АБЫЛАЙ ХАН ЖӘНЕ ОНЫҢ ҰРПАҚТАРЫ

АБЫЛАЙ ХАН ЖӘНЕ ОНЫҢ ҰРПАҚТАРЫ

АБЫЛАЙ ХАН ЖӘНЕ ОНЫҢ ҰРПАҚТАРЫ
ашық дереккөзі

Уақыт, заман ел басқару кезінде билікте жіберілген қателіктерді өмір сахнасына шығарып, шынайы бағасын беруді бүгінде біздің алдымызға сансыз сауал, аса жауапты міндет етіп қойып отыр. Өркениетке бет алған қоғамда оң-солын танып, етек-жеңін жиып, тәуелсіздікке қол жеткізген халқымыз сол міндеттердің дұрыс-бұрысын, жақсы-жаманын таразылауға бет бұрды. Осы күрмеуі мол қиын мәселелерге оң-теріс баға беруімізге қарай біздің болашағымыз да анықталмақ. Оған көз жеткізетін уақыт жетті білем.

Тәуелсіздік бізге оңай келді деген пікірлерді назарға алған күннің өзінде де, біз тарих қойнауына үңіліп, бұл жеңісте осы бостандық жолында төгілген қанның ашынған жанның өтелмеген қарымтасы бар деп білуіміз қажет. Қазақ ұлтының дербес ел болуын аңсаған Абылай, Қасым, Ғұбайдолла, Саржан, Кенесары, Наурызбай, Сыздық есімдерін жұртшылық бұл күнде азаттық жолында күрескен тәуелсіздіктін символы ретінде қабылдайды. Осы өткен тарихи оқиғалардың маңыздылығы туралы өзінің «Жадымызда жатталсын, татулық дәйім сақталсын» деген еңбегінде Елбасы: «Яғни өткенімізді тұтас күйінде, ешқандай боямасыз, қоспасыз, қаз–қалпында қабылдағанымыз ләзім. Ал өткен жылдар шежіресін үнемі әрі бұрмалаусыз зерделеп отырудың жөні бөлек. Мұның өзі өткендегі тәжірибенің жақсысынан үйрену үшін, ескі қателіктерді қаулата бермес үшін, жаманнан жирену үшін қажет»1 – деп берген бағасы бүгінгі күні жас ұрпаққа ауадай қажет. (Назарбаев Н. Жадымызда жатталсын, татулық дәйім сақталсын.//Ақиқат-1998. № 3.-8 б.) Абылай хан–қазақ халқының мақтанышы аса көрнекті мемлекет қайраткері, әйгілі қолбасшы, ірі тарихи тұлға. 1711 жылы Шыңғыс хан әулеті Уәлидің шаңырағында дүниеге келген. Оның шын есімі– Әбілмансұр. Абылай қазақ еліне тек Шыңғыс әулетінен болғандықтан ғана хан сайланбаған. Ол ел басына күн туғанда даналығымен, батырлығымен, парасатымен, ел мұңын, халық жүгін, тарихи ауыр кезеңде жауапкершілікпен сезіне білгендігімен хан сайланды. Ол халықтың ішінен іріктеліп, сұрыпталып барып, жеке дара шықты, қазақ халқының басын қосты, күшін тасытты, мәртебесін көтерді, қазақ елін іргелі елге айналдырды. Шоқан Уәлихановтың жазба деректерінде Абылайдың 12 әйелі, 30 ұлы, 40 қызы болғандығы айтылады. Үлкен ұлы Уәли 1782 жылы патшаның арнайы грамотасымен Орта жүз қазақтарының ханы болып тағайындалады. Уәлидің ұлы Шыңғыс Орта жүздің аға сұлтаны, әскери шені–полковник болған. Шыңғыстың ұлы Шоқан–Абылай ұрпақтарының ішіндегі ең танымал, даңқты ұлдарының бірі. Абылайдан тараған ендігі бір бұтақ–Қасым төреден туған ұлдар. Абылайдың ісін жалғастырушы ержүрек ұлдар Саржан, Есенкелді, Кенесары хан, Наурызбай батыр, Сыздық сұлтандар тарихи тұлғалар. Абылайдың үш атасы: Жәңгір, Уәли бақы, қанішер Абылай және әкесі Көркем Уәли хан майданда қаза тапқан. 