Жаңалықтар

ЖУРНАЛИСТ ЖҮРЕГIМЕН ЖАЗУЫ КЕРЕК

ашық дереккөзі

ЖУРНАЛИСТ ЖҮРЕГIМЕН ЖАЗУЫ КЕРЕК

Жанұзақ Керiмбекұлы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының көркемсурет-графика факультетiн бiтiрген. Алматы облысы, Балқаш ауданы, «Ақкөл» орта мектебiнiң директоры, Т. Жүргенов атындағы өнер университетiнiң оқытушысы болып iстеген. «Алматы», «Рахат» телеарналарында ұзақ жыл қызмет iстеп, қатардағы журналистен арнаның бас редакторлығына, мемлекеттiк тiлдегi бағдарламалар дирекциясының директорлығына дейiнгi жолдан өттi. Қалың елге сұхбат алудың маманы, «Iнжу-маржан» бағдарламасының авторы ретiнде танылды. Тележурналист ретiнде қазақ руханиятының дамуына үлкен үлес қосты.

Ердің жасы елуге келген ҚР Мәдениет қайраткері Жанұзақ Мүсәпір қазір «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясының Ақпараттық және сараптамалық бағдарламалар дирекциясын басқарады. Біз сұхбатымызға журналистиканың бүгінгі мәселелерін және журналист тіршілігінің түйткілдерін арқау еттік. – Журналистикаға қалай келдіңіз? Кездейсоқ па, әлде мақсатты түрде ме? – Дәлірек айтқанда, мен алдымен журналистикаға емес, телевидениеге келдім. Оның үстіне бұл саладағы қадамымды журналист емес, телережиссер болып бастадым. Алдымен оның техникалық мүмкіндіктерін меңгердім. Әуелі телемонтаждың қыр-сырына қанықтық. Телеоператорлардың қалай жұмыс істейтініне нақты көз жеткіздік. Ал телережиссура өз алдына бір әлем. Оның шығармашылық иіріміне бір кірген адам оңайлықпен шыға алмайды. Осының бәрін біршама тәуір игеріп алған соң менің орным осы жер секілді болып көрінді. Журналистикаға менің ыңғайым келетінін байқадым.Мамандығым бойынша мен кәсіби суретшімін. Яғни, шығармашылық адамымын. Журналистік материалдың сұлбасын алдын ала көз алдыма елестете аламын. Сұхбат алып отырғанда оның көрерменге эстетикалық әсер ету мүмкіндіктерін ойластырып қоямын. Бұл тұрғыдан алғанда менің негізгі мамандығым қазіргі жұмысыма тек қана пайдасын тигізеді. «Алматы» және «Рахат» телеарналарында 14 жыл жұмыс істеппін. Жасымнан асаба болып, дүйім халықты сөзбен үйірген мен бұл мамандық өзімдікі, яғни, менің еншімдегі нәрсе деп қарадым. Сондықтан журналистикаға кездейсоқ келдім деп те, төтелей келдім деп те айта алмаймын. Мен бұл салаға өмірдің өз ыңғайымен келдім. Және тұрақтап қалдым. Өмір-тіршілігімді байланыстырдым.– Бұл саладағы ұстаздарыңыз кімдер өзі? – Жалпы, ұстаз дегеннің өзі шартты нәрсе. Кейбір адамдардың қалыптасуыңа ықпалы болуы мүмкін. Бірақ өзіңде жоқ нәрсені саған ешкім үйретпейді. Тырбанасың, тіршілік етесің, тіктеліп шығасың. Сондықтан журналистика саласында ұстаздарым болды деп айта алмаймын. Ал әріптестерім жеткілікті болды. Арнайы оқу оқып, немесе белгілі бір теориялар мен теоремаларды жаттап алып шыққанның бәрі журналист бола алады дегенге өз басым сенбеймін. Әрине, тележурналистиканың кейбір мәселелері мен этикалық қағидалары журфакта оқытылады. Бірақ филология факультетін бітірген жастар кез келген журналистерден кем соқпас еді. Әсіресе, тіл ұстарту жағынан тәуір болмақ. – Сізді сурет салуға кім баулыды? Бейнелеу өнерінің қай саласы өзіңізді көбірек қызықтырады? – Сурет өнеріне жастайымнан ата-анам баулыды. Алты-жеті жасымнан ою ойдым, таспа тілдім, тері өңдедім, ағаш үйдің сүйегін сүргілеп, көктедім, талды тезге салып, қоздың жылуын сезген маған қандай училище, қандай университет керек? Сенсең, сол тері мен ағаштың исі қазір мұрнымда тұр. Қандай рахат кездер десеңізші, шіркін! Көрдің бе, кім баулығанын?! Мұның бәрі отбасымның, айналайын ата-анамның ұлттық тәлім-тәрбиесінің жемісі. «Ою ойғанның ойы ұшқыр» дейтін әкем. Сондықтан ою мен түс ажыратудан және пропорциялық кескінді ажыратудан алдыма жан салмайтынымды жақсы білемін. Қолөнер, сурет, ою-өрнек сөзбен айтылғандай болып бітпейді, тек іспен көрсететін өнер. Бұған тек терді тамшылатып төгетін еңбек арқылы ғана қол жеткізуге болады.