ҚОРҒАНСЫЗҒА ҚОЛ СОЗҒАН
ҚОРҒАНСЫЗҒА ҚОЛ СОЗҒАН
Тәуелсiздiктiң алғашқы жылдарында елiмiздiң экономикалық ахуалы, халықтың тұрмыс жағдайы тәлтiректеген кезде әркiм өз тiрлiк-тiршiлiгiне кiрiсiп кеттi. Бiреулер жылдам дәулет жинау үшiн жанталасса, керiсiнше арамызда қолындағы барды жетiм-жесiрлерге бөлiп берудi өмiрлiк мақсат тұтқан қайсар қазақ қыздарының болғаны да өмiр шындығы. Солардың бiрi – Сағила Алдабергенова ханым едi.
Жүзiнен үнемi жылу есiп тұратын жаны таза, аналық жүрегi мейiрiммен сәуле шашқан бiздiң бүгiнгi кейiпкерiмiздiң тыныс-тiршiлiгiн бiраздан берi байқап, зерделеп жүрушi едiм. Бүгiн әңгiмелесудiң сәтi түскендей.
– Сағила Жетпiсқызы, сiз басқарып отырған «Шығыс әйелдерi – Мейiрiм» халықаралық әйелдер қоры қалай өмiрге келдi, әңгiменi осыдан бастасақ?
– Биыл жиырма жылдығын тойлағалы отырған бабалар арманы – Тәуелсiздiктiң алғашқы жылдары қазақ халқына оңай болмағаны ақиқат. Жалпы халықтың тұрмыс-тiршiлiгi, хал-ахуалы өте-мөте сын көтере алмайтын едi. Қолдағы малы кеткен соң, қай қазақтың тұрмысы түзу болар дейсiң. Тарихты қазбаламай-ақ қояйық, дегенмен бiр бөлек сабынға бiр бас қойдың айырбасталғанын көзiмiз көрдi ғой.
Өз басым адам баласының мұқтаждығын, зәрулiгiн көргенде жаным төзiп отыра алмаймын. Бiрде теледидардан қамқорлыққа зәру мүгедек балалар жайлы хабарды көрiп отырып, жаным ауырды. Көзiме ерiксiз жас келдi. Соны байқаған кiшкентай немерем Әмина: «Әже, жыламашы, одан да ана балаға ойыншықтар апарып берейiк, менiң ойыншықтарым көп қой», – дегенi. Жанымды жеген жабырқауды қаршадай сүйкiмдi немеремнiң ойы дөп басып, одан сайын егiлдiм. Мынау қатал қоғамда, мейiрiм азайып бара жатқан заманда өзiм мәпелеп отырған кiшкентайымның сөзi көңiлiме қона кеттi.
Содан бастап балалар үйi, жетiм-жесiр жағдайы жанымды ауырта бастады. Қолыма қаржы түскен күнi киiм-кешек, азық-түлiк алып балалар үйiне, не болмаса телехабарлардан көрсетiп жататын асыраушысынан айырылған отбасылар мен жалғызбасты аналарды iздеумен болдым. Қазақ халқы ежелден жетiмi мен жесiрiн жылатпаған, ешкiмнiң босағасынан сығаламаған, қазақ қыздары өз босағасында отырып бала таппаған, тастанды бала деген ұғым тiптi болмаған.
Мiне, осындай ойлардың нәтижесiнде осы Қор дүниеге келдi.