1743 жылы Түркістан қаласында үш жүздің хандары, сұлтандары, батырлары бір тудың астына бірігіп, Абылайды ресми түрде Қазақ ханы етіп сайлайды. Абылай Қазақ мемлекетін нығайту мен оның тәуелсіздігін сақтау жолында көп еңбек сіңірді. Ол билік құрған жылдары алғаш рет қазақтар мен қалмақтар арасында бейбіт келісім жасалды, Ресеймен, Қытаймен тату қарым-қатынас орнатылды. Зерделі, алғыр саясаткер, әккі дипломат, дарынды қолбасшы болды. Оның көздеген мақсаты – мемлекетті нығайту, қазақ халқын аман сақтап қалу. Ол дұшпандардан қорғану үшін үш жүздің басын біріктіре білді. Қазақ жерін толық басып алуды көздеген көршілері-Ресей, Қытай, Жоңғар мүдделерінің қарама-қайшылығын дұрыс пайдалана отырып, Абылай іс жүзінде елдің тәуелсіздігін сақтап қала алды. Абылайдың қызметін сипаттай отырып, орыс тарихшысы Левшин былай деп жазды: «Қырғыздардың сол замандағы билеушілерінің бәрінен жасымен, қулығымен және тәжірибесімен, танымал ақылымен, қол астындағы халқының санымен сондай-ақ, өзінің орыстың әйел–патшасымен, Қытай богдоханымен байланыстарымен, ордаларда даңқтылығымен басым болған Абылай Орта жүздегі үкім етушінің билігін қолына жинақтады. Өзіне сенімді болғандықтан, ол өзінің маңғаздылығымен және абайлап әрекет жасауының нәтижесінде, өте шеберлікпен өз жағына адамдарды тарта білді, дұшпандарына күш көрсетіп қорқытса, ол керек кезінде өзін әрі орысқа бағынышты, әрі қытай қол астындамын деп жариялағанымен, шын мәнінде ең тәуелсіз билеуші болды.»2 (Е.Бекмаханов. Қазақ халқының Кенесары бастаған азаттық қозғалысы. «Жұлдыз». 1997ж. 111-125б. №8) Абылай хан жоңғарларды жеңіп, Қытай және Ресеймен терезесі тең мемлекет орнатуды көздеді. Бұл жеңіс көршілес Қытай мен Ресей үшін қолайсыз болып, 1756 жылы Қазақ хандығы мен Қытай мемлекеті арасында соғыс өрті тұтанды, ол 1757 жылға дейін созылды. Бұл қақтығыс та Абылай ханның арқасында бейбіт жолмен шешілді. Орынбор генерал-губернаторы Абылай сұлтанға: «Егер де Ресей мен Қытай екеуі соғыса қалса кімді жақтар едіңіз?» -дейді. Сонда Абылай: «Ешкімді де. Бізге бейбіт өмір қажет»,3 — депті. (Б. Насенов. Тарих зерттеушісі, Ресей Сыртқы істер Министрлігінің сыртқы саясат мұрағаты, 1 қор. 1- тіркеме, 76- іс.)Галдан-Серен баласын өлтірген Әбілмансұрды аңдытып, қолға түсіріп тұтқында алады. «Менің баламды сен өлтірдің бе?» — деген сұраққа Абылай тұрып: «Сенің балаңды өлтірген мен емес-халық, менің қолым халықтың бұйрығын орындаушы ғана»4 деп жауап беруі, оның халқы үшін өз басын қатерге тіккендігінің дәлелі бола алады. (М.Қозыбаев. Қазақ әдебиеті. 1991 жыл 14 маусым)Абылай отызға жетпей алғыр, жігерлі, қайрат–қуаты мол кезде ел билігіне араласады. Әкеден балаға, баладан немереге, одан шөбере-шөпшекке жеткен бұрынғыдан қалған сөз бойынша, Абылай: бойында артық еті жоқ, ширақ, шапшаң, кескінді, ашаң жүзді күлсе өмір бойы қабақ шытпайтындай, ал қаhарға мінсе өмірі күлмейтіндей шығар деп ойлайтындай адам болыпты. Абылайдың намысқой, өрмінез, сөзге шебер айтқанынынан қайтпайтын қайсар, ісіне тиянақты екендігі туралы деректер бізге келіп жетті. Ант бере барғанда 1740 жылы 28 тамызда Хан Әбілмәмбет пен сұлтан Абылай ұлы мәртебелі, император ағзамның портреті ілулі тұрған шатырға кіргенде онда генерал-лейтенант тұр еді. Ол сөзден бұрын мөр басылған күні бұрын жазылған қағаз ұсынады. Шатырда нақышталған екі үлкен орындық