– Сіз қандай бала болдыңыз? Бұзық бала атандыңыз ба, әлде үлгілі оқушы болдыңыз ба? – Бұзық бала болған жоқпын. Ешкімге ұрынғаным жоқ, жөніммен жүрдім. Туғаннан малдың арасында өстім. Шынымды айтсам, бала болып құмарым қанып, ойнап көрген емеспін. Мал бағып жүріп, мың қойды түстеп танитынмын. 4 жасымнан соларды санап, түр-түсін, жасын ажыраттым. Далада өз бетімше кітап оқып үйреніп, 1 сыныпқа келгенде «Жұлдызды» жатқа оқитын болдым. Осыдан менің қандай бала болғанымды байқай беріңіз. Кең далада өскендіктен далада дауысымды шығарып, ән айтып, бір кісідей шырқап қоя беретінім де бар. Үлгілі оқушы болдым. Мектепте көйлегімнің жағасына дақ түсірмеуге тырысатынмын. Ұқыптылық пен жинақылыққа әкем тәрбиеледі. – Сіздің азамат болып қалыптасуыңызға ата-анаңыздың ықпалы қандай болды? – Өте ерекше болды. Олар тек ата-анам ғана емес менің достарым, сырласым болды. Анам мен әкемнен ештеңе де жасырып көрмеппін. Әкемнің 52 жасында дүниеге келдім. Өзімнен кейін екі қарындасым ерді.– Қазақ журналистикасына не жетпейді? Оның беделін арттыру үшін не істеу керек? – Ол үшін жанын беретін «жүрегі журналист» мамандар керек. Бізде ауқаттануға құмарлық басым. Асатпай жатып құлдық дегенді болдырмаған жөн. Ең алдымен, «Не бердім не істедім?» дегеннен гөрі жылт етпе көрініске бейімделетіндер көп. Соның салдарынан журналистика өз орнында қызмет етіп жүр деп айта алмаймын. Тары шашқандардың соңында жүргендер көп. Ал бедел жағына келсек, айтар сөз аз. Беделді журналист көп емес. Олардың ауызы буулы. Солардың бәріне бір өзгеше шығармашылық серпіліс керек. – «Орыс тілді журналистика қазақ тілді журналистикаға қарағанда мойны озық тұрады» дегенге қалай қарайсыз? – Бұл сұраққа орыс тілділер солай деп жауап берді делік. Ал еуропалықтардың алдында олардың да бір елі төмендігі байқалып жатпай ма?! Бір кезде өркениет шығыстан басталған десек, «Батыс қалай алға шығып алған?» деген сауал көлденең туады. Оған, міне, өзіміз кінәліміз. Білім, жігер, намыс болуы керек. Компьютердің алдында отырып ас ішіп, әлемді ғаламтор арқылы оймен шарлайтындардан не күтуге болады? Академиялық білімсіз нақты өмір болмайды. Сырттай оқыған білімнің негізі төмен. Көрген-білгеніңді жаз да қалдыр, сақтап қой. Осы қасиет бізде жетпейді. Жалқаумыз. Есіктен кіріп, төр менікі дегенге орынымызды бере берсек, әрине босағадан да айырылып қалуымыз мүмкін. Сол үшін ұйқыдан оянуымыз керек. Шетелдік классиктердің, ғұламалардың жазғандарын көп оқып, терең талдау керек. Біздің журналистердің орыс тілділерден артықшылығы көп. Өйткені бірнеше тіл біледі. Сол мүмкіндікті барынша пайдаланған жөн. – Өзіңіз біраз жыл қызмет істеген «Рахат», бүгінгі СТВ телеарнасының қадамдарын қадағалап отырасыз ба? – Жоқ. Оған уақытым жетпейді. Оның есесіне дүниежүзіне белгілі халықаралық телеарналарды сүзіп отыруға тырысамын. Жұмыс бабына байланысты үйренетін дүниелер іздеймін. Жаңалықтар қызметінің ішінен жаңа стилдер, өзгеше нақыштар қараймын. – Сіз қандай әкесіз? Бала тәрбиесімен айналысуға уақытыңыз бола ма өзі? Перзенттеріңіз немен айналысады? – Мен әке ретінде өз парызымды атқарып жүрген жанмын. Қатал әкемін деп ойлаймын. Балаларым кішілеу кезінде жетісіне бір күнді «Ата-ана» күні ретінде сұхбаттасуға арнайтынбыз. Сол ашық әңгімелерден балаларым жаман болған жоқ. Кез келген үй-ішінің мәселелерін бірге шешуге тырысатынбыз. Қазір де солай. Олар өздерін отбасының бір мүшесі ретінде еркін сезініп өсуі керек. Ойын ортаға салып, ақыл кеңесті, айтылған сынды дұрыс қабылдаса, өмірде жақсы адам болатынына сенемін. Егер сенбесем, мен олардың шетелде білім алуына қарсы болар едім. Баланы жастан тәрбиелеу керек. 