөбе мен Қожакент елді мекендерінде 75 төсектік селолық аурухана мен ондаған фельдшерлі-акушерлік медпункттер іске қосылды.
Ал 1985 жылы ақпан айында «Жаңақорған» санаториясына бас дәрігер болып келдім.
– Емдеу орнының емдік қасиеттері жайлы тереңірек әңгімелесеңіз…
– Шипажай бүгінгі күннің талабына, талғамына сай күрделі жөндеуден өтіп, жыл он екі ай бойы өз демалушыларына қызмет етеді. Негізгі емдік қасиеті, оның құнарлы тұздыбатпақ балшығы мен минералды рапа-ваннасы бойдағы тұз-жел атаулыға бірден-бір ем. Тұздыбатпақ – кез-келген ауру түрлеріне шипалы. Дегенмен сүйек буын, перифериялық нерв жүйелерінің, гинекологиялық, урологиялық, асқазан, бауыр, ішек және өт жолдары, стоматологиялық, түрлі тері ауруларымен қатар, күйік, үсік шалудан кейінгі сырқаттарға өте жақсы нәтижелі ем жасалынады. Ал бұл ауру түрлері еліміздің кез келген өңірлерінде тіршілік кешіп жатқан қандастарымыздың бойынан табылатыны анық. Әсіресе Атырау, Маңғыстау, Орал, Ақтөбе сынды мұнайлы өлкеден, Арқа өңірінен жылдан-жылға келушілер көбейіп келеді. Сол сияқты алыс-жақын шетелдерден тұрақты түрде жылма-жыл ем алушылар үзілмейді. Екі аяғынан сал болып жүре алмай келіп, балдақтарымен қоштасып жататындардың қатары артқан сайын, біз де іштей шүкіршілік жасап қоямыз. Өйткені дертіне шипа іздеп, жанын семіртетін жылы қабақ пен лебіз іздеп келгендердің алғыстары біздің де жанымызды жадырататыны сөзсіз
.
– Дегенмен тыйым салынған сырқат түрлерін де атап өтсек артық бола қоймас?..
– Әрине, не нәрсенің болса да шегі, шеті болады. Денедегі кейбір сырқат түрлерін қоздырып барып, кейде ауру асқынып барып бойға сіңген жылылық бірте-бірте шипалы болатынын біреу білсе, біреулер ұқпай жатады. Қазақ халқы «Ауру батпандап кіріп, мысқалдап шығады» демей ме?! Ем алғаннан кейін күтініп, қайта суық тигізіп алмай, бойын жылы сақтаған дұрыс.
Бізде туберкулез, онкологиялық аурулар: миома, мастопатия, фибромиома, киста, қан қысымы, жүректің ишемиялық аурулары, инфарктан кейінгі жағдайларда, анемия, демікпе, эпилепсия, азғындық, өкпе қабынғанда, дем жетіспеушілік, жүктілік кезеңінде тұздыбатпаққа түсуге, ем алуға тыйым салынады.
– Шипажайдағы емнің бәрі жолдама бағасының ішіне ене ме?
– Жоқ, ақылы медициналық тексерулер мен ем түрлері де жетерлік. Мәселен ішкі ағзаларды, гинекологиялық, урологиялық сырқаттарды ультрадыбыс арқылы тексерулер, зертханалық түрлі тексерулер, үгу (массаж) түрлері, «Мобит» сынды урологиялық үгу мен «Нуго Бест» массажер сияқты қызмет түрлері ақылы. Дегенмен бағалары қарапайым адамдардың қалтасы көтерерліктей, аса қымбат емес.
Осы жылдар ішінде менің түйгенім, қазақ халқының өз денсаулығына аса мән бере бастағаны. Бұрын-соңды жел-құздан ыстық шәй ішіп, сорпаланып терлеп емделуге тырысатын қандастарымыз шипалы ем мен тынығудың да қадір-қасиетін жан-тәнімен түсіне бастағандай. Әсіресе бізде бедеулікпен күресу, қазақ халқының демографиялық өсіп-өнуіне, санына ғана емес, салауатты сапалы да саналы ұрпақ болашағына алаңдауы қатты қуантады. Өйткені ұрпақсыз болашақ қалай болмақ?! Өрімдей жас келіншектер мен бозбалалардың ұрпақсыздыққа әкеліп соқтыратын кейбір сырқаттарға бой алдыруы бүгінгі қоғамның аузы жарылмаған жарасы. Сондықтан да болар, шипажайға келушілердің көпшілігі жастар. Олардың жан жарасын жазу үшін қолдан келген ем-домның бәрін жасау осындағы әрбір қызметкердің жауапты міндеттеріне жатады.
– Қызметкер демекші, жалпы ұжым жайлы да бірер сөз айтып кетсеңіз екен…
– Шипажайдың директоры Бақытжан – әкесі Амангелді Абдуллаевтың талай жылғы маңдайтер еңбегін жалғастырып келе жатқан іскер басшы. Шипажайды он бес жылға жуық басқарып, республикамыздың түкпір-түкпірінен келген емалушылар мен демалушылардың көңілінен шыққан Амангелді ақсақал бұл күнде де тыныш жатпай, шипажайдың айналасын көгалдандыру, салауаттандыру жұмыстарын қатаң бақылап, басы-қасында жүреді. Ал бас дәрігер Ғабит Үйсінбаев, дәрігерлер Молдахмет Исақов, Мұхтар Әуезбековтер күндіз-түні тынбастан, келушілердің көңілінен шығуда.
Қазақтың, қазақ халқының салауатты ғұмыр салтын қалыптастырып, өз денсаулығына мұқият қарай бастағаны қуантады деп жүрекжарды пікірлерімен бөліскен шипажайдың құрметті дәрігері Егемберді Әмитов мырзаның сөзінің жаны бар. Сыр өңірінде соңғы жылдары халық денсаулығына ерекше ден қойылып, жаңа емханалар ашылуда. Облыс әкімі Болатбек Қуандықов мырза өңір тұрғындарының денсаулығына, салауатты өмір салтына ерекше мән беретін сергек жан.
Сондықтан да облыста денсаулық сақтау саласына бөлінген қаржы жыл өткен сайын көбейіп келеді. Көптеген ауруханалар күрделі жөндеуден өткізілді. Үш жылда денсаулық сақтау саласына 68 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінген. Осы жылдары 9 дәрігерлік амбулатория және 39 медпункт салынды. Яғни облыстың медпункттерге қажеттілігінің 76 пайызы қамтылған. Тек қана 2011 жылдың өзінде сала бюджеті 19,6 млрд. теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 41 пайызға өсті, оның ішінде дәрі-дәрмекке жұмсалған қаржы көлемі 11 пайызға ұлғайды.
10.11.2011 ӘңгiмелескенТаңсұлу АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