қойылған екен. Біреуінде хан, екіншісіне генерал-лейтенант отырады. Ал, сұлтан Абылай өзіне қойылған жұпыны аласа орындыққа отырудан бас тартып, дәл хан отырған орындықтай үлкен орындық әкелуін талап етеді. Сондай орындық әкелінген соң ғана барып жайғасады. (Шот–Аман Уәлихан. Абылай. Ана тілі. 13 маусым қой жылы) Қазақтың болмысын сақтап, болашаққа үміт-сенім отын жандырған. Қытайдың жымысқы оспағына, орыстың содыр тоқпағына қарсы тұрып, бірде айламен, бірде найзамен, өнерін асырып, екі ұлы империяны естерінен тандырған, қазақты тірідей үйітіп жегісі келген жалмауыз отаршылдардың бағын ақылы мен айбынымен тайдырған. ХVІІІ ғасырдың әлемдік деңгейдегі алып тұлғасы, ғажайып дипломаты Абылай хан болды. Ол ел билеген кезде қазақ халқының рухы көтеріліп, мерейі үстем болды. Абылай түсінде – шатыр алдында басын салып көтермеген қалпында жатып алған жолбарыс көреді. Бұл не қылғаны деп қарап едім, ол дереу аюға айналып кетеді. Оның аюға айналғаны қалай жаңа ғана жолбарыс еді ғой дегенімше болмады, аюдың орнында қасқыр тұрды. Қасқырдан соң түлкі, онан кейін қоян, сөйте – сөйте, ақыры майда–шүйде аңдарға айналды,–деп көрген түсін Бұқар жырауға жорытады. Сонда Бұқар: «Шатыр алдында көрінген жолбарыс өзіңіз боласыз. – Сіз жолбарыстай батыл да өжет болдыңыз. Сізде даңқ та, атақ та болды. Оның басын көтере алмай шөгіп жатқаны ендігі жерде басыңыздан бағыңыз тайғанын көрсетеді. Ат басын ордаңызға бұрыңыз топырақ елден бұйырсын. Ал аюды кергеніңіз–өз балаларыңызды көргеніңіз. Енді олардың тірлігі аюдың тірлігіндей болады. Олар сіз жүрген жолмен жүруге тырысып, күресіп өтеді. Ал жаңа ұрпақты қасқыр–өмір күтіп тұр. Ел арасында қатты толқу болады да оларды түлкілер алмастырады. Сосын уақыт ырқына бағынған, тіршілік мәжбүр еткен қояндар заманы пайда болады. Одан соңғы ұрпақтарыңыздың есімін ел біле де қоймас, олардың өзге жұрттардан айырмасы қалмайды, хан ием–дейді.6» (Абылай ханның түсі. Қазақ әдебиеті. 1992 жыл, 7 ақпан). Абылай хан ажал жастығына бас қойғанда Бұқар жырау: Қайғысыз ұйқы ұйықтатқан, ханым-ай, Қалыңсыз қатын құштырған, ханым-ай, Қайрусыз жылқы бақтырған, ханым-ай, Үш жүзден үш кісіні құрбан қылсам, Сонда қалар ма екен қайран жаның-ай,7 деуі Абылай ханның қазақ халқы үшін қандай қадірлі болғанының дәлелі. (С.Дәуітов. Абылай ханның түсі. \Социалистік Қазақстан,1991 жыл 6 сәуір)1871 жылы Абылай дүниеден өткеннен кейінгі уақытта біртұтас қазақ ордасының шаңырағы шайқалмаса да, іргесі босап, кереге көгі тоза бастаған алмағайып заман келді. Иесіз қалған таққа лайықты тұлға-қайратты Қасым сұлтанды отырғызбай иі жұмсақ, өздеріне икемді біртоға Уали сұлтанды хан сайлаған елдің игі жақсылары болатын. Сонымен бірге екі ғасыр бойы жымысқы әккі саясат жүргізіп отырған Ресей мен Цин империясының иелігіндегі қазақ жерін «бөліп алып билей бер» әдісін қолданды. Қазақ ордасын бөлшектеп, жіліктеп, өз билігін жүргізе бастайды. Уәли, Бөкей секілді ноқталанған хандардың аузын алып отарлаушы мемлекет Еділ, Жайық, Тобыл, Есіл, Ертіс бойындағы бекіністерін күшейтіп, ел ішіне дендей енуге бет алып, қазақ даласын құрсаулай қысып