– Қордың негiзгi мақсатын айта кетсеңiз…
– «Шығыс әйелдерi – Мейiрiм» халықаралық әйелдер қоры мемлекеттiк емес, тәуелсiз, қайырымдылық жасайтын мекеме ретiнде құрылды. Мақсаты – мейiрiмге зәру болып отырған жағдайы төмен отбасыларға, жетiм балаларға, балалар мен қарттар үйiне қамқорлық көрсетумен қатар, оларға рухани жағынан да қолдау жасау. Әйелдердiң экономикалық-әлеуметтiк құқықтарын қорғау, олардың ғылыми-көркем шығармашылықпен, бизнеспен айналысуын, жұмыссыз отырған әйелдердiң әлеуметтiк қорғалуы мен жалпы жағдайын үнемi бақылап-қарастырып отыру да қор мiндеттерiнiң бiрi саналады. Қор Қазақстанда және алыс-жақын шетелдерде өзi сияқты ұйымдармен iскерлiк, мәдени байланысты дамытуда iс жүзiндегi заңдылықтарға сәйкес кiтап, брошюра, баяндама, бюллетеньдер, газет-журналдар, басқа да басылым материалдарын, аудио-видео, Интернет өнiмдерiн дайындап, шығарып және таратады, өз жарғысының жұмысы жөнiндегi мәселелер бойынша бұқаралық-ақпарат құралдары – радио мен теледидар көрсетiлiмдерiн, көрмелер ұйымдастырып, публицистикалық лекциялар мен семинарлар ұйымдастырып отырады.
– Сағила Жетпiсқызы, менiң байқауымша, қордың мүшелерi де әр саладан құралған сияқты?– Иә, қазақ айтады ғой, « Жалғыздың үні шықпас» деп. Қор құрылды, қайырымдылық шаралары үнемi көрсетiлiп жатыр. Дегенмен мен жалғыз өзiм не тындыра аламын. Әрине, әр шараның басы-қасында өзiм жүргенiммен, оны орындаушылар, ұқсатушылар дегендей көмекшiлерiм жайлы айтпауға болмас. Қордың құрамында дәрiгер, социолог, құрылыс маманы, заңгер, журналист, психолог, ұстаз-тәлiмгер мамандары жұмыс iстейдi. Бұл ретте қорымызға бүгiнгi заман талабымен жабдықталған кеңсе бөлмесiн ұсынып, еркiн жұмыс iстеуге жағдай жасап отырған «ТрансАэро» компаниясының басшылығына ризашылығымыз шексiз.
Мемлекеттiк емес болғаннан кейiн, әрине, өзiн-өзi қаржыландыру мәселесi тағы бар. Бұл ретте де, өз отбасымның, балаларым мен келiнiмнiң үнемi материалдық және рухани қолдауының ерекше екенiн айтуым керек. Отбасында орныққан осындай сыйластық менi қайырымдылықтың үлкен сара жолына түсiрдi деуге болады. Одан кейiн алды қырық жыл өзiммен қоян-қолтық араласқан тамыр-таныс азаматтар мен азаматшалар мүмкiндiгiнше өз көмектерiн аямай келедi. Әсiресе, Чакуза Усаева, Райхан Ақбаева, Сара Жұмашева сияқты қазақтың мейiрiмдi қыздары өздерiнiң аналық шын ниеттерiмен қорға қолғабыс жасаса, Қапбас Сабырбаев, Әнуар Мейрамғазинов сынды атпал азаматтармен бiрлесе жұмыс жасағандықтан, өзiмдi жалғыз сезiнбеймiн. Бүгiнгi тiлмен айтқанда, олар қордың сенiмдi демеушiлерi. Әрбiр мереке сайын кезектесе көмек жасап жатады. Үлкен жүректi азаматтар ол тiрлiктердiң сауабы барын да жандарымен түсiнедi, қабылдайды. Әсiресе, жетiм балалар мен мүмкiндiктерi шектеулi мүгедек балаларға деген ықылас-пейiлiмiз ерекше. Сондай-ақ, жалғыз басты аналарға, мемлекет қамқорлығында болса да бiздiң елде қамқорлық пен көңiл бөлудi қажет ететiн қарттарымыз қаншама?! Жалпы, адам баласы бiр-бiрiне мейiрiммен