Жаңалықтар

ЖАҢА ЖОБА ҚОЛДАУ ТАБА МА?

ашық дереккөзі

ЖАҢА ЖОБА ҚОЛДАУ ТАБА МА?

Тiл туралы пiкiрталастарға әзiрге нүкте қойылар емес. Қоғамда дүрбелең тудырған «138-дiң хаты», әсiресе орыстiлдi ақпарат құралдарында көбiрек талқыланды. Орыстiлдi қоғам өкiлдерi – бұл хатты осындағы орыс диаспорасына көрсетiлген қысым ретiнде қабылдап, Қазақстанда орыс азаматтарының азаюының бiр факторы ретiнде атап көрсеттi.

Мәселен, www.russiankz.info сайтында жарияланған «Казахстан становится все менее русским?» атты мақалада Көкшетау қаласында өткен орыстардың Ресейге көшіп-қонуы жөніндегі бағдарламаның көшпелі отырысында Қазақстаннан Ресейге кетуге мүдделілердің саны көбеймесе, азаймай отырғандығы айтылады. Ресей Премьері Путиннің «Еуразиялық одақ» құру туралы идеясы қазақстандық орыс азаматтарының жылы орнын суытпауына себеп болмапты, керісінше, «138-дің хаты» әлі күнге дейін белгілі тұрақ таппағандардың Ресейге жаппай көшуіне түрткі болған екен-міс. Бірақ қазақ саясаткерлері бұл мәселеде мемлекеттік саясаттың жаңа бағыт ұстағанын жөн көреді.

ТАҒЫ ДА БІР ЗАҢ ЖОБАСЫ…

«Алаш үні» тобының бастамасымен «Мемлекеттік тіл» туралы Заң жобасы дайындалды. Бұл заң жобасының жұмыс тобының жетекшісі – «Ұлт тағдыры» қоғамдық қозғалысының жетекшісі Дос Көшім. Мұндай жобаның билікке бірнеше рет ұсынылып, қолдау таппағаны мәлім.

Осының алдындағы заң жобалары қолымызға түсіп, біз оның кемшіліктері мен жетістіктерін талай рет «Түркістан» бетінде саралаған едік. Жұмыс тобы бұның алдындағы жобаға мүлдем ұқсамайтын жаңа жоба жасап отыр. Ол жерде көптеген кемшіліктер ескерілген. Мәселен бұның алдындағы заң жобасында «мемлекеттік тіл – тек қазақтар үшін ғана» деген түсінік қалыптастыратын болса, бұл жолғы заң «мемлекеттік тіл – бүкіл қазақстандықтар үшін» деген тезис қолданылған. Бұл жайында www.camonitor.com сайтына сұхбат берген Дос Көшім («Дальше оттягивать нельзя»): «Қазіргі қолданыстағы «Тілдер туралы» заң елдегі этнос өкілдерін топтастырғанның орнына, бөлінуге бастайды. Ал мемлекеттік тіл – елді ұйыстырушы фактор болуы тиіс. Сол үшін біз заң жобасын «Мемлекеттік тіл туралы» деп атадық деген. Заң жобасындағы назар аударарлық маңызды мәселенің бірі – орыс тілінің ресми дәрежесі. Бұған дейін оның «қазақ тілімен тең дәрежеде, ресми мекемелер мен ұйымдарда қолданылады» деген конституциялық дәрежесін өзгерту туралы идеялардың соңы – оған «ұлтаралық тіл» дәрежесін берумен аяқталғаны мәлім. Аталған заң жобасында орыс тілі – елдегі өзге этнос тілдері қатарына қосылған. Және ол тілдерді қорғау, дамыту әрбір этнос өкілінің өз шаруасы болып қала бермек.

«ПАТРИОТ» КІМ? «ҰЛТШЫЛДАР» ҚАЙСЫ?

www.regnum.ru сайтында белгілі саясаттанушы, экономист Мұхтар Тайжанның «Почему защита русского языка — патриотизм, а казахского — национализм?» атты сұхбаты жарияланды. Онда Мұхтар Тайжан: «Ресейде «РФ-нің мемлекеттік тілі туралы» заңы секілді заң Қазақстанда болса не болар еді. Ондағы «орыс тілі» деген жазудың орнына «қазақ тілін» қолданайық. Сондай-ақ, Ресейдегі «Орыс тілі» мемлекеттік бағдарламасы сияқты «Қазақ тілі» атты мемлекеттік бағдарлама қабылдайық. Әлемде бұдан да қатаң мемлекеттік тіл туралы заң мен бағдарламалардың барлығын білемін. Мен Арменияның, Әзірбайжанның, Молдавия мен Өзбекстанның, Франция мен Норвегияның тіл саясатына қатысты заңдарымен таныспын. Оларды бізде жариялайтын болсақ, сіздер оны «шектен шыққан ұлтшылдық» дейтіндеріңізге сенімім кәміл. Бірақ бұл әлемдік тәжірибе. Соның ішінде ресейлік те. Бұл дұрыс қадам. Онсыз ұлттық ерекшелікті сақтай алмайтынымыз белгілі», – деген.

Мұхтар Тайжан: «Қазақстанда Конституцияда «орыс тілі – мемлекеттік тілмен тең дәрежеде мемлекеттік мекемелерде және ұйымдарда қолданылады делінген. Шын мәнісінде, ол мемлекеттік» тілдің рөлін атқарып отыр. Қазақстандағы қостілділік – қазақтілді қазақтар үшін ғана. Ал орыстілділер орыс тілінен өзге тілді білмейді, қазақ ақпаратында не айтылып жатқанын оқымайды, оқығысы да келмейді. Сол үшін де тіл саясатын түбегейлі өзгертетін уақыт жетті», – дейді.

P.S. Бұған дейін «Мемлекеттік тіл» туралы Заң жобасы Мәжіліске де, Тілдер жөніндегі комитетке де (бірде Ақпарат, бірде Мәдениет министрлігiнің құрамындағы) ұсынылып, қолдау таппағаны мәлім. Бұл жолғы заң жобасы саяси тұрғыдан біраз жетілдірілген, тәуелсіз, моноұлтты, унитарлы мемлекеттің саясатына сай келсе де, оның жоғары билік эшелонынан қолдау табуы әзірге белгісіз. Бірақ Д. Көшім заң жобасын ресми билікке ұсынардан бұрын, оған мүдделі қазақтілді аудиторияның қолдауына толық ие болуды мақсат етіп отырғанын айтады. Демек тіл тағдыры оны тұтынатын ұлт өкілдерінің қолында.

10.11.2011

Есенгүл Кәпқызы