шырмай бастайды. Осындай аласапыран заманда Абылайдың бесінші әйелі атышулы Қалдан Сереннің бауыры Хошу мергеннің қызы Топыш ханымның құрсағында жаралған жау-жүрек көкжал Қасым жеті ұлымен бірге қалың қол жинап орыс отаршылдарына қарсы соғыс ашады. (Топышты тұтқынға түскен жолы Абылайға Қалдан Серен ұзатқан еді.) 1836 жылы Қасым ұлдары Саржан мен Есенкелді үшеуі қапылыста Қоқандықтардың торына түсіп опасыздықпен өлтіріледі. Тек Ташкентте тұтқында бір жылдай отырған Кенесары ғана босап шығады. Ол бұдан кейін бұрынғы атасы Абылай тұсындағы қазақ Ордасын қалпына келтіру жолындағы ұлт-азаттық күреске шығады. Оның кемеңгерлігі, қолбасшылығы, дипломатиялық шеберлігі, саясаткерлігі жөнінде кезінде көптеген зерттеуші ғалымдар баға берген. Халықты қарулы күреске бастап шыға алатын адуын Абылайдың отыз ұлының ең кенжесі Қасым сұлтанның және оның ұрпақтарының үлесіне тиді, оның бәйбішеден туған балалары: Ғұбайдолла, Саржан, Есенгелді, Ағытай, Бопы, Көшек және Кенесары, кіші әйелінен туған баласы Наурызбай жиырма жылға жуық уақытқа созылған титықтатарлық күрестің табанды қатысушылары, ал солардың ішіндегі Саржан, Есенгелді, Кенесары, Сыздықтар оны ұйымдастырушылар ретінде тарихта есімдері қалды, ал ол күрес барысында патшалық режимге зор моральдық-саяси нұқсан келтірілді. Округтік приказдардың құрылуына қарсы алғашқы өз наразылығын Көкшетау өлкесінде едәуір ықпалы бар Қасым сұлтан 1825 жылғы 14 маусымда білдірді. «Омбыда отырған генерал Капцевич,-деп жазды Қасым төре Орынбор әскери губернаторына арнап,-біздің қырғыз-қайсақтар жағында орналасқан Көкшетау қаласының жанынан кеңсе орнын құрды, сөйтіп біздің сұлтандарымыз бен ақсақалдарымызды ренжітті…».8 (ЦГА РК, ф.338,оп.1 д.336, л.15-15об.) Қасым округтік приказдарға үзілді-кесілді қарсы болды. Ол патшаға өздерін тыныш қалдырып, өз болыстарының қазақтарына өздерінің өмірін «олар өз әкесі Абылай ханның тұсында қалай өмір сүрсе, дәл солай, яғни өз ғұрыптары бойынша» құруына рұқсат етуін сұрап өтініш жазады.9 (ЦГА РК, ф.338,оп.1 д.336, л.15-15об.) Қасым төренің 12 болысты басқарған он екі ер жеткен ұлы бар еді, олардың әрқайсысының жанында жан-тәнін салып қызмет ететін 500 шаңырақтан «өз» төлеңгіттері болды, олар өздері әскери қызмет ете жүріп, қамқорлығын көрген Абылай ұрпақтарының алғашқы шақыруымен ұрысқа кіруге дайын болатын. Шыдай-шыдай төзімі таусылған Қасым сұлтан ұлдарымен бірге қалың қол жинап соғыс ашады. Бұрынғы хан билігі құрылымын, аумақтық бөлініс пен басқарудың дәстүрлі принциптерін түгелдей қорғаған Қасым төренің, оның балаларының, көптеген ауылдарының қарсы әрекеттері шектеулі болса да, егемендікті сақтап қалуға бағытталды. Үкіметке қарсы Абылай ұрпақтарының қолдауымен Ғұбайдолла сұлтан бастаған оппозицияның бүкіл іс-әрекетінің түпкі мақсаты округтік приказдар құрыла бастаған жерлерде оларды жоюға қол жеткізуді көздеді. «Егер дуанды жоймасаңыз, -деп түсіндірді сұлтан генерал-губернаторға,-біз үшін аспанның асты қаңырап (қалады), жер бетінде бос кеңістік көбейеді, өйткені біз Ресей мемлекетіне ұнамайтын ешнәрсе істеген жоқпыз…»10. (Б.