Жаңалықтар

ҚҰС ӨНДІРУШІЛЕР ТЫҒЫРЫҚТА

ашық дереккөзі

ҚҰС ӨНДІРУШІЛЕР ТЫҒЫРЫҚТА

Апта басында «Қазақстан құс өндiрушiлерi одағы» тосын мәлiмдеме жасады. «Ресей мен Белорусь кәсiпкерлерi қазақ елiне тұтыну мерзiмi өтiп кеткен жұмыртқа мен тауық өнiмдерiн сатуда» дегендi жеткiзген «Қазақстан құс өндiрушiлерi одағының» төрағасы Руслан Шарипов өздерiнiң тығырыққа тiрелiп отырғанын бiлдiрдi.

«Ресейде тауық өнімдері көбейіп кетсе, олар оны Қазақстанға төмендетілген бағамен өткізеді. Бұл көбінесе жаз мезгілінде солай. Ал Белорусь біздің нарыққа ет кіргізбесе де, пайдалану мерзімінің бітуіне бес-алты күн қалған жұмыртқасын арзан бағамен сатуда», – дейді Руслан Шарипов мырза. Оның айтуынша, жұмыртқа 25-30 күн сақталады, сосын оны қайтадан жұмыртқа ұнтағында өңдеуден өткізу керек. Соған қарамастан, ресейлік және белорустық өндірушілер қазақстандық алыпсатарларға өздерінің тұтыну мерзімі өтіп кеткен жұмыртқасын үсті-үсті төпелейтін көрінеді. Мәселен, егер нарықта жұмыртқа 10 теңге тұрса, олар оны 5 теңгеге сатады екен. Руслан Шариповтың пікірінше, Белорусь жұмыртқаны негізінен еліміздің батыс өңіріне тасымалдаса, ал Ресей оңтүстікке жеткізіп тұрады. Демек, Кедендік одақтың пайдасы әзірге көрші екі елге шапағатын төгіп тұрған сияқты. Себебі, үш мемлекеттің арасындағы кедендік нормалар алынып тасталғалы бері Ресей мен Белорусь еліміздің сауда алаңына дендеп кіре бастады. Ал, есесіне Қазақстанның Ресей нарығына шыға алмайтын түрі бар.

Бұған «Қазақстан құс өндірушілері одағының» төрағасы Руслан Шарипов келтірген мына бір мысал дәлел болса керек. «Осыдан үш ай бұрын Ақмола облысының бір компаниясы Магниторск қаласына жұмыртқа ұнтағын апарғысы келді. Бірақ та компания осы облыста тіркелген аусылға байланысты карантиннің кесірінен жоспарын жүзеге асыра алмады. Бұл жерде аусыл дерті мен ірі қара малдың қатысы қанша? Ал кәсіпкерлер Ресейге жұмыртқа ұнтағын тек екі айдан кейін ғана жібере алды», – дейді.

Бұған қарағанда отандық құс өндірушілер экономикалық қиындықтарға тап болып жатқан көрінеді. Ал бұл мәселе үш мемлекеттің басшылары бас қосқанда көтеріле ме, жоқ па, тағы белгісіз.

03.10.2011

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