Жаңалықтар

ТӘТТІ ТҮБІРДІҢ ТӨҢІРЕГІНДЕГІ ТҮЙТКІЛДЕР

ашық дереккөзі

ТӘТТІ ТҮБІРДІҢ ТӨҢІРЕГІНДЕГІ ТҮЙТКІЛДЕР

Осыдан бiрер жыл бұрын Жамбыл облысында қант қызылшасын өндiрудi арттырудың 2012 жылға дейiнгi кешендi бағдарламасы қабылданған болатын. Соған сәйкес, оның көлемi жыл өткен сайын артып, биылдың өзiнде 7028 гектарға егiлдi. Орасан еңбек пен ерекше күтiмдi қажет ететiн қант қызылшасының бүгiнде 77,7 пайызы, яғни 5461 гектарынан ғана өнiм жиналуда. Қалғаны құрғақшылық салдарынан өнiм бермедi. Аудандарды жыл сайын әлекке салып, бiр қарағанда жоспар үшiн ғана өсiрiлiп жатқан балтамырдың жыры – бүгiнгi қызылша еккендерге оңай тиетiн емес.

Биыл Байзақ ауданы – 1502 гектар, Жамбыл – 840, Қордай – 473, Т. Рысқұлов – 48, Шу – 765, Меркі – 2034 гектар (оның 1855 гектарын ҚР қант қызылшасы және қант өндірушілер ассоциациясы өз күштерімен еккен) аумақтан өнім жинауда. Түсім жаман емес, орта есеппен алғанда, гектарына – 193,5 центнерден. Бірақ биылғы жағдай ерекше болып тұр. Өйткені таяуда ғана қант бағасы арзандап, килограмы 132 теңгеге дейін төмендеп кетті. Соған сәйкес, қант зауыттары өздері шығынға батып қалмас үшін шикізаттың құнын төмендетіп отыр.

Біз жоғарыда балтамырдың жоспар үшін, жоғарыға есеп беру үшін өсіріліп жатқанын айтып өттік. Бұлай деуімізге себеп жоқ емес. Әр аудан жылма-жыл оның көлемін мүмкіндігінше көбейтіп келеді. Себебі қабылданған бағдарлама бар. Оны орындау керек. Осыны мықтап есте тұтқан жергілікті басқару орындары бұл жоспарды орындауға бар күш-жігерлерін аямайды. Жоғарыға «пәлен гектар егіп, мынанша түсім түсті, жоспар толығымен орындалды» деген бір ауыз есеп беріп, жақсы атқа ие болу үшін бәрін жасауға дайын. Тіпті өздерінің қарамағындағы мемлекеттік қызметкерлерді қант қызылшасын еккенде және жинағанда бірнеше мәрте егіс даласына «қуатын» әдеттері бар. Қордай ауданында бұл дәстүр кәдімгідей орныққанға ұқсайды. Тіпті, ешкім оны жасырмайды да. Аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің бастығы Н. Молдабеков: «Аптаның сенбі, жексенбісінде шығарамыз, ол үшін ақы төленеді», – дейді. Әлбетте, ол жерде «барғың келсе де, келмесе де өз еркің» деген қағида жоқ, өйткен күнде қызылшаның басынан бір адамды да таппай қалуыңыз ықтимал. Бірақ Нұржан Смағұлұлы оны жоққа шығарып бақты (ал бізге мұңын айтқан бірнеше мемлекеттік қызметші басқалай деген болатын). Қызығы сол, білдей бір бөлімнің бастығы да: «Біздің қызылша жинағаннан басқа жұмысымыз жоқ па, әлде олар келіп, менің жұмысымды істеп бере ме, түсінбеймін осыларды», – деп әңгіме арасында ішкі ойын бұқпасыз айтып қалды.

Біз ауданға сапарлап барған аптада қызылша жинауға жергілікті колледждің студенттері шыққалы жатыр екен. Жоғарыға есеп беру үшін тыраштану, елді науқанға жаппай араластыру секілді көріністер бізге келмеске кеткен Кеңес заманын еске салды.

Былтыр қордайлықтар 70 гектар қызылша егіп, оны жабыла жүріп жиып-теріп алған болатын. Зауыт оның әр килограммын 11 теңге 50 тиыннан қабылдап алған. Жалпы алғанда, айтарлықтай шығын жоқ. Биыл әр гектарға берілетін субсидия 35 мыңнан 60 мың теңгеге дейін өсіп, дақыл 473 гектарға егілді. Әйткенмен, оның 268 гектарынан ғана өнім алынбақ. Қалғаны түрлі себептермен шықпай қалған. Науқан барысында 4242 тонна тәтті түбір жинау жоспарланса, бүгінде 5 шаруа қожалығы соның 370 тоннасын орындады. Өнім көлемі орта есеппен алғанда, әр гектардан – 152 центнерден. Бұдан басқа 15 шаруа қожалығы жұмысты енді бастамақшы. «Техника жетіспейді, сондай-ақ жұмыстың дені қолмен атқарылатындықтан, адам күші де жетпей жатыр», – дейді мамандар.

