Жаңалықтар

КЕРУЕН ҚАЙДА ЖОҒАЛДЫ?

ашық дереккөзі

КЕРУЕН ҚАЙДА ЖОҒАЛДЫ?

Арғы тарихты былай қойғанда, бер­гі ғасыр қойнауында әлі шешуі та­был­ма­ған жұмбақ құпиялар көп. Осыдан тоқ­сан жыл бұрын Бұхар әмірі Саид Әлім ханға Орта Азияның үлкен аймағы қа­райтын еді. Мәңгі қар жамылған Па­мир­дің биік шыңдарынан бергі тәжік тау­ларының қойнауынан орын тепкен Пен­джикент ескі шаһарынан бастап, өзбектің шығыстағы қан базары қайнаған Самарқант және тұтас қырғыздар мекендеген өлке, оңтүстіктегі түркімендердің шетсіз-шексіз көсіліп жатқан бұйрат-бұйрат құмды шөлейттеріне дейін әмірдің құзырында болды. Олардағы тұрғындар әмірге салық төлеп тұрған. Ол жыл сайын салық салуды үстемелетіп, тіпті оның түрлерінің санын қырықтан асырып жіберіпті. Ал сол салықтарды уақытында толық төлемей наразылық білдіргендерді шабармандары қатаң жазалаған. Салықтан көз ашпаған халықтың тұрмысы өте төмен болды. Ал әмір байыған үстіне баии түсті. Оның түбі терең қазынасындағы асыл заттар қисапсыз өсті. Салықтан бөлек сауда-саттықтан тапқан пайдасы қаншама десеңші. Әмірдің сонда да көзі тоймады. Халықты қанаған үстіне қанай түсті.

Әмір қазынасына алтынның қомақты бө­лігі Зеравшан жағалауындағы кен өн­ді­рістерінен келіп жатты. Әмір сол кен көз­дерін алтын бұлақтарға теңейтін. Бұ­хардың биік тас қамалы ішіндегі қазынаға жыл сайын отыз миллионнан астам тілләнің алтыны жеткізіліп тұрды. Әмір Саид Әлім ханның Ресей патшасымен өзара сыйластығы жақсы болатын. Бірінші дүниежүзілік соғыста қаражат жағынан қысылған патша әмірден көмек сұрағаны тарих құжатында бар. Сонда ол қазынадан біраз алтынды Ресейге жіберген екен. Ал патша өз кезегінде оны сыртқы жаулардан қорғайтын және қару-жарақпен қамтамасыз ететін болып келіскен. Алайда олардың бұл сыйластықтары ұзаққа бармады. 1917 жылы қара күзде большевиктер партиясы патшаны тақтан құлатып, Кеңес өкіметін орнатты. Күш ала бастаған жаңа өкімет Орта Азия елдерін өздеріне толық қарату жағын қолға алып, Бұхара мен Хиуаға қарай Қызыл әскерлерін жіберуді ұйғарған.

1920 жылдың тамыз айында әмірлік басына ауыр кезең туды. Ресейдегі жағдай әмірліктегі халық қозғалыстарын да жиілетіп жіберді. Мұндағы әлеуметтік ахуал күннен күнге шиеленісіп жатты. Бұхара үстінен қа­на­тында қызыл жұлдызы бар барлаушы аэроп­лан­дар жиі-жиі ұшатын болды. Қызыл армия Бұ­хараға жақындаған сайын әмір маңғыттар әулетінің байлығын қалай алып кету жағын қарастырып сергелдеңмен күн кешті.

Әмір Саид Әлім ханның Даврон деген сенімді дәруіші бар еді. Бір күні түнде әмір жасақшылары оны сарайға алып келді. Даврон әмірдің оңаша бөлмесінен одан басқа тағы бір адамды көрген. Бұл әмірдің оққағар қорғаушысы полковник Тақсоба Қалапұш болатын. Сарай қызметкерлерінің бәрі өз жұмыстары мен міндеттерін жақсы біледі. Қалапұш қай кезде де әмір үшін өз жанын қиюға дайын болса да оның байлығының мөлшерінен мүлдем бейхабар болатын. Оның жалпы есеп-қисабы әмірдің өз қолында ғана. Ал дәруіш Давронның жөні бөлек. Памирдің жан баласы білмейтін асуларын, Иран мен Ауғанстан елдеріне жеткізетін елеусіз жалғыз аяқ жолдарды Давроннан артық жатқа білетін жан жоқ.

