Жаңалықтар

“ДАРАБОЗДАН” ДАРА ШЫҚ...

ашық дереккөзі

“ДАРАБОЗДАН” ДАРА ШЫҚ...

Қазақ балалар әдебиетiнiң дамуына үлкен үлес қосып келе жатқан дәстүрлi халықаралық “Дарабоз” бәйгесi биыл жетiншi рет өткiзiлмекшi. Сол себептi “ZHERSU” корпорациясы мен Қазақстан Жазушылар одағы бiрлесiп бәйгенiң талаптарын жария етедi.

Бәйгеге балабақша тәрбиеленушiлерi мен 1-8 сынып оқушыларына арналған поэзиялық және сахналық қойылымдар қабылданады. Повестер 20-25 беттен, әңгiмелер, ертегiлер 10 беттен, топтама өлеңдер, балладалар, ертегi-өлеңдер, шағын поэмалар, сахналық қойылымдар 5-10 беттен аспауы – шарт. Бәйгеге балабақша бүлдiршiндерiне арналған қысқа әңгiмелерден, топтама өлеңдерден басқа тек бiр ғана шығарма жiберiлуi тиiс.

Шығармалар компьютерлiк стандартқа сай 14 кегльмен (аралық 1,5) терiлiп, 3 дана етiп басылып, беттелуi қатаң талап етiледi.

Бәйге – жабық бәйге түрiнде өтетiндiктен, ав­тордың бүркеншiк атының анықтамасы, аты-жөнi, мекен жайы, байланыс телефоны жазылған парақ кiшi конвертке салынып желiмделiп, сыртына тек бүркеншек аты ғана жазылады. Кiшi конверт салынған үлкен конвертке үш дана шығарма салып желiмдеп, сыртына мекен жайы, бүркеншек аты немесе басқа бiр лақап есiм жазылуы керек.

Байқау шартына сай емес, бұрын жарық көрген, мерзiмiнен кешiгiп келген шығармалар бәйгеге қатыстырылмайды. Бәйгеге барлық қаламгерлер, жас талапкерлер, шетелдегi қандастар қатысуына болады, тек бүгiнгi қазақ әлiпбиiмен, яғни “кириллицамен” жазылуы мiндеттi.Бәйгеге түскен шығармалар мына адрес бойынша қабылданады: 050008, Алматы қаласы, “Дарабоз” бәйгесiне, №010057505 куәлiк иесiне.

Шығармалар 2012 жылдың 10 сәуiрiне дейiн қабылданып, бәйге қорытындысы халықаралық балаларды қорғау күнi қарсаңында жария­ла­нады.

Есенқұлқажы Маманов атындағы бас бәйге – Бiр миллион теңге.

Бiрiншi бәйге (екеу) – 375 мың теңгеден

Екiншi бәйге (екеу) – 170 мың теңгеден

Үшiншi бәйге (үшеу) ֪ – 110 мың теңгеден

Ынталандыру бәйгесi (төртеу) – 77 мың теңгеден

Бәйге әдiлқазыларының шешiмi тексерiлуге жатпайды.

Байқау қорытындысы бойынша жүлде алған туындылар арнайы жинақ­қа топтастырылып, балабақша, мектеп кiтапханаларына тегiн таратылады. Кiтап қазақ және орыс тiлдерiнде жарық көредi.

27.10.2011

Халықаралық “Дарабоз” бәйгесiнiң ұйымдастыру комиссиясы