ШЫНДЫҚТЫ АЙТАТЫН ЖҮРЕКТIЛЕР АЗ

ШЫНДЫҚТЫ АЙТАТЫН ЖҮРЕКТIЛЕР АЗ

ШЫНДЫҚТЫ АЙТАТЫН ЖҮРЕКТIЛЕР АЗ
ашық дереккөзі

Татьяна, сіздіңше, Қазақстанда журналист болып жұмыс істеу қаншалықты қауіпсіз?

– Шоу жаңалықтарда, балаларға жан-жануар, аңдар туралы баяндайтын бағдарламаларда жұмыс істеу – қауіпсіз. Алайда егер сен ақмылтық журналист міндетін атқарсаң, әңгіме басқаша. Маған «Қоғамды тазарта түсу үшін кір ішкиімдерді ақтаруға тура келеді» деген сөз қатты ұнайды. Әрине, бұл әрекетті кез келген адам жақтыра бермесі анық. «Кір ішкиімдердің арасынан жаңалық іздеуге қабілетті», қоғамды тазартуға талпынатын журналистерді мен «ар-ұяты барлар» деп есептеймін. Өкінішке қарай, халық тарапынан ерекше құрметке ие олардың саны тым аз-ақ. – Неге аз? – Өйткені қоғам үшін қызмет ете жүріп, басын қауіп-қатерге тіккеннен гөрі басқа салада қызмет еткен әлдеқайда жеңіл әрі қауіпсіз. Журналистердің жалақысы коммерциялық компанияларда жұмыс істейтіндердің айлығының ширегіне де жетпейді. Кей мәселелерді ашық айтуға тырысатындарға қоқан-лоққы жасап, қорқытып-үркітеді. Тәуелсіз радиоарнада жұмыс істеп жүргенде дәл осы жағдайды мен өз басымнан кешірдім. Кейбір «шаш ал десе, бас алатын» мемлекеттік қызметкерлермен күрескен кездеріміз де болды. Сондықтан шын мәнісінде журналист мамандығымен бірге келешек тағдырыңды өзің таңдайсың. Шындық пен әділдікті ту ететін журналистердің «қалтасы тесік», бірақ ар-ұяты күшті. Егер әріптестеріміздің кем дегенде 10 пайызы өз мамандығын адал атқарса, олардың соңынан басқалар да ереді деген үміт бар. Бірақ уақыт өткен сайын «аш құлақтан тыныш құлақ» қағидасын ұстанатындар саны артып келеді. Олар бастарын қауіп-қатерге тігіп, камераларын арқалап, қоғамда болып жатқан оқиға-құбылыстардың соңында жүгіріп жүргенше, жеке басы мен отбасының амандығын артық көріп, базарларда сауда жасағанды жөн санайды. Журналист мамандығы қашан да қауіпті мамандықтар қатарында. – Десе де, елімізде журналистердің қауіпсіздігін сақтау мәселесі қалай шешілген? – Мемлекет «қоғам болған шындықты білуі тиіс» деген пікірді ұстанған кезде ғана құқық қорғау органдары, әкімшілік жүйе, атқарушы билік т.б. Ата Заңды бұлжытпай орындайтыны анық. Мұндайда ештеңені, не ешкімді ешкімнен қорғаудың қажеті жоқ. Бірақ бізде өздерінің жеке мүддесін қорғайтындар журналистерге күш көрсетеді ғой. Яғни, олар көпшілікке жария да ашық болуы тиіс деректерді жасырып-жабуға тырысады. Барлық нәрсе халықтың көз алдында болса, қоғамдағы жариялылық, демократия мәселелері оңай шешімін табар еді. Өкінішке қарай, қызметінен, шен-шекпенінен айырылып қалам деп қалтырап отыратындардан ондай жариялылықты күту, құпия мәліметтерін еш кедергісіз алу мүмкін емес. Сондықтан көзсіз батырлыққа баратын жас қыз-жігіттер болмаса, журналистердің басым бөлігінен отандық журналистиканың жарқын болашағын байқай алмай жүрмін. Тек Отанын, отбасын қорғайтындар ғана қоғамның дамуына мүдделі. – Бүгінде журналистердің кәсіби тұрғыдағы ауызбіршілігі туралы не айтасыз? – Журналистерде ауызбіршілік жоқ. Өйткені, қазір атына заты