Насенов. Тарих зерттеушісі, Государственный архив Омской области РФ (ГАОмО РФ), ф.336,оп.1,д.125,л.1-п) Ғұбайдолла–өзінің П.М.Капцевичке кезекті жолданымын осылай түйіндей келіп, оған қол қойған және өз таңбаларын басқан адамдарды тізіп келтіреді, олар: атығай, төртуыл, тоқпақ, руларының мүдделерін білдірген Ақмырза, Алыбай, Шектібай, Итқара, Жүзбай, Құдайменді, Азнабай билер, Шама батыр, Сіртесен сұлтан, сондай-Ғұбайдолланың өзі.11 (Б.Насенов. Тарих зерттеушісі, Государственный архив Омской области РФ (ГАОмО РФ), ф.336,оп.1,д.125,л.1-п) Үкіметке қарсы опозицияны бастап, сонымен бірге Көкшетау округтік приказының аға сұлтаны қызметін атқаруды жалғастырады.12 (Материалы по истории и статистике Омска.СПБ. 1880т.1, 58-б.) Атасы Абылайдың сыртқы саяси бағытының дәстүрін жеткілікті дәрежеде жалғастырған Ғұбайдолла сұлтан Ресей мен Цин империясы жөнінде қосбірілк саясатын өмірінің ақырына дейін ұстанды. 1825 жылдың сәуір айы 1822 жылғы Жарғының енгізілуіне қарсы, Қасым төре бастауында тұрған халықтық қозғалыстың басталған кезі болып есептелді. Ғұбайдолла сұлтан солтүстік-шығыс Қазақстанның көптеген руларын азаттық күреске тарту мақсатымен патша округтерінің әкімшілік қызметі әлі қамтылмаған ауылдарға өзінің сенімді адамдарын жіберді, солар арқылы болашақ көтерліс ошақтарын әзірлемекші болды13 (Государственный архив Омской области РФ (ГАОмО РФ), ф.336,оп.1,д.122,л.2-об) Патша офицері Карбышев тұтқиылдан шабуылдап, бірнеше би мен Ғұбайдолланы тұтқынға түсіреді, де Омбыға апарып абақтыға жабады. 1840 жылдың қарашасында Кенесарының талап етуінің арқасында босатылып алынады. Сонымен Қасым төренің наразылық білдіруімен басталған патша реформасына оппозиция, оның әскери–күштеу шараларымен басып–жанышталуына дейін Ғұбайдолла сұлтан басшылық еткен бұқаралық қозғалысқа ұласты. Кейін Жарғыны күш қолдану әдісімен іске асырудың жалғастырылуы, көрнекті Шыңғыс ұрпақтарының қарсылығын елемеу оппозицияның бытыраңқы күштерінің біртұтас қозғалысқа бірігуін тездетті, оны Саржан Қасымов сұлтан басқарды. Қазақ арасында хандық үкімет жойылғаннан кейін, Абылай ханның немересі Саржан сұлтан орта жүздің Көкшетау, Ұлытау өңірінде орыс патша үкіметіне қарсы қарулы көтеріліс жасады. Ол Ресейден бөлініп шығып, Қазақ хандығын қалпына келтіруге тырысты. Қарқаралы округіне шабуыл жасады. Саржанның Ежен хан үкіметімен байланыс жасау қимылы сәтсіздікке ұшырады. 1825-жылы наурызда орыс патша әскерлері Саржан сұлтанның қарулы күштерін жеңіліске ұшыратты. Ол бұдан кейін Қоқан хандығының қол астындағы ұлы жүз жеріне көшіп барды. 1826 жылғы 31 қаңтарда болған алғашқы ашық қақтығыс Саржан сұлтанның соғыста жеңілуімен аяқталды, оның тұтқынға түскен «пікірлестері» қарусыздандырылып, Омбы жанындағы әскери сотқа берілді. Сұлтан өзі қалған ауылдарымен Орынбор шебіне қарай көшіп, қудалаудан құтылды. 1831 жылдың орта шенінде Көкшетаудан шыққан, 500 адамнан тұратын отряд Саржан ауылдарына кенеттен шабуыл жасап, оларды талап-тонап кетті. Алтын, кете, жағалбайлы рулары қатты зардап шекті, 450 ауыл адамы қаза тапты, ондаған адам, соның ішінде Саржанның бір баласы тұтқынға алынды; 1832 жылдың басында П.