Жаңалықтар

ТҮРКIСТАН ЛЕГИОНЫНЫҢ АҚИҚАТЫ

ашық дереккөзі

ТҮРКIСТАН ЛЕГИОНЫНЫҢ АҚИҚАТЫ

Легионда бір күні түнде Дағшы роталарының капитан Майердің басшылығында шығыс майданға жіберілетіндігін естіді. Берілген нұсқау бойынша келесі күні Легионовадан жолға шығулары керек. Варшавадан жолға шыққан пойыз тек Брест-Литовск, Пинск және Мозир стансаларында тоқтауы тиіс болатын. Мозирден кейін рота генерал фон Шикендорфтың СС бөлімдеріне қосылып, жауға қарсы соғысуы керек. Олар таңертең легионнан Түркістан туралы әндерді айтып жолға шықты.

Пинскіден өткеннен кейін Мозирге қарай бет алған пойыз баяу жүріске көшіп, тасбақаша жай қозғалып бара жатты. Өйткені маңайдағы ормандарға бекінген партизандар пойыздарға шабул жасап жүр екен. Партизандар екі күн бұрын майдан шебінен қайтып келе жатқан әскерлер мен жаралылар толы екі пойызды жарып жіберіпті. Пойыз түн ортасында Гомелге жақын бір жерде тоқтады. Осы жерде генерал фон Шикендорфтың штабынан келген бұйрық бойынша пойыздан түсіп, Жлобин-Рогачев аймағындағы партизандармен соғысып жүрген неміс батальонына қосылды.

Түркістандық әскерлер ормандағы партизандардың көзін жоюда маңызды роль ойнады. Олар екі айдан бері неміс батальоны таба алмай жүрген партизандардың орнын тауып, талқандады. Бұл жайт Түркістан әскерлерінің беделін көтеріп жіберді. Партизандармен шайқасып жүрген әскерлер жаңа жылды орман ішінде қарсы алды. Алайда жаңа жылдың келгені оларды аса қуанта қойған жоқ. Өйткені олар легионда әскери тәлім алып жүргенде осы жаңа жылды Түркістан жерінде қарсы аламыз деп үміттенген еді. Ал енді болса, Түркістан олардан әлі тым ұзақта болатын.

Түркістандық әскерлер бір аптадан кейін қайтадан шығыс майданға қарай жолға шықты. Капитан Майердің басшылығындағы Түркістан батальоны мен генерал фон Шикендорфтың СС бөлімдері Гомелде жиналды. Үшінші күні Гомелден шығыс майданға қарай жол тартты. Әскерлер қайда бара жатқандықтарын білмейтін. Олар түркістандықтардың едәуір уақыттан бері Сталинград майданында шайқасып жатқандығын білгендіктен, сол жерге бара жатырмыз деп шамалаған болатын. Сталинград майданынан келген хабарлар көңіл қуантарлықтай тым жайлы болмаса да, түркістандық әскерлер отандарына баратындықтарын ойлап, қуанып жүрді. Немістер жаз шыға жолдар да түзелген кезде үлкен шабулға шығып, жаз бітпестен Түркістанды азат ететіндіктерін айтатын. Түркістан әскерлері болса, немістермен «Сіздердің көмектеріңіз керек емес, отанымызды өзіміз де азат ете аламыз», — деп әзілдесетін.

Батальон бір апта жол жүргеннен кейін Солтүстік Кавказға жетті. Сол жерден солтүстік-шығысқа бұрылып, Котельников маңайында неміс бөлімдеріне қосылды. Әскерлер қар үстінде жол жүріп келе жатты. Қайда бара жатқандықтарын әлі білмейтін. Әскерлердің біраз алдында әскери жасыл түске боялған танктер, олардан кейін оқпандары аспанға қараған зеңбіректер, ал бәрінің соңында ауыр жүк машиналары кетіп бара жатты.

