ОТАНДЫҚ ЖУРНАЛИСТИКАДА ОМБУДСМЕН БОЛА МА?
ОТАНДЫҚ ЖУРНАЛИСТИКАДА ОМБУДСМЕН БОЛА МА?
«Жыры» бiтпейтiн журналистиканың бүгiнгi мұңы, жаңа технологиялар мен дәстүрлi БАҚ арасындағы бәсеке, Интернеттiң пайдасы мен зияны, отандық журналистер арасындағы ауызбiршiлiк, күн тәртiбiнен түспей келе жатқан тағы басқа мәселелер Алматыда төртiншi рет өткiзiлген Media Құрылтай 2011-де жан-жақты талқыға салынды.
Дүйсенбі күні Алматыда өткізілген республикалық Media Құрылтайда Қазақстан тәуелсіздік алған 20 жылда отандық медиа нарықтың дамуы, бұқаралық ақпарат құралдарының келешегі талқыға салынды. Төртінші рет ұйымдастырылған шарада «Қазақстан журналистикасы: Тәуелсіздіктің 20 жылы» тақырыбына дайындалған қысқаметражды фильм еліміздің БАҚ саласындағы маңызды мәселелерін қаузады.
Media Құрылтайдың ашылу салтанатында Қазақстан журналистикасының академиясы бірнеше әріптесімізді жалпыұлттық сыйлықпен марапаттады. Сонымен, «Алтын Жұлдыз» сыйлығына «Қазақ» газеті мен басылымның Бас редакторы Қоғабай Сәрсекеев лайық деп танылса, «Алтын Самұрық» қазақтың белгілі публицисі Әнуар Әлімжановқа табыс етілді. Ал отандық медиа нарықты дамытуға үлес қосқандар үшін берілетін Галина Күзембаева атындағы «Аққуды» Қазақстандық баспасөз клубының президенті Асел Қарауылова қанжығаға байлады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, сыйлықтардың қалғаны ұйымдастырушылар 9 желтоқсан күні Астана қаласында үлестіреді екен.
Негізі Құрылтайда көтерілген мәселелердің барлығы дерлік тың немесе соны тақырып емес. Бұған дейін айтылып жүрген және бұдан кейін де айтыла беретін мәселелер. Тек ІРО т.б. сияқты мемлекеттік саясатқа негізделгендері болмаса. Мысалы, күн тәртібінен түспей келе жатқан проблемалардың бірі – баспасөздің ертеңі. Яғни, «Газет-журналдар Интернеттің көлеңкесінде қалып қоймай ма?» деген сауалға жауап іздеген сарапшылардың кейбірі «алаңсыз ғаламторға иек арту керек» десе, енді бірі «10 жылдан кейін емес, тіпті 50 жылдан кейін де газет-журналдар маңызын жоймайды» деген пікір айтты. Мәселен, Журналистер одағының төрағасы Сейтқазы Матаев: «Қазақстандағы халықтың көпшілігі консервативтік көзқараста және газеттер жоғалып кетпейді. Кезінде киноның келуі театрды, ал телевидениенің келуі киноны өлтіреді деген еді. Меніңше, әрқайсысының өзіндік орны бар». Соған қарамастан, оқырмандар тарапынан басылымдарға қойылатын бірнеше талап та бар екен. Оны көлденең тартқан Республикалық қоғамдық пікірді зерттеу орталығының директоры Айман Жүсіпова әлеуметтік зерттеулер нәтижесінде респонденттердің басым бөлігі газеттер бетінен тәжірибе жүзіне пайдалануға қабілетті авторлық айдарлар мен мақалаларды көргісі келген. Сонымен қатар олар біздегі БАҚ-та көпшіліктің көңілінен шығатындай журналистік зерттеу мен жаңалықтар топтамасы да аз дейді.«Караван» газетінің Бас редакторы Әділ Ыбыраев қазір Қазақстанда сөз бостандығы болғанмен, оқырманға жол табу қиын дейді: «Соңғы 2-3 жылда кәсіпкерліктің әлсіз дамып жатқанын байқадық. Біздің газет шағын және орта кәсіпкерліктен түсетін жарнаманың арқасында күн көріп отырғандықтан, кәсіпкерліктің жағдайы нашар екенін сезіп отырмыз. Мұндайда мемлекеттің қолдауы өте маңызды». Мұндайда жарнамаға зәру қазақтілді БАҚ туралы айтудың өзі артық. Тағы бір «әттеген-айы», 20 жылдан астам уақыт өтсе де орыстілді әріптестердің қазақтілділерге жоғарыдан мүсіркей қарауы. Құрылтайда «қазақтілді БАҚ қазір едәуір дамып қалды» деген «қолпаштаулар» айтылды. Өкініштісі сол, қазақтілді аудитория ауқымы орыстілділерге қарағанда анағұрлым кеңдігі ескерілген жоқ. Бір ғана мысал, мемлекеттік тілді түсінбейтіндер тек орыс тіліндегі мақалалармен шектелсе, қазақтілді оқырман орыс тіліндегі дүниелермен де еркін таныса алады. Бұл мәселені пікірсайыс барысында көтерген белгілі саясаттанушы әрі журналист Әміржан Қосанов мырза қазақтілді контенттің ерекшелігіне тоқталып, оның басымдықтарын тізіп берді. Media Құрылтайда журналистикаға қатысты проблемаларды мемлекеттік деңгейде көтеруге қабілетті де қауқарлы омбудсмендер жоқтығы да сөз болып, Журналистер одағы мен басқа да медиа саласына қатысты құрылымдар біріге отырып, арнайы бір ұйым құруға ұсыныс жасалды. ҚР Байланыс және ақпарат министрлігі Ақпарат комитетінің төрағасы Болат Берсебаев заманауи БАҚ Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде интернеттің мүмкіндігімен бәсекеге түсуге және оған бейімделуге мүдделі екендігін ескертті. Бірақ Берсебавтың «қазір елімізде күн сайын 7 миллион адам Интернет желісіне кем дегенде бір рет кіреді» деген сөзіне көпшілік күмән келтірді. Ал «Орталық Азиядағы жаңа медианың дамуы» жобасының жетекшісі Олег Гант керісінше, интернеттен келетін пайдамен бірге зиянның да қатар жүретінін көлденең тартты. Оның айтуынша, аталған қатерлер тізімінде қаржылық тұрғыдағы қауіптер тұр. Өйткені интернеттегі жұмыс істеудің жаңа тәсіліне көшкенде қыруар қаражат қажет екендігі белгілі. Сондай-ақ, оқырмандардың басылымдарға тиесілі сайттарды неге оқымайтыны да талқыға салынды. Сарапшылар пікірінше, интернеттегі аудитория газет-журналдардың интернеттегі көшірмесін емес, басқаша сапалы дүние күтеді.
Бүгінде жоғары оқу орындарындағы журналистика факультеттерінде білім алып жатқан жас журналистердің тәжірибе жүзінде шыңдалуына да кедергілер көп. Бұл орайда бірқатар сыни пікір айтқан әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің оқытушысы Светлана Велитченко: «Бірнеше рет радиоарналар басшыларына түрлі бағдарламалар түзіп, жобалар дайындап, арнайы ұсыныс жасадық, Бірақ олардың барлығы бас тартты» дей келе, егер журналистика жанрлары кәдеге жаратылмаса, радио кафедраларын жабуға ұсыныс айтты.
03.10.2011Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