Н.Кулаков басқарған 250 адамнан тұратын казак отряды Күшік және Есенгелді сұлтандарға күш қолданып, жанайдар руын тонап, 60 қазақты жазалады. Қоқан ханның қолдауынан үміттенген Саржан Ұлы жүз шегіне көшіп барады, ондағысы сол аймақтағы қазақтарды өз жағына тарту еді. Бұл әрекет қоқандықтарға ұнамады, арада жанжал туындады. Саржанды Ташкент билеушісі 1836 жылдың жазында зұлымдықпен өлтірді. Саржанның бірге еріп барған інілері Ержан, Есенгелді және тағы басқа да атақты қазақтардың қаза табуы азаттық қозғалысты басқа арнаға бұрып, оның өрістеуіне кедергі жасады. Кейін бұл қозғалысты Кенесары жалғастырады. Сондай-ақ Ресей патшалығы өзінің отаршылдық идеясын түбегейлі орнықтыру үшін қазақ елінің бұрыннан қалыптасқан хандық басқару жүйесін жойып, жалпыресейлік басқару жүйесін енгізуді көздеді. Есенкелді мен Саржан өлген соң, Қасымның естияр қызы Бопай ханша мен балалары Бопы, Кенесары билікті қолға алады. Кенесарының қасында оның туыстары – інілері Құшақ пен Мұса, Наурызбай, Иса оның немере інілері Саржанның балалары-Ержан, Құдайменді, Иса, Қошқарбай және басқалар болды. Кенесары Қасымов феодалдық үкіметті нығайтуға күш салды. Халықтың әлеуметтік тұрмысына көңіл бөліп, елді экономикалық жағынан жақсартуға ниет етті. Оның алға қойған мақсаты мен жоспары Орталық Азияда бір орталыққа бағынатын мемлекет құру болды. Кенесары туралы ХIХ ғасырдағы әскери тарихшы Н.Середа: «Кенесары өз әскеріне лайық, тамаша қолбасшы болды Олардың еркеше жоғары рухына европалық әскердің кез келген қолбасшысы қайран қалар еді.» Орыстың саяхатшы-ғалымы П.Семенов-Тянь-Шанский хан Кенені біздің дәуірімізге дейінгі екінші ғасырда Рим империясына қарсы күрескен Понт патшасы Митридат II Эвпаторға теңейді. XIX ғасырда-ақ орыстар Мейер, Потто, Красовский, поляк А.Янушкевич, ағылшын Т.Аткинсон ардақты ханымыз жөнінде жылы лебіз білдірген екен. Кенесарының ұлтын азат ету жолындағы күресі жайында француздың атақты фантаст-жазушысы Жюль-Верн 1876-жылы роман жазып қалдырған. Американ тарихшысы Марта Олкот қазақтар туралы тарихи-зерттеу еңбегінде Кенесарыға арнайы тоқталып, тарау арнаған. Соңғы ханымыздың жарты дүниені дүр сілкіндірген ұлтын азат ету жолындағы қозғалысы жайында француздың атақты жазушысы Жюль Верн 1876 жылы роман жазып шығарған14. (Н. Қуантайұлы. Кенесары соңғы ханы алаштың. Жас алаш. 1999жыл 10 наурыз) Кенесары өзін Ресей патшасынан төмен санамаған. Оған Николай 1-ші патшаға жазған мына хаты куә: «Бүкілресейлік дара билеуші патша ағзамға. Бүтін қазақты билеген Абылай хан ұрпағы Кенесары Қасымұлынан. …» Сіздің ата-бабаларыңыз патша болғанда, бізде менің атам Абылай хан болғанда ел тыныш өмір сүрді. Біздің елімізден ешкім алым-салық, жинамайтын. Кейінгі уақта жөнсіз салық алына басталды. Баяғы бейбіт тоқтамды (трактатты) бұзып сіздің құзырыңыздағылар қазақты Ресейдің уысында деп ойлайды. Қазақққа қысымды тоқтату, бұрынғы тыныш өмірді қалпына келтіру, сегіз дуанды (округты) даламызда салған қоныстарыңызды жоюды сұраймын». Дейді де Кенесары патшаға төрт талап қояды. Азаттықтың ақ жолында қазақ елінің тәуелсіз Орда болып тұруы үшін өз ғұмырын сарп еткен Кенесары он жылға жуық уақыт Ресейге, Хиуаға, Қоқанға қарсы толассыз соғысады. Әскери тарихшы В.