Бір деревняға кірген кездерінде кейбір роталардың шығысқа, кейбір бөлімдердің батысқа бет алғанын көрді. Батысқа бара жатқандардың арасында көптеген жаралы бар болатын. Дағшы бұл әскерлерді көрген кезде 1941 жылы немістерге тұтқынға түскендегі азапты күндерін есіне алды. Ол кездері бұл әскерлер мүлде басқаша, паң әрі айбатты көрінген еді. Неміс әскерлері сол кездері тура бір Ресейге бірнеше апталық демалысқа келгендей, ақыры келген кезде соғыса кетейік дегендей тың, әрі өздеріне сенімді болатын. Бәрінің жанарында жалын мен ертеңге деген нық сенім байқалатын.Ал енді болса, сол әскерлер жоғалып, орындарына бейне бір басқалары келген тәрізді.

Тәкаппарлықтары басылып, сылбырт, әрі үмітсіз күйге түскен бұл жандардың бір кездері маңғаз әскерлер болғанын айту қиын болатын. Енді неміс әскерлерінің ертеңге деген сенімдері жоғалып, бүкіл әлемге билік ету — тек қиял болып қалған-ды.

Конвой шығысқа қарай жылжыған сайын шығыстан батысқа қарай жөнелтіліп жатқан әскерлердің саны арта түсті. Бұл әскерлер ашығып, арыған түрлерімен тап бір қорланып, алданып қалғандай әсер қалдырды. Соғыстың алғашқы кезеңіндегі жеңістің буымен батыр көрінген неміс әскерлері енді бейшара күйге түсіпті. Немістердің жұртқа әйгілі темір тәртібі де жоғалып кеткендей. Түркістан әскерлері іштей неміс армиясының кері шегінбеуін, қаншалықты оңайға соқпаса да соғысты жалғастыруын тілейтін. Өйткені немістер орыстардан жеңілер болса, бұл жеңілістің кесірі ең алдымен өздеріне ауыр соғатынын сезетін.

«Жұртын жоғалтқан жан» романында бір түркістандық әскер қуаты қайтып, шегініп бара жатқан неміс әскерлерін мегзеп: «Бұлар бізді осы жерге дейін алып келді де, енді өздері шегініп барады. Бұлай жалғаса берсе Ресейге қарсы тек өзіміз ғана соғысатын шығармыз» деген кезде, тағы біреуі оған «Солай болатынға ұқсайды… Олар қаласа тіпті Ресеймен бітімге де келе салады. Бірақ біз үшін басқа жол бар ма? Соғысудан басқа амалымыз жоқ. Соғысудан басқа не істей аламыз? Соғысамыз да», – деп жауап береді.

Иә, немістер жеңіліп жатты. Бірақ бұл жеңіліс Қырым үшін, Кавказ аймағы мен Түркістан үшін жаңа қасіреттің бастамасы болатын. Деревняда Түркістан батальонына бір тапсырма берілді. Бұл тапсырма бойынша деревняның сыртындағы екі мыңдай тұтқынды Куберледегі СС шабулдаушы бөлімінің командирі Клапп деген офицерге тапсырулары керек екен. Немістер өз бөлімдері майданда өте қажет болып тұрғандықтан бұл тапсырманы Түркістан батальонындағы бір ротаға тапсыруды жөн көріпті. Тұтқындардың саны 2400 болатын. Бірақ жолда суықтан, аштықтан, аурудан өлетіндерді ескергенде, межеленген жерге 1200-1300-дей ғана тұтқынның аман жететіндігі шамаланған еді. Сондай-ақ қатардан қалып қойғандар мен қашуға әрекет жасағандарды бірден атып тастауға нұсқау берілді. Тағдырдың тәлкегіне қарасаңшы, екі жыл бұрын өздері де тұтқын болып, аш-жалаңаш күйде зорлықпен айдалған, тұтқын лагерлерінде азап шеккен адамдарға немістер енді басқа тұтқындарды айдап апаруға тапсырма беріп жатыр. Таңертеңнен жолға шыққан бөлім екі күндік жолдан кейін тұтқындарды Куберлеге жеткізіп, СС офицеріне тапсырды.

