Жаңалықтар

ТБИЛИСИ ТАБАНДАП ОТЫР

ашық дереккөзі

ТБИЛИСИ ТАБАНДАП ОТЫР

Елiмiздiң Дүниежүзiлiк сауда ұйымына (ДСҰ) кiру, кiрмеуi туралы мәселе түпкiлiктi шешiмiн таба қойған жоқ. Жыл басында Экономикалық интеграция iстерi жөнiндегi министрi Жанар Айтжанова ханым Қазақстанның аталмыш ұйымға 2012 жылы мүше болуға мүмкiндiктерi жететiндiгiн айтқан болатын. Ал кейбiр сарапшылар Қазақстан ДСҰ-ға жеке мемлекет ретiнде мүшелiк етедi десе, ендi бiрi тек Ресеймен бiрге кiруi мүмкiн деген болжам ұсынуда.

Бір белгілісі, бүгінгі күні Ресей басшылары ДСҰ-ға мүше болу беделіне ие болу үшін бар күшін сарп етуде. Ал ресейлік интернет сайттарында жарияланған «Ресей ДСҰ-ға Грузиямен арадағы нәтижесіз келіссөздердің кесірінен кіре алмауы мүмкін» деген сарындағы материалдар нені меңзейді? Грузия Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, ресейлік тараптың көзқарасының салдарынан кезекті келіссөз де жеміссіз болған. Өйткені Ресей ДСҰ-ға кіру үшін бұрынғысынша талаптарды орындаудан бас тартып отырған көрінеді. Ал Грузия сыртқы істер министрі Серги Капанадзе: «Ресей қашан басып алған жерлер жөніндегі, яғни, Оңтүстік Осетия мен Абхазияға көзқарасын өзгертпейінше Грузия Ресейдің ДСҰ-ға кіруіне келісім бере алмайды» деп нақтылай түсті. Естеріңізде болса, Грузия бұдан ертерек «Егер ресми Мәскеу Ресей-Грузия шекарасына халықаралық бақылаушыларды өткізуге келісім бермесе» Ресейдің ДСҰ-ға кіруін құптамайтындығын білдірген еді. Ал бұл кезде АҚШ Ресейдің ДСҰ-ға мүшелікке өтуіне әбден болады деп мәлімдеген-ді.

Қалай десек те, Грузия тарапы биылғы жылы бұл мәселеге нүкте қойылатындығын емеурінмен білдірсе де, Ресей жағы өз ұстанымынан танар емес. Тіпті, олар «Грузия ДСҰ-ға кіру жөніндегі келіссөздерге байланысты жоспарымызды күл-талқан етті» деген сарындағы ақпараттарды да жария етуде.Айта кету керек, ДСҰ – 153 мемлекетті біріктіріп отырған ұйым. Бұған мүшелікке өту консенсус негізінде жүзеге асады. Ал осы тұрғыда Ресейдің ДСҰ-ға кіруі жөніндегі келіссөздердің жүріп жатқанына 18 жыл болыпты. Бүгінде ресейлік сарапшылар «бұған дейінгі орын алған барлық кедергілер мен мәселелер алынып тасталды. Тап қазір ең басты түйткіл – Грузияның қатып қалған көзқарасында болып тұр. Бірақ та Путин барлық мүмкіндіктер жасалды, енді Грузияға күтетін ештеңе қалмады деп нақты атап өтті» дегенді бірінің аузына бірі салуда. Демек, ресейліктер осы пікірі арқылы Грузияның талап-тілегімен келіспейтіндігін аңғартты. «Грузияның сұрап отырғаны ДСҰ жауапкершілігінен тыс болып отыр», – дейді олар.

Ал Ресей ДСҰ-ға кіру мақсатымен тағы да кедергілерді алып тастауға мүдделі болуда. Яғни, ет импортына қатысты квотаны сақтап қалу мен машина жасау өнеркәсібін ұзақ мерзімге созуды жөн санапты. Ресей Экономикалық даму министрінің орынбасары Андрей Слепнов: «Ресейдің ДСҰ-ға кіру жөніндегі келіссөздер желтоқсан айында аяқталуы тиіс. Қазір біз бұл істің соңғы баспалдағында тұр» десе де, бұл мәселе оңайлықпен шешілмейтін сияқты. Ресейдің ендігі үміті – Батыс мемлекеттерінде. Премьер-министр Владимир Путин АҚШ пен Еуроодақтан Грузия арасындағы келіссөз процесін жеделдетуге байланысты көмек сұрап, саяси қолдау көрсетуіне шақырған болатын.

Өткен аптада Женевада Ресейдің ДСҰ-ға кіру барысындағы жұмыс тобының қорытынды баяндамасы тыңдалды. Осы келіссөздің басы-қасында жүрген жұмыс тобының өкілі Максим Медведков: «Көпжақты бейресми кездесулерде қорытынды баяндама мақұлданды. Ресей нарығындағы тауар мен қызмет көрсету міндеті де талқыланды. Жуық арада бірқатар техникалық мәселелер шешімін табады», – десе, Ресей президенті Дмитрий Медведев Швейцария президенті Мишлин Кальми-Ремен кездесу барысында жыл аяғына дейін ДСҰ-ға ену жөніндегі келіссөздер жемісті нәтижесін беретіндігін тағы да қадап айтты. «Мәскеудің ДСҰ-ға кіру жөнінде келіссөздерді жүргізіп жатқанына 18 жылдай болды. Ресей экономикасы – ұйымға кіре алмай жүрген әлемдегі жетекші экономиканың қатарында. Ал оның бұл ұйым қатарына енуі үшін қалған 153 мемлекеттің келісімі қажет. Бұл мәселеде басты кедергі – Грузия жағынан туындап отыр» дегенді жеткізді Ресей президенті Д.Медведев.

Сондай-ақ Дмитрий Медведев Ресейдің ДСҰ-ға мүшелікке өтуін әркез қолдап жүрген Швейцария президенті Кальми-Реге қажетті келіссөздерге қол жеткізуді жеңілдетуге көмектескені үшін өзінің алғысын білдірді. Ал өз кезегінде Кальми-Ре: «Бүгінгі талқылаулар нақты нәтижеге қол жеткізіп, жыл соңына дейін бұл мәселе өз шешімін табатындығына сенімдімін»,– дейді.

Дегенмен, 2011 жылдың тарих қойнауына кіруіне аз ғана уақыт қалды. Небәрі екі айдың ішінде күрмеуі қиын мәселеге нүкте қойыла ма, жоқ па, бұл жағы бұлыңғыр. Ресей соңғы үмітті 7-8 қарашада болатын жұмыс тобының соңғы бейресми кездесуінен күтіп отыр. Ал Қазақстан тарапы әзірге «ДСҰ-ға 2012 жылы кіруге дайынбыз» деп ауыз толтырып айтқанмен, бұл түйткіл аясындағы мәселелерге білек сыбанып кірісе қойған жоқ.

03.10.2011

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