Жаңалықтар

БӘРІ ДЕ ТІРІ АДАМ ҮШІН...

ашық дереккөзі

БӘРІ ДЕ ТІРІ АДАМ ҮШІН...

Елімізде трансплантация жасау ісі­­­нің қолға алынғанына 30 жылдан асты. Бұған дейін А.Н.Сызғанов атын­­дағы ұлттық ғылыми хирургия орталығында бүйрек ауруына шал­дық­қан­дардың ағзасы ауыстырылып келсе, бү­гінгі таңда жүрек пен бауырды ор­налас­тыру операциясына тың дай­ын­дық жүргізілуде.

Себебі қазір шұғыл түрде1200 адамға бау­ыр, 1300 адамға – жүрек, ал 2000-ға жу­ық науқасқа бүйрек трансплантациясы жасалу керек. Бұл жыл сайын 4 мың адам­ның өмiрiне қауіп төніп тұр деген сөз. Оларға жарқын өмір мен үкілі үміт сый­лаймыз десек, бұл істі тез арада қолға алу қажет. Ұлттық ғылыми орталықтың ма­мандары бұған сақадай-сай. Тіпті біз­дің мамандар осынау қиын да күрделі опе­рацияны жасауды жетік меңгеру үшін ше­телдің озық дамыған бірқатар елдерінде тә­жірибесін шыңдап та келген. 50 шақты ма­ман 50 адамға жүрек трансплантация­сын жа­саған Белоруссия еліне бекер барған жоқ. Неге десеңіз, бұл мемлекет жүрек трансплантациясын жасауда әлем бойынша алдыңғы орында екені белгілі.

Бүгiнгi таңда бүйректен бөлек, жүрек пен бауырды ауыстыру бойынша бастапқы ұйымдастыру шараларына кірісіп кеткен А.Н.Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хи­рургия орталығының мүмкiншiлiгi жо­ға­ры, техникалық базасы дайын. Тіпті бі­ле­гін сыбанып отырған білікті мамандар ал­дымыздағы желтоқсан айында елімізде тұң­ғыш рет жүрек пен бауырға транс­план­­тация жасамақшы. Олар бұл тарихи жағдайды Тәуелсіздіктің 20 жылдығы ме­ре­кесімен тұспа-тұс жүзеге асырмақ ниетте. А.Н.Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығының бас директоры Жеткерген Арзықұлов: «Осыдан екі жыл бұрын «Трансплантация» туралы Заң қабылданды. Бұл нормативтік-заңдық тұрғыдан мүше ауыс­тыруға кедергі жоқ деген сөз. Ал біз жү­рек пен бауырға зәру науқастарға өмір сый­лау үшін бәріне дайынбыз. Ол үшін тек қоғамның қолдауы, дұрыс көзқарасы қа­жет», – дейді.

Бір өкініштісі, «жедел трансплантация жасату керек» деген күту қағазына тір­кел­гендердің көпшілігі жастар көрінеді. Олар­дың ішінде жасы 30-ға жетпеген өрімдей жас­тар да бар. Осы күту қағазына тіркелген нау­қастардың небәрі жарты жыл ғана өмір сү­ретіні кім-кімді де ойлантуы керек сияқты. Сон­дықтан болашағын тұманды еткен дерттен айығуды армандайтын науқастар елімізде жа­салатын трансплантация операциясынан үл­кен үміт күтуде. Ал ағза ауыстыру опе­ра­ция­­сын шетелде жасату үшін кемінде 250-300 мың еуро қажет.

Әрине, бауыр не жүрекке зәру адамға донор табу да оңай шаруа емес. Ол үшін қазір А.Н.Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығы №4, №7, №12 ауруханалармен тығыз байланыста жұмыс істеуде. Мамандар ағза мүшесі белгілі бір жағдайда миы за­қымдалып, істен шыққан, бірақ та басқа мүшелері сау адамдардан алынатындығын айтады. Онда да қайтыс болған адамның жүрегiн науқасқа 2-3 сағат iшiнде, ал бауырды әрi кетсе 6-8 сағатта өңдеуден өткiзiп, отырғызу керек екен. Бұл кез келген бақилық болған адамның ағза мүшелерi кәдеге жарай береді деген сөз емес. Анализдеріне талдау жасалып, жұқпалы аурулардан таза екендiгi тексерiледi. Ал жол апатына немесе оқыс жағдайға тап болып, миы істен шыққан адамның мүшесі ешбір рұқсатсыз алынуы мүмкін. А.Н.Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығының мүше транс­плантациясы бөлімінің меңгерушісі Энвер Сұлтановтың айтуынша, донор ре­тінде қарастырылған адамның өлімін он­нан астам дәрігер растауы керек әрі оның туған-туыстары донорлыққа келісім беруі тиіс. «Сондай-ақ, донордан мүшені ала­тын, оны басқа науқасқа салатын дәрігерлердің арасында байланыс болмайды. Трансплантациялық ота жасау тікелей мемлекеттің квотасы арқылы жасалады».

А.Н.Сызғанов атындағы ұлттық ғы­лы­ми хирургия орталығының кардиология бөлімінің меңгерушісі Арыстан Сейдалин қоғамның трансплантацияға әлі күнге теріс қабақ танытып келетіндігін айтады. «Қарапайым халық «бұл мәселе маған қатысты емес» деген ой түйеді. Сондықтан да қоғам бұл жайтқа оң көзқараспен қараса екен», – дейді ол. Мамандар бұл мәселеге қоғамның бетін қарату үшін қолдан келгенін жасап жатса да, бұған бей-жай қарайтындар аз емес. Трансплантация жасаудың артында қаншама адамның өмірі, тағдыры жатқанын әсте ұмытпау керек. Әсіресе өмірдің қызығын сезіне қоймаған жастарға өмір сыйлау – адамзаттық борышымыз емес пе?! Қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырда бір-бірімізге қатыгездік танытпай, әрдайым мейірім шуағын төгіп жүргенге не жетсін…

10.11.2011

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