Рота Куберледе бұрынғы мектеп ғимаратына орналасты. Екі аптадан кейін Сталинградта шайқасып жатқан неміс күштерінің орыстарға берілгендігі туралы хабар жетті. Бұл хабар Куберледегілерге ауыр соққы болып тиді. Ал Дағшының ойынша, немістер Сталинградта емес, одан да бұрын жеңіле бастаған болатын. Өйткені немістер Ресейге қарсы бастапқы жеңісін дұрыс бағалай алмай, Украина мен Беларусия тұтқын лагерлеріндегі, Варшава көшелеріндегі айуандық әрекеттерімен босқа зая кетірген еді. Алмания өз жеңісін СС шабулдаушы отрядтары қырғынға ұшыратқан бейбіт тұрғындармен қоса көмді десе де болады. Себебі, немістер Украинада, Қырымда, Кавказ аймағында орыс большевиктерінің зұлымдығынан жапа шеккен, шарасыздық шырмауына түскен миллиондаған жандардың жан айқайына құлақ түріп, қол ұшын берудің орнына оларға жау ретінде қарады. Осылайша Ресейге қарсы басталған жеңісті жорық өз жалғасын таппады. Немістер жеңіс тізгінін уысынан шығарып алды.

Дағшының осы ойын Ертүрік те құптайды. Ол Сталиннің террорлық, зорлықшыл саясатынан қажыған кеңес азаматтарының соғысуға құлықсыз жағдайын немістердің керегінше пайдалана алмағанын білдіреді. Ертүріктің пікірінше, әлемнің ең жауынгер, әрі қайсар халқы болып саналатын немістер саяси көрегенділік мәселесіне шорқақ болатын. Неміс билігі, әсіресе Гитлердің нәсілшіл партиясының басшылығы бар нәрсені қарумен, әскердің күшімен уысымызда ұстаймыз деп сенді. Осы себепті өздерін азат етуші ретінде қарсы алған кеңес азаматтарының өздеріне деген ықыласын, сенімін аңғара алмады.

Ертүріктің ойынша, егер немістер өз биліктеріне өткен Украина мен Беларуссия халқына «Өздеріңнің дербес мемлекеттеріңді құрып, бізбен бірге коммунистік билікке қарсы күресіңдер» деген болса және 1941-1942 жылдары тұтқынға түскен орыс, украин офицерлердің қолдарына қару беріп «Отандарыңды Сталиннің зорлықшыл билігінен құтқару үшін бізбен одақтасыңдар» деген болса, Мәскеу билігіне өз азаматтары арқылы соққы беріп, Сталиннің ағылшындармен, американдықтармен одақтасуына мұрша берместен, оны 1942 жылы-ақ қолға түсірер еді. Бірақ немістер керісінше, басып алған аймақтарындағы халыққа зорлық-зомбылық көрсетіп, оларды тұтқын лагерлеріне жөнелтіп, қырғынға ұшырату жолын таңдады. Бұл жағдай Сталиннің қарсыластарының немістер жағына өтуін тоқтатып қана қоймай, немістерге қарсы қозғалыс ұйымдастыруларына да себеп болды.

Сталинградтағы жеңілістен кейін көп өтпестен Түркістан батальонына Легионоваға қайту туралы бұйрық берілді. Енді түркістандық әскерлер арасында Түркістанның тәуелсіздігі туралы әңгіме қозғалмайтын болды. Өйткені Сталинград түбіндегі жеңілістен кейін Түркістанға барып, тәуелсізік үшін күресу – тек қиял болып қалған еді. Сондай-ақ әскерлердің бір бөлігі енді неміс армиясында қызмет еткісі келмейтін. Өйткені олар өздері жек көретін неміс униформасын киюге тек елдерінің азаттық күресі үшін ғана төзетін. Енді ол униформаның да елдерін азаттығына қауыштырмайтындығы белгілі болған кезде әскерлердің Түркістан легионынан қашып кету жайттары жиіледі.