Потто хан Кенені «қазақтың Шәмілі» деп бағалаған. Абылай өлгеннен кейін алпыс жылдан кейін 1841 жылы қазақтар Сарысу бойында боз бие шалып, ақсарбас атап, Қасым сұлтанның баласы Кенесарыны ақ кигізге отырғызып хан сайлады. Алайда Ресей басшылары Кенені хан деп танығысы келмей, оны қаралап «бүлікші», «қарақшы» деп ат қойып айдар тақты. Он жылға жуық үзіліссіз Ресей империясымен, опасыз Қоқан хандығымен соғысып өткен сол ақ жолға ғұмырын арнаған қазақтың соңғы ханы Кенесары 1847 жылы Тоқмақтың маңындағы Кекіліксеңгір тауының етегінде өлтірілді. Оның бас сүйегі Санкт-Петербургтегі Эрмитаждың Кунст-камерасында сақталуда15. (Жас алаш. 1999ж. 10 наурыз) Әйгілі «Кенесары-Наурызбай» дастанының авторы, ХIХ ғасырдағы қазақ поэзиясының ірі өкілі Нысанбай жырау: Менің атым – Нысанбай, Ат жібердім тұсамай. Өзім жырау болыппын, Ата-анама ұқсамай, – дейтін сол жырау Кенесарының сенімді серігі болған. Наурызбай мен құрдас Нысанбай Кекілік тауында Кенесары мен Наурызбайдан айрылған соң оларды былай жоқтайды:Кене ханның тұсында, Қарт бурадай жарадық… Жауды жасқап жапырып, Жауған қардай борадық… Абылайлап ат қойып, Дұшпанның алдын орадық .Ханымыздан айрылып, Шіл боғындай тарадық!.. Көрінгеннен қорғалап, Кісі аузына қарадық!! Кенесары кеткен соң, Иесіз қалды тағымыз! Наурызбай төре кеткен соң, Бастан тайды бағымыз! Бұлбұлдай сайрап жүр едік, Байланды тіл мен жағымыз!.. Артында қалған жетім ел , Келіспеді-ау сәніміз!.. Ақырында, әлеумет, Осындай болды халіміз!.. Орыстар қораға кірген қасқырдай қазақтың жеріне сұғына кіріп, қамал-бекіністер сала бастады. Кенесары: «Жер су елдікі, атамекен жерден айрылу — елдіктен айрылу, Елді ер қорғайды!»-деп ұран тастап, қол бастады. Туған елінің бостандығы үшін бар өмірін сарп етіп, ат үстінде күн кешіп, бел шешіп, тыным таппай, он жыл бойы азаттық қозғалысын бастаған Кенесары күресі-әділ күрес еді. Кенесары қырғыздардың орыс басқыншыларымен ауыз жаласқан құпия арам ниетін білген соң, бөрі ашуын тырнап алады деп, қырғызбен соғысты. Бостандық өмірінің соңғы түні арпалыс айқаста күні бұрын алдын орап су жайған батпаққа ұшырап қоршауға алынады. Кенесарының қасындағы қорғаушысы орта жүз қоңырат ішінде Жибет атасының жетінші ұрпағы Абақ батыр еді: — Тақсыр жауды бұзып өтем, құтылыңыз!-дегенде, Кенесары: «Батырым өзің құтыл. Ел сыйлаған бағам болмаса, өзіңдей адаммын. Мына қолды тастап кетпеймін. Жан қорғау емес, ел қорғау үшін жүрмін»,-дейді. Қолға түскен Кенесарыны Қырғыз манаптары «Інісі Наурызбай тірі тұрғанда кегін алмай қоймайды»,-деп, Кенесарымен келісім-бітісуді қарастырады. Наурызбай ағасының қолға түскенін естігенде, қорлыққа шыдай алмай, көзіне қан толып, Ағыбайдың қол жыйып шабамыз дегеніне көнбей қырғызға бір өзі барады. Ағадан жаным садаға, деп өзі іздеп келген Наурызбайды қырғыз манаптары тұтқындайды. Кенесары інісіне налып «Сен келмегенде, дүмпуіңнен қорқып босатпақшы еді»,-деп өкінгені сонша, бармағын шайнап жібереді. Кенесары, Наурызбай