Жинауын бүкіл аудан жұмыла жинайды-ау, тек соны өткізу ісі алға баспай тұр. Қызылшаны қабылдауы тиіс Меркі қант зауыты Қордайдан 210 шақырым қашықтықта орналасқандықтан, балтамырды жеткізу қымбатқа түсуде. 20 тонналық бір КамАЗ әр рейске 80–100 мың теңге сұрайды. Зауыт қызылшаның ақысын қолма-қол бермейді. Тек науқан біткен соң әр тоннасына 65 килограмм қант пен 640 килограмм сірне береді. Қарап тұрсақ, әр рейске төлеген ақшаңды ақтамауы да мүмкін. Оған қаржысын тауып, төлеп, жеткізгеніңмен, келіскен қантты қашан беретіні де белгісіз. Өйткені зауыт әлі ауданмен, жекелеген шаруалармен нақты келісім-шартқа отырмаған. Жалпы, олардың еңбеккер ақысын жемей, уәде еткенін беретініне кім кепілдік береді? Ондай фактілер де кездескен көрінеді. Сондықтан қызылшаның шығыны шаш-етектен деуге әбден болатын секілді. Бүгінде 23 тонна қант қызылшасы зауытқа «су тегін» өткізіліпті.

– Биыл ешкім пайда көрмейін деп отыр, – дейді Н. Молдабеков. – Былтыр бір ғана «Сарыбұлақ» ЖШС өсіріп, 7 миллион теңге пайда тапты. Ал биылғы жағдайымыз мүшкіл. Зауыт орта есеппен алғанда, килограммына 8 теңгеден ғана төлемек. Онда да қолма-қол ақша емес.

Шаруашылықтардың көбісі қазір тасымалдауға көлік іздеп, әуреге түспей-ақ, жиын-терінмен ғана айналысуда. Егер өзінде қалдырса шығын да, кіріс те болмайды.

– Сонда тонналаған тәтті түбірді қайтпек?

– Малына береді де. Ол жануарлар үшін құнды азық.

Иә, біз аймақтық бағдарлама аясында малымызды тиімді қоректендіру үшін қант қызылшасын өсірудеміз. Ызаңыз келе ме, келмей ме? Бір мысал – зауытқа өткізілген 23 тонна өнімнің иесі – «Талапты» ШҚ жетекшісі Қабиден Медерқұлов қазір қалған өнімді ашық алаңқайға үйіп, түсіріп жатыр. Жиын-терінмен асықпайды да, өйткені ешқайда өткізбейтін болған соң асығып қажеті бар ма? Қыс түскенше сол алаңқайда сақтамақ. Енді ешқайда өткізем деп әуреленетін ойы жоқ.

Есесіне, қорасындағы мал жақсылап тойынатын болды.

27 тамызда «Азия қант» АҚ прези­дентінің міндетін атқарушы В. Гончаренко аудан әкіміне «Жол шығынын қосып төлеу туралы» хат жолдаған. Жалпы, олар алдында шикізатты Шу қаласында қабылдау жағын қарастырып көреміз деп уәде де берген екен. Бірақ тез тайқып шыққан. Аудан басшыларының уәжіне «акционерлеріміз ақша бермей отыр, өзімізге де қиындық төніп тұр» деп зыр қағыпты. Үш ел арасындағы Кедендік Одақтың шапағаты тиіп, Ресейден арзан қант сау ете қалатынын олар қайдан болжап білсін. Обал-ақ.

Бұл жалғыз Қордай емес, барлық аудандарға тән ахуал деп біліңіз. Тіпті, байзақтық шаруалар «ең болмаса тоннасына 80 килограмм қант берсін» деп талап етіп те көрген. Нәтиже жоқ. Бағдарлама өз ширегіне жетеді деп күтілген соңғы мерзім – 2012 жылы шаруаларды алдап, субсидияны көбейтіп немесе қорқытып ектірмесе, ешкім қайтадан шығынның астында қалып, мал азығы үшін қант қызылшасын өсірмейтін шығар.

10.11.2011

Жанат ҚАПАЛБАЕВА

Жамбыл облысы