КҮМІС БОЙЫНША – ЕКІНШІ, АЛТЫН БОЙЫНША – АЛТЫНШЫ...
КҮМІС БОЙЫНША – ЕКІНШІ, АЛТЫН БОЙЫНША – АЛТЫНШЫ...
Қазақ жерiнiң кеңдiгi мен қойнауының байлығы аңызға айналғалы қашан. Статистикалық мәлiметтерге жүгiнсек, бiздiң елiмiз барлық табиғи қоры бойынша әлемде алтыншы орында екен. Осыдан кейiн-ақ Қазақ елiнiң маңдайына қандай байлықтың бұйырғанын шамалай беруге болады. Мектеп оқушылары жаттап өсетiн Менделеев кестесiндегi химиялық элементтердiң Қазақстан жер бедерiнен табылмайтыны кемде-кем.
Қазақстан цинк, мырыш, вольфрам мен боррит қоры бойынша – әлемде бірінші, ал күміс, свинец, уран мен хромит қоры бойынша – екінші орында екен. Мыс пен флюорит қоры бойынша төртінші орынды иемденсе, молибден қоры бойынша – төртінші, алтын қоры бойынша алтыншы орында тұр.
Осыншама мол қорды ұқсатып пайдалану үшін Қазақстанда Үдемелі индустриалды-инновациялық бесжылдық даму бағдарламасы іске қосылды.
Былтыр қабылданған бағдарламаның биылғы жылдың бірінші жарты жылдығы бойынша алғашқы қорытындылары шығып үлгерді. Мамандар экономикадағы игі жаңалықтарды осы бағдарламаның жүзеге асуымен байланыстырады.
Мысалы биылғы жылдың алғашқы алты айында елдегі өнеркәсіптік кәсіпорындар құны 7,7 триллион теңге тұратын өнім шығарса, тау-кен саласында 5 триллион теңгенің өнімі өндірілген.Өңдеу саласында да оң өзгерістер бар. Бұл салада негізінен тамақ пен сусын түрлерінен тұратын құны 2,2 триллион теңгеге жететін өнім шығарылған. Сондай-ақ құрал-жабдық, химия, қара және түсті металлургия өнімдерінің көлемі өсті.
Индустрия саласының қуаты біртіндеп арта түсуде. Биылғы жылдың алғашқы жартысы бойынша ең көп өнім өндірілген сала – металлургия. Алты айда елімізде 989,7 млрд. теңгенің өнімі шығарылған. Оның ішінде қара металлургияда 408,7 млрд. теңгенің, асыл және түсті металл салаларында 577,3 млрд. теңгенің өнімі өндірілген. Салыстырмалы түрде қарағанда машина мен құрал-жабдықтардан басқа дайын металл өнімдері 49,4 млрд. теңгеге бағаланды.
Сондай-ақ қаңтар – маусым айларында республикада 10,3 млрд. теңгенің дәрі-дәрмегі шығарылса, химия өнеркәсібіндегі өнім көлемі 68,3 млрд. теңгеге бағаланған.
Индустриаландыру саясатын қолға алған мемлекет алдағы уақытта дәстүрлі мұнай-газ, тау-кен, атом мен химия өнеркәсібін дамыта отырып, бұл салаларда шикізат шығарудан арылып, дайын өнім өндіруге бағыт алды.
Оның үстіне, машина жасау, құрылыс материалдарын, дәрі-дәрмек шығарумен қоса ауылшаруашылық өнімдерін өңдеу арқылы халықаралық нарыққа шығуды, туризм мен жеңіл өнеркәсіпті дамытуды көздеп отыр.
Құлдырап кеткен отандық жеңіл өнеркәсіп саласы енді бас көтере бастады. Жергілікті нарықта көрші елдерде шығарылған тауарлар көп сатылса да, ішінара отандық өнімдерге деген сұраныс бары байқалады. Егер әрі сапалы, әрі арзанырақ болса, отандық өнім неге өтімді болмасын? Биыл алғашқы алты айда жеңіл өнеркәсіпте 15,8 млрд. теңгеге өнім шығарылған. Оның 70 пайыздан астамы –тоқыма өнімдер, қалғаны – киім-кешек пен былғарыдан жасалған бұйымдар.
Машина жасау өнеркәсібі де қалысар емес. Бұл салада алты айда 209,3 млрд. теңгенің өнімі өндірілген. Былтырғы көрсеткіштерге қарағанда әжептәуір өсім бары байқалады.
Бүгінде экономиканың негізгі салаларына мемлекеттік қолдауды бағыттаудың 60-тан астам тетігі бар. Олардың ішінде Бизнесті қолдау бағдарламасын, салалық және функционалды бағдарламаларды, сондай-ақ Өндірістік қуаттардың орналасу сызбасын және Индустриаландыру картасын атап көрсетуге болады.