сай журналистердің өзі саусақпен санарлықтай. Қалғандары өлместің күнін кешіп жатқан жайы бар. Кәсіби тұрғыда білікті мамандар журналистика саласынан өзге салаларға үздіксіз ауысу үстінде. – Кейінгі кездері «журналист мамандығын дайындап қажеті жоқ» деген пікірлер айтылып жүр… – Көрдіңіз бе! Қазір бірнеше жыл бойы майталман мамандарды дайындағаннан гөрі кез келген біреуді таңдап алып, оған «Ештеңе етпейді, саған бір-екі ауыз сөз жазуды үйрете саламыз» деу әлдеқайда жеңіл. Журналист «бір-екі ауыз сөзді қиыстырумен» шектелетін маман емес. Ол жазатын мақаласына ар, ұят, намысты қоса қамтиды. Ал ондай мамандар азайып бара жатқандықтан, екінің бірінен кәсіби біліктілікті талап ету қиын. – Не істеу керек? – Не істеу керек? Алдымен қоғам өзі тазаруы керек. – Бірақ қоғамдық пікірді қалыптастырып, оны тазартатын журналистер емес пе? – Сіздің арыңыз, ұятыңыз жаныңызға маза бермейді. Сондықтан «ыңғайсыз сұрақтарды» қоюға мәжбүрсіз, шындықтың бетін ашуға міндеттісіз. Ал не істеу керектігін білмейтіндер ше? Жуырда тәжірибеден өтіп жүрген студенттердің бірі менен: «Мынаны айтсам бола ма?» деп сұрады. Мен «Айтсам бола ма?» деген күмәннен арылмайынша, өзіңді журналист санай алмайсың» дедім. Журналист қоғамды қызықтыратын барлық «ыңғайлы», «ыңғайсыз» сауалдарды сұрауға міндетті. Мамандығыңның арқасында көпшіліктің көкейінде жүрген сұрақтарды батыл қойып, алынған жауапты қоғамға жеткізе білгенде ғана – журналиссің. Басқаша болуы мүмкін емес. Жас мамандарды университет қабырғаларында баулып, оларды эфирдегі бағдарламаларға араластыру арқылы тәжірибе жүзінде сынау қажет. – Татьяна, «жоғары жақ» төртінші билік – БАҚ-пен санасуы үшін не істеу керек? – Дабыл қағудан, күресуден шаршамау керек. Камералары сынып, таяқ жегендер, «ыңғайсыз» сұрақ қоям деп кейбіреулерге жақпай қалғандар, наразылық шерулерін ұйымдастыратындар т.б. қосылу керек. Ішке толып қалған шер, жанайқай көшеге шығуға мәжбүрлейді. – Бұл қоғам үшін қауіпті емес пе? Өйткені жанайқай кейде радикалдық бағытты ұстануға әкеп соғуы да мүмкін ғой? – Қордаланған қиындықтарды айтпай, үнсіз қалу – қауіпті. Адамдар дауысты, дыбысты журналистер арқылы естіп, болған жайттан журналистер арқылы хабардар болады. Сіз айтпақшы, «жоғарғы жақ» осыны түсініп, сезінбейінше, ақапарат қоғамға жетпей, жарты жолда қалады.Сірә, бұл біреулерге тиімсіз әрі қауіпті шығар. Басы жарылып, қолы сынғандар, яғни, таяқ жегендер шындықты айтуға талпынатындар журналистикадан кетіп жатыр. Оны көрген басқалар қорқады. Кімді журналистикаға кері қайтара аласыз? Ешкімді де! Бірақ меніңше, қоғам өзі дайын болуы шарт. Журналистер, жазушылар, интеллигенция, халықтың рухани күші саналатын бүкіл зиялы қауым өз пікірін білдіріп, әрқашан шындықты айтуы тиіс. 20 жыл бұрын айтқымыз келген барлық мәселені ашық айтып, батыл көтеретінбіз. Ол кез – журналистиканың бақыты еді, бостандық аңсаған көңілдердің көктемі еді. – Ол көктем қашан оралады? – Білмеймін. Сіздермен бірге мен де күтіп жүрмін…
03.10.2011

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