ҰЛЫҚ МЕРЕКЕ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!
ҰЛЫҚ МЕРЕКЕ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!
Міне, барша мұсылман сағына күтетін Құрбан айт мерекесіне де жеттік. Алла қаласа, 6 қарашадан бастап, шамасы келген әр мұсылман Алла разылығы үшін құрбан шалып, дініне, иманына адалдығы мен шынайы ықыласын білдіреді. Сол арқылы Жаратушы иеміздің құзырында өзіне лайық дәрежеге қол жеткізеді. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадис шәріптерінің бірінде: «Адам баласы құрбан айт күнінде (құрбан шалып) қан ағызудан да сүйікті ешбір іспен Алла Тағалаға жақындаған емес» деп бұл құлшылықтың мәнін түсіндірген. Сондай-ақ тағы бір хадисінде: «Кімде-кім мүмкіншілігі бола тұра құрбан шалмаса, біздің намаз оқитын жерімізге жақындамасын!» – деп ескерту жасағаны да бар.
Құрбан шалудың уақыты құрбан айттың бірінші күні Айт намазынан кейін басталып, айттың үшінші күні Ақшамға аз уақыт қалғанға дейін жалғасады. Үзір себептерге байланысты құрбан айт намазына бара алмай қалған адамның, намаз оқып болатындай уақыт өткеннен кейін құрбанын шала беруіне болады.
Құрбан айты барша мұсылмандар үшін үлкен мереке. Оның тарихы сонау Ибраһим Пайғамбардан бастау алады. Содан бері ұрпақтан ұрпаққа жалғаса келіп, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с) өмір сүрген алтын ғасырда мұсылмандардың Қиямет күніне дейін атап өтетін ең ұлық екі мерекенің біріне айналды. Әр жыл сайын жер бетіндегі бүкіл мұсылман жұртшылығы осы Құрбан айт мейрамын ерекше көңілмен мерекелеп келеді.
Қазақ даласында да бұл мейрамның орны ерекше. Мейрамға бір-екі апта қалғаннан бастап, бүкіл ауыл жұртшылығы осы мейрамды өз деңгейінде атап өтудің қам-қарекетіне кіріседі? Арапа күні, яғни айттан бір күн бұрын ауыл өмірі тіпті қарбалас. Айттап келгендердің алдына жаю үшін сан түрлі дәмді тағамдарға толы мол дастарханның қызу дайындығы жүреді. Бұл бүгінге дейін үзілмей жалғасын тауып отырған үрдіс.
Тіпті дініміздің өзге құндылықтары тұралап, кенжелеген кеңес кезеңінің өзінде халқымыз екі айт мерекесін өткізіп келді. Ал қазір Аллаға шүкір, еліміз де, дініміз де тәуелсіз. Биыл ата-бабаларымыз аңсап өткен азаттықтың ақ таңы атқанына жиырма жыл толып отыр. Соның қарсаңында мемлекетімізде қыруар игілікті шаралар жасалып жатыр. Солардың басы-қасында жүрген елжанды азаматтардың баршасына Алла Тағала берекесін жаудырсын деп тілейміз. Дін саласында да осы аз уақыт ішінде қаншама игі істер атқарылды. Кеңес кезінде Қазақстанда бір де бір діни оқу орны болмаған болса, қазір «Нұр-Мүбәрак» университеті, имамдардың білімін жетілдіретін Ислам институты, сондай-ақ облыстарда 10 діни медресе халыққа қызмет көрсетуде. Тәуелсіздікке дейін бүкіл елімізде небәрі 68 ғана мешіт болса, қазір оның саны 2500-нан асып жығылады. Мәуліт, Қадір түні, өзге де діни кештер ұлттық мерекеге айналып келеді. Тәуелсіздігімізге дейін қажылық жасауға саусақпен санарлық қана отандастарымыз барған болса, бүгінде әр жылы 4000-дай бауырларымыз осы парызды атқарып отыр. Қысқасы, тәуелсіздігіміздің жиырма жылдығы ата дініміз үшін де берекелі болғаны сөзсіз.
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы дініміздің өркендеуіне де жағдай жасап, мұсылман жұртшылығы діни мейрамын мерекелесін деп Құрбан айттың алғашқы күнін ресми демалыс ретінде жариялады.
Ендігі кезекте Қазақстанның бүкіл қалалары, аудандары, өңірлері мен шағын ауыл-аймақтарына дейін осы айт мерекесінің ерекеше көңіл күйін қалыптастырып, ұлттық, бүкіл халықтық деңгейге көтеруіміз қажет. Жағдайы жеткендердің бәрі құрбан шалса, оның еті тұрмысы төмендерге таратылса, халқымыз арасында ауызбіршілік пен сыйластық та артқан үстіне арта береді. Айт келгенде әр отбасында қуанбайтын, шаттанбайтын кісі қалмауы ләзім. Бесіктегі баладан төрдегі ересектерге дейін барша отандастарымызды айт мейрамын жыл сайын сағына күтетін деңгейге жеткізуге тиіспіз. Балаларға арнайы ойыншықтар мен сыйлықтар таратуды ұйымдастырсақ, бұл мереке олардың да сағына күтетін мейрамына айналары анық. Жақын-жұраттарымызға да сый-сыяпат, тарту-таралғыны дәл осы айт күндерінде көбірек жасауды әдетімізге айналдырған дұрыс. Сонда жердегілер осындай иләһи мерекені тойлап, мәз-мәйрам болып жатқанда, көктегі періштелер де мұсылман жұртшылығының бірлік-ынтымағына тілектес болатыны сөзсіз.
Мешіттерде Айт намазын оқып шыққан соң, үй-үйлерді аралап, жақсы-жақсы имани әңгімелер айтып, марқұмдарға Құран бағыштау да сауапты іс.
Сөз соңында ел-жұртыма тілерім, баршамыздың шалған құрбандықтарымызды Алла Тағала қабыл етсін! Өзінің шексіз мейірімімен сансыз мол сауаптардан жазғай! Елімізді әрдайым бірлік-ынтымақтан айырмасын! Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы да құтты да баянды, мәңгілік болсын! Әмин.
03.10.2011