1943 жылы Түркістан легионы Легионовадан Францияның оңтүстік-батысындағы Алби қалашығына жіберілді. Дағшының Албиде Түркістан легионы сапында қалғысы келмеді. Өйткені ол түркістандық емес еді. Бірақ Түркістан идеалы үшін күресу — өз елі Қырымға деген сағынышын басар жұбанышы болды. Енді сол жұбанышы да келмеске кеткендей. Ендеше, елінен мыңдаған шақырым жырақта тіршілік кешуінің қандай мәні бар? Түркістан легионында қалудың енді ешбір мәні қалмаған болатын. Алби гарнизонына келгенінен үш күн өткеннен кейін қолбасшылыққа бір өтініш беріп, Қырымға бару үшін рұқсат сұрады. Қолбасшылықтан рұқсат құжаты беріле сала ротадағы екі досымен қоштасып жолға шықты. Екеуі де оны үлкен тебіреніс сезіммен шығарып салды. Үшеуі де бір-бірін қайтып көрмейтінін біліп тұрғандай құшақтасып қоштасты. Осы себепті болса керек, ешқайсысы соғыстан кейін кездесуге де тілек білдірген жоқ. Дағшы желтоқсан айының соңдарында Берлин арқылы Варшаваға келген кезінде қыстың қаһары анық сезіліп тұрды.

Варшава қаласы әскер толы болатын. Бұлар шығыс майданнан қайтып жатқан неміс әскерлері еді. Мұнда неміс әскери бөлімдерінен басқа генерал Власовтың РОА (Орыс азаттық армиясы) бөлімдерінің әскерлері де ұшырасып қалатын. Бұл бөлімдердің Варшавадағы байланыс нүктесі Хортенция көшесіндегі әскери штаб болатын. Дағшы сонда барып, Қырымға баруына көмек берулерін сұрады. Бірақ Қырымға баратын жол жабық екен. Қырым жолы ашылғанға дейін қолбасшылық казармаларында қалуына рұқсат берілді. Казармада Дағшымен тағдырлас, соған ұқсас жағдайға душар болған грузин, армян, солтүстік кавказдық әскерлер, тіпті албандар мен босния-герцоговиналық әскерлер тұрып жатыр еді. Әскери жаттығулар мен сабақтар енді өткізілмейтіндіктен, әскерлер кітап оқумен, карта ойнаумен, соғыс туралы естеліктерін әңгімелеумен және ұйықтаумен уақыт өткізетін.

Бір күні Власов армиясындағы бір жауынгермен тұтқындық туралы әңгімелесті. Сол кездегі пікірталастан орыс жауынгердің «Сендердің бодан болып өмір сүрулерің – Ресейдің бүтіндігін қорғау деген сөз. Қырымсыз, Кавказсыз, Түркістансыз Ресейді көзге елестету мүмкін бе? Патшалық Ресей де, кеңестік Ресей де сендердің азаттық туралы ой-пікілеріңе ғана емес, бүкіл болмыстарыңа қарсы болды. Есіңде болсын, келешекте соғыстан кейін Ресейдің саяси құрылымы қандай пішінде құрылса да, бәрібір қайтадан сендерге қарсы болады…» деген сөздері ғана есінде қалыпты.

Дағшы Қырымға баратын жолдың ашылуын күтіп жатқанда 1944 жылдың көктемінде болашақ жары поляк қызы Регина-Барбара Колезкомен танысты. Дағшы тұратын ғимаратқа жақын жерде ол қыздың анасының кішкене дәмханасы бар болатын. Ал қыздың өзі дәмхананың жанындағы Егін шаруашылығы банкінде жұмыс істейтін.

Уақыт өте келе Қырымға барар жолдың енді қайтып ашылмайтындығы белгілі болды. Дағшының қолындағы құжаттармен қайтадан Албиге баруына болар еді. Бірақ Түркістан легионына қайта барғысы келмеді. Сол кездері шығыс майданнан қайтқан неміс әскери бөлімдері Варшава арқылы батысқа қарай ағылып жатты. Қызыл армия да Варшаваға жақындап қалған-ды.