Индустрия саласының дамуын инвестициясыз елестету қиын. Жергілікті билік Қазақстанда инвесторларға қолайлы жағдай жасау үшін барын салуда.
Инвестиция арнасын кеңейту үшін арнайы экономикалық аймақтар құру туралы шешім қабылданды. Шілде айында Елбасы қол қойған «Арнайы экономикалық аймақтар туралы» заң аясында алты арнайы экономикалық аймақты дамытуға қажетті шаралар қолға алынды.
Жаңа заңда индустриалды-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау мәселелері ашық айтылған. Сондай-ақ инвестициялар туралы, қуат көздерін үнемдеу, оның тиімділігін арттыру мәселелері де қарастырылған.
Бұған қоса Қазақстан, Ресей мен Белорусь арасында Кеден одағының құрылуына байланысты «Инвестициялар туралы» Заңға өзгертулер енгізу қажеттілігі туды.
Шикізаттық емес салаларға инвестицияларды көптеп тарту мақсатында Үкімет «Инвестицияларды тартуға байланысты ұлттық жоспар» қабылдады. Ұлттық жоспар инвестициялар саласындағы заңдарға өзгеріс енгізу, кәсіпкерлікті дамыту, инвестициялық имиджді жақсарту, шетелдік инвесторларды шақыру, шикізаттық емес тауарларды экспортқа шығару үшін қолдау көрсетуді көздейді.
Жалпы, Үкімет отандық өнімді экспортқа шығаратын жергілікті кәсіпорындарға барынша жағдай жасап отыр. 300-ден аса өнім өндіруші мемлекеттік «Экспортер-2020» бағдарламасы аясында мемлекеттік қолдауға ие. Олардың бәрі дерлік экспортқа арналған тауарлар шығарады. Оның ішінде «Индустриаландыру картасына» кіретін 48 кәсіпорын да бар. Бұл тауарлар 20 шақты елге таратылады деп жоспарлануда.
Мысалы осы күнге дейін ТМД, Шығыс Еуропа мен Азия мемлекеттерімен 362 млн. АҚШ долларына пара-пара қызмет көрсету түрлері туралы келісім-шарттар қабылданған. Экспортқа өнім шығаруды мақсат еткен кәсіпорындар мүддесін қорғау мақсатында былтыр «Экспортерлер шығынының орнын толтыру» атты бағдарлама қабылданды. Сыртқы нарыққа отандық өнімді алып шыққан кәсіпкерлер шығынының тең жартысын мемлекет төлейді. Былтыр 43 отандық экспортердің шығыны ретінде 141 млн. теңге төленді. Осының арқасында жалпы шамасы 292,6 млн. АҚШ доллары көлеміндегі тауарлар 24 мемлекетке шығарылып, сатылды. Биылдың өзінде осы бағдарлама бойынша 66 экспортер-кәсіпорын шығындарды бөлісуге өтініш білдірген.Отандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында «Өнімділік – 2020» атты бағдарлама қабылданды. Осы бағдарлама арқылы экономикадағы басым бағыттарда жұмыс істейтін өнеркәсіптік кәсіпорындардың бәсекелестігін арттыру, еңбек өнімділігін күшейту көзделген. Жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды қолдаумен қатар жаңа өндіріс орындарын ашуға да септігін тигізетін мемлекеттік бағдарламаға қатысуға 171 кәсіпорын талап білдірген. Олардың көбісі машина жасау, құрылыс материалдары және агроөнеркәсіп кешенінде өнім шығарады. Бүгінгі таңда 62 кәсіпорын жұмысын жандандырып, жаңалауға 150 млрд. теңге бөлінді.
Биылдың өзінде бұл бағдарлама аясында 40-45 жобаны жүзеге асыру жоспарланған болатын. 2011 жыл «Өнімділік – 2020» бағдарламасы үшін сынақ жылы болғанымен, оның аясында біраз жұмыстар тындырылмақ. Ал ара-тұра кемшіліктер мен талап-тілектер болса, келесі жылы бағдарламаға қажетті өзгертулер мен толықтырулар енгізіледі.
Әлем бойынша алтыншы орындағы табиғи қор байлығын иеленіп отырған Қазақстанның мойнындағы жауапкершілік жүгі үлкен. Мол байлықты ұқыпты пайдаланумен қатар келешек ұрпақ үлесіне қалдыру есте болғаны ләзім, әрине. Сондықтан Үдемелі индустриалды-инновациялық бағдарламаға артылар үміт мол.
10.11.2011Гүлбиғаш Омарова