Жаңалықтар

ҚҰРМАНЖАН ДАТҚА –АЛАЙ ХАНШАСЫ

ашық дереккөзі

ҚҰРМАНЖАН ДАТҚА –АЛАЙ ХАНШАСЫ

Қырғыздың белгiлi тұлғаларының бiрi – Құрманжан датқаның 200 жылдық мерейтойына байланысты Қырғыз Республикасының Президентi Роза Отынбаева республикада биылғы жылды «Құрманжан датқа жылы» деп атау жөнiнде жарлық шығарған болатын.

6 қазанда Бішкекте басталған алқалы жиын үш күннен кейін Құрманжан датқаның туып-өскен және қызмет еткен жері Ош облысындағы Памир тауларының беткейіндегі Алай ауданында сән-салтанатпен аяқталды. Мерекеде 350 киіз үй тігіліп, оған 15 мыңдай адам қатысқан. Ұлттық ат спорты бойынша 11 түрлі ойынға қатысуға республиканың әр тарапынан мыңға жақын бозбала және жігіттер келген. Жалпы жүлдеге қойылған он бес автокөлік және бар. Салтанатқа өлкенің жоғарғы жетекшілігі – Президент Р. Отынбаева, спикер А. Келдібеков және үкімет басшысының міндетін атқарушы Ө. Бабанов қатысты.

Құрманжан 1811 жылы Ош қаласына жақын өренде Маматбай деген диқанның отбасында дүниеге келген. Ол 1832 жылы 21 жасында барғы руының биі ретінде Қоқан хандығынан «датқа» дәрежесін алады. Осы қызметінде жүріп, Қоқан билігінің Әндіжан аймағының бегі Әлімбек датқамен танысып, көп ұзамай оған тұрмысқа шыққан. Сосын ол отыз жылдай отағасына ақыл-кеңес бергені болмаса, билікке араласпаған. 1862 жылы Әлімбек жұмбақ өліммен қаза тапқан соң, ағайын жұрты билікті Құрманжанға беруді дұрыс көреді. Бұл – Құрманжанның ақылды, ел билеуге қабілетті адам болғандығын дәлелдейді. Сол уақытта бір-бірімен жақсы қатынаста болған Бұхара әмірі Сейіт Мұзаффар Ад-дин мен Қоқан ханы Құдаяр келісіп, Құрманжанға «датқа» лауазымын берген. Мұндай дәреже хандықта он-ақ адамға берілетін салт болған. Орыс тарихшылары бұл шенді жергілікті деңгейдегі генерал-губернаторға сай әкімшілік қызметтің басшысы деп бағалап жүр. 96 жыл ғұмыр сүрген Құрманжан датқаның өмір сүріп, билікке араласқан жылдары қырғыз халқының тарихындағы аласапыран жаугершілік заман. Тәшкен мен Қоқан Ресей империясына оңайлықпен бағына қоймаған. Үндістанды басып алған Ұлы Британияның да мәуелі баққа оранған Ош жеріне сұқтанып тұрған кезі болатын. Құрманжан датқа осындай ауыр кезеңде қырғыз халқының тұтастығын сақтап қалуға ат салысқан. Ол Қоқан хандығының озбырлығына да, Ресейдің отаршыл саясатына да қарсы шыққан. Бірақ, кейінгісінің күштілігіне, жеңбей қоймайтындығына көзі жеткен соң, мәмілеге келген. Тіпті патша әскері ұлы Қамшыбекті жазықсыз кінәлап, көзінше дарға асып жатқанда араша түспеген. Өйткені жандармдардың алдында тізе бүксем, қырғыз елінің тізе бүккені деп есептесе керек, өжет ана. Баласына қайрат беріп: «Ажалға тіке қара», – деп айқайлапты. Сол оқиғаға байланысты Құрманжан датқа айтқан деген мынандай сөз қалған: «Жалғыз ұлым кетсе өлімнен құтылып, Жалпы жұртым қалмақ бірге тұтылып. Ұл орнына саудаласып елімді, Басын тосып, ұстап берсем ажалға, Мені кетер өз халқымның тұзы ұрып!..». Құрманжан датқаның тағы бір ерлігі ел аузында айтылып келеді. Датқаны билікте жүрген балаларымен бірге генерал-майор М.Д.Скобелев аудиенцияға шақырады. Далаға арнайы шатыр тігіліп, мейман аттан түскен соң жүретін аралыққа кілем төселіпті. Құрманжан датқа кілемді ат тұяғымен таптап, шатырға жетіп барған. «Неге бұлай еттіңіз» деп сұраған генералға: «Мен анамын. Анаға мұндай сәтте балаларының көзінше жаяу басқанға болмайды», – деп жауап берген. Орыс императорының арнайы жарлығымен Құрманжан датқаға 1881 жылдың 1 сәуірінен бастап жылына 300 рубль өлшемінде мемлекеттік өмірлік стипендия беріліп тұрған. 1893 жылдың 25 қыркүйегінде Құрманжан датқаны «Андреев лентасындағы Үлкен Алтын медальмен» марапаттауға ұсыныс хат та жазылғанға ұқсайды, бірақ 1893 жылы ісі әскер сотына өтіп, 1895 жылы өлім жазасына кесілген 9 адамның (ішінде ұлы Қамшыбек бар) мәселесі бұл сыйлықтың берілуіне бөгет болған сияқты.1907 жылы 1 ақпанда Құрманжан датқа дүниеден қайтқаннан кейін «Туркестанские ведомости» газеті 16 ақпандағы санында «Царица Алая» деген атпен көлемді қазанама жариялаған. Қырғызстан тәуелсіздік алған 1991 жылға дейін Құрманжан датқа туралы баспа бетінде үстірт ғана жарияланымдар болған. Алай ханышасының қызметі жайлы қырғыз жұртшылығына алғашқы мәліметті қандасымыз, Қырғыз педагогикалық институтының 27 жастағы аспиранты Анварбек Хасанов 1941 жылы наурызда Қырғызстанның тарихшыларының I ғылыми конференциясында «Қырғызстанның Ресей тарабынан бағындырылуы» деген баяндамасында хабарлаған. Кейін А. Хасанов тарих ғылымының докторы, Қырғыз Ғылым академиясының мүше-корреспонденті болды. Құрманжан датқаның 1906 жылы түсірілген суретін Тәшкеннің архивінен тауып келген де осы кісі. Осы суреттің нәтижесінде датқаның анық келбеті белгілі болып, ол қырғыздың ұлттық валютасы-сомға да бедерленді. Ресей империялық бас штабының полковнигі, барон Карл Густав Эмиль Маннергейм 1906 жылы Қырғыз жерінің Алай өреніне келгенде Құрманжан датқаны бірнеше рет суретке түсіріп алған. «Ат үстінде суретке түсуін сұранғанымнан кейін 95 жастағы ханыша торы арғымаққа немересінің демеуімен өмір бойы ат үстінде жүргендей сенімді және жеңіл көтеріліп мінді», – деп жазған саяхатшы-полковник естелігінде. Карл Маннергейм 1944-1945 жылдары Финляндияның президенті болған. 03.10.2011 Назарбек БАЙЖIГIТОВ, «Түркiстанның» Қырғызстандағы меншiктi тiлшiсi