Сарайда әмір сенім артқан тағы бір жан бар. Ол – әмір артиллериясының бастығы Низаметдин. Сол түні оны Сайд Әлім хан дәруішке көрсетпей көрші бөлмеде жасырын ұстады. Низаметдин жартылай ашық тұрған есіктен олардың сөздеріне құлақ түріп тұрды.

Әмір алтынының көптігі соншалық оны артуға алыс жолға жарамды жүзден аса ат пен түйе қажет екен. Бар байлығы сол кездің баға өлшемімен шамамен 150 миллион алтын ақшадан астам болса керек.

Әмір мен дәруіш алтын мен күміс артқан керуеннің қауіпсіздігін ойластырып, қай бағытта жүрген дұрыс деген сауал төңірегінде ұзақ ақылдасты. Әмір: «Керуенді Қашғарға алып барсақ деймін. Бірақ ондағылар қауіпсіздігімізге кепілдік бере ала ма? Әуелі соны біліп алайық»,– деп қолына құпия хат ұстатып, жасырын түрде аттандырды. Қашғарда әмірдің ескі танысы, ағылшын елшісі Эссертон мырза бар. Әмірдің хаты соған арнап жазылған. Сол кезге дейін Эссертон Ұлыбританияның әмірге деген ыстық ықыласын және өзінің ілтипатын білдіріп келген болатын. Ол Ұлыбританияның нұсқауынсыз еш артық қадам жасамайтын да еді. Әмірмен сол нұсқаулар бойынша ғана қарым-қатынас жасап бақты.

Қашғардағы ағылшын елшілігі деген не? Үрімші шетіндегі қаракөлеңкелеу бақ ішіндегі шатырына ағылшын жалауын қадаған шағын ғана үй. Қолдарына винтовка ұстаған аз ғана қарауылы үнемі есік алдында жүреді. Сол кезде мұнда да жағдай тұрақсыз болатын. Айнала қылмыскерлердің топтасқан ұйымдары Қашғарға ауық-ауық шабуылдап, қалаға тыныштық бермей жүрді. Оның үстіне Синьцзяндағы көтеріліс пен Түркістандағы соғыс жалпы жағдайды ушықтырып жіберген. Мұндай жағдайда алтын артқан керуенді қабылдау оның өзінің қауіпсіздігіне нұқсан келтіріп, бақытсыздыққа ұшыратары сөзсіз еді. Давронның елшілік үйінде тосын болуы және Әмірдің одан беріп жіберген құпия хаты Эссертонды шошытып жіберді.

Эссертон кәсіпқой мәмілегер еді. Дав­рон­ға жылы шыраймен қарап, сыр берген жоқ. Ол ағылшын басшылығының шешіміне жүгінуді жөн көрді. Делидегі вице-корольдің сарайына құпия хат жіберді. Алайда Делиде де әр іске сақтықпен қарайтын шенеуніктер отырған. Олар да жағдайдың аса қиындығын түсінді. Егер әмір өтінішін қабылдаса, онда Британ үкіметі оның қазынасының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге кепілдік беруі тиіс. Ал күтпеген жағдайда әмір алтындары қылмыскерлер қолына түсіп қалса ше? Ондайда ағылшын үкіметі әмірге барлық жоғалтқан байлықтарын төлеп беруі керек. Соны ойлаған вице-король әмірге келісімін бермейтін ыңғаймен үнсіз қалды.

Эссертон мұны жақсы түсінді. Ол әмір­ге жауап хатын жазып, тұрақсыздық жағ­дай­ла­рына байланысты керуенді қабылдай алмай­­тынын үлкен өкінішпен сыпайылап қана жеткізді. Содан Давронның араға апта са­лып оралған беті осы. Эссертонның жа-уап хаты әмірдің жанын жадырата қоймады.

