БАЛАЛАРҒА БАЗАРЛЫҚ
БАЛАЛАРҒА БАЗАРЛЫҚ
«Эйр Астана» әуекомпаниясы Алматы қаласының Түрксiб ауданына қарасты №10 мектеп-интернат тәрбиеленушiлерiне бағасы 3 242 585 теңгенi құрайтын «Ұшақ» атты балалар алаңқайын сыйға тартып, балалар көңiлiн шат-шадыман еттi.
№ 10 жалпы бiлiм беретiн мектеп-интернатының директоры Лариса Скворцованың айтуынша, мектеп-интернат 2006 жылы ашылған. Мұнда жасы 7 мен 11 аралығында 95 -96 бала бiлiм алуда. Олар табысы төмен отбасылар мен көп балалы жанұялардан немесе әкелерi, не шешелерi жоқ. Балалар осында жатып оқығандықтан, олардың бос уақыттары да аталмыш интернаттың ауласында өтедi. Осыған дейiн оқушылардың тұрмыстық жағдайларын жақсарту мәселесi шешiлмей келген. Ендi демеушiлер көмегiмен балалардың бос уақыты қызықты және көңiлдi өтпек. «Бiз «Эйр Астана» әуекомпаниясына өтiнiшiмiздi орындап, бiзге жаңа заманауи балалар алаңқайын сыйлағаны үшiн алғысымызды бiлдiремiз», – дейдi мектеп-интернатының директоры Лариса Скворцова.
Жыл басынан берi «Эйр Астана» әуекомпаниясы «Аяла» қайырымдылық қоры және «Милосердие» ерiктi қоғамы» қорымен бiрге он шақты қайырымдылық шараға қатысқан. Сондай-ақ, әуекомпания жақын арада онкологиялық және қан тамырлары ауруларына щалдыққан балаларды емдеуге қатысты бiрқатар жобаларды жүзеге асырып, тұрақты түрде өзiнiң қайырымдылық және демеушiлiк бағдарламаларын iске асыру мен қоғам өмiрiн жақсарту принциптерiн басты назарда ұстап келедi. «Ұлттық тасымалдаушы балалар үйiне және интернаттарға тұрақты түрде қолдау көрсетедi. Әртүрлi қайырымдылық және демеушiлiк жобаларды iске асырады. Қызметiн бастағалы берi «Эйр Астана» жедел емдеуге немесе шетелде операцияға мұқтаж онкологиялық және қан тамырлары ауруға шалдыққан балаларға тегiн билеттер бередi. Бүгiн де бiз балаларға мейрам жасап беруге келдiк. Олар жақсы оқысын, мейiрiмдi және дендерi сау болсын деймiз! Олар бүгiн ойыншық ұшақтармен ойнаса, ертең есейгенде олар ұшқыш, әлде бортсерiк болғылары келер. Бiз балалармен бiрге балаша қуанып тұрмыз», – дедi «Эйр Астана» АҚ-ның жұртышылықпен байланыс бөлiмiнiң вице-президентi Белла Тормышева.
27.10.2011Маржан КЕҢЕСБАЙ