қарауға, қамқорлық көрсетуге тырысуы керек. Қамшының сабындай қысқа ғұмырымызда бiр ғана сәттiк қызық-думанға әуестенбей, бiр-бiрiмiзге жанашырлық танытып жатсақ, мұқтаж жандарға қол ұшын берiп жатсақ, оның сауабы мол екенiн түсiнуге тырысайық. – Халқымызда «Жетiм көрсең жебей жүр» деген ұлағатты сөз бар. Бейбiт заманда тағдырдың жазуымен өмiрдiң ащы зарын тартып, адами мейiрiмге зәру болып отырған көңiлi жарым ананың бауырындағы жаутаңдаған бауыр етiн қуанышқа бөлеу, сөйтiп ананың жүрегiне үмiт отын жағу – Қордың негiзгi жұмысы. Мәселен Алматы қаласының Абай мен Гагарин көшелерінің бұрышында газет сататын дүңгiршекте 7 баласымен тұрып жатқан Тұрсынхан Дишеналиеваның баспаналы болуына мұрындық болдық. Әке-шешесiз қалған 3 немересiн өсiрiп отырған Айқанбаевтар отбасына, мүгедек бала тәрбиелеп отырған С.Құрманғалиева, Боралдай кентiнде тұратын 3 баласы бар сырқат ана А.Рахымбаева, күйеуi қайтыс болып, екi көзi бiрдей көрмейтiн 2 балалы А.Қанбаеваны тұрақты түрде қамқорлығына алған қайырымдылық қорымыз Талғардағы балалар үйi мен Бағанашылдағы №2 жетiм балалар үйiн де өз қамқорлығына бөлеп келедi. Оның арасында табиғаты тосын мiнез танытқан Шығыс Қазақстан мен Алматы облысындағы Қызылағаш, Егiнсу ауылдарындағы төтенше жағдайлар кезiнде де қаншама жұмыстар атқардық. Киiм-кешек, азық-түлiктерiн өз көлiктерiмен жеткiзiп, ондағы қайтыс болған отбасы мүшелерiне арнап ас берiп, құран оқытуды да ұмытпадық.
Иә, көпсалалы экономикалық-өндiрiстi елiмiздiң бүгiнде мемлекеттiк емес мекемелерiнiң қатарынан орын алатын осынау мейiрiмдiлiк қордың айта берсе, тындырған шаруалары шаш етектен. Әсiресе, өмiрiнiң саналы кезеңiн мемлекеттiк қамсыздандыру мекемесiнде кадрлар бөлiмiн басқаруға жұмсаған, бүгiнде зейнеткерлiк жасқа жетсе де, қоғамға өзiндiк пайдасын тигiзiп жүрген Сағила Жетпiсқызы аса қарапайымдылығымен ерекшеленетiн жан. Қашан көрсең де, қолындағы үлкен дорбасын сүйреп, сыйлығын көтередi де жүредi. Көпшiл де жомарт жанның мейiрiмi сұлу да аппақ жүзiнен көрiнiп-ақ тұрады. Отасқандарына жарты ғасырдан асқан жолдасы Мұрат аға болса сырбаз, сымбатты. « Елдiң әйелi сырттағыны үйге тасиды, ал бiздiң Сәкең үйдегiнi сыртқа тасиды. Әу бастан-ақ тiрлiгi осы», – дейдi риза кейiппен. Осындай әке мен ананың тәрбиесiн көрген балалары Құрман мен Әлия да көңiлi жарым жандарды демеп жүрген аналарын үнемi мақтан тұтады.
Сағила Алдабергенова басқарып отырған «Шығыс әйелдерi – Мейiрiм» Қорының қайырымдылық жұмысын жоғары бағалаған Алматы қаласы Әдiлет департаментi, Алматы қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтiк бағдарламалар департаментi, қалалық салық комитетi тарапынан алған алғыс, Құрмет грамоталары да мақтан етуге тұрарлық. «Жетiм балаларға – көмек» номинациясы бойынша жыл сайын берiлiп жататын «Алтын жүрек» ұлттық қоғамдық сыйлықтың 2009 жылғы жеңiмпазы болғанын да атап кеткен жөн шығар…
Әңгiмелескен
10.11.2011 ӘңгiмелескенТаңсұлу АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