Жаңалықтар

ЖЕР ШАРЫНДА 7 МЛРД. БОЛДЫҚ

ашық дереккөзі

ЖЕР ШАРЫНДА 7 МЛРД. БОЛДЫҚ

Адам баласы ешбiр қиындыққа қарамастан, көбейiп жатыр. Әр секунд сайын үш нәресте дүние есiгiн ашады екен. Биыл 31-қазанда жер тұрғындарының саны 7 миллиард адамға жеттi. Бұл туралы Алматыда өткен «Орталық Азиядағы өлiм-жiтiм» деп аталатын халықаралық семинарда жария етiлдi. Ал қазақ даласында адам саны 16 миллионға жеттi. Нәрестенiң есiмi – Перизат Өскенбаева.

Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз ауданындағы Бозай елді мекенінде өмірге келген нәресте көрінеді. «Ал оның сыңары Бекзат Өскенбаев – 16 000 001 қазақстандық болды», – дейді ҚР Статистистика агенттігінің Әлеуметтік және демографиялық статистика департаменті директорының орынбасары Ерболат Мұсабеков. Оның айтуынша, Қазақстаның 17 миллионыншы тұрғыны 2012 жылдың наурыз айында өмірге келеді деп болжануда. Жалпы Кеңес одағы құлап, одақтас республикалар өз тәуелсіздіктерін жариялағаннан кейін Қазақстанда 1992-1997 жылдары өзге ұлт өкілдерінің бірқатары өз елдеріне қоныс аударғандықтан, халық санының азаю үрдісі жүрген болатын.Алайда кейбір ақпарат көздеріне сенсек, әлемнің жетінші миллиардыншы тұрғыны Филиппиннің Манила перзентханасында туылған Даника Май Камачо делінсе, БҰҰ есебіне қарағанда, әлемнің әр түкпірінде өмірге келген сәбилерді есепке алғанда, жетінші миллиардыншы тұрғын Ресейдің Калининград облысында дүниеге келген Петр Николаев есімді нәресте.

Әлемдегі халық санының өсуі ең бірінші кезекте медицина мен денсаулық саласындағы жетістіктерге тікелей байланысты болып отыр. Осы тұрғыда адамдардың өмір сүруі ұзаққа созылып, ана мен бала өлімі азайғаны байқалады. БҰҰ өкілінің келтірген мәліметіне қарағанда, әлемдегі орташа өмір сүру ұзақтығы соңғы жарты ғасырда 48 жастан 68 жасқа көтеріліп, бала өлімі 2005-2010 жылдары айтарлықтай азайғанға ұқсайды.

Демографтардың пікірінше, 2011 жылы жердегі халық саны 78 миллионға көбейген екен. Ал 135 миллионға жуық адам туылып, 57 миллионға жуық адам қайтыс болған. Тағы бір болжамдарға сенсек, 2050 жылға қарай дүниежүзі халқының саны 2,3 млрд адамға өсуі мүмкін. Бір айта кетерлігі, табиғи өсім көбінесе дамушы әрі кедей елдерінде байқалып отыр. Есесіне еуропалық нәсілдердің саны азайып жатқан көрінеді. Бұл туудың төмендеуімен ғана емес, этникааралық және нәсіларалық некелердің ұлғаюымен байланысты екен.

03.10.2011

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