5 жасқа келген баласын сынатуға әкелген кісіге бір ғұлама: «Кеш келдіңіз, 5 жасқа дейін сіз тәрбиелеп қойдыңыз» деген екен. Сол секілді балаларға 18 ден кейін әңгіме айтудың өзі бос сөз дер едім. Мен балаларыма жас кезінде қатал әке болғанымды айттым. Қазір, әрине, олар өздері әке болғанда «жақсы» екенімді түсінді. Олардың бір минут та бос уақыты болған емес. Таңертеңгі 6 дан кешкі 10 ға дейінгі күн тәртібі кестесі болатын. Алматыда көрші балалар подьезде селтеңдеп бос жүретін. Кейін бұл олардың тіршілігіне ықпалын тигізбей қоймады. – Коллекция жинайсыз ба? – Жоқ. Ондайға әуестеніп көрмеппін. Жалпы, мүлік, бұйым жинауға қызықпаймын. Дүниеқор да емеспін. Жақсыны, сұлулықты ұнатамын. Талғаммен қараймын өмірге. Соған қарағанда мен жан жылуының коллекционері шығармын. – Енді бір бес-он жылдан кейінгі «Қазақстан» ұлттық арнасын қалай елестетесіз? – Қазіргідей ақпараттың ағыны сеңдей сапырылысқан заманда болашақтың бейнесін көзге елестетудің өзі қиын. Өмірдің әр сәті әп-сәтте қиялыңнан озып кетеді. Мен өз шаңырағымның тек қана мықты болуын ойлаймын. Шіркін-ай, 10–15 мың қызметкері бар, ағылшын, қытай, неміс, француз тілдерінде хабар тарататын бірнеше телеарналардың басын біріктірген үлкен «Ұлттық арна» болсақ екен деп армандаймын. Несі бар, тек қана жақсылық ойлаған дұрыс. Кімнен кембіз?! Болсақ, болармыз.– Адамның шығармашылығының дамуына туған жерінің әсері бар ма? Туып-өскен өңіріңіз сізге қалай ықпал етті? – Әрине, әсер етеді. Мысалы, Нарынқол жаққа барып, таңертең есіктің алдында тұрған ғажайып картинаны көргенде қолмен ұстап көргің келіп кетеді ғой. Сол секілді табиғаттың орны бөлек. Менің туған жерім Бақанас өңірі, Іле бойы сұлу да сырлы табиғатымен ерекшеленеді. Ол жерде болған адам кете алмайтындай тартымдылық бар. Қатал да қатқыл табиғатының адамға берері көп. Суретшінің ұстазы – табиғат. Мені дала суретші етіп шығарды. Ал суретшілік өнерім журналистикаға жетелеп әкелді. – Жас журналистер аға буын әріптестерінен не үйренуі керек? Ал үлкендердің жастардан үйренері болуы мүмкін бе? – Әрине, мүмкін. Қазір жастардың заманы. Өмір өз дегенін істейді. Жастардың ойлау жүйесі осы заманның талаптарымен толық үндеседі. «Асыл – тастан, ақыл – жастан» деп халқымыз бекер айтқан ғой дейсің бе?! Жастар аға буыннан ұстамдылықты, құнарлы тілді, байсалды тұжырымды, ұқыптылықты, тиянақтылықты үйренгені жөн. Өйткені, олар шетінен кітаппен ауызданған буын. Сөздік қоры бай. Сөз тіркестеріне өте жетік. Ел ішінің лексиконын жақсы біледі. Ал қазіргі жастар олар сияқты жаппай кітап оқымайтыны белгілі ғой. Күн сайын ақпарат сауып отыратын интернетіңнің өзі ой-өрісіңді кеңейткенімен, тілді байытатын нәрсені көп ұсына бермейді. Сол тұрғыдан алғанда жас буын аға буыннан сәт сайын үйренгені дұрыс. Ал енді аға буын жас буыннан еті тірі әбжілдікті, техникаға бейімділікті, өмірге ептілікті үйренуі керек шығар… – Имандылық мәселесіне қалай қарайсыз? Мешітке жиі барасыз ба? – Имансыздардан қорқам. Біз қоғамды имансыздардан тазартуымыз керек. Мешітке көп баруға мүмкіндігім жоқ. Жұмыстың реті солай. Бірақ ниетім түзу. Имандылықты тек діни тұрғыдан ғана түсінбеуіміз керек. Ол адамның жан дүниесінің тазалығын да білдіреді. Жаны таза адамдардың жақсылығы мол қоғамында өмір сүруге елдің бәрі құштар ғой. – Журналист болмағанда кім болар едіңіз? – Негізі өміріме серік болар суретшілік мамандығым бар ғой. Әйтсе де, журналист болмағанда әскери адам болар едім деп ойлаймын. Тәртіпті, адалдықты ұнатамын. Бос жүрісті, ұйқыны жалқаулықты жауым деп санаймын. Әйтеуір, кім болсам да, қай салада қызмет істесем де, көш соңында жүрмес едім…– Әңгімеңізге рахмет! 03.10.2011 Сұхбаттасқан Бақытжан ОМАРОВ