Дағшы Польшаның азаттығы үшін күресіп жүрген «Ел армиясы» деген астыртын ұйымның мүшесі болып табылатын Регинаның көмегімен Варшаваның оңтүстігінде 100-150 шақырымдық жердегі Ченстаховта жасырынатын жер тапты. Екі баласы бар Владек атты поляктың үйінде үрей толы күндер басталды. Ол қызыл армия келіп Ченстахов қалашығының астаң-кестеңін шығарар болса, солардың қолына түсіп қалармын деп қорқатын. Дағшы бойын билеген осы үрей сезімін «Жұртын жоғалтқан жан» романында Конскийдегі староста үйінде тығылып жатқан Садық Тұранның сөзімен «Мен үшін соғыс туралы үрейім енді басталып жатқан болса керек. Жоқ, бұл соғыс туралы үрей емес, бұл басқаша, өткеннен елес берер үрей! Бүгін, ертең, кез-келген сағатта, кез-келген сәтте старостаның үйіне орыс казактары штыктарымен кіріп келетіндей, НКВД әскерлері старостаның үйінің астаң-кестеңін шығаратындай көрінеді. Егер олай болса, біздің Қырым ауылдарында жасаған істерін осы деревняда да жасайды, мені өлтіріп тастайды. Ал старостаның жұбайын, Мария мен Батешті ұзақтағы жабайы Сібір ормандарына жер аударады ма деп қорқамын. Сібір… Сібір дегенің өлімнен бетер ғой! Ол байғұстар мұны мүлдем білмейді», – деп бейнелейді.

Романның тағы бір тұсында осы алаңдаушылыққа байланысты мына жолдарды кездестіреміз: «Әрбір аяқ дыбысын естіген сайын әскерлер мені алып кетуге келе жатыр екен деп ойлап қаламын. Көздерімді жұмған кезде көз алдыма комиссарлардың сұсты жүздері, неше түрлі қорқынышты жерлер, НКВД-нің сұсты бетон қабырғалары, қанға бөккен бөлмелері, Саловка лагерлері секілді небір сұмдықтар елестейді».

Дағшының Ченстаховтағы үрей толы күндері бір айға созылды. Регинаның кеңесімен қызыл армия бөлімдері қалаға кірмей тұрып Варшавадан кетті. Пойызбен Франкфурт-Одерге келді. Ол Қырымға барған кезінде осы қалада Қырым Ұлттық Комитеті бар екенін естіген болатын. Қаланың шеткі аудандарының бірінен комитеттің кеңсесін тапты. Комитет мүшелері арасында оны Қырымда соғыстан бұрынғы кезеңнен танитындар да бар екен. Бұл жерде оны Қырымның жас ақыны ретінде қарсы алды. Дағшы өзін бақытты сезініп қалды. Оны өзіне көрсетілген құрметтен бұрын, өзімен қандас, діні мен ділі бір адамдардың арасына келуі бақытқа бөлеген болатын. Осылайша осы күнге дейін жанын жегідей жеген жалғыздығы ақыр соңында аяқталғандай көрінді.

Дағшы енді әскери униформасын тастап, азаматтық киімдер киіп, комитетте жұмыс істей бастады. Алайда бұл жердегі жұмысы ұзаққа созылмады. Дағшының көзқарастары комитет мүшелерінің Алманияны қолдайтын пікірлеріне қайшы келді. Осы себепті 1944 жылғы тамыз айының 1-ші күні Франкфурт-Одерді тастап, Берлинге қайтуына тура келді. Берлинде Түркістанның Ұлттық Бірлігі Комитетінің баспасөз органы «Милли Түркістан» («Ұлттық Түркістан») журналында өзіне жұмыс тапты. Журналдың әдебиет бөлімінде жұмыс істеген Дағшы редакцияға келіп түскен өлеңдермен және басқа да әдеби шығармалармен айналысатын. Журналда өзінің де бірнеше өлеңі жарық көрді. Мұнда жұмыс істеп жүргенде 1944 жылғы қараша айының соңғы аптасында Регина да Берлинге келді. Регина негізінде Берлинге еркінен тыс келген болатын. Өйткені немістер Регинаны Варшавада тұтқынға алғаннан кейін алдымен Шығыс Алманияда жұмысқа жегіп, сосын Берлиндегі Беваг электр кәсіпорнына жұмысқа жіберген екен. Екеуі де күнде кешкілік жұмыстан шыққаннан кейін жолығып кездесетін. Регинаның келуімен Дағшының тұрмыс-тіршілігіне өзгеріс енді. Өмірі жаңа сипат алып, жаны тыңайып, көңілі де көтеріліп қалған еді.

03.10.2011

Әбдiуақап ҚАРА,

тарих ғылымдарының докторы, профессор