өлген соң қазақтың азаттық туы жығылды. Батырлар бастаған қазақ қолы туып-өскен байтақ еліне тарап кетті. Қазақ елінің тәуелсіздігі үшін күрестің ең жойқын үлгісін көрсеткен қолбасшы, ұйымдастырушы, батыр, саясаткер ретінде Кенесары халық жүрегіне берік ұялады. Ол қазақ халқының дербес мемлекеттілігін қалпына келтіру, халқын бодандықтан құтқару, басын біріктіру жолында сұңғыла саясатшы бола білді, жанын пида етті. Оның ұлт-азаттық көтерілістің көсемі ретінде жасаған ерліктері, соғыс тактикасы, ұйымдастыру қабілеті жалпақ жұртқа аңыз болып тарады, тарихи құжаттарда да сақталды. Кешегі тоталитарлық жүйедегі шовинизм дәуірлеген кезеңде тәуелсіздік туын көтерген Кенесары туралы айтуға да, жазуға да тыйым салынды. Оның патша саясатына, отарлық езгіге қарсы күресі орысқа қарсы әрекет болып есептелді. Туған халқының бостандығы үшін күрес жолында бар жігер-қайратын жұмсаған Кенесары патша әкімшілігімен ауыз жаласқан қырғыз манаптарының қанды қолынан қаза тапты. Әкесі дүниеден өткен Сыздық он жаста еді. Сыздық ат жалын тартқан соң-ақ әке жолын қуды, содан 25 жыл бойы ат үстінде күн кешіп, елінің тәуелсіздігі үшін алысты. Сыздық қуатты жауынгер, шебер ұйымдастырушы, соғыс тәсіліне өте жетік адам еді. Оның бұл қасиетін дұшпандары да мойындады. Орыс тарихшысы Н.Павлов: «Түркістан отрядының Қоқанмен, Бұхармен жүргізген соғысында, Хиуаға жасаған жорығы кезінде ең қуатты қарсыласымыз Сыздық сұлтан болды. Кенесары Қасымовтың баласы, Абылай ханның шөбересі, Тұрандағы аса ірі тұлғалардың бірі болып табылатын даланың жаужүрек ұлының бойында бізге деген өшпенділік ана сүтімен бірге сіңгендей еді. Тұран өлкесіндегі өз бастастарынан Сыздықтың сирек кездесер оқшау бір өзгешелігі–атақ, мансап, қадір-құрмет іздемегендігі; жақсы жауынгер, талмас қажыр иесі екендігі» 16 деп жазады. (Ж.Асанұлы Азат. Әзберген Мұңайтпасұлының 1869 жылғы Орал, Торғай облыстарындағы ұлт–азаттық көтерлісін ұйымдастыруы. 2005 ж. 26 қаңтар №4) Сыздық пен Әзберген 1869-73 жылдары орыс езгісіне қарсы тізе қоса күрескен. Бірі Әмударияның оңтүстігіндегі, бірі солтүстігіндегі қазақтардан қарулы жасақ құрып, Ресей бекіністеріне, керуендеріне, жазалаушы отрядтарына қарсы жиі-жиі шабуылдар жасап тұрған. Қазақтар әу бастан бостандықты, еркіндікті өмірлерінің басты қағидасы етіп өскен, ешкімге еңкеймеген өр халық. Бұл қасиеттің ұрпағына да берілуі табиғи заңдылық. Қанға сіңген осы қасиеттері қазақ халқын бас бостандығын, ата мекенін, жері мен малын өмір бақи қорғауды міндеттеп оған күш беріп отырды. «Малым арымның садағасы» деп арын, адамгершілік қасиетін бәрінен де жоғары ұстаған ұлт болды. Тарих осылай әр халықтың, олардың тұлғаларының жүріп өткен жолын ұмыттырмайды, оны келешек ұрпаққа өнеге ретінде беріп, олардың жадында қалдырып отырған. Осы мақалада автор тарапынан сондай мақсат көзделді. Қазақ даласындағы әр ру-тайпаның, ол ортадан өсіп-өнген, ұлтына еңбегі сіңген тарихи тұлғаларды танып білу, біздің еліміздің тәуелсіздігінің баянды болуы үшін қызмет етеді деген ұстанымды басшылыққа алды.
03.10.2011
Есенғазы ҚУАНДЫҚ, тарих ғылымдарының докторы, профессор