Жаңалықтар

ҚАРЖЫЛЫҚ ТӘУЕКЕЛ

ашық дереккөзі

ҚАРЖЫЛЫҚ ТӘУЕКЕЛ

Тәуекел дегеніміз – тарихи және экономикалық категориялар екені анық. Біріншіден, тарихи категория ретінде ол – адамзат баласы саналы түрде сезінетін қауіп деген ұғымды білдіреді. Өркениеттің даму деңгейіне қарай тауарлық-қаржылық байланыстар пайда бола бастаған кезде тәуекел экономикалық категория ретінде де таныла бастады.

Экономикалық категория ре­тінде тәуекел – болуы да мүмкін, болмауы да мүмкін құбылыс болып табылады. Әрине, мұндай тәуекел бола қалған күнде оның үш түрлі нәтижесі болатындығы анықталған. Бұл нәтижелердің бі­ріншісі – жа­ғымсыз, яғни «жаман айтпай, жақсы жоқ» демекші, ұтылыс, зиян шегу деп аталады. Ал екіншісі, еш пайдасы да, зияны да жоқ бос әрекетпен аяқталатын нәтиже. Үшіншісі – әрине, тәуекелдің төресі, яғни ұтыс­қа, пайда табуға қол жеткізген жа­ғымды нәтиже.

Тәуекелшілдікті мүмкіндігінше тізгіндеп, басқарып отыруға болады. Былайша айтқанда, тәуекел жасауды талап ететін жағдайларды болжап, оны насырға шаптырмаудың амал-тәсілдерін қарастырудың үш түрлі жолы бар.

Қаржылық тәуекел кәсіпорын­ның қаржы институттарымен (банктермен, қаржылық, инвестициялық, сақ­тандыру компанияларымен, биржалармен т. б.) байланысы барысында туындайды. Мұндай тәуекелге себеп болатын жәйттер – инфляция факторлары, банктердің есептік ставкаларының өсуі, құнды қағаздар бағасының тө­мендеуі т. б.

Қаржылық тәуекелдің екі түрі бар; біріншісі – ақшаның құндылығына, яғни сатып алу мүмкіндігіне байланыс­ты тәуекелдер, екіншісі – қаржы құю­ға (ин­вестиция салуға) байланысты тәуе­келдер.Ақшаның құндылығына, демек са­тып алу мүмкіндігіне байланысты тәуекелдердің қатарына: инфляциялық және дефляциялық тәуекелдер, валютаға қатысты тәуекелдер, сонымен бірге ағымдағы (ликвидті) тәуекел де жатады.

Инфляция – ақшаның құнсыздануы, яғни бағаның өсуі екендігі бұл күнде баршамызға мәлім жәйт. Ал дефляция керісінше, бағаның төмендеуі және осыған орай ақша құнының, демек, сатып алу мүмкіндігінің артуы.

Инфляциялық тәуекелдің қауіпті жағы, инфляция өскен жағдайда түскен пайданың, яғни қаржының шынайы сатып алу мүмкіндігінен де тезірек құнсыздануы болып табылады. Мұндай жағдайда кәсіпкерлік жүйенің айтарлықтай зиян шегетіндігі анық.

Дефляциялық тәуекелдің қауіпті жағы – бағаның төмендеуі және соған байланысты кәсіпкерлік бағыттағы экономикалық ахуалдың нашарлауы, өнім сатудан түсетін табыстың азаюы болып табылады.

Инвестициялық тәуекелдің мынандай қауіпті түрлері бар: пайда табу мүмкіндігін қолдан шығарып алу, табыстың азаюы және қолдағы қаржыдан айрылу.

Несие тәуекелінің қауіпті тұсы – несие алушының негізгі қарыз бен оның өсімін несие берушіге бел­гі­ленген мерзімде қайтара алмауы. Сонымен қатар, қарызға шектелген құнды қағаздарды шығарушы эмитенттің оған лайықты өсімді немесе қарыздың негізгі сомасын төлеуге қабілетсіз болып қалуы да жатады.

«Тәуекел түбі – желқайық, өтесің де кетесің» деген халық даналығы бар. Әрине, халық айтса, қалт айтпайды. Бірақ оның мәні мен мағынасын, реті мен орнын түсіне білу үшін терең пайым, биік парасат қажет. Сондықтан да бұл тұста тәуекелдің де түр-түрі болатынын есте берік ұстаған жөн. Қаржы тәуекеліне қадам басар тұста «Жеті рет өлшеп, бір рет кес» деген нақыл сөзді естен шығармаған абзал. Өйткені қаржының қашан да нақты әрі қатаң есепті сүйетіні дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат.

10.11.2011

Алмас БАЛТАҚАРА,

«Алатау» қазақ университетiнiң

магистранты