Сол күні түнде әмір сарайына жиналғандар ке­руенді Иранға не Ауғанстанға жіберу жағын шешті. Бірақ Қалапұш Иранға алып ба­ратын жол жағдайын бақылап келген болатын. Мұндай бағалы жүк артқан керуенмен Меш­хедке жету өте қауіпті. Каспий теңізі жағалауында керуен тонаушылар жиілеп кеткен кез. Әмір ары ойлап, бері ойлап ақыры керуенді Ауғанстанға асыруды жөн көрді.1920 жылдың желтоқсан айында Бұхара қазынасын жүзден астам ат пен түйеге артқан керуен түнделетіп жолға шықты. Бағыты оңтүстік. Керуен ұзақ жолға жететін азық-түлікпен қамтамасыз етілді. Әмір көптеген жауынгерлерін керуенді қорғап жүруге аттандырды. Олар сақтық үшін елді мекендер жанынан түнделетіп өтіп, Қаршын даласына қарай бет түзеді. Қауіпті деген Мубарек пен Қасан ірі елді мекендерден аман- есен өтіп, Қаршидің біраз бөлігін артқа тас­тады. Бұл кезде Кеңес өкіметінің әскері шекараны жауып тастаған екен. Бұзып жарып өте алмасын сезген Қалапұш кері қайтудың да ретін таппай қатты сасқан. Бір орынында тұрып қалса, айналадағы жұрт сезіктеніп, кеңес әскеріне жеткізіп қояры хақ. Ол тұйықтан шығар бір-ақ жол барын сезіп, қазынаны уақытша болса да жасыру жолын қарастырды. Ақыры кең даланы кесіп өтіп, Памир тауына қарай бет алды. Тауға жақындаған сайын Қалапұштан тағы маза кетіп, қобалжи бастаған еді. Қазынаны қай жерге жасыру керек? Қаршидан онша алыс емес жердегі көне қаланың маңында орта ғасыр заманынан бері сақталған жер асты су қоймалары болатынын білуші еді. Солардың ішіндегі ең үлкен қоймасы Тепа ойығында. Онда күні бүгінге дейін жақсы сақталған жер асты жолдары мен көзге түсе бермейтін жасырын қойма сақтау орындары болатын. Әмірдің оққағар қорғаушысы сол орындарды көздеген. Алайда бұл жердің айналасы толған ел болып шықты. Олар қарауылдар қоршаған керуеннің жәй емес екенін біліп қалған еді. Солардан секем алған керуен ары қарай тоқтаусыз жүре берді. Гүлзар қаласынан солға қарай шорт бұрылып, Якобадты айналып өтіп, Лангар тұсынан Памирге тереңдей енді. Ашықтау алаңның біріне тоқтады. Алаңның арғы беті қалың орман. Оның арғы жағынан арасынан атты адам жүріп өте алмайтын қатпар-қатпар құз жартастар көрініп тұрды. Қалапұш қазынаны жасыратын бұдан артық жерді таба алмайтынын сезді. Оған әмірдің қазынасын сол жар­тастар арасына жасыру ыңғайлы көрінді.

Керуен екіге бөлінді. Қалапұш басқарған қа­рулы қарауылдар азық-түлік артқан жануарлармен сол жерде қала берді де алтын мен қымбат бағалы зат артқан аттар мен түйелер керуені тау қойнауына қарай беттеді. Керуеннің алдыңғы жағында Даврон және екі дәруіш бара жатты. Даврон мен оның серіктері кеткелі тәулік өтті. Күтумен екінші тәулік те өте шықты. Давронның кешіккеніне қатты қобалжыған Қалапұш бір орнында байыз таба алмай тықыршып, алаңдай берді. Ақыры шыдамы таусылған соң қасына бірнеше жасақшыларын ертіп, өзі керуен ізімен жедел жүріп кетті. Бұралаңдаған тар жолда жүру қиын-ақ. Бірнеше шақырымынан соң қуғыншылар жер қапқан бірнеше өліктерді көрді. Бұлар Давронның көмекшілері болатын. Арада біраз уақыт өткен соң Даврон мен оның екі серігін кездестірді. Үшеуі де ауыр жараланған екен. Дәруіштерге су беріп, жарақаттарына ем жасады. Даврон қандай жағдайға ұшырағандарын айтып берді. Керуен ішіндегі біреу жүктерде алтын барын сезіп қалып, қасындағы сыбайластарына сыбырлап айтады. Олар бірігіп алтынды алып кетпекші болады. Екі жақты қақтығыста Даврон мен оның сенімді жігіттері қаруларының арқасында оларды жеңіп шығады. Ауыр жарақаттарына қарамай Даврон бастаған жігіттер алтын артқан сандықтарды көзге байқалмайтын үңгірге тығып, бетін таудың тастарыман елеусіздеу етіп жауып тастайды. Қалапұш қазына тыққан жерді өз көзімен көріп, көңілін жайландырған. Сонда да ол үңір аузын тағы да қой тастармен қалыңдап жауып, өліктердің аттары мен түйелерін жазыққа қарай айдап жібереді.

Памир тауынан алыстап шыққан соң ғана Давронның өзіне деген сенімі орнықты. Ол Қалапұшқа: «Мен туып өскен қышлақ осы жерден алыс емес. Ертең сонда барып келсем»,– деп рұхсат сұрайды. Көңілі жайланған Қалапұш мырзалық танытып, қарсы болмайды. Алайда таңертең үш адам жатқан жерлерінен тұра алмады. Бұлар Даврон мен оның дәруіш серіктері еді. Сол түні сенімді Қалапұш әмірдің құпия бұйрығын орындаған. Әмір оған Ауғанстанға өте алмай қалған жағдайда қазынаны Памир тауына жасыруды және оны құпия ұстау үшін өзінен басқа ешкім білмеуі керектігін қатаң тапсырған еді.

Төрт тәулік жүріп бос керуен Бұхараға жақындайды. Енді бір күншілік жол қалғанда шаршап-шалдыққан керуенге топ басшысы Низаметдин қарсы ұшырасады. Керуен сол жерге тоқтап, түйелерін шөгеріп, аттарын шідерлеген. Керуеншілер палау мен көк шәй ішіп, ұйқыға кетеді. Ал таңертең Қалапұш пен Низаметдиннен басқа серіктерінің бәрінің жансыз денелері жерде жайрап жатады. Келесі күні оларды сарай қызметкерлері салтанатпен қарсы алды. Ол әмірдің бұрын-соңды өзіне деген мұндай құрметін көрмеген еді.

Әмір өзінің оқ қағар қорғаушысын жылы жүзбен қарсы алды. Екеуі түстік асты оңаша отырып ішті. Әмір оны мақтай отырып, қазынаның қай жерге жасырылғанын, оған баратын жолды қайта-қайта тәптіштеп сұрап алды. Ең бастысы, өзінен басқа қазынаны білетін куәгерлерден ешкімнің қалмағанын көзін жеткізбекші болып, оны сұрақ астына ала берген. Қалапұш: «Бұл жағынан еш қам жемеңіз. Менен басқа тірі жан білмейді. Енді қазына жатқан жерді сіз екеуміз ғана білеміз. Ал менің сізге берілгеніме еш шәк келтірмеңіз»,– дейді. Әмір сонда ғана оған ризалығын айтып, арқасынан қағып, қолын дастарқандағы құмыра толы шарапқа соза берді.

Қалапұш сөзінің растығына еш күмән қалмаған. Алайда әмір жасырылған қазынаны екі адамның білгені құпия болудан қалады деп ойлады. Сол күні түнде әмірдің шарабына тойып ұйықтап жатқан Қалапұшты сарай баскесерлері тұншықтырып, жанын жаһаннамға жіберген. Енді қазынаның қай жерде жатқанын тек Саид Әлім хан өзі ғана білді. Қызыл әскер қала шетіне келіп, шешуші шайқасқа дайындалып жатқан. Әмір сол күні түнде ат қорасынан ең жүйрік атты ерттетіп, сарайдан қашып шықты. Жанына Низаметдинді және біраз жасақшыларды ертіп, Ауғанстанға қарай суыт жүріп кетті. Бұл кезде Қызыл әскерлер шекараны әбден күшейткен еді. Қашқындар шекарада солармен қақтығысып қалады. Атыс кезінде Низаметдинге оқ тиіп, қайтыс болған. Арада бірнеше жыл өткен соң Сайд Әлім хан Памирдегі қазынасын алып келмек болып, жасақшыларымен шекараға шабуыл жасайды. Кескілескен ұрыста оның жалдамалы бірнеше жасақшылары оққа ұшып, кейін қайтуға мәжбүр болған. Өзі жасы ұлғайып, қарттық жеңген кезде сол елде өмірден өтеді.

Кеңес үкіметі алпысыншы жылдары сол қазынаны қайта-қайта іздеп, таба алмаған. Іздеу жұмыстарына көп қаражат жұмсалған соң амалсыз тоқтатады. Әмір Саид хан қазынасының жатқан жері күні бүгінге дейін белгісіз.

10.11.2011

Көлбай